Талғат КЕҢЕСБАЕВ. Көкпар

8598

(Әңгімеден ықшамдалып алынды)

Қылықты түн.
Бағана ғана қызыл шардай домалап барып, көл бетіне шолп еткен күннің алапат өртінен қара күйеге айналған қамыс қоғаның арасынан Ай-аққу қаракөк аспан көгіне баяу қалықтап шыға келген. Шыға келген де қанатының астына таққан маржандарының сәулесін сыйқырлана кұбылтып, қобызының шанағы морт сынып, қапыда қалған Абыз-Атаның тымағындай шошайған Бұғылы тауының бауырында желдеп жайылған бір табын жылқының құйрық-жалын сүзіп, қасқыр таңдай қиялардың қыртыс-қыртысын қуалап, сай-саладағы қайыңдардың жапырақтарын сыбдыр-сыбдыр сөйлетіп, көл бетіне түскен өз бейнесін шөп-шөп сүйген күміс шабақтардың жонын жылтылдатып, койнауға бейбіт қонған жылқышылар ауылына да кеп қалды-ау…
Ірге түрулі. Түндік тартылмаған. Құс қанатындай сусылдап ескен түнгі самал жанымды бесікке бөлегендей әлдилейді. Шаңырақтан төгіліп түскен лағыл саумал сүйекті сандықтың бетіне шашырап жатқандай.
Менің ұйқым келер емес… Ақшам жамырап, ақ пен қызыл арасында көкем екеуміз құрық басы құлақтарына тисе қалт етіп тұра қалатын Теңбілкөк айғыр мен Ақбестіні мініп, бір бауыр жер желдіртіп, жаңбырлықтарын терлетіп кермеге әкеп байлағанбыз.
Көптен ерге отырмағандікі ме, тілерсегі қиылған бөлтіріктей қиралаңдап қалдым. Қыл шылбырды күрмеп жатқан менің жаныма келген көкем аз үнсіз тұрды да:
— Қазыбекжан, келгенің жақсы болды. Аттарды таң асырып, ертең жол жүреміз, — деді. «Қайда?» деп келе жатыр едім қабағын шытты. Мінезі белгілі. Көп сөзді ұнатпайды. Оқушыға жат қылығымды көрсе атам мен апамның баласы екеніме қарамай жазалауға бар. Күзде мектепке барып, мұғалімдерге сәлем беріпті. Сурет сабағынан беретін апай мақтап, есеп сабағының мұғалімі «үлгерімі орташалау» деген екен. Үйге келе салысымен сурет салып отырған менің жағамнан ұстап бір-ақ көтерді. Қорқып кеттім. Осы кезде сырттан апам келе қоймасы бар ма? Менің бейшара халімді көріп жаны шығып кете жаздады.
— Біреудің баласында нең бар-ей? – деді даусын көтеріп.
Көкем мені тастай салып есікке қарай кетіп барады.
«Бесінші оқымай жатып мынандай, бара-бара не болады, әбден жаман үйреткенсіндер».
— Е, дегенің, біз бала тәрбиелей алмасақ, сен қайдан шықтың, жақсы үйретсек те, жаман үйретсек те өз баламыз, жұмысың болмасын, о несі-ей, баланы оңашалап…
Қойшы, әйтеуір көкем бәледен машайық қашыпты дегендей мотоциклін дүр еткізіп жүріп кеткен. Апам мені айналып, толғанып, «Әлгі тым құрыса шай ішіп те кетпеді-ау», — деп ауыр күрсініп алды.
Апам мен атам да қызық. Кейде үшеуден үшеу дастархан басында отырғанда: «Қазыбекжан, көкең сенің үлкен ағаң, жеңешеңді сыйла, бауырларға жақын жүр, өзің біздің баламыз екеніңді ұмытпа», — деп айтып қояды. Осындай сөздерден кейін үйге сирек келетін оларды кәдімгідей жиі-жиі ойлайтынды шығардым.
Сағынтып жеткен жазғы демалыс та келді. Ауылда достарымның бірі де қалған жоқ. Ішім жаман пысты. Екіндіде ауыз үйде сүт тартып отырған апамның жанына бардым да: «Жайлауға барайыншы», — деп айтып салдым. Бетіме жалт қарады. Үндеген жоқ.
Сабаны ыстауға сайдан тобылғы шауып алып келіп, үйге кіре беріп тұрып қалдым. Мен туралы айтып жатыр екен. Әрине жасырын. Сіздер ойламаңыздар, бұным оқушыға жат қылық екенін білмейді деп, білемін… Бірақ табалдырықта тұрып қалыппын. «Өз орманына қашайын дегеніме» — деді апам. «Қой, енді жылағаны несі, ойын баласы емес пе, жайлауды қызық көреді де». Бұны айтқан атам. Ішке кіріп бардым да, апамның құшағына қойып кеттім.
— Апа, апа, жайлауға барайыншы екі-ақ күн боламын…
Апамның көкірегі сырылдай ұзақ үнсіз қалды.
— Барсаң бар, құлыным, құдай тіл-көзден сақтасын, — деді тарамыс саусақтарымен басымнан салалай сипап.
— Бір құдайға тапсырдым.
Атам бозқырау сақалын саумалдап теріс бұрылды.

