Қанат БИҚАТОВ: Шығыстың көкпарын шыңға шығару – өз қолымызда

7911

Көкпар десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма?! Есте жоқ ескі заманнан қалған ұлттық спорт түріне бүгінгі күні екінің бірі ынтыға қоймаса да, тәрбиелік, танымдық маңызын қалай шетке ысырамыз?.. Біле білсек, осыдан мыңдаған жылдар бұрын айбыны асқан Түркі қағандығы тұсында алдыңғы шептегі «дербес жасақ» осы көкпар ойындарынан ысылған сарбаздардан құралған. Ал көшпенділердің көне құндылығының бүгінгі күйі қалай? Шәкірттері сан додада сан соқтырмаған Көкпектідегі Көкжота ауылындағы «Дархан» көкпар клубының директоры Қанат Биқатовпен әңгімелестік. Алақандай ауылдан бес бірдей чемпион көкпаршыны баулыған ұлттық ойынның ұстазы бабадан қалған жауынгерлік өнердің қазіргі күйі мен келешегі төңірегінде ойымен ақтарыла бөлісті.

Kokpar77– Қанат мырза, өзіңіз бен клубыңыз жөнінде айтып өтсеңіз…
– Мен өзім мектеп жасынан бастап көкпар тартқан адаммын. Бала кезімізден көкпаршы ағаларымызға еліктеп, өнеріне таңдай қағатынбыз. Кейін өзіміз де ат жалын тартып мініп, додаға түсе бастадық. 1995 жылы мектеп бітіргелі бері көкпардан қолым үзілген жоқ. Қазір өзім жаттықтырушымын.
Біздің ауылдағы көкпардың бір ізге түсіп дамуына өмірден өткен Дархан Ахмадиев есімді азамат көп еңбек сіңірді. Оның ұлы Дарын – білекті шәкірттерімнің бірі. Атпал азаматтың құрметіне 2007 жылы ауылымызда «Дархан» клубы құрылды. 2009 жылы ауданымызға Дүйсенғазы Мусин әкім болғалы клубқа қаражат бөлініп, ісіміз өрге жүзе бастады. Содан бері облыстық көкпар ойындарында біздің аудан бірінші немесе кем дегенде үшінші тұғырдан түскен емес. Аудандық бюджеттен әлі де қажеттіліктерге қарай ақша бөлініп жатыр.

Kokpar44– «Дархан» клубы қандай жетістіктерімен мақтана алады?
– Облыстық сайыстарда Шығыстағы 6 құраманың ішіндегі үздіктердің біріміз деп ауыз толтырып айта аламын. Ал 2013 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында өткен республикалық сайыста біздің шығысқазақстандық құрама 2-орынды алып келді. Сол сайыста құрама қатарындағы 6 көкпаршы – менің шәкірттерім. Аттарын атар болсам олар: Дарын Ахмадиев, Еламан Ахмадиев, Қуаныш Мұхамедуәли, Алмат Сыдық, Кенжебек Нұрсапанов, Арман Рахымжанов сынды тепсе темір үзетін жігіттер. Бұл сабаздардың қай-қайсысы болмасын тақымы берік, қол қайраты мен білек қарымы мықты көкпаршылар. Ол додаға Қазақстан бойынша 12 облыстың құрамалары қатысқан болатын. Сондағы финалда біздің жігіттер Жамбыл облысы, Әулиеата ауданының құрамасымен бақ сынасып, 1:0 есебімен ғана есе жіберіп алды.

Kokpar11– Көкпар Көкпекті ауданының өзге қай ауылдарында дамыған. Сіздің құрамаларыңызда қанша көкпаршы бар?
– Қазіргі уақытта аудандағы Көкжота мен Бастаушы ауылының жеке-жеке көкпар құрамалары бар. Көкжотада бүгінгі таңда 8 жігіт көкпар ойнайды. Көкпар ойының негізгі ережесі бойынша құрамада 12 адам болуы керек. Қалған төртеуін сайыс кезінде жан-жақтан шақырып аламыз.

