Есболат АЙДАБОСЫН: Сүлікқара

10310

Мені көре сала бұрылып кетті, көңілсіз секілді. Артынан қуып жеттім. Ту сыртынан тақалғанымды сезіп тұр екен, бұрыла сап құшақтай алды, аздап ішкен секілді, өксіп-өксіп жіберді. Менің де көмейіме бір түйіншек келіп тығылды. Жылап жатыр, айтып жатыр.
Тау етегіндегі ауылдың тіршілігі қыстыкүні бұйығылана түсетін. Көк шығып, жер аяғы кеңігенше қолға қарайтын төрт түлігінің қамын күйттеген шаруақор жұрт қора-жайын айналшықтап алысқа ұзамайды. Аудан орталығына қатынайтын жалғыз автобус жартылай толып ерте кетіп, кеш келеді. Бөктер тұрғындарын былайғы өмірмен байланыстырып тұрған қара жолдың тұрақты жүргіншісі әзірге сол ғана. Ала жаздай күркіреп ағатын қос қапталдағы екі өзеннің де екпіні қайтып, шуы басылады. Кей кездері тапа-тал түстің өзінде төңіректе тіршілік тоқтағандай күллі ауыл тым-тырыс бола қалатын. Ондай кездері арғы көшеде ұлыған иттің даусы мен сиырдың мөңірегеніне дейін естілетіні бар. Біздің үй ауылдың шығыс жағында. Маялап жиған шөптің үстіне шықсаң көшенің сырты алақандағыдай көрінеді. Қар жауған түннің ертеңіндегі көрініс тіпті керемет. Жаздыкүні палуанның желкесіндей тарам-тарам боп жататын дала таздың басындай теп-тегіс.
Қылтиған қылпық байқалсайшы…Күртік қар барлық сай-саланың қойны-қоншын толтырады. Жексенбі, сәскенің кезінде мені іздер болсаңыз, сол шөптің үстінен табасыз. Екі ағамның өтініші бойынша күннің суықтығына қарамастан суыр құсап шоқиып, қарауыл қараймын. Көшенің сыртында киіз үй пішендес үлкен қара төбе болатын. Жерге қар түскеннен көк шыққанға дейін үстіне шығып сырғанақ тебетінбіз. Жексенбі сайын сағат тоғыздардан бастап сол төбенің үстіне атқа мінген адамдар жинала бастайды. Екі көзім сонда, ал төменде қойға шөп салып, сиырдың астын тазалап борша-борша боп жүрген екі ағамның есіл-дерті менде. Ара-тұра атамның көзін ала-бере айқайлап сұрайды.
-Қанша адам жиналды?
-Оншақты
-Кімдер екен?
-Өй, мен қайдан білейін, деп бұртиямын, әйтеуір жирен қасқа атты біреуі шалқайып отыр, «надан Мәлік» секілді.
-Шәріпбай шықты ма?
-Жоқ…
-Шәріпбай шыққанда «сразу» айт….
-Иә-ә-ә-ә, деп аздап бәлсініп алып, төбенің үстіндегі адамдарды қайта-қайта санаймын. Мен санаған сайын олар көбейе береді. Сағат 11-ге қарай отыз, қырыққа жетеді. Сол кезде көшенің бас жағынан бір шоғыр көрінер еді. Есік пен төрдей қарагер атқа мінген біреу атақораздай топты бастап келеді. Сол Шәріпбай. Мен осы сәт –Шәріпбай! Шәріпбай! Чапаев! Чапаев! деп айғай салам.
Шәріпбайға Чапаев деген лақап атты өзім қойып алғам. Алғашқы көргеннен ақ, астындағы аты мен қайырыла біткен мұртына қарап соған ұқсаттым. Мұнымды алғаш естігенде атам кеңкілдеп тұрып күлген. Ал әжем, шығармайтының жоқ екен, үлкен кісіні келеке қылуға болмайды деп ескертті. Бірақ қас-қабағынан оншалықты ызбар байқалмаған соң, тиылу қайдан, керісінше қой деген сайын екілене түсем. Қасқайып тұра қалып;
-Шәріпбай мен Чапаевтың мұрты мынандай деп мұрнымды жеңіммен бір сүртіп, қылышы мынандай деп шалбарыма жаға салам.
-Күлгенге күле бағып кетеді, деп әжем кейістік танытады ондайда.
Шәріпбайдың тобы төбе үстіне шықпайды, қиыстай өтеді. Сол кезде бүкіл жиылған жұрт қопарыла жылжып оның соңынан ереді. Кейбірі желе-жортып, қуып жетіп амандасады. Қарагердің үстіндегі қария да елгезек, ешкімнің сәлемін жерде қалдырған емес, бірақ ат басын ірікпейді. Сарбаздарды бастаған сардардай Майтөбе қайдасың деп тартып барады. Шәріпбайдың нөкерлерінің қарасы ұзаған сайын қалыңдай түседі.
Ауылдың жан-жағынан жарыса шапқан жарғақ тымақтылар жапа тармағай қосылады. Олардың арасында менің екі ағам да бар әлбетте. Екеуі менен хабар естісімен алма ағашта қаңтарылып тұрған жабағыларына жүгіретін. Әшейінде шала-шарпы жұмыс істеуге жол бермейтін атам да бұл кезде көктемгі тоңдай жібіп сала береді. Екеуінің тайын жабулап, құйрығын шарт түйіп, тіпті аяғынан демеп мінгізіп бәйек.
Бірақ әлгі екеуі мұнымен кете қоймайды. Ақыры батылдауы, атама сөзі өтіңкірейтін екінші ағам тайжарысқа шабдар тайды қоссақ деп едік деп мұрын астынан міңгірлейді. Атам да қызық. Алдымен жан қалтасын, төс қалтасын бір қағады. Ана екеуі шоқша сақалды қара шалдың қалтасынан алтын толы әмиян шығатындай үмітпен қарайды. Атамның қалтасында алтын болмаса да өзгенің бәрі бар.