***

— Әй, Қазыбек, тұр, — деген көкемнің зор даусынан селк еттім. Көзімді ашсам, жалы төгілген Теңбілкөк айғырдың басымен алысып көкем тұр. «Неғып жатырсың, уызына той-маған құлындай былжырап. Бол, атқа мін..» Кермеде жалғыз Ақбесті қалыпты. Шиыршық атып, қыл шылбырды керіп барады. Зорға шештім. Үзеңгіге аяғымды арта бергенде көкем кеп желкемнен ұстап ердің үстіне дік еткізді.
— Анау төбенің басында бол, Майдақоңырдың етегімен шабарсың, атыңның көзін жазыққа түскенде бір сүртерсің, — деп оң жақтағы құлжа тауды нұсқады.
Бетегелі беткейге қарай Ақбестінің басын бұрып тебініп едім, мойнын тұқыртып, бөкендей желіп ала жөнелді.
-Тарт!
Артыма жалт қарағанда тізгінді шіреп жіберіппін, Ақбесті аспанға қарғыды. Білегімді жазбай тұрмын. Ақ тұлпар ауыздығы мұз шайнағандай сықыр-сықыр еткізіп, жер тартып кісінейді.
Әне көкем… әне көкем, жерге түсіп қалған серкені лып еткізіп көтеріп тақымына басып ала қойды. Бөрікті жуан қара атын сабалап бір бүйірден килікті. Тартыс басталды. Теңбілкөк төрт тағандады. Бөрікті мінген дөң маңдай, жуан қара ат бір қырындап лықсып-лықсып кетті. Өзгелері көделі жердің шаңын бұрқыратып даурығып, аттарын кезек-кезек қамшылап тебінгенмен екеуіне жоламады.
-Иә, аруақ, — деп көкем атын тебінген кезде қара ат шөгіп қалды. Теңбілкөк ә, дегенде-ақ ат үстінен киіз сабалағандай дауырыққан көптің арасынан сытылып шыға берді. Жүрегім дүрс-дүрс соғып, өзімше ыңғайланып-ақ тұрмын. Ақбесті арқырап жер тарпыды. Тақымында серке салақтап маған қарай шауып келе жатқан көкем, тағы атының басын бұрып, ереуілдей шауып келе жатқан топқа қарсы салды. «Көке» деп жанұшыра айқай салдым. «Көке, көке байқа, көке..»
Шаң. Екі ат шыңғырып барып құлады. Бұрқ-бұрқ. Әне көкем, әне көкем… Тағы да бөрікті екеуі білектесті. Көкем ер үстінен қисайып барып зорға оңалып отырды. Теңбілкөк екі езуінен көбік атып, есіктей омырауына ақ мамықтай шашады.
— Иә, Мотыш-баба, Доғал! Доғал! — деп көкем әруақ шақырды. Теңбілкөк аңырап алдыңғы екі тұяғын жерге түйіп-түйіп тастаған кезде бөріктінің айылы бытыр-бытыр үзіліп, ер-тұрманымен сүйретіліп барып қалып қойды. Қақпайлаған аттыларды әбден көкжендеттеніп алған айғыр кеудесімен қаға-маға тағы да сытылып шыға берді. Жанамайлап желіп келемін. Шауып кеп көкем серкені алдыма салып берді де:
-Тізгініңді босат, қамшылама, — деп айтып үлгерді.
-Шу, Ақбесті, шу…
Жануар бауырын жазып, жерге тұяғы тиер-тиместен шапты-ай келіп, артымда қуғын. Айғай. Жас парлаған көзімді жұма алмаймын. Ат жалына жатып артыма қарадым. Шаң. Құйындай үйірілген қалың шаңның арасынан екі қылаң суырылып шығып ілесіп келеді.
