Жылқыға қатысты мақал-мәтелдер (жалғасы)

43384

Жылқының арғы атасы—керік,
бергі атасы — құлан

Ер мұрынды келер,
Ат ерінді келер.

Ерден туған Қырымға қарайды,
Иттен туған жырымға қарайды.

Ердің қаны – жүз жылқы, қатыны мың жылқы.

Ердің құны – жүз жылқы, намысы мың жылқы.

Ердің ісін ауыр қылма,
Сәйгүлікті жауыр қылма.

Есекке жүк артқанмен, түйе болмас,
Сиырды жиі сауғанмен, бие болмас.

Есік алды төбе болса,
Ерттеп қойған атпен бірдей.
Ауылыңда қарт болса,
Жазып қойған хатпен бірдей.

Еттің бәрі қазы болмас,
Иттің бәрі тазы болмас.

Жабағы, тай деп жорылар,
Жазға шықса ат болар.

Жабағы, тайдың тері ащы,
Жаман кісінің тілі ащы.

Жабағыны тай деп қорлама,
Жазға шықса ат болар.

Жабағының биті ащы,
Жаман кісінің сөзі ащы.

Жабы ат арғымаққа жалыменен тең болар,
Жаман кісі жақсыға малыменен тең болар.

Жазғы күннің саясы –
Сапырулы қымыз, салқын үй,
Ағын судың жағасы.
Қысқы күннің саясы –
Өткір пышақ, семіз ет,
Үлкен оттың жағасы.

Жақсы айғырдың үйірін ат жақтайды.

Жақсы ат ашта да шабады, тоқта да шабады.
Тек қана тоқ кезінде шапқан ат, жақсы ат емес.

Жақсы ат – жуас,
Жаман ат – асау.

Жақсы ат малдан артық.

Жақсы ат пен ізгі атақ мәңгіге қалады.

Жақсы атқа бір қамшы,
Жаман атқа мың қамшы.

Жақсы еркектің ішінде
Ер-тоқымды ат жатар.
Жақсы әйелдің ішінде
Белгісімен ұл жатар.

Жақсы көрген атыңды қамысты жерге жүргізбе, шөңге енер

Жақсы кісі ешқай жерде жаман болмас,
Жақсы ат арыса да шабан болмас.

Жақсыдан жаман туады,
Жүйріктен шабан туады.

Жақсыменен құда болсаң,
Алыс жолды төтелеп,
Тайлы бие жетелеп,
Қатынамай жату болмас.
Жаманменен құда болсаң,
Өле-өлгенше тату болмас.

Жақсының қадірі өлгенде білінер,
Аттың қадірі мінгенде білінер.

Жақсының қадірін өлгенде біледі,
Жорғаның қадірін желгенде біледі.

Жақында тұрып тебіскеннен,
Алыста тұрып кісінескен артық.

Жалаңаш атқа – жіп құйысқан.

Жал-құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз.
Екі беті қанды деп,
Жаманның қызын алмаңыз.
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Мініп шығар ат тумас,
Жаманның қызын алсаңыз,
Суырылып сөйлер ұл тумас.

Жаман адамға мал бітсе,
Жанына жақын қондырмас.
Жаман атқа жал бітсе,
Жанына торсық байлатпас.

Жаман айғыр үйірсек,
Жаман күйеу қайынсақ

Жаман ат қамшыласаң да өрге шаппас,
Жаманның жақсы адам бабын таппас.

Жаман атқа мінсең, жолың болмас.
Жаман жолдасың жартпас,
Жақсы атын артпас.

Жаман кісі аттан жығылса,
Жақсы кісі тобашыл.
Жақсы кісі аттан жығылса,
Жаман кісі табашыл.

Жаман қатын алғанша,
Қатынсыз жүрген жақсырақ.
Ақымақ балаң болғанша,
Баласыз жүрген жақсырақ.
Жаман атқа мінгенше
Жаяу жүрген жақсырақ.

Жаман қатын, шабан ат уақытсыз қартайтар.

Жаманға сөз айтсаң, алдады дер,
Жаман атпен су өтсең, жалдады дер.

Жамандасып алған жалғыз тай,
Жамандатып өлсе қайтерсің.

Жарлы болар жігіт байталын атқа айырбастайды,
Жалғыз болар жігіт ағайынын жатқа айырбастайды.

Жапалақ сылағанмен сұңқар болмас,
Жабайы ат мақтағанмен тұлпар болмас.
Жібек баулы қолыңнан тұйғын ұшса,
Ер жігіттің маңдайынан бағы тайса,
Қол бұлғап шақырсаң да енді болмас.

Жасың қырыққа келген соң
Аяғыңа шідер түсер.

Жаулар атын жаратса, жинала бер.

