Жолдыбай БАЗАР: Өгей құлын

11580

Ұлтымызда жылқыға қатысты айтылған ой-толғамға толы, тұшымды дүниелер аз емес. Соларды сана елегінен өткізер болсаңыз, жылқы түлігінің қадірін қазақтан артық білер халық жоқ шығар дегендей тұжырым жасарыңыз анық…
«Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» дейтін қазақтың баласы болғандықтан әрі ауылда ержетіп, жастық шағымыздың едәуір бөлігі мал шаруашылығына қатысты өткендіктен біз де қыл құйрықты жануардың ерекше қасиеттерін көріп өстік. Осы орайда жылқы баласына қатысты, өз көзіммен куә болған, жан-дүниеме ерекше әсер еткен, адамға ой саларлық бірді-екілі оқиғаны әңгімелеп бергенді жөн көрдім.

Құртбас бие мен жетім құлын

Сурет Жеңіс Ысқабайдың архивінен алынды

Сурет Жеңіс Ысқабайдың архивінен алынды

Кезінде біздің бір үйір жыл­қымыз болған-ды. Қысы-жазы Қаратаудың теріскей бетін мекендейтін. Араға бірер апта салып түгендеп, жай-күйлерін біліп тұратын едік. Әсіресе, биелердің құлындайтын ша­ғы – көктемнің алғашқы ап­та­ла­рында үйірге жиі-жиі бар­ғыштайтынбыз.
Бірде, нақтылай айтқанда, 1995 жылдың наурыз айының орта шеніне таман үйірді көруге барсам, сол жылы бірінші рет төлдеген Құртбас аталып кеткен тұмса бие құлынсыз жүр екен. Құлыны ит-құсқа жем болғаны анық. Оңайшылықпен қасқырға дес бермейтін азулы Қызыл көк айғыр бұл жолы қапы қалғандай. Өйткені, бұған дейін үйірін шығынсыз алып келген еді. Шамасы, бір-екі емес, топ қасқырға тап келген.
Төлін жоқтаған Құртбас жиі-жиі кісінейді. Желіні тыр­сылдап кетіпті. Үйірден шет­теңкіреп жүр…
Содан, арада бір жарым айдай уақыт өткенде тау ете­гіндегі үйімізге түп нағашымыз Кәрібай көкем келді. Ол кісі атынан түсіп, шылбырын ма­ған ұстата бере, «Бала-шаға» сайының басында кенже туған бір құлын енесінен ажырап, жалғыз қалыпты. Маңайында ешқандай үйір көрінбеді. Мені қара көріп, соңымнан ілесе ме деп едім, ол болмады. Сендер барып алып келіңдер, әйтпесе, бөріге құр босқа жем болады», деді. Іле ағам екеуміз наға­шымыздың айтқан жеріне барсақ, әлгі құлын тұр екен. Туғанына төрт-бес күн ғана болған құлын бізді қара тұтып, қасымызға өзі келді. Біздің бол­жамымыз бойынша, ол ене­сінен осы өткен түнде ажырап қалған. Үйіріне ит-құс тиіп, алашапқын болған сәтте байғұс құлыншақ бір тасада қалып қойған. Ал енесі өз басымен болып кеткені анық.
Кеш түсе бастаған шақ. Ағам екеуміз оны екі жақтан қақпайлап айдап көріп едік, жүре қоймады. Алдымызға өңгеріп алуды қиынсындық. Бір кезде, соңымыздан ертіп көрмек болып, екеуміз де келген ізімізбен кері жүрдік. Сол сәтте қорғансыз құлын қараңғы жайлай бастаған тау ішінде жалғыз қалып қоюдан қорыққандай, жалма-жан соңымыздан ілесе желді. Енесінің қасында болған кезде әбден еміп алған уыздың күші болар, аяғын ширақ басады.
Ауылдағыларға әрі-бері өтіп жататын жолаушылар арқылы құлынның жайын айтып хабар жібергенімізбен, иесі шыға қоймады. Содан, же­тім құлынды асырауға ту­ра келді. Оны сиыр сүті­мен қоректендірдік. Ол ене­сінің мейірімі мен сүті бұйыр­маға­нымен, біздің бер­генімізді қанағат етіп, әжеп­тәуір жетіліп қалды. Бірақ, қарны қампиып, ұсқынсыздау көрінеді. Біршама уақыттан кейін отыға бастаған. Есік ал­дындағы шарбақтың ішінде жүретін бұзауларға бауыр басып кеткен.
Бірде, ұмытпасам маусым айының аяқ тұсында әлдебір себеппен үйірді үй маңына айдап келдік. Сол сәтте қызық басталды. Құртбас бие қатты кісінеп, үйірінен бөліне шауып, биік шарбақтан қарғып өтіп, шарбақ ішінде жүрген жетім құлынның қасына жетіп барды. Оны емі­реніп, иіскелеп, шұрқырады да