-Шу, Ақбесті, шу…
-Жіберме, түсірме жазыққа.
-Әкетті-ау, мына күшік.
Екі қылаң тақай берді. Қақпалап орталарына алғылары келеді. Астындағы бүлік қарасын сауырға қатты-қатты қамшылаған қарасұр жігіт үзеңгі қағыстыруға ілесіп қалғанмен серкеге ұмтылған жоқ. Ағып келе жатқан ақ тұлпар ақырындай берді. Артыма жалт қарасам екі көзі шапыраштанып кеткен қасқа мандай ала көз жігіт Ақбестінің құйрығының ұшынан ұстап тақымына баса алмай әуре.
— Көке, көке, мыналар…
— Өй, өңкей боқташақ, тоқтат, — деген қарияның саңқ еткен қаз дауысын ап-анық естідім. Жалт қарасам боз жорғасын тайпалтқан ақсақал екен. Бата бергені есіме түсті.
-Шу, Ақбесті, шу…
Пыр-пыр еткен Ақбесті елтірі жусан иісін бұрқыратып аға жөнелді. Көзімнен жас парлап келеді. Сүлік қара мінген қалар емес. Жазыққа қарай бұрыла алмай-ақ қойдым. Оң қолымды ақырын босатып алдым да, қамшының басына байланған орамалмен Ақбестінің бота көздерін, екі құлағының түбін сүртіп, тебініп қалдым. Пай, пай тұлпарым-ай, қолтығы кеңіп зулады-ай келіп. Кенет… кенет. Жар. Көзімді тарс жұмдым. «Бісіміллә» деп үлгердім ішімнен. Ақбестінің тұяғы жардың арғы бетіне дік еткізіп тигенде демімді бірақ алдым. Сүлік қара жар басында шаншылып қала берді. «Ә, бәлем, солай ма екен».
-Шу, Ақбесті, шу.
Төбе, төбелер, мылқау обалар тобылғы түбінен пыр-пыр ұшқан балапан бозторғайлар. Көз алдымнан кірпігімді қаққанша өтіп жатыр. Ұзақ шаптым.
Мамырлап мақпал кеш түсті. Ақбесті әбден еті қызып, тізгін тарттырмайды. Ән естіледі.
«Мен келем тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңірентіп өлендетіп.
Астымда ақбозатым сылаң қағып,
Жалтақтап құлақтарын елеңдетіп».
Ит үріп, от тілі жарқ етті. Алқақотан отырған қойлы ауыл.
— Апыр-ау, мынау кім болды?
— Ауылға ат қойғаны несі? — деп ауыл азаматтарының сөздерін де естіп қалдым.
Есті жануар басын бағындырды. Маған қарай шолпысы шылдыр-шылдыр еткен кішкентай бұрымды қыз жүгіріп шықты.
-Дауа, Дауа байқашы.
Серкені жерге тастадым. Ауыл мәре-сәре. Артыма жалт қарап едім жаңа ғана молынан туған ай жарығына шомып қалған шолпылы қыздың күміс сырғасы жылт-жылт етті. Тізгінді қоя бергем. Екі қолым өзімдікі емес, құстың қос қанатындай. Самғап бір ұшатындаймын.
-Ұлым, ұлым, ақылыңнан айналайын.
Көкемнің даусы. Теңбілкөк айғыр арқырап кісінеді. Көзім тарс жұмылды. Көз алдымда қыздың күміс сырғасы. Басқа ештеңе жоқ…

Kenecbaev T.Талғат Кеңесбаев.
Еуразия жазушылар одағының мүшесі

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!