Кендір жіп, ілмек біз, шақша, тәспі, бәкі, күміс баулы сағат….Әлгі екеуін телміртіп қойып, атам асықпай осының бәрін қобыратып шығарады, бір жағынан алып бір жағына салады, бір кезде іздегенін табады-ау жарықтық. Бетормал. Терлеген кезде маңдайын, біз бырқырап жүрсек мұрнымызды сүртеді мұнымен. Жаздыкүні талай рет төрт бұрышын түйіп тақия жасап кидік кезекпен. Тіпті бірер рет ештеме табылмай қалғанда қойдың желінін тазалап, ауызданбаған қозының басындағы желбіршектерін де осы беторамалымен сүртіп тастағанын көргенмін атамның. Осы әмбебеп бетормалын бір қағып жіберіп шетіндегі түйінін тарқатуға кірескенде қыстың таза ауасында өзгеше бір қышқылтым иіс мүңк ете қалатын.
Анықтап қараған адам күртік қардың үстіне домалап түскен жоңыршқаның бүрін, бидайдың дәнін, насыбай түйірін байқар еді. Атамның орамалының шетінде советтік сөлкебайдың бірнешеуі жатады әдетте… Содан сыбағасын алған соң әлгі екеуі көп тұрақтамайды, көшенің сыртына құлдыраңдап шаба жөнеледі.
-Әй, ақырын, тізгінді тең ұста, сыңарезу қыласың, бауырынан қамшылама….бастан ұрушы болма деп атам да соңғы ескертуін айтып қала беретін, шөптің үстінде отырған мен болсам, домалақтап дайындап қойған қармен екеуін бір-екі рет ұрып үлгеремін, кейде «ба-аааааа» деп атып тұрып тайларын үркітемін.
Әлгілердің бір-бір дөңайбатын естіп алған соң маяның үстінен қапталдағы қораға қарай ырғимын. Әбден машықтанып алғам, мултфильмдегі маугли секілді белағаштың үстіне дөп түсем. Артынша мысықтабандап бұрышқа жылжимын да тағы жерге қарай секірем. Жер болғанда да үйіліп жатқан малдың қиы бар, қонақтайтын аэродромым сол.
Атам бұрындары бұ қылығыма шыр-пыр болатын, кейіннен көндікті. Дегенмен менен басқаға қатаң тиым салған. Себебі біздің ауылда ашық қоралардың төбесін шифермен жабатындар сирек, жағдайы барлар қарақағазбен қол жетпегені іркес-тіркес шыбықтарды тастап, үстін шөппен бастырып тастайды. Біздің қораның төбесін атам өзінің зейнетақысына Ұзынағаштан қарақағаз алдыртып, бүтіндеп шыққан.
Сондықтан жыртасыңдар деп тірі пендені жолатпайды. Әжем айтпақшы, қораның төбесіне шыққан адамды, өзінің төбесіне шыққанмен бірдей көреді. Әзірге қахары қатты қарашалдың әмірі маған ғана жүрмей тұр. Қораның төбесінен қанша мәрте қуып түскенмен, көтеніңе айыр тығам деп доқ көрсеткенмен, айылымды жимадым. Өйткені мен үйдегі атамнан кейінгі «екінші атаман» – әжемнің баласымын.

***

Sulikhkara2Майтөбе ауылдан 5-6 шақырым жерде орналасқан қыз анарындай қатар жатқан екі төбе. Атамның айтуынша, байырғы бабалардан қалған зират – бұл. Сондықтан оның үстіне шықпаңдар, айналысына дәрет сындырмаңдар деп айтып отыратын. Айтпақшы бұл маңда бәйге өткізуге о баста ауылдың біраз қариясы қарсылық білдірген екен, аруақтарды мазаламайық деп. Бірақ аруақ-құдайды ұмытқан сол заманның белсенділері көнбеген, соқа салып айналдыра атшабар шеңбер жасаған.
Жексенбі сайын тайжарыс, ал 1- 9-май күндері үлкен аламан болады мұнда, ауыл адамдары май мерекесінің құрметіне бұл екі төбені Майтөбе атап кеткен. Майтөбедегі қай деңгейдегі бәйге болмасын Шәріпбайсыз өтпейді. Ұйымдастырушы да, бас даяшы да – сол.
Қайқы мұртты сары шал қысы-жазы басынан дүкен қалпағын тастамайды. Саршұнақ аязда өзгелер түлкі тымағын басып киіп, бүрсеңдеп жүргенде, Шәріпбай қызара-бөртіп қарагердің үстінде ырғалып отыра беретін. Шәріпбайдың тайлары жүйрік келеді шетінен, қыс бойы бәйгенің алдын бермейді. Жалғыз ұлы бар. Аты – Бақыт. Мұрыны қолағаштай сол жігітті елдің бәрі Шәріпбай Бақыт деп атайды.
Бақыттың кіндігінен де жалғыз бала өрбіген. Медет, біз Митко дейміз. Митконың сабақ үлгерімін қайдам, бірақ тақымы тастай, шіркіннің. Шілмиіп алып бәйгеге шапқанда шаршадым деген емес, тай бәйге, құнан жарыс, аламанға ат ауыстырып мініп, дамылсыз тепеңдей беретін. Аударыспақ ойнай қалғанда да, өзінен әлдеқайда үлкен жігіттерге алдырмайды.
Шәріпбайдан өзге біздің ауылда ірі деңгейдегі екі атбегі бар. Екеуі де әкемнің түп нағашылары- қойшы Бекжан мен жылқышы Мұратбек. Шәріпбайдың тайларымен осы екеуі ғана тайталаса алады. Ал менің екі ағам секілділер үшінші, төртінші болғанына мәз.
Кей кезде Шәріпбай тайын тынықтырамын деп бәйгеге қоспайтыны бар, со кезде оларға құдай береді. Ондай күндері мен де бір желпініп, жетісіп қалам. Тайжарыстан ұтқан ақшасынан киноға билет алып береді. Бірақ ондай сәттер сирек. Сондықтан екі ағам тайжарысына кетер кезде, «Шәріпбай Көкдауылын қоспайды екен» деп сыбырлап кетеді. Бұл – үйдегі қалған шаруаны тындырып қой, киноға ақша береміз деген емеуріні.