Жауың болса көп болсын,
Атының тезегін пайда қыласың

Жаяудың аты – шарық, күші – азық.

Жаяудың сыбағасын атты жемес,
Жесе де оны жұрт мақұл демес.

Жомарт ер жоқтығын білмейді,
Жүйрік ат тоқтығын білмейді.

Жорға мінген жолдастан айрылар,
Көп жасаған құрдастан айрылар.

Жорға мінген жолдасына қарамас.

Жорғалыға жолдас болма.

Жөке қайыс болмас,
Қанша созып майлаумен.
Сағыз қарын тойдырмас,
Дамыл алмай шайнаумен.

Жуастан жуан шығар.

Жүйрік атқа мінген
Құдайды ұмытар.

Жылқы кісінескенше,
Адам сөйлескенше.

Жыртық үйге тамшы ойнайды,
Арық атқа қамшы ойнайды.

Жігітті Құдай ұрарында жорта бастайды,
Байталды Құдай ұрарында құлын тастайды.

Заманның азғаны,
Аттан байтал озғаны.

Иесі семіз, аты арық түз жұтынан сақтасын,
Қатыны семіз, ері арық үй жұтынан сақтасын.

Иесіне қарай биесі,
Сабасына қарай піспегі.

Ит жалдаған суға кетер,
Ат жалдаған мұратқа жетер.

Ит қаппас деме,
Ат теппес деме.

Иттің шағыр көзі аттың шағыр көзіне ұқсас болғанмен,
Аттың көзі иттің көзіне ұқсамайды.

Келін айғыр шықты,
Кемпір саяқ шықты.

Келіннің аяғынан,
Қойшының таяғынан,
Жылқының саяғынан.

Кісі аласы ішінде,
Жылқы аласы сыртында.

Кісі аты тершіл,
Кісі киімі кіршіл.

Кісі баласы сөйлескенше,
Жылқы баласы иіскескенше.

Кісінеген айғырдың үйірін көр,
Шіренген жігіттің үйін көр.

Кісінің аласы ішінде,
Аттың аласы тысында.

Қазақтың мінгенін ал,
Сарттың кигенін ал.

Қайғы басқанда, ағаш атқа жайдақ мінерсің

Қалағаным қара айғыр,
Қара айғырды алған соң,
Қалай қылсаң, солай қыл.

Қалған көлге бақа айғыр,
Қалған қатынға жалшы айғыр.

Қамшы жарасы тез бітер,
Сөз жарасы бітпес.

Қанағат қарын тойғызар,
Қанағатсыздық жарлының жалғыз атын сойғызар.

Қанша тұлпар десе де,
Мініп болмас жалсызды.
Қанша әулие болса да,
Халық сүймес малсызды.

Қара арғымақ арыса,
Қарға адымы мұң болар.
Қара көздің нұры тайса,
Бір көруге зар болар.

Қара есектің басына жүген салғанмен қашыр болмайды.

Қару-жарақ сайланса, ат табылар,
Қаруын ұмытса, қапасқа түсер.

Қару-жарақ табылса,
Қарманып мінер табылар.

Қаршыға қазан толтырар,
Ит алғыры ат өлтірер.

Қатын алсаң, көріп ал,
Ат алсаң, мініп ал.

Қатының тентек болса,
Қамшың жуан болсын.

Қонақ келсе күтіп, алма тынышын,
Тойсын аты, бер жем-шөбін, сұлысын.

Қос атпен қол көп көрінеді,
Қозысымен қой көп көрінеді.

Қос атпен қол көбейеді,
Қозымен қой көбейеді.

Арқыраған айғырды үйірде көр,
Аңқылдаған жігітті үйінде көр

Қоя жесең қой қалар,
Тарта жесең тай қалар,
Қоймай жесең не қалар?!

Құдай бергенге құлай береді,
Бермегеннің жалғыз атын ұры алады.

Құдайдың берсін деген құлына онан-мұнан құралар,
Бермесін деген құлының жалғыз атын ұры алар.

Құл арғымақ мінсе де,
Құлдың аты құл-ды.
Құба шекпен кисе де,
Ұлдың аты ұл-ды.

Құлан құдыққа жығылса,
Құрбақа құлағына ойнар.
Жақсы аттан жығылса,
Жаман табашы болар.

Құлан құдыққа құласа, құрбақа айғыр болар.

Құпияңды қымыз шығарар.

Құры жерден су ақса, өткел бермес кешкенге.
Малы жоққа мал бітсе, саумал бермес ішкенге
Ұлсыздан ұл туса, ұлын бермес пішкенге.

Құрастырған Жаубай Ержан
(Басталуы мына жерде 1, 2, 3.) (Жалғасы бар)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!