Жәнібек ӘНІШЕВ, атбегі: Біз тұлпар мінген халықпыз

4642

«Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» дейтін қазақ бәйгеге қосар жылқыны жаратуға ерекше мән берген. Нағыз атбегі «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығатын жануарды алыстан таниды. Алайда, бүгінде қыл құйрықты жануарға қызығатын қалталы азаматтар көбейгенмен, мықты атбегілердің қатары сирек. Сонымен….

Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек

Арғы атасы Көктобай Ойыл ауданына белгілі ат сыншысы болған Жәнібек те әуелі ат жаратып бәйгеге қосты. Кейін осы кәсібіне біржола бет бұрды. Жәнібек жаратқан жүйріктер талай жүлдені қанжығаға байлатты. Ақтөбенің 130 жылдығына орай ұйымдастырылған аламан бәйгеде бірінші орынды иеленсе, осыдан екі жыл бұрын Отпан тауында Адай атаға берілген аста Жәнібектің сәйгүлігі әр қиырдан жиналған жүйріктерді шаң қаптырды.
—Атбегілік—үлкен өнер. Егер бұл өнерді жоғалтып алсақ, қайта қалпына келтіру қиын. Мәселен, бокстан жаттықтырушы табылмаса, оны шет елден алдыртуға болады. Ал атбегіні әкеле алмайсың. Өйткені қазақтан артық аттың бабын білетін халық жоқ. Біз тұлпарды таңдап, сәйгүлікті сайлап мінген үлкендердің көзін көрдік. Олар жануарды сырт пішініне қарап-ақ танитын. Солардың арқасында жүйрікті жаратудың түрлі тәсілін меңгердік. Қазір тәжірибелі атбегілердің қатары сиреп барады. Ал жас жігіттердің көпшілігі ат жаратудың әдісін жетік білмейді. Осының салдарынан талай жүйріктің өліп кеткенін көрдік.
Жүйрікті жарату үшін оны ең алдымен шабатын күйге жеткізу керек. Әрі, қазақы жылқының ішінде әртүрлі жаратуды сүйетіні болады. Бәрін бір тәсілмен баптай алмайсың. Және әр жаттықтырушының баптау әдісі әр басқа.
Мәселен, мен қарашадан қаңтарға дейін атты семіртемін. Бұл уақытта жетектеп ойнатқаным болмаса, мініп, күш салмаймын. Қар жібіген кезде аттың күшіне байланысты 10-15 шақырымға дейін желе шоқытып келемін. Осылай атты бірте-бірте арытамын. Кейбір жануар арықтап болмайды. Мұндайда үнемі мініп, аттың аяғын кетіруден сақ болған жөн. Жалпы, нағыз бапкер жүйріктің арқасына ер тигізбейді. Жүйріктің терін алдыру, суыту, таң асыру әдістерінің де өз реті бар. Дұрыс суымай, тері алынбаған жүйріктің қаны бұзылып, ісініп кетеді. Жүйріктің күші — етінде. Біреулер өрге қарай жүргізіп, жылқының бұлшық етін шынықтырады. Ал жылқыға жаны ашымайтын адам аз уақытта атының аяғын кетіріп, қор қылады.
Бабы келіскен сәйгүлік қашықтыққа бағынбайды. Оның ішінде қазақы жылқыдан шыққан жүйріктер жүз шақырымға дейін көсіліп шабады, —дейді Жәнібек Әнішев.
Бүгінде қаржысы бар азаматтар ағылшын аттарына қызығып, қымбаттығына қарамай сатып алып жатыр. Осының салдарынан бәйгенің қашықтығы қысқарып кеткен. Себебі «аузымен құс тістеген» ағылшын арғымақтары жақын қашықтықта ұшқырлық көрсеткенімен, алысқа шыдамдылық таныту жағынан қазақы жылқыдан шыққан жүйріктерден әлдеқайда әлсіз келеді. Ал бүгінде аламан бәйге — 25, тоқ бәйге 16 шақырымнан аспайтынын ескерсек, ұзақ шабысты сүйетін қазақы жылқылардың бағы байланып жүр деуге болады. Себебі, табиғаты ерекше қазақы аттар шапқан сайын көсіле түсетін көрінеді.
— Ілгеріде қазақы жылқыдан шыққан жүйріктің бір күн шапқаны таң асырғанмен, екі күн шапқаны бусандырғанмен тең болса, үшінші күні жүйрік көсіліп шабады екен. Бұндай шабыс жылқының қазанатында ғана кездеседі. Қазанаттың артықшылығы, оның бойында жүйріктік, төзімділік бар. Қазақтар қазанатқа мініп жауға шауып, жылқысын қайырған. Әрі жүйрік, әрі төзімді және өте жүріскер, аяңшыл келеді. Қазанат тұқымды жылқының үстінде отырған адам ұзақ жолға шаршамайды. Суарып, от алдырмастан тоқтамай таңертеңнен күн ұясына қонғанша жүруге шыдас береді. Бұндай жылқы бап талғамайды, жауын-шашынға, суыққа төзімді келеді.
Ал ағылшын жылқыларының қаны сұйық, ұшқыр, әрі өте сезімтал. Оларды бір орында тұрғызып бағасың. Жем-шөпті де талғап жейді. Арнайы қора болмаса, байлап қоюға келмейді. Жел мен салқынға тез жаурап қалады, — дейді атбегі.
Шаруасы шағын адамдар ағылшын жылқыларына әуес емес. Себебі, өзге елден келетін бір арғымақтың құны 8-9 мың доллар тұрады. Бұған күнделікті жем-шөбі мен қажетті дәрумендерін қоса есептегенде қыруар қаржы жұмсайтының анық. Демек, ерекше күтім болмаса, бұндай тұлпарларды ойнақтатып қою қиын.