Өзімше илікпей тұрғанмен кино дегенде «қолқ» ете түсем. Үндінің кинолары дәуірлеп тұрған кез. Ауылдағы екі баланың бірі «Митхунның өлеңдерін» айтып, қыздар жағы «агаяға» билейтін уақыт. Сондықтан екі ағам көшенің сыртына шапқылап кете салысымен шанамды сүйретіп құдықтан су тасимын. Үйдегі ыдыс-аяқ, моншадағы бөшкелер, қорадағы мал су ішетін науалардың барлығын толтыру міндет.
Басында «қаршадай баланың қабырғасы қайысады» деп әжем бой бермеп еді, бірақ «қара кемпірдің қыздары құрлы жоқ па?» деген намысқа тиер сөзі өтіп кетті әлгі екеудің. Аздап қиналып жүрдім, кейіннен төселіп алдым. Су тасыған да рахат. Флягтың үстіне отырып алып, шанаңды ылдиға қарай бір демеп жіберсең зырылдаған күйі үйге бір-ақ жетесің. Қиыс кетіп бара жатсаң тізгіні де даяр, жүгендеулі аттай жүйткітесің. Әрі қыстың күні қызықтың көкесі құдықтың басында болады.
Бозбала мен бойжеткен, еріккен мен зеріккеннің кездесер, қалжыңдасып, қауқылдасып қалар мекені осы құдықтың басы. Сондықтан жоғарғы сыныпта оқитын қыз-жігіттер су тасуға біз құсап алқын жұлқын жетіп бармай, кәдімгідей сыланып шығатын. Әрі кімнің сиыры жоғалды, кімнің әйелі босанды, кіммен кім төбелесті деген секілді ауылдың соңғы жаңалығын осы жерден естисің. Кей кездері шеңберден шығып, ел және шетел оқиғалары да айтылып жатады. Өз басым Ясир Арафат, Джорж Буш, Горбачев деген адамдардың өмірде барын су тасып жүріп білдім. Құдық басындағы конференцияның белсенді делегаты Қамбарбай ағаның аузынан естідім.
Әне, қоян тұмағының бір құлағы көтеріліп, бір құлағы салаңдап, жейдесінің етегі курткасының сыртына шығып, аңқылдақтығына қарап ел еркелетіп «Қамбаш» деп атайтын ағамыз тағы да сонда бет алды. Қолында газет. Есік алдында тұрған Молдабек шалға қарап әлденені айғайлап айтып барады, әлдекімді әке-шешеден сыбап алды.
Шамасы газеттен бір жағымсыз хабар оқыған болу керек. Соны құдық басындағы форумда талқыламақ. Ол жақтағы жұрттың шоғыры бүгін аздау секілді. Күпәйкесінің жағасын көтеріп қойып, мойнын ішіне тыққан күйі біреу ары-бері теңселіп жүр. Дәу де болса Ақұлық Бақыт. Бірдемеден құр қалғандай ертеңмен құдықтың басына келіп, өткен- кеткеннен жүз граммға жылу жинап отыратын Бақыттың осы сәт – ең бақытсыз кезі. Өзі айтпақшы «басы сынып тұрған» шығар.
Анау отырған екеудің бірі Метен, біреуі Әбдәшімнің Асқары. Екеуі кеше қаракемпірдің көмірін кіргізісіп еді, содан алған еңбекақыларын тауысса да, түндегі қызықтарды айтып тауыса алмай жатыр. Қанша шөлмек ішкені, қай кезге дейін есін білетіні, кім кімді үйіне сүйреп апарғаны сарындас әңгімелерді сапырып жатқан болар. Су басында салы суға кетіп тұрған үшеудің үмітін екпіндей жеткен Қамбаш жақты. Ол барып амандаса сала, бірдемесін ұстатты ғой деймін, Метен аш бөрідей бүрісіп ап, коммерсант Сағиланың үйіне қарай жортып кетті. Қазір «бас аурудың дәрісін» алып келеді.
Оған дейін су шанасын сүйреткендермен жағаласып, тұс-тұстан Бақыттың «басы ауырғыш» достары да сүйретіле жетеді. Бір жартылық қышқыл суды «сыйластық болсын, денсаулық болсын» деген шағын тілектер айтып қылдай бөліседі. Бастысы бастары жазылып, бойларына қан жүгірсе болды, арғы жағы өзінен- өзі жалғасып кете барады. Ер азығы мен бөрі азығы – жолда. Әйтеуір бірдеңе кезігеді. Бірер сағаттан соң құнан қойдың сорпасын ішкендей қызара бөртіп, бусанып шыға келеді.
Түс ауа бір-бірімен қылжақтасып, құшақтасып, гүжілдесіп, дүниені төңкеріп жіберетіндей гүрілдеп ерегісіп жатқанын көресің. Анда-санда құдық басында төбелес те болып тұрады. Ондай кезде тегін кино тамашалағандай жетісіп қаламыз.

***

Sulikhkara3Әдеттегі жексенбі болатын. Екі ағам тай жарысында. Әкем мен шешем қарындасымды ертіп аудан орталығындағы әкпеміздің үйіне қыдырып кеткен. Құдық басында адам аз кезде, зырылдап жүріп, суды тасып қойдым. Атам да малды жайғастырып біткен секілді, қора жақтан аяңдай басып келеді, ол кісі жолда шашылып жатқан шөптерді жиыстырып, әлгі екеуі лақтыра-лақтыра салған айыр-тырмаларды орны-орнына қоям дегенше, екі етігімді енді керек еместей екі жаққа аяғымды сермей лақтырып, мен үйге кіріп үлгерем.
-Атаң қайда? – деді әжем.
-Келе жатыр.
-Ол келгенше кеш батар, шай суып қалатын болды, шақыр жүгір.
Әжемнің әрбір айтқаны мен үшін – заң. Есіктен басымды қылтитып атамды асықтырам. Келген соң үшеулеп кешегіден қалған жылытпаны жәукемдеп, күрең шәйға бас қойғанбыз, көшеден ысқырық естілді. «Көк ит, көк ит» деп екі рет қайталанды. 78-дердің ысқырығы. Үлкен ағамды іздеп келген класстастарының бірі. Тұруға ыңғайланып ем, елеңдемей тыныш отыр дегендей атам алакөзбен бір атты. Бірақ көшедегі жүгірмек қояр емес, қақпаны ашып ысқырды енді. Шықпасқа болмады. Алмабек екен. Көмірдей қара тайға мініп алыпты. Шекесінде бармақтай төбелі бар.
