Арман ӘУБӘКІР. Көне дәуір жылқышылары Ежелгі еуропалықтар ма?

8763

Көрнекті ботайтанушы ғалым Виктор Зайберт «Kazakh.tv» телеарнасы арқылы берген сұхбатында «Ботайлықтар ежелгі еуропалықтар болуы ықтимал» деген болжам айтты.
Кейінгі уақытты б.з.д V-ІV мыңжылдықтарға тән ежелгі қоныс, осы ғалымның табанды еңбегінің арқасында «Қазақстан – алғашқы қолға үйретілген жылқылардың отаны» ретінде белгілі болды. Нақтырақ айтсақ, мұны әлемнің 6 елінің 8 ғалымынан құрылған топтың генетикалық зерттеуі дәлелдеді. 16 жылға созылған зерттеу нәтижелері бойынша 328 жылқының генетикалық материал үлгілері жинақталған. Атаулы алты елдің ішінде ең көп материал ұсынған да Қазақстан болған. Жинақталған материалдар компьютерлік модельдерді қолдану негізінде сараптамадан өткізілген [1]. Алайда, зерттеушілердің «бұл өңірді ертеде еуропалықтар мекендеген. Сондықтан, ботайлықтардың ежелгі еуропалықтар болуы мүмкін» деп жорамалдауы негізсіз. Алғашқы жылқышылардың біздің тікелей бабаларымыз – түркілер екендігі ешқандай күмән туғызбайды.

Ең бірінші, Ботай қонысы бұрынғы һәм қазіргі қазақ жерінің аумағында орналасқан.

Екіншіден, тұрақтағы қыш ыдыстарға сараптама жүргізгенде, оларға қымыз құйылғандығы анықталған [7]. Осылайша, тек жылқы ғана емес, қымыздың да тарихы 6 мың жылға ұзаруда. Бір таң қаларлығы, оның құрамы қазіргі қымыздан мүлде алшақ емес. Еуропалықтар осы күнге дейін қымыз әзірлеу әдісін игере алмай отыр. Қазақ даласының әр аймақта әр түрлі ашыту жолымен, айрықша дамытылған технологиямен дайындалатыны өз-өзінен түсінікті. Ендеше, бұл жерде қандай ежелгі еуропалықтар туралы әңгіме болуы мүмкін?

Үшіншіден, бүгінгі қазақ пен байырғы түркілердің арасында 30 пайыз ұқсастық бар көрінеді. Бұл туралы белгілі антрополог ғалым Оразақ Смағұл «Халық сөзі» газетіне берген сұхбатында бүгінгі қазақтардың қан құрамының 30 пайызы бұдан 4 мың жыл бұрын өмір сүрген бабаларымыздың морфологиялық, физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келетіндігін айтады. Жылқыны қолға үйрету – мәдениеттегі ұлы революция екенідігі айтпаса да түсінікті. Жылқы малына қатысты көптеген бұйымдар, осы қазақ жерінде алғаш ойлап табылғандары бұған дейін тарихшы-этнограф ғалымдарымыз тарапынан сан рет жазылды.

Төртіншіден, белгілі этнограф Ақселеу Сейдімбек өзінің «Қазақ әлемі» атты [2] сүбелі еңбегінде үзеңгі, ертоқым, таға, ауыздық, шалбар, дөңгелек, садақ тәрізді жылқыға және жаугершілікке қатысы бар заттардың ең алғаш қазақ даласында пайда болып, кеңінен қолданысқа енгендігі туралы жазады. Түркі жұртының, оның ішінде қазақ халқының әлемдік өркениетке қосқан үлесі әлі де болса лайықты бағасын ала алмай келе жатқаны қынжылтады. Ат әбзелдерінің қазақ даласында тұңғыш жасалуының өзі сөзсіз жылқының алғаш қазақ даласында үйретілгенін айғақтайтын құбылыс болатын.
Өкінішке орай, мұны ғылыми дәлелдеуге бойкүйездік танытқанымыз да рас.