Kokpar33– Көкпар ойынының қазіргі жағдайы қалай? Біздің өңірдегі көкпардың дамуына қалай баға берер едіңіз?
– Шынын айтқанда, бүгінгі күні ауылдардан көкпарға құмар бала таппайсың. Қазіргі жасөспірімдер компьютер мен теледидардың алдынан шықпайды. Мысалы, менің қазір ең жас көкпаршы шәкіртім – 18 жаста. Оның өзі – студент. Екіншіден, қазіргі заманда сом білекті жігіттер ақша төлесең ойнайды, төлемесең ойнамайды. Себебін де түсіну керек. Ойрандатып көкпарда шауып жүрсе отбасын кім асырайды?.. Көкпарды дамыту үшін қаржылай көмек көрсетуіміз керек. Мұны шешу бәріміздің шаруамыз. Көкпар ойыны ұлттық спорт түрі ретінде қорғауға кіріптар. Мәселен, бір көкпаршы республикалық сайысқа түсті делік. Оны 1 ай бойы дайындау керек. Оның күшінің де мығым болуы шарт, сондықтан бірқатар шаруалар ақшаға кеп тіреліп тұр.
Бұрынғы аудан әкімі Дүйсенғазы Мағауияұлын әр жерде көкпарды қолдаушы жанашыр адам ретінде мақтана айта аламын. Аудандық мәслихаттың хатшысы Рамзи Сабырұлының да еңбегі зор. Осы кісілердің арқасында атқа мініп, ата дәстүрін жалғастырып жүрміз. Азаматтар көп болсын. Ата-бабамыздан қалған ұлттық ойын ғой бұл.

Kokpar66– Қазіргі облыстық құрама Республикадағы өзге өңірлердің көкпаршыларымен иық тіресе ойнауға қауқары бар ма?
– Шынын айтқанда, облыс көкпаршыларының жиналуға мүмкіндіктері жоқ. Мысалы, ағымдағы жылдың қазан айында Қызылордаға ересектер арасындағы додаға барып келдік. Сайыс жайлы бізге 10 күн қалғанда ғана хабарлады. Жаттығу жоқ болғасын, тұғырдан көріне алмадық. Бір ай дайындық жасасақ, кем дегенде Қазақстан чемпионатында ширек финалға ілінетімізге сенімдімін. Осы жолғы ойынды бақылап қарап отырсам, мықты құрама саналатын Алматы облыстарының командасымен бар-жоғы 1 салыммен ғана ұтылып жатырмыз. Ал осыдан екі жыл бұрын Көкшетауға барған кезімізде Алматы облысынан 10:0 есебімен ойсырай жеңілгеніміз бар. Енді өзіңіз айналдырған екі жылдың ішінде біздің жігіттердің деңгейі, тәжірибесі мен білім-білігі қалай өскенін бағалай беріңіз.
Атырау облысы мәселен, ақшаларын аямай Шымкенттің жігіттерін жалдап отыр. Ол жақта қаржылай қолдау бар. Біз балалардың намысымен бардық. Жоғары жақтан қолдау болып, кем дегенде көкпаршыларымыз бен аттарымызды бір ай мерзімде дайындай білсек, мен айтулы жетістікке қол жеткізетінімізге толық сенімдімін. Балалар мықты, аттары да іріктелген. Енді жоғарыға ұсыныс жасап жатырмыз. Егер қаражат бөліп, жетістікке жетпей жатсақ, сын садағына мен-ақ ілігейін. Алматы облысында сәуір айында көкпардан Қазақстан чемпионаты өтеді. Соған барғымыз келеді.