-Анау қайда, деді мені көре салып. Әкесін елдің бәрі қырсық Қуаныш деуші еді, ұқсамасаң тумағыр. Амандасу былай тұрсын, ағамның атын да атауға ерініп тұр. Өзі бір дүниені тіреп тұрғандай жарбиып жантайып алыпты, қисық аяғымен үзеңгіні үзіп жіберердей керіп тұр. Шекем тырыса қалғанмен, бірден тістесуді құп көрмедім.
— Тай жарысына кеткен.
— Ана қотыр тайын қосам дей ме?
Енді шыдауға болмас. «Өзіңнің қотыр тайың тұрмақ ешегің (есек) де жоқ қой» деп салдым. Демалыс сайын кім көрінгенге мінгесіп жүресің» деп тағы да қыршып алайын дедім де тежелдім. Анау да салғыласуды құп көрмеген сыңайлы. Мені ызаландырғанына разы болғандай қуланып бір күліп алды да, «міне менің тайым, Пепельдің (Біздің өңірге аты шықққан жүйрік айғыр) тұқымы» деді де, тебініп, кетуге ыңғайланып барып, кідірді.
-Айтпақшы сен тайға шаба аласың ба?
-Шабам, дедім намысқа тырысып. Анығында ағаларыммен ілесіп тай жарысына бірді-екілі барғаным болмаса, бәйгеге түсіп көргем жоқ өмірі.
-Мынаған шабасың ба, деді, астындағы қара тайды нұсқап. Шегінерге жол жоқ.
-Шабам, деген сөзді кібіртіктеп әзер айттым.
-Онда келесі апта дайындал, өзім келіп алып кетем деді де, көшені бойлап тасырлатып шоқырақтай жөнелді. Менің де жүрегім тасырлап, атқақтап барады. Бір жағынан қуанып тұрмын, бір жағынан қобалжу, қорқыныш бар секілді. Қанша тұрғаным белгісіз, әжем шығып, көмірге жұмсағанда ғана есімді жидым.
Әшейінде зырылдап өтетін бір апта уақыт, шабан аттай ырғалып жүріп алды. Күнде кешкілік қиялдап жатамын. Түрлі түстер көрдім. Біресе қаратаймен бәйгенің алдында келемін, біресе құлап бара жатып, шошып оянам. Бір-екі рет бас тартуға оқталдым, «қорқақ» деген келекеге қалармын деген жігіттігім жібермеді. Ақыры әрі-сәрі күйде межелі мезгілге де жеттік. Уәдесінде тұрып, Алмабек өзі келіп мінгестіріп кетті.
Жиырма шақты тай шықты жарысқа. Осы сәтке психологиялық тұрғыда бір апта дайындалсам да жүрегім дүрсілдеп, аздап қорқақтап тұрмын. Менің тайға шабарымды сол күні естіген екі ағамда да ес жоқ. Үйде жүргенде күн көрсетпейтін бұлардың мені сонша жақсы көретінін сол кезде білдім. Құлап қала ма деп уайымдап шыр-пыры шығып жүр. «Төменгі арыққа жеткенде тізгінді тартпа, атты састырасың, өзі жол тауып секіреді, ана Бештиын (ауылдағы атақты шабандоз) секілділерден аулақтау жүр, аяғыңнан көтеріп кетпесін» деп екеуі екі жақтап ескертіп, ақылдарын айтып жатыр. Бір жақсысы қаратайдың үсті жайлы екен.
Ауыздықсүйеп шабатын, сыңарезу қиқарлығы жоқ. Басы бос. Ол да болса дәтке қуат. Желе жортып, өзім секілді бір-бір жабағыға жайдақ мінген балалардың тобына барып қосылдым. Даяшы айдай жөнелді. Тақымды қысып, тізгінді тарта ұстап, елдің соңын ала келе жатырмын. Алмабектің айтқан ақылы солай. Қаратайдың құйрығын түйіп жатып, «ат айдаушы қанша қуаласа да артын алып жүр, ә дегенде соңына түссең алдыңғы топқа жете алмай тығылып қалады, не дегенмен бірінші рет бәйгеге қосылып тұр ғой, жүрегі шайлықпасын» деп еді сыралғы бапкерлерше.
Соны есімнен шығармай, елдің артын ала, бүлкектеп келемін. Бір кезде «ал жігіттер жолдарың болсын» деген дауыс шықты. Іле-шала барлық бала лап қойды. Мен де жандәрмен аттың басын бұрдым. Тебініп үлгердім бе, үлгермедім бе білмеймін, қаратай қалың дүрмекке ілесе жөнелді. Ұшқыр ақ екен, сөренің жанынан төртінші болып өттім.
Байқаймын бір екі рет басын сүзіп, тізгінді қоя бер дегенсіді, жуас болғанмен мінезі бар секілді. Тебініп қамшы салсам алдыға шығатын түрі бар. Дегенмен күн тұманды, атшабардың қар басқан жолы әзер көрінеді, адасып басқа жаққа лағып кетуім, немесе күртік қарға ұрынып арандап қалуым мүмкін. Жүрек дауаламады. Сондықтан алдыға шығып алып, әңгімені соғып бара жатқан үшеудің соңынан салпақтадым да отырдым.
Үшеудің бірі Митко, мұрнынан аққан ақбозаты мен көкдауылын кезек-кезек тізгіндеп келеді. Екіншісі – Бештиын. Менен бір жас үлкен,төртпақ қара бала. Азан шақырып қойған есімі Ғалым. Денесінің шағындығына қарап ел «Бештиын» (дұрысы бес тиын болу керек) атап кеткен. Бекжанның жекеменшік шабандозы. Әзірге, тотолизатор «Тайбурылға» қатысқан жалғыз қахарман – осы. Үшіншісі Баянғазы, менен бес жас үлкен жігіт. Күрең тайына аяғын салаңдатып өзі мініпті.