Бесіншіден, ежелгі еуропалықтардың емес, бағзы түркілердің ат жалын тартып мініп, қылқұйрық үстінде отырып жауынгерлік әдіс-тәсілдерді жетік меңгергендігін қайда қоямыз? Еуропалық дерек көздерде кентавр (ат-адам) деп сипатталатын ата-бабаларымыз қазанат үстінде өздерін жаһанның қожайынындай сезінген. Шапшаң қозғалуға, қалаған сәтінде бұрылып кетуге септесер ауыздық, ат үстінде жерде тұрғандай аяқты тірейтін үзеңгі, ықшам да сапалы қару – қайқы қылыш, ұзақ жолға төзімді қазақы жылқы жеңістерге жетеледі. Темірші-ұста Махмұт Құлментегі «Алаш айнасы» газетіндегі сұхбатында «Біздің қару-жарақтарымыз ат үстінде алып жүруге ыңғайлы әрі жеңіл болып келеді. Еуропаны аяғынан тік тұрғызған Еділ, Аспарух сияқты билеушілердің асығы алшысынан түсуінің бір сыры сонда жатыр. Орыс әскеріне қарсы күрескен Шәміл де, Кенесары хан да 10 жыл бойы толассыз соғыс жүргізеді. Шәміл тау-тасты сағалады, ал, Кенесары зеңбіректер мен артиллерияға қарсы далада қалай шайқасты? Оның көшпенділердің әскери өнерін жетік игергендігін осыдан көреміз» [4] деп, жоғарыдағы пікірді негіздей түседі.
Егер, жылқыны алғаш қолға үйреткен ежелгі еуропалықтар болса, онда неге салт атты түркілерден қорқып, ата-бабаларымызды кентавр деп атайды. Еуропалық серілердің қару-жарақ, сауыт-саймандары жаяу әскерге ғана тән ауыр екендігін, ал, көшпелілердің сауыт-саймандары мен бес қаруы ат үстінде ұрысуға ыңғайлы болып келетіндігін дәлелдеп жатудың өзі артық. Көшпенділердің бес қаруы сайма-сай салт атты шеріктері садақ ату, шоқпар сілтеу, найза салу, қылыштасу, ат үстінен аударып түсіру сынды әскери сайыста ат құлағында ойнауға машықтанды.

Алтыншыдан, қазақ халқының ең қастерлі түлігі ежелден – жылқы. Оны кез келген ауыз әдебиет үлгілерінен байқауға болады. Күлтегіннің Боз аты, Қара қыпшақ Қобыландының Тайбурылы, Алпамыс батырдың Байшұбары, Ер Тарғынның Тарланы, Ақан серінің Құлагері ән-жырларымыздан көрініс табады [5]. Атқа қатысты мақал-мәтелдер мен сөз тіркестерінің санына жету мүмкін емес. Айта берді, қазақтың мінезінде жылқыға тән қасиеттер көп. Тіпті, ата дәстүріміздегі жеті атадан қыз алыспау мен айғырдың өз енесіне, өз қанынан тараған биелерге шаппайтындығын ұқсатуға болады.

Жетіншіден, ұлттық ойындарымыз да жылқымен тығыз байланысты туған. Ат бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, шеген, қыз қуу сынды ұлттық ойындарымызды талай аламан додаға түсіп әбден машықтанған сәйгүліктерсіз елестету мүмкін де емес.