Kokpar22– Өз құрамаларыңыздан бөлек, өзге аудандардың көкпар ойындарына қалай баға берер едіңіз?
– Қазіргі кезде Тарбағатай мен Көкпекті аудандары облыс бойынша 1-2 орынға таласып жүрген құрамалар ғой. Бұдан бөлек, Ұлан ауданы, Өскеменнің көкпаршылары мықты. Күршім ауданы да құрама шығарайық деп жатыр. Шар жақтан да мықты жігіттер бар. Бізде Шығыс Қазақстанда бірде-бірдің айғырлары мықты. Олар жекпе-жекте кез-келген тұлпарларға есе жібермейді. Облысымызда 6 құрама бар. Солардың бәрін біріктіріп, басын қосса – Қазақстандағы үздік үштікке оңай ілініп тұрмыз.

– Мықты көкпаршы қандай қасиеттерге ие болуы керек?
– Көкпар ойнаған жігіттің басынан бастап бақайынан дейін қозғалады. Бабаларымыз спорт түрінің төресін дәл таныған ғой. Жалғыз күшпен жеңіске жету қиын, баспен ойланып қарсыластың қазандығына салым сала білуің тиіс. Күш те, жүрек те, бас та керек. Ептілік онсызда көкпаршының жан серігі. Құрамада өзіндік тактика болмаса, алысқа шаппайды. Біздің де өзіміздің бірнеше тактикамыз бар. Оны жария қылып, айта алмаймыз – құрамалық құпия болып табылады.

– Көкпарға шабатын айғырды қалай баптайсыздар?
– Айғырыңның еті мығым, сүйегі мықты, өзі кеуделі, омыраулы, екпіні қатты, жылдам әрі жүйрік, көкпарды жерден іліп алғанға икемделгіш болуы керек. Қазір көкпардың айғырлары қымбат болып тұр. Оны сатып алғаннан кейін кем дегенде 2 жыл ойынға төселту керек. Ала салып, ойынға шауып кетпей, шеберлікпен баптау қажет.
Көкпардың алдында айғырдың етін қатырады. Төрт тұяғын таймайтын тағамен тағалайды. Семіз немесе арық ат көкпарға жарамайды. Көкпарға түсетін атты бір ай мінбей баптаймыз. Бір ай бойы бидай береміз. Ат әбден қоңданып, жілігі майға толып, мінбей жүргізеді. Атты баптау жануарға бір уыс шөп пен жем беру емес, бұл бар ынта-жігермен атқарылатын іс. Егер бабы келіспесе, жылқының бағы байланады.
Қазіргі уақытта айғырларымызды жемдеп жатырмыз. Ақпан айынан бастап оларды дайындай бастаймыз. Сәуір айында көкпарға түседі. Жазғы уақытта студент балалар, жұмыс істейтін балалар қаладан келіп көкпардың көркін қыздырады. Жаттықтырушы болғаннан кейін өзім де ойнаймын.
Ат-айғырды таңдағанда қас-қабағына, шабысына баса маңыз берілуі керек. Мінесің, көресің, сынайсың. Ынтасын жазбай танған дұрыс. Кейбір айғырлар таңдап қателесіп жататынымыз бар. Бәрін таңдап алсақ шауып кетеді деп айтпаймын.

– Ұлттық ойынның ұстазы ретінде нені арман етесіз?
– Арманым – жастарды көкпарға қызықтырып, ойынға ат салыстыру. 2002 жылы Алматы облысына барғанда 19-орын алғанбыз. Шығыс Қазақстанға мүлде бет бұрып, менсінбейтін. Ал қазір Шығыспен санасып келеді. Біз бұл мүмкіндікті қолдан жібермеуге тиіспіз. Жастарды көкпарға тарту керек!
– Сұхбатыңызға рахмет!
– Еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Суреттерде Төлегетай, Кетбұқа бабалар асындағы Көкпекті мен Тарбағатай көкпар құрамаларының арасындағы тартысты сәттер.

Orbaev A.Сұқбаттасқан Аян Өрібаев, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!