Тыным таппай күреңнің бауырын тепкілеуіне қарағанда ана екеудің екпініне әзер ілесіп келеді. Мынау қайдан шыққан бәле дегендей ара-тұра маған қарағыштап қояды. Шамасы бірінші, екінші орыннан күдер үзсе де үшіншіден үмітті. Бұл орынға артқы топта қалғандардың таласа қоюуы екіталай, тек менен ғана қауіптенеді. Бірінші айналым бітті. Көңілім жайланып, Қаратайдың шабысына үйренісіп қалдым. «Сиырлыауылдың тұсына келгенде Митко аттың басын жібереді, сол кезде көз жазып қалма, Бештиын мінген Бекжанның қасқасы ылдишыл, төмен қарай жеткізбес, бірақ өрге айналғанда басып кетерсің, қаратайдың арты биік, мұндай жылқылар өршіл келеді» деген бағана Алмабек. Әкесі трактордан басқа мінбеген мұның атбегілерше сөйлегеніне таңғалғам.
Қайдан біледі бәлекетің деп… Айтқандай- ақ Митко “мен кеттім» дегендей суырылып шыға берді, соңына Бештиын түсті. Баянғазынікі барлығып қалды. Қасына жеткенде байқадым, күреңнің үстіндегі аққұба жігіттің түрі де күреңітіп кетіпті. Борша-боршасы шыққан тайын қамшымен сабап, сөзбен де сыбап келеді. Зу етіп өте шыққанымда шешеден бір жіберді. Мені боқтады ма, тайын боқтады ма білмедім. Мені боқтаса тоқтай қалып тіресерге уақыт та, қауқар да жоқ, есіл-дертім қалың тұманнан қылаңдап қана көрініп бара жатқан екеуде. Өрге айналғанда қашықтық қысқара берді. Бештиын мінген қасқа бірте-бірте қала берді, қуып жетіп, басып оздым. Бірақ қазірдің өзінде кейбір құнандармен бой теңестіріп қалған тұрқы биік көкдауыл алдырар емес, қаратай екі аттаған жерді анау бір қарғып алатын секілді.
Әттең деймін, бойдың қысқалығынан талай жерде есе жіберіп едім, мына жерде де тайымның кенже туғанына налып келемін. Дегенмен екінші болу да жаман емес. Әрі Бекжан секілді әйгілі атбегінің жүйрігінен озып барам, оның өзі зор мәртебе. Бештиынды жолда қалдырған өзге емес, өзінің жиені екенін көргенде кеудесіне нан піскен маңғаз нағашым қайтер екен деп қоям іштей. Сөреге де жақындап қалдық, қиқулаған дауыстар естілді. Өзімше айғайлап, әруақ шақырғандай болдым.
Кеудемді қуаныш кернеп, жанарыма жас тығылып, көзім бұлдырап барады. Жиылған топтан беріректе тұрған қарагер аттыны шыраматтым, Шәріпбай секілді. Аты бір орнында шырқ үйріліп, өзі онан бетер тыпыршып тұр екен. Өмірі жеке келетін көкдауылдан жабысып айрылмаған мына қара төбел қайдан шықты деп тұрған шығар, не де болса. Көкдауыл мен қаратай құйрық тістескен күйі сөреден өтті. Алмабекте ес жоқ. Сүрініп-қабынып, желе-жортып бара жатқан менімен қатарласып жүгіріп жүр. Көтеріп алған жабуына шалынып, бір құлап тұрды.
Аузы жыбырлап маған бірдеңе деп жатыр. Құлағым бітіп қалған екен, ымдаған кезде түсіндім. Түс деп айтыпты. Секіріп түстім. Алмабек ақ көбік болған қаратайды аяғына қан ұйымасын деп, желқақтырып жетелеп кетті. Делеңдеп екі ағам жетті. Құдды өздерінің тайлары топ жарғандай қуанышты. Құшақтап бетімнен сүйіп жатыр.
Бір-бір тайға мінген кластастарым келіп құттықтады. Олар да өздерінше менімен бірге оқитынын мақтан тұтатын секілді, сабаққа бір күн келсе екі күн келмейтін Сайлыбаев Бақытжан «кластаспыз ғой» деп әлдекімдерге мен туралы сампылдап айтып жатқанын құлағым шалып тұр. Төбе басындағы жұртқа жақындап едім, елдің бәрі бір олимпиада чемпионын көргендей қызыға, қызғана қарады. Өзімді сол кезде ауылға атағы шыққан, атышулы шабандоздай сезіндім.

***

Sulikhkara4Алмабек қаратайдың қолтығы сөгілсін деп, төрт апта тоқтатпай бәйгеге қосты. Соның екеуінде Көкдауылмен қатар түсті. Бірінде Көкдауыл, бірінде Сүлікқара (ол кезде өзімізше сөйтіп ат қойып алғанбыз) озды. Содан кейін-ақ Шәріпбай Көкдауылды көктемге дейін демалдырам деп жарысқа қатыстырмады. Оны өзімізше бізден сескендіге жорып, бұтымызға толып жүрдік біразға дейін.
Көкдауыл болмағасын бас бәйгені шаппай алуға болады. Тайталасар мықтының жоқтығы да жаман екен, әріберіден соң жалыға бастадық. Алмабек екеуміз «құры далбалақтай бермей, Сүлікқараны наурыз тойына дайындайық» деп келістік. Қалай да Шәріпбайдан бабымыз мен бағымызды асырумыз керек. Алмабек ара-тұра келіп заманында ат жүгірткен атамнан ақыл кеңес алып тұрды.
Алғашқы күні Сүлікқараны айналып-толғанып қараған атам: «Сүйегі терең жаратылған екен жануардың, мін таппадым. Бабын көрейін, бәйгеге қалай дайындайсың, тура солай мейіздей қатырып әкелші»- деп, қайырып жіберді. Бір апта өткесін, «Ал, мінекей»- деп Алмабек келіп тұр. Шал не дер екен дегендей маған қарап көзін қысып қояды.
Атам әуелі жабуын сыпырып, алды-артын қарады. Әр жерін бір ұстап, әлдене деп күбірлеп жүр. «Енді ары-бері жетелеңдер» деді. Бақшаны үш айналдырғаннан Сүлікқара боқ тастады. Атам бәрін бағып отыр екен, тезегін түгел алдыртты. Санады, сегіз құмалақ, алақанына салып мыжып көрді. Жоңышқа берген-ау, шамасы, жап-жасыл cөлі қарға тамды. Сосын атам біреуді жақтырмағандағы әдетінше көзін сығырайта Алмабекке қарады.