Сегізіншіден, ботайлықтар мен қазақтың әлі қаймағы бұзыла қоймаған кездегі жылқы етін сақтау әдістері ұқсас. Белгілі этнограф ғалым Ахмет Тоқтабайдың Ботай қонысы туралы келтірген мына дерегіне зер салсақ: «Еденде ет сақтайтын, қыста желінген еттің сүйегін тастайтын тереңдіктері 40-250 см, дөңгелек шұңқырлар қазылған. «Шұңқыр-консерві» деп аталатын құдықшалардың тереңдігі 1 м, бұған жылқы еттерінің кесек-кесек үлкен бөлігі салынып, үстін жылқы терісімен қымтап, топырақпен жауып, үстінен ауасы біткенше от жаққан. Ауа кірмеген ет көпке дейін сақталған. Сарыарқа қазақтары формасы төртбұрыш, тереңдігі 2-3 метр үлкен аран-шұңқырлар қазып, көлемі 1,5 x 2 метр, еденіне тақта тас¬тар төсеп, қабырғаларын тастан өріп, соғым етін сақтауға пайдаланған. Қазақтар қамба деп атайтын, мұндай ет сақтайтын шұңқырлардың қалдықтарын Сарыарқа өңірінен әлі кездестіреміз» [4]. Қорғалжындағы Керей өзенінің жағасында «Ібнияның шұрығы» деген жерде ойып жасалған ұзындығы – 6 метр, көлденеңі – 3 метр ұра бар. Мұны жергілікті халық «Ібнияның қамбасы» дейді. Мұндай қамба үш мың кілең күрең жылқысы боған Ібния байда ғана емес, өңірдегі көпшілік байларда болған. Демек, бұл ботайлықтар мен XX ғасырдағы қазақтардың ет сақтау әдісі бірдей деген сөз.
Берел қорғанынан табылған «Алтын ат» (алтын ат — әбзелдермен көмілген жылқы) және Пазырық қорғанындағы текеметтерде кездесетін атты жауынгер бейнелері жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Ақжан, Пазырық, Берел обаларынан 270 жылқы табылса, Ботай қонысынан 70 мыңға жуық жылқы қазылып алынған. Бұл баға жетпес материалдар бір-бірімен салыстырылуы керек. Жартастағы атты адамдар мен жылқы петроглифтерінің мағыналық-мазмұндық сипаты бізге әлі күнге жұмбақ күйінде қалуда [6].
«Мал шаруашылығының шығу тегі және оның даму формулалары, соның ішінде жылқы шаруашылығының Еуразия далаларында пайда болғаны туралы тұжырымдарға әлі нүкте қойылған жоқ. Әйткенмен де, Ботайдан табылған, соны археологиялық қазбалар мұндай түйткілдердің неғұрлым тезірек шешілуіне өз септігін тигізері сөзсіз» дейді ғалым Виктор Зайберт. Бұған еуроцентристік көзқарастағы бірқатар ғалымдар «Жануарларды доместикацияландыру диқаншылық (яғни, отырықшылық) шаруашылықтың элементтері бар ортада ғана мүмкін болады», деген қорытынды жасаған еді. Бұл жерде, жылқы ең әуелі дала халқында ет үшін ғана емес, аңшылық пен мал бағу мақсатында қолданылғанын ұмытпаған жөн. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, түркілердің жылқыны доместикациялауы Ботайдан да ерте дәуірде жүзеге аса бастаған.
Біздің заманымызға дейінгі XVІІ-ІX ғасырларды қамтитын қазақ жеріндегі Андронов мәдениеті де түбегейлі зерттеуді қажет етеді. Андроновтардың да жылқыны қолға үйреткені кейбір деректерде көрсетіліп келеді. Егер, бұл деректер нақты дәлелденсе, онда жылқының ботайлықтардан да мыңдаған жыл ертеде қолға үйретілгені анықталуы мүмкін. Ұлттық энциклопедиядағы мына дерекке назар аударайық: «Мал өсіру маңызды рөл атқарды. Негізгі тамағы сүт болды, сүзбе, ірімшік жасаған. Ет өте аз болған, оны мейрамдарда ғана, құдай жолына құрбандық жасағанда ғана пайдаланған. Негізгі мал: қой, сиыр, жылқы.
Жылқының үш тұқымы болды:
1. Биіктігі 128-136 см., басы үлкен, қалың жалды жатаған жылқы. Қазіргі монғол жылқысына ұқсас;
2. Шоқтығы орташа не биік 136-152 см-ге дейін салмағы 350 килоға дейін жететін жылқылар;
3. Асыл тұқымды биіктігі 152-160 см., аяқтары жіңішке, сымбатты, қой мойынды жылқылар.
Жылқылар соғыс арбасына жегілетін болған. Андроновшылар мал бағудың қыр-сырын жетік меңгергендер болды. Олар дүниежүзінде алғаш рет малды қолда ұстауды енгізді. Қыста төлді жылы жерде ұстаған, ол үшін үйдің бір жағын қоршап бөліп тастаған. Тұрғын үйлерге жалғаса мал қора салды. Андроновшылар қос өркешті түйелер де өсірді».
Профессор Виктор Зайберттің «Ботай жылқының морфологиялық кейпін қайтадан қалпына келтіру жұмыстарының ендігі міндеттері доместикациялық белгілерді анықтау болып табылады. Бұл істі жүзеге асыру өте қиын, оған тек уақыт қана емес, Ботайдан және ерте замандардағы басқа ескерткіштерден табылған сүйектер де қажет, оларды танымал плейстоцендік жылқылардың түрлерімен, солардың кейінгі дәуірдегі сүйек қалдықтарымен салыстырып, зерттеулер жүргізу керек. Сөздің тоқетері, үй жылқыларына тән белгілердің эволюциясы мұқият зерттелуі тиіс» [7] деген пікірімен келіспеске лажыңыз жоқ. Егер, біз дала жануарының үй жануарына айналу барысын зерделеуге күш салсақ, Ботайдан да көне дәуірде жылқылардың үй хайуанатына айналған уақытын дәп басып айта алар едік!

Пайдаланылған әдебиеттер:

«Жылқы ең алғаш қазақ жерінде үйретілген». «Алтын Орда» газеті, 2008 жыл, 17 маусым.
Ақселеу Сейдімбек. «Қазақ әлемі». Этномәдени пайымдау: [оқу құралы] / – Алматы: Санат, 1997.
Арман Әубәкір. Теміршілер немесе киелі өнер иелері шеберханаға мұқтаж. «Алаш айнасы» газеті, 2011, 11 желтоқсан.
Ахмет Тоқтабай. «Қазақ жылқысының тарихы». –Алматы: «Алматы кітап» баспасы, 2010.
Немат Келімбетов. «Ежелгі дәуір әдебиеті». –Алматы: «Атамұра» баспасы, 2005.
Ерболат Баятұлы. «Тұлпар тарихы Ботайдан басталады». //«Тіл және қоғам», №1, 2009.
Виктор Зейберт. Ботай. Дала өркениетінің бастауында. – Алматы: «Балауса» баспасы, 2011.

i-1Арман Әубәкір, ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінің магистранты. akikatkaz.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!