Тарпаңнан тұқым қалған жоқ

Қазақ халқы мінсе — көлігі, сойса соғымы болатын жылқыны табиғатына қарай тиімді пайдалана білген. Ауыр жұмыстарға жегілетін күшті, еті тығыз аттар мен салт жүріске жарамды жүрдек және бәйге аттарын өз алдына баптаған. Кеңес дәуірі орнаған кезеңде де бұл шаруашылық өз жалғасын тапты. 1920 жылдардан бастап Петропавл, Қостанай, Ақмола, кейін Көкшетауда жылқы зауыттары ашыла бастады. Сексенінші жылдары елімізде 19 жылқы зауыты болыпты. Олардың басым бөлігі ет дайындау жоспарын жүзеге асырды.
—Байтақ даламызды жауынгер ата-бабаларымыз білектің күші, найзаның ұшы және мықты тұлпарлардың арқасында сақтап қалған. Ал кеңестік саясат қазақ атқа мінсе арқаланып кететінін сезіп, асыл тұқымды жылқының көзін құртты.
Сондықтан қазір қазанаттай жылқы тұқымын шырақ алып іздесең де таппайсың. Осыдан келіп жабыны қазақтың жылқысы дегенді айта бастады. Қазақ «Жабыдан айғыр салма жалды екен деп, жарақтап мінер ат тумайды» деген. Жабы қазақтың мінуге жарамайтын еті мен сүті үшін өсіретін жылқысы. Ал біз тұлпар мінген халықпыз. Дүниені бағындыруға талпынған Шыңғысхан да қыпшақ жүйріктерінің арқасында әлемді жаулап алды. Ал қыпшақтар тарпаң, құлан тұқымды арғымақтарды мінген. Тарпаң — дала жүйрігінің ең асылы. Әттең, қазір тарпаңнан тұқым қалған жоқ. Ал осындай асыл тұқымды жылқылармен будандасқан қазақ аттары неге жүйрік болмасқа,—дейді Жәнібек Әнішев.

Асылдандыру шарттары

Еуропа елдері өз жылқыларын сұрыптауға күш салып, бір ізге қойса, бұл шаруа біздің елімізде әлі де кейінге қалып отыр. Себебі таза қанды қазақы жылқыны өсіруге құлшыныс танытатындар сирек. Керісінше Ресей, Польша, Ұлыбританиядан жылқы сатып алушылар көп.
— Қазақы жылқы құрып бітті деуге болмайды, оның қаны әлі бар. Сондықтан тұқымына байланысты жылқыны әр бағытта асылдандыру керек. Бірақ таза қанды қазақы тұлпарларды сақтау үшін бұл жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Мәселен, біздің мемлекетке келетін ағылшын, араб, буденный жылқыларының жеті атасы құжатында жазулы тұр. Ал біздің елімізде бұл жүйе әлі дұрыс жолға қойылмаған. Жеке жылқы шаруашылығымен айналысатын кейбір азаматтар атының қай айғырдан туғанын білмейді. Осыдан кейін қан араласады. Қазір бұған назар аударып жатқан ешкім жоқ. Жылқы да адам тәрізді. Бір атасына бір атасы жақындаса, қаны бұзылады, азып кетеді. Қазақы жылқының айғырлары ұрғашы құлынын екі-үшке толғанда үйірден қуып жіберетін болған. Сондықтан мал ұстаған жігіттер осыны ескерсе екен. Жылқы — киелі жануар. Асылдандырамын деп ағаттыққа ұрынуы әбден мүмкін, — дейді Жәнібек Әнішев.
Бапкердің айтуынша, ағылшын айғыры мен қазақы биеден туған қыл құйрықтар жүйрік келеді және ерекше күтімді қажет етпейді. Себебі анасынан дарыған қасиет жылқыны жергілікті жерге тез бейімдейді екен. Сондай-ақ ағылшын мен араб жылқысынан туған аңғыл араб жылқылары да шапқыр болады, әрі құмда өскен араб жылқыларының жүрегі үлкен болғандықтан, біздің жерге төзімді келетін көрінеді.