-Бәйгеде аты зорығып өліп жататын ноқайлар болады, білесің бе?
Анау әңгіменің мәнісін түсінбей қалды. Түсінбесе де, «білем ғой» деп ыржылақтай беріп еді, «ендеше, сен соның нақ өзі екенсің» деді. Атамның бір көтерілсе басылмайтын әдеті. Ал кеп ұрыссын. «Дарақы, боқмұрынсыңдар» дейді.
«Шәріпбайдың тырнағына татымай жүріп, тайталаспақшысыңдар. Осы күйінде бәйгеге қоссаң, Көкдауыл тұрмақ көтерем тайлардың тезегін теріп жолда қаласыңдар» дейді. «Айналайын-ау, мына түріңмен қызыл май қылып өлтіресің ғой, кемінде үш суытылуы кемшін, қарнын қарашы дұрыс тартылмаған» деп, қаратайдың қарнын алақанымен жұмарлап-жұмарлап жіберді. «Әрі, аштан өлетіндей тойдырып қойыпсың.
Бәйгеге шабар ат екі-үш құмалақтан артық тастамау керек, әрі қиы қағаз секілді құрғақ болу керек, ал сенікі шылқылдап тұр» деп күйіп-пісті. Ақыры сабасына түсіп, екі ағам бар, төртеуімізді тұрғызып қойып, Алмабек жіберген қателіктерді түсіндірді. Суытудан бастап, күнделікті берер жем-шөбінің мөлшеріне дейін белгілеп, сол бойынша баптауды тапсырды.
Сүлікқараны демалдырған күндері «менің тайыма шапшы» деп қолқа салатындар көбейді маған. Кез-келгеніне бұт арта бермеймін. Сүйегі жақсы, бәйгеден келеді-ау дегендерін таңдап жүріп мінем. Бәйгеге ілінсе, азын-аулақ ақша аласың. Ол да оңай олжа емес. Құнан жарыс, атжарыстарға да шығып, ұзақ қашықтыққа шауып көрдім.
Бұрын екі ағамнан киноға тиен-тебен сұрайтынмын, қазір олар менің арқамда клубтан шықпайтын болды. Тек атқа шапқалы сабағым нашарлап кетті. Cынып жетекшісі Салтанат апай қанша жерден ескертіп, ұрсып-жекігенмен, есіл дертім бәйгеге ауды да тұрды. Наурыз тойын тағатсыздана тостым. Анығында осы күнді менен өзге екі адам өзгеше күтіп еді. Шәріпбай мен Алмабек. Сонымен қатар, атқұмар жұрт та бір қызықтың боларын біліп жүрді.
Көкдауыл мен Сүлікқараның бабы, Шәріпбай мен Алмабектің бағы сыналар сәттің тезірек болғанын қалады. Күнде кешкілік Алмабектің үйіне бір соғып, Сүлікқараны бір сипамасам көңілім көншімейтінді шығарды. Кейде өзім жем-суын беріп, тіпті астын тазалап та кетем. Сүлікқара күн санап сұлуланып барады. Соңғы көргенінде атам да бабы келіп қалыпты деген. Көлденең қырсық шалмаса, осы жолы озатыныма сеніп-ақ жүрдім. Бірақ амал нешік, екі жүйрік сол беті жарыс жолында кездесе алмай кетті.
Ақпанның соңғы күндері болатын. Кетер кезде бір мінез көрсетейін дегендей, қытымыр қыс шаруаны қыспаққа алып тұр. Ақтүтек боран екі-үш күн көз аштырмады. Әдеттегідей сабақтан соң құдықтың басына барғам. Ақұлық Бақыт бастатқан ауылдың қышқылқұмар жігіттері тұр екен. Метен аузы көпіріп әлденені айтып жатыр. Барып жағалай амандастым. Cаусақтарын ұстата-ұстата салғандардың менімен ісі жоқ, әңгімеге кіріп кетіпті.
-Содан не атып тастап па? Өзбек Берік Метеннен әлденені сұрады.
-Баласы қанша шырылдаса да, ана қырсық әкесі қоя ма, атып тастапты, өлігін өртеп жіберіпті деді. Кім кімді атты, нені атты, атқаны адам ба, аң ба, аң болса неге өртейді? Қызықсам да, қызулау топтан анықтап сұрамадым. Сұрағанмен жөні түзу жауап алсаң жақсы, ұрынарға қара таппай тұрғандар баласынып қылжақтап, келеке қылуы кәдік. Суымды алып үйге келсем, сабақтан бүгін кешігіп келген үлкен ағам түскі асын енді ішіп жатыр екен.
-Алмабекке барған жоқсың ба? деді.
-Жоқ, жәйша ма? Өзіне сауал тастадым.
-Сүлікқараны атып тастапты ғой.
Қыстың аязында далаға жалаңаяқ жүгіріп шыққандай, қалшылдап кеткенімді білем. «Кім? Неге?» Ышқынғаным соншалық көзімнен жас ытып шығып, қабырғаға шашырапты. Менің түрімнен шошып кетті ме ағам, тұра сап әжеме жүгіріпті. Төсегінде ұршық үйіріп отырған әжем сүрініп-қабынып жетіп, су бүркіп, таңдайымды көтеріп әлек. Өкіріп жылап, төсегіме құладым. Булығып біраз жатып, ұйқыға кетіппін.
Ертеңіне елден естідім. Оқиға былай болған. Ауылға құтырған түлкі кірген. Көшенің басындағы иттер оны жабылып, талап өлтіреді. Артынша өздері құтырып адам мен малға шабады. Контордан келе жатқан қойшы Асқарды балтырдан алған екен, абырой болғанда хром етігінен тісі өтпей қалыпты. Емберген молданың үйіне қашып кіріп, әрең жан сауғалайды. Кемал Бақытты да тістеген екен, аудандық ауруханадан бір-ақ шыққан.
Одан бөлек үш сиыр, төрт жылқы, бірнеше қойды қызыл ала қан қылып талайды. Соның бірі Сүлікқара. Алмабек суытып келіп, таң асырып қаңтарып қойған жерінен келіп тиген. Ертеңіне көзі қызарып, аузынан көбік ағып, қасына барған адамды теуіп, тістеп жолатпапты жануар. Бүкіл көшенің адамы жиналып, алдымен, әлгі иттерді қуалап жүріп атады. Артынша басқаға жұқпай тұрғанда ауырған малдарды құрту керек деп шешім қабылдайды. Алмабек тайын мініп қашпақ болады, бірақ әкесі үйіне қамап тастапты. Құтырған малдармен қоса, Сүлікқара да атылып кете барған.
