Болат БАЙМҰХАНОВ. Шекті жылқысы және Сәңкібай Назарұлы

8620

Сәңкібай Назарұлы — бай. Бай болғанда, тек ішіп-жемін, қара басының қамын ойлаған «Қарынбай» емес, атасынан мұраға қалған қара-құраны шашыратпай, жұрттан асқан ақылымен көбейтіп, алдына салған төрт түлік малын, мың сан жылқысын жылдың қай мезгілінде де қара халықтың қажетіне жаратып отырған — «Атымтай жомарт» бай. Қаумалаған қалың елі, алыстағы ағайыны аңыз ғып айтып жүретін дарқандығы мен жоқтан бар, бардан байлық жасайтын қабілеті арқасында Сәңкібай хан төңірегіне ертерек танылды. Әбілқайыр ханның шаруашылығын басқаруға қол жеткізді. Өзіне тапсырылған қызметті атқаруда айрықша іскерлік көрсетіп, ұлы мәртебелінің толық сеніміне ие болды.
Майдан алаңында батырлығы мен ерлігі, әскери-шаруашылық істерді ұйымдастырудағы пысықтығы, ақылы мен алғырлығы сан рет көзге түскен Сәңкібайға мәртебесіне сай мәрттігі де бар хан да әр уақыт ризашылықпен қараған. Жусаны желмен ойнаған, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған Шекпенбай, Құлет, Қарасай, Тұран, Жанбике, Оңайбай, Тілеуімбет, Жанақбай, Қарабас, Бәшенкөл сияқты ұзын-саны жиырмаға жуық шұрайлы жер мен шөбі шүйгін мол жайылымдарды сыйға тартып, Үстірт, Сам, Матай шабындықтары, Шағыл құмы мен Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл, Елек, Темір өзендерін өз керегінше еркін пайдалануға құқық берді. Өзінің құзыретіне сай Сәңкібайға айтарлықтай көлемді жер телімдерін ұсынған Әбілқайыр оған өз жылқысының үлкен бір бөлігін және мемлекеттік мақсатқа жұмсалатын (жорық кездерінде, соғыс уақытында мініске, әскер азығына пайдаланылатын) мыңдаған жылқыны қоса беріп, жорық аттарын әрқашан бабында, кез келген сәтте шабуылға дайын күйінде ұстауды тапсырып, тоқсан сайын, жыл сайын мал жағдайының жай-күйі жөнінде есеп беріп тұру қажеттігін міндеттеді.
SankibayМіне, осылайша, Сәңкібай Қазақстанның батыс өңірінде өзіне теңдесі жоқ жылқылы бай атанды. «Бабаның жылқысы Жем алқабындағы 10 шақырымдық «Күлдірдің тақырына» азар сыяды екен. Қазақта одан асқан бай болмаған» деген сөздің ел арасында кең тарауы осыдан. Сар далада, ат жалы, атан қомында күн кешкен қазақ үшін жесе — ас, мінсе — көлік, ішсе — қымыз жылқы жарықтық қай уақытта да байлықтың басты көрсеткіші боп саналғанын, қазақтың бай атануы жылқысының санына байланысты болғанын кім білмейді? Түйелі байдың қазақ ішінде әр заманда да сирек болғаны, ал ірі қара мен уақ мал болса, адамның азық-түлік қажетін өтегенмен, көлікке сұранысын қанағаттандыра алмайтыны бізге ежелден белгілі.
Ауызша тарихта «Сәңкібай жылқы өсірумен шұғылданды» деген де сөз бар. Бірақ ол, біздің пайымдауымызша, жылқы өсірумен емес, оны арнайы асылдандырумен айналысқан сияқты. Тұяқтының тұқымын өз жерінің жағдайына қарай Сәңкібай Шыңғысханша жергілікті жылқы мен алыс та жақын елдерден аралас-құралас кезінде олжаға түскен жылқыны будандастырып, «Шекті» жылқысын шығарды (Шекті жылқысын «Сәңкібай жылқысы» деп те атайды). Тұлпарлығынан гөрі қазанаттық қасиеттері басым, көп күндік жорықтардағы төзімділігі һәм жүйріктігімен танылған бұл жылқы, әдетте, ел басқаратын шекті азаматтары мен айтулы батырларға, ханның таңдаулы сардарларына ғана мініске беріліп отырған.
Кәнігі қазақ жылқысы мен еділдік қалмақ жылқысын будандастырудан шыққан Сәңкібайдың «Барыс ала Ақтабан» атты айғырынан батыс өңірінде күні бүгінге дейін кездесетін теңбіл ала жылқылар өрбіген. Ал «Барыс ала Ақтабанның» басқа айғырлардан айырмашылығы қазанаттық қасиеттеріне қоса кісінегенде даусының алысқа естілетіндігінде, құлағының қысқалығы мен шүйдесінің шығыңқылығында, тұяғының қалыңдығында болса керек. Ел ауызындағы аңыз осылай дейді. Әлгі айғыр «Сәңкібай жалында» тұрып кісінеген шақта, «Күлдір тақыры», «Көрсай», «Жанбике ойпатында» жайылыста жүрген жылқы біткен әп сәтте Жем бойына жинала қалып, өзен суын мейірлене ішкен уақытта, Сәңкібай батырдың «Мақпал торы» атты айғыры ғана «Барыс ала Ақтабанның» кісінеген дауысына пысқырмай, өз үйірімен бұра тартып, Ақбота биігінің төменгі жағындағы суы мол қайнар бұлақтағы суаттан шөл қандырады екен.
«Сәңкібай жылқысына» қатысты тағы бір жай — 1950 жылы Жарқамыс орта мектебінде директор боп қызмет істеген Жаңабай Мұқашев деген тарихшы-ұстаз аудан орталығында өткен бір жиында «Шекті жылқысы» жөнінде орынборлық бір ғалымның 1945-50 жылдары көп ізденіп, кандидаттық диссертация қорғағандығын айтыпты (Бұл ақпаратты бізге жеткізген азамат Жақсылық Сұлтанов қазір Ақтөбе қаласында тұрады). Демек, іздеген адамға «Сәңкібай жылқысы» жөнінде бұл ғылыми еңбектің Ресей мұрағаттары бірінен табылуы әбден мүмкін.

Bolat BaimuxanovБолат Баймұханов,
филология ғылымдарының
кандидаты.
«Білеміз бе ерлердің кім болғанын?..»
(Әрі батыр, әрі би Сәңкібай Назарұлы туралы ой–толғау) атты мақаладан ықшамдалып алынды.
«Ақтөбе» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!