Атбегінің талабы

Жүйрік аттарды ұстайтын азаматтардың барлығы бірдей жылқы малының бабын біле бермейтіндіктен, атбегілерді жалдайды. Жәнібек Әнішев те қалталылардың сәйгүліктерін жаратады.
— Азаматтарға «егер ат жаратуды тапсырсаң, жүйрікті өзім таңдаймын» деп талап қоямын. Біреудің ұсынған жануарын баптай алмаймын. Өйткені жылқының сырын білетін адам қай аттың жүйрік екенін көзімен ұғады. Шын жүйріктің дене бітімі мен көз жанарына қарап тануға болады. Көзінің ағы көп болса, қайратты, басы кішкентай, қой мойын, төрт тұяғы тең бітсе, жүйрік келеді. Сондықтан кез келген жылқыны жаратып бәйгеге қоса алмайсың, — дейді ол.
Тәжірибелі атбегі ипподромның басына жиі барады. Бұл жердегі жас жігіттердің кәнігі жаттықтырушыдан үйренері көп. Бүгінде еліміздің батыс өңірінде ат баптап жүргендердің бірқатары Жәнібектің шәкірттері. Ал ұлы Нұрлыбек Әнішев әке жолын қуып, ат спортының шебері атанды.

Ат спортына қолдау қажет

Жәнібек Әнішев атқа мінген бала бауырмал, қайсар, ержүрек болып өссе, бәйгеге қатысқан бозбалының рухы биік болатынын айтады.
—Ат спорты жеткіншекті ұлтын сүюге үндейді. Атқа мінген баланың жүрегі жұмсақ келеді. Ол еңбекқор болуға машықтанады. Мініп келген атын қалай тыныстату керек екенін үйренеді, баптап, күтеді. Ал футбол ойнаған бала күні бойы доп теуіп, кешке үйге келгенде добын бұрышқа лақтыра салады. Сондықтан футбол ойнайтын баланы атқа мінген баладан артық көруге болмайды. Футболға қандай жағдай жасалса, ат спортына да дәл сондай қолдау көрсетілуі керек. Мысалы, қазіргі күні футбол ойнайтын алаңға жылу беретін жабындылар төселсе, теннис орталығының іші кірсе шыққысыз. Ал ашылғанына алты жылға жуық уақыт болған қаладағы жалғыз №10 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі әлі күнге дейін біреудің ғимаратын жалға алып отыр. Бұндай жағдайда қалай ат жарыстыруға болады? Ұлттық спорттық ойындарды өткізу тоғызқұмалақпен шектеліп жатады, — дейді атбегі.
Жәнібек жекенің қарамағындағы ипподромның да жағдайы мәз емес екенін айтады. Жөндеу көрмегеніне он жылдан асыпты.
Жылқы малы қолға алғаш рет біздің заманымыздан бұрынғы жетінші мың жылдықта Азия мен Еуропада үйретіліпті. Осы мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеп жүрген ғалымдар оның ішінде алғаш қазақ топырағында үйретілгенін айтады. Ал бүгінгі біз қызығып жүрген арғымақтардың арғы атасын ілгері заманда ағылшын капиталистері мен араб байлары біздің даламыздан әкетіпті. Демек, бүгінгі ағылшын тұлпарларының бойында қазақ қазанатының қаны бар.
— Бәйгеге ат қосқанда шабандоздың да бұлжытпай орындайтын тәсілі бар. Ат үстіндегі адам алдымен жануардың тілін түсінуі керек. Қызбалыққа салынып, аттың өкпесін қысып, тебінбейді. Қай жерде қамшылап, қай маңда ат басын ірку керек екенін есінде ұстағаны жөн. Топқа кіргенде сақтық танытпаса, бір біріне тиген тұяқтар астыңдағы аттың тұяғын сындырып жіберуі мүмкін. Ағылшын арғымақтарының мойны қатты, әп дегеннен алып кетеді. Бұндай жылқыларға қазір салмағы жеңіл, сақа жігіттер шауып жүр. Жалпы, үкіметтің талабы бойынша, шабандоздың салмағы елу алты келіден аспауы тиіс. Дегенмен, жарыста ат үстіндегі адамның жеңіл болғаны абзал, — дейді Жәнібек Әнішев.

Аймақта жылқыға қызығатын және осы шаруаны қолға алуға ұмтылған қалталы азаматтардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Десек те, киелі жануарды асылдандыру ағаттыққа, бәйге бақталастық пен дұшпандыққа апармасын деп тілейік.

KamshatКәмшат Қопаева,

aktobegazeti.kz, 2012 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!