Алмабек бір айдай сабаққа бармай жүрді. Басы ауырып, мұрнынан қайта-қайта қан кетіп, қатты сырқаттанды. Домаланған сары бала еді, шүйкедей болып сылынып түсті. Менің де жағдайым мәз болған жоқ. Сүлікқара жиі-жиі түсіме кіреді. Кейде кісінеп, келіп тұрғандай елегізимін. Сабақ үстінде дәптерімнің іші-сыртына Сүлікқараның суретін салам. Өзгелердің тайына шауып жүрсем де Сүлікқараны сағынам, кез келген жүйрік деген тайға Сүлікқарамен салыстыра отыра баға берем. Тәкен Әлімқұлов жазған «Тұлпардың тағдырын» оқимын да өзгеге білдіртпей жылап аламын.
Жерден қар кетіп көктем келді, наурыз тойында Көкдауыл ешкімді жеткізбеді. «Қап, Сүлікқара болғанда бір қызық бәсекені көрер едік» деп жұрт опынды. Алмабек сол күннен бастап арақ ішті, ел арқа-жарқа боп өткізген мерекені мен де көңілсіз қарсы алдым. Көктемнің шуақты күндері сүреңсіз көрінді. Күн артынан күн, ай артынан ай өтіп жатты.
Тұрақты түрде шабатын жөні түзу жүйрік таппай, бірде озып, бірде қалып тағы бір қысты өткердік. Бірте-бірте бәйгеден суынып, сабаққа қайтадан ден қоя бастағам. Тоғызыншы сыныпқа көшкен жылы, қыркүйектің ортасында ауылдағы белді рудың бірі Итемген-Жидебайлар бабаларына ат шаптырып, ас берді. Алыс жақынға тегіс сауын айтылған екен. Асқа келген жұртта есеп жоқ. Жүз үй қонақ алыпты деседі.
Арысы Ұзынағаш, Дегерес,Беймойнақ берісі Мәтібұлақ, Отар, Сұлутөр, Қордайдың жүйріктері жиналды. Бір күн бұрынғы батаоқыр бәйгенің өзі қызу тартыспен өтті. Аттардың батаоқыр бәйгесі алты рет шапса, құнан үш, тайлар төртке бөлініп жіберілді. Осындағы бәйге алған жүйріктердің көрсеткішіне қарап, ертеңгі аламанды анау алады, мынау алады деп тон пішкен көпшілік,түнімен көз ілмеді.
Атбегілер жүйріктерін таң асырып, қастық қылып кетпесін деп қасына ұйықтаса, қызық қуған жұрт гу-гу әңгіменің қызығына түсіа қызылкеңірдек болысты. «Әй, анау Қордайдың қарасына жетері болмас, Қартабаев Мұрат түйені жетектеп кетер осы жолы да» деп біреу білгішсінсе, бірі «Дегерестегі Нәркен шал Талисманның інісін алып келіпті, бүгінгі батаоқырға қоспай сырт көзден тасада ұстап отыр екен» деп судыратады.
-Біздің Мұратбек, Бекжандардікі алдыңғы үштікке ілігер ме екен, деп алаңдаушылар да бар.
— Құнан бәйге Беріктаста дей бер. Бекберген шалдың Ақкептерін әлгінде мәшинеден түсіріп жатқанын көрдім, деп көсемсиді кейбірі.
— Әй, қайдам, Шәріпбайдың Көкдауылы алдыра қоймас, деп патриоттық танытып қарсы шығатын адам да табылады. (Ол кезде Көкдауыл құнан шыққан.)
— Әй, тайдан кім бар, тайдан кім бар, дейді білгіштердің сөзін тыңдап тұрған біреуі шыдамай. Әркім «ананың тайлары жүйрік болатын, былтырғы бәйгенің бәрін сыпырған еді» десе, енді бірі бүгінгі батаоқырда бас жүлде алғандардың аяқ алысын салыстырып жорамал жасайды. Дегенмен, нақты мынау алады деп ешбірін атай алмайды.
Ірі бәйгелерде ғана төбе көрсететін жылқышы Мұратбек аламанға қосар ат-құнанынан бөлек үш тай алып келіпті деп естігем. Майтөбе жаққа барсам, баласы шабандоз іздеп сабылып жүр екен. Мені көре салып қуанып кетті. Отыр кеттік, көкем шақырады деп мінгестіре жөнелді. Мұратбек өзі жүк көлігінің бір қапталына қатар байланған үш тайдың құйрық-жалын сүзіп жатыр екен.
-Әй, жиен, таңдағаныңа мін де, шап,- деді темекісін құшырлана сорып тұрып. Секіріп түсіп, тайларға жақындадым. Ешкі бас жирен қасқаның төрт аяғы ала екен. Бұты ұзын, сидаңдау. Әлсіздеу көрінді. Оның қасында тұрған жиреннің көзі шатынап, ойнақшып тұр. Тұла бойында мін жоқ. Ұшқырлығы байқалады.
-Басы қатты, кеше батаоқырда жеке келе жатып, алып қашып кетті деді менің ойымды оқығандай Мұратбек.
-Қой арандап қалармын, қарулы біреуге тапсырыңыз деп үшіншісіне қарай өте бергенім сол еді, тұрған орнымда қалшидым да қалдым. Сол, нақ өзі. Сүлікқара. Тек түсі бөлек демесең, денетұрпаты аумайды жануардың. Жол ашып, төрттағандап тұрған нәрестедей, алды аласа, арты биік. Қырып алар еті жоқ, бөкентұмсық, шекесіндегі жалғыз ноқат та айна қатесіз түскен. Сүлікқараның артқы екі аяғының шашасына дейін ақ болатын, құданың құдіреті мынанікі де тура сондай. Көзіме оттай басылды, тек қара емес, торы екен. Ойланбастан осыған шабам дедім. Құрдасым Дархан менен бұрын меншіктеп қойған екен, ол бергісі келмей қиғалақтап барып, әрең көнді.
