Бие байлау

24362

Ұрғашы байтал құлындаған соң бие деп аталады. Жылқы үйірінің ішінде биенің алатын оны ерекше. Жасы жеткен сақа биелер үйірдің ақылшысы саналады. Қазақта, «алып анадан – ат биеден» дейтін аталы сөз бар. Кәнігі жылқышылар мен атбегілер үйірді сапаландыру үшін жақсы биелерді таңдап алатын болған.
Айғырдан шыққан бие орташа есеппен құлынын құрсағында 11 ай, яғни 335 тәулік көтереді. Бұл мерзім нақты қатып қалған уақыт емес. Көп жағдайда жайылым құнары немесе климаттың өзгеруіне қатысты бие құрсағындағы құлын 320-349 тәулік аралығында өсіп жетіледі.

Құлындайтын биенің белгісі. Құлындайтын бие құлындаудан бір-екі апта бұрын белгі бере бастайды. Әуелі, жүріп-тұру қозғалысы баяулайды, желіні үлкейеді, кей жағдайда уыз ағып тұрады, жай тұрғанда екі бүйіріне алма-кезек қарағыштай береді.
Тәжірибелі жылқышылар құлындауы жақындаған биені үйірдің шетіне шығарып бақылайды. Толғағы басталған бие 30-40 минутта туып үлгереді.

Төл алған (айғырдан шыққан) биені тексеру тәсілі:
1. Рефлекс амалы;
2. Сыртқы бой түзеуі.

Рефлекс амалы. Күйекке түскен бие толық төл алды ма, жоқ па оны білу үшін, әуелі үміткер биені 20-25 тәулік айғырмен бірге ұстайды. Осы аралықта күйек белгісі білінбесе, биені қашты (төл алды) деп есептейді.

Сыртқы бой түзеуі. Айғырдан шыққан биені 5-6 айдан кейін күйі қанғанын, яғни, төл алғанын білуге болады. Ол үшін биені теп-тегіс жерге тұрғызады. Артына шығып 3-5 метр қашықтықтан қарағанда, құрсағында құлыны бар биенің мінер жоқ бүйірі салқы тартады. Егер бие буаз болмаған жағдайда қамшылар жақ бүйірі салқы (төмен түсіңкі) тартады.

Құлын бағымы. Құлынның алғашқы тамағы енесінің сүті. Сондықтан құлын енесін қалай емуде соны қадағалау қажет. Әсіресе, уыз сүт құлынға өте пайдалы. Дені сау құлын енесін бір күнде 30-40 дүркін емеді. Құлын өскен сайын емуді азайтады. Үш айлық құлын күніне 1-2 дүркін ғана емшекке ауыз салады. Алты айдан кейін ембейді.
Жаңа туған құлынның салмағы қалыпты жағдайда енесінің салмағының 10-нан 1 бөлігіне тең болады. Қазақы биеден туған құлын шамамен 31-34 келі болады. Алғашқы 3 айда күніне 690 грамм салмақ қосады.
Таза қанды жылқының құлыны туғанда салмағы 40 келі шамасында болады. Олар алғашқы 3 айда күніне 878 грамм салмақ қосады. Яғни, туғандағы салмағынан үш есе артық салмаққа жетеді.

Бие байлау. Бұл қазақ халқының тұрмыстық дәстүрінің ішіндегі салтанатты салты. Ел жайлауға шыққан кезде сауылатын биелерді бөле бастайды. Алдымен желі тарту үшін қазық қағылады. Желі тартқанда әрбір бес құлынның ортасына бір қазық қағылады.
Құлындарды желіге байлаған соң, биебаудың шайын дайындайды. Желінің басында шай жасалып, жиналған жұрт құрт, ірімшік және т.б. тамағымен келеді. Мұны «шашу шай» дейді.

Бие сауу. Сауынға кез келген бие жарай бермейді. Оған дені сау, сүті мол, кең құрсақты сақа биелер таңдап алынады. Жазғы бие сауым маусымы ұрғашы түліктің күйі келетін мезгіл болғандықтан айғыр үйірінің күйекке түсу жайын да сәйкестірген жөн. Алғаш рет сауынға байлаған жас биені үркітіп-шошытпай жуасытқан тиімді. Желіден шошынған биені қайтадан үйрету үшін уақыт керек.
Құлынды биелердің құлыны қара құлақ болып, отығып жетілген кезінде байланып, күніне 4-5 рет сауылғаннан кейін, ағытылады. Жас құлындағандарын бір-екі жұмадан кейін байлап, 2-3 сауылғаннан соң ағытып жібереді. Қазақ биені алты айға дейін сауады.
Биені сауған соң 1,5-2 сағат ішінде қайтадан желініне сүт толады. Жаздың қатты ыстық күндері құлындар шөлдейтіндіктен кейбір сауымды саумай емізген дұрыс. Биелері байланған үйірді таңертең желіге байлаудан бұрын және кешке босатып жіберуден бұрын суарып отырады.

Бие баудың жерін таңдау. Бие баудың орнын таңдап алудың өзіндік жөн-жобасы бар. Өйткені, шөбі сұйық, ащылы және құнарсыз, жауын суы тоқтайтын ойпаң жерге бие байламайды. Жақын маңда таза бұлақ немесе табиғи су көзі болса тіпті жақсы. Сондай-ақ желідегі құлынның табаны тозатындай тастақ, қатты жер жарамайды, мүмкіндік болса, қыртысы шымды дөңестеу жерді таңдаған дұрыс.

Құлын ноқтасы. Құлынның ноқтасын жұмсақ әрі жауын суына ширығып басын қыспайтын материалдан жасаған дұрыс. Егер ноқта құлынның басын қажап, ақау түсірсе, ол құлын болашақта бас асау болары анық. Ноқтаның сағалдырығын өзінен шығарған дұрыс.
Құлынды күздің қара суығына дейін байлаған жағдайда ол төзімді, қыстан қиналмай шығатын өмір сүруге бейім болады. Бірақ құлынды желіде қақтықтырып, етін арылтып, арықтатуға болмайды.

Желібау. Желібауды су тигенде ширап қысқармайтын берік әрі жуан арқан-жіптен жасайды. Ұзындығы 15-20 құлаштан кем болмағаны тиімді. Байланған құлындардың арасы бір құлаштан кем болмауы керек. Құлын байланған алғашқы аптада ол үйренгенге дейін бір адам желі басында көз жазбай күзетіп тұруы қажет.
Желібауды үнемі ауыстырып, көшіріп отырған орынды. Жауынды-шашынды жер сазды болса, 3-4 күнде, ал, жай күндері 10 тәулікте бір дүркін көшіреді. Күн тым ысып кетсе, желінің басына суық су сеуіп, салқындатып отырады.
Егер құлын күнсоқты болса, тынысы тарылып, жүргенде шайқалып, енесін ембей басын тұқырта береді. Бұндай жағдайда бір литр суға бір уыс ұнды сапырып ішкізеді.

301183_104849579670937_1382221119_nБекен Қайратұлы, «Қазақтың атбегілік өнері» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!