Думан АНАШ. Біз арғымақтан жаралғанбыз

8715

«Дарвин маймылдан жаралса жаралған шығар, біз арғымақтан жаралғанбыз» депті Асқар Сүлейменов.
Сөз-ақ, шіркін!
Бір ұлт бір ауыз құдіретті сөзге сыйып тұр.
Алапат мінез, бекзат бітім һәм байтақ болмыс. Ұлттың мені, рухы жарқырай көрінеді. Тар заманның талқысында ішкі отты жанып-жанып алғысы келе ме, қалай?!
Әрине, жылқы туралы Сүлейменовтен бұрынғы сөз сүлейлері де айтқан, кейінгілер де қалысқан емес. Барлығы түбін түсіріп айтады. Өйткені, жылқы араласқан сөздің дәмі, ортаның сәні кіреді. Сәйгүлік – салтанатымыз. Тұяғын тарпыған, құйрығын шандыған тұлпар көрсе, қазақтың қаны қызады. Бәсіресі бәйге шыққан баланың бағы бес елі. От пен суды қазақ пен жылқы бірге кешті. Сондықтан, жылқы дегеніміз – қазақтың өзі!
…Әркім өз атасын айтады. Қазақтың сыйлы атасының бірі – Қамбар!
Отанымыздың шалғай шығысында, Алтайдың асқарында мыңжылдықтар бойы Берел бауырына басып жатқан көне тас қорғандардың астынан қасиетіңнен айналайын бабаларымызбен бірге жылқы жарықтық та табылды. Жаздың жайма-шуақ күнінде осы ұлы өркениетті көрудің сәті түскен. Археолог азаматтарымыз жерленген адамның қасындағы жылқы саны оның әлеуметтік дәрежесін, дәргейіне қанша ел құлағанын білдіреді деп жатты. Патшалар жазығын жылқымен бірге жастанып жатқан жаужүрек бабалар қорғанының қасында ойдан ой боталады: ер қанатын ертеде көрге де бірге ала кетіпті. Бұл – жылқы жануарына деген ұлы махаббат, кіршіксіз сенім, риясыз достық қой! Бүгінде Берел жылқысы бар сән-салтанатымен отандық археологияның мақтанышына айналып, жер-жаһанды кезіп кетті.
Шығыстың тағы бір таңғажайып мүйісі Ақбауырды алайық. Қола дәуірінен бері қарай салынған тастағы таңбалар мен петроглифтерде жылқылар бейнеленген. Және жай жайылып жүрген жуас жылқы емес. Қасқыр мен бұғы қуып жүрген жылқылар қашалған. Ғылыми түсініктеме жазғысы келген әлдекімдер, оны «жыртқыш жылқылар» депті. Құдай-ау, бұлар тарпаңдар ғой. Бүгін бүкіл әлем мойындап отырған «Жылқының отаны – Қазақ елі» деген сөздің тасқа басылған мөрі ғой! Тұяғын тарпып, кең даланың апшысын қуырған жабайы жылқылар Шығыстан тараған ендеше!
Өңіріміздің ғана емес, еліміздің ақсақалына айналған Кітапбаев Бошай қария, иә, кешегі қарасөздің зергері Ғабең, Ғабит Мүсіреповтің өзі «Бошайдың үш қарасы» деп шығарма қалдырған атақты атбегі бізбен әңгімесінде бәйге аттарын Рахман қайнарына жуындыратынын айтып еді. Бұл да қазақтың қастер тұтатын бір қасиеті.
Ілекең, Ілияс Есенберлин «Көшпенділерді» жазғанда, жылқының образын қалай сомдайды?! Қара Қыпшақ Қобыландының «Ошақ тұяқ Көксеңгірі», Арғын Ақжол бидің «Құшақ құйрық Ақжамбасы», Жәнібек сұлтанның «Көкбурылы», Жағанбикенің «Киікаяғы», Рабиу-Сұлтан-Бегімнің «Ортекесі», айта берсе, тұтас жылқы есімдерінің ғажап галереясы шығады. Мұндай кесек жылқы образы қазақтың қайсы қаламгерінен болса да табылады.
Міне, жылқыға құрмет!
Біз елдігімізді сақтау үшін осы құрметтен айырылмауымыз керек. Бәс қуған бәзбіреулердің шетелден сатып алған қаны сұйық бәйгелері аламанды, жылқы баптау дәстүрін ғана емес, қасиетті жануарға тағылар айдарды, дүйім жұрттың аузында жүрер, сол арқылы тәрбие болып сіңер ілкімді есімдер қою жоралғысын да ірітіп бара жатқаны алаңдатады.
Жаясы төңкерген астаудай түгі жылт ете қалғанда, көзі тұрмайтын ұлт та – өзіміз. Қазы тұрғанда қазақ басқа асты ас демейді. «Мінсең – ат, саусаң – қымыз, жесең – ет» дегенде, тоқтайтын түлігіміз – жылқы.
Иә, жөні бөлек жылқы туралы іркілмей айта беруге болады.
Жылқы жылы елімізге құт әкелсін!

240010_458485420865214_6264218_oДуман АНАШ, «Дидар» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.