Алпыс тай шықты бәйгеге. Ірі жарыс болған соң, барлығының тісі тексерілді. Беріктас ауылынан келген бір жиренді тіс қараған Шәріпбай мен Мұратбек құнан деп жарыстан қуды. Оның иесі ерте туған деп өзеуреп, шатақ шығаруға талпынған, бірақ Мұратбек бурыл атпен бір-екі қағып топқа тығып жіберді. Содан қайтып суырылып шыққан жоқ. Алпыс тайды әлекедей жалаңдаған он даяшы айдады. Барлығының қолында бір-бір құрық. Аздап ұрттап алғандары да бар арасында, қашқандарыңды, шеңберді кескендеріңді бәйгеден қуамыз деп доқ көрсетіп келеді. Жарыс жолына апарып қатарға тұрғызды. Қашуға ыңғайланып, бір-екеуі ерте қозғалып еді, байқұстарды қамшымен сабаған күйі ең соңына тұрғызып қойды.
Сап түзелді деген кезде бас даяшы «көкпаршы Айдар» «ал жігіттер жолдарың болсын» деп қолын сермеп кеп қалды. Шаң бұрқ етті. Алдыға қарай екі-үш ытырылып шапқанымды білем, әлдеқандай бөгетке тап болдым. Ат құйрығына қарай сырғанап бара жатқан секілдімін. Жан дәрмен жалға жармасып, алға ұмтылдым. Сөйтсем даяшының біреуі шетке шығып үлгермей қалыпты. Қас қылғанда мен сонымен жанаса өте бергенімде, тізем әлгінің алшайып отырған аяғына тіреліп қалған. Ол да «өй, ары тарт» деп бұрыла берді, аяғым сытылып шықты әйтеуір.
Елдің соңында қалдым, алдым қою шаңнан түк көрінбейді. Аздап қобылжысам да, көңіл орнында, бастысы құлағам жоқ. Төртөбел зулап келеді. Шетінен басып озып жатырмын. Көпшіліктің қасына жеткенше алдыңғы топқа шығып кеттім. Қуанғаным соншалық, қиқу салып, қамшы үйіріп, топты бастап өттім. Масаттанып жан жағыма қарасам, Мұратбек бурыл атты сөренің жанында ойнақтатып тұр екен. Қияқ мұртын бір ширатқандай болды.
Сол шыққаннан үш айналымда да алдыға жан салмадым. Бірінші топта менімен текетіресіп тағы төрт тай келе жатыр. Барлығы бөтен ауылдан. Төскей мен Күнгейдікі секілді. Шабандоздар бір-бірін танитын болып шықты. Ара-тұра тіл қатысып қояды. Бұларды қалайда оздырмау керек деп шештім. Себебі алдыға бір түссе қақпайлап шауып, қыспаққа алып жол бермей қоюуы әбден мүмкін. Әрі аяқтан лақтырып қараулық жасап кетуі де кәдік. Сол себепті аналар сәл жақындаса тортөбелдің тізгінін сәл қаға түсем де ұзатып алам. Ақырғы айналымға кеткенде артыма қарасам, Мұратбектің сидаң қасқасына мінген Дархан жетіпті. Түрінен түр жоқ. Тайы да, өзі де шаң-топыраққа әбден тойған.
Сидаң қасқа балшық кешкендей, алқымынан төмен қарай сап-сары батпақ. Аяғының аласы да көрінбейді. Жануардың тынысы тарылып, сыр-сыр етіп дем алғаны алыстан естіліп тұр. Дархан басындағы орамалын шешіп алып, тайдың көзін сүртіп әлек. Менімен қатарласқысы келіп, шаужайлады, бірақ әбден қалжыраған сидаңқасқа жұлқынып шыға алмады. Аналар да қақпайлап жолатар емес. Дарханды сүйемелдемек ниетпен тізгінді өрге айналғанша тартып ұстадым, Сүлікқараның басын қоя беретін өзімнің межем тап осы жер. Енді кідіруге болмайды. Дархан да «қарайлама, жібер аттың басын» деп айқайлап келеді. Тізгінді бір қағып, тақымды сәл қысыңқырап едім, тортөбел созылып шықты. Менің артымнан құлагер бір тай ілесті. Оның артынан сидаң қасқа түскен секілді.
Шабандоздар қос бүйірден қамшылап, бар даусымен бақырып, ұрандап келеді. Олардың дауысы мен дүбірін естіген сайын тортөбел шабысына шабыс қосты. Сөреге жеткенде ғана жұртшылықтың айқайына қиқу қосып, бірер мәрте қамшы үйірдім. Арқан бойы озып, жеке-дара өттім. Екінші келген құлагер Дегерестікі екен. Сидаң қасқа үшінші болды. Мұратбек бурыл атпен келіп, тайдың үстінен лақ құрлы көрмей жұлып алды. Бетімнен сүйіп, жерге дік еткізіп қоя салды. Таныс-тамырлар құттықтап жатыр. Топырақ жеп шыққандай тісінің арасындағы шықырлаған тастарды түкіріп жүрген Дархан «қалың шаңға ұрынбағанда мен алар едім біріншіні» деп қалжыңдап қояды. Беті-қолымды жуайын деп, қаумалаған көптен сытылып сыртқа шыға бергем, Алмабекті көзім шалып қалды.
Мені көре сала бұрылып кетті, көңілсіз секілді. Артынан қуып жеттім. Ту сыртынан тақалғанымды сезіп тұр екен, бұрыла сап құшақтай алды, аздап ішкен секілді, өксіп-өксіп жіберді. Менің де көмейіме бір түйіншек келіп тығылды. Жылап жатыр, айтып жатыр.
-Жаңағы тортөбелдің түр-тұрпаты мен шабысы Cүлікқарадан аумайды, байқадың ба?- дейді.
-Байқадым,- деймін мен де солығымды баса алмай.
-Туған інісі. Екеуі бір әке, бір шешеден тараған,- деп қайтадан өксіп жіберді.
Көз алдым тұманданып, менде құшағымды қыса түстім. Сүлікқараның кісінеген даусы құлағыма келгендей болды.

Esbolat A.Есболат Айдабосын, Бейжің. 04.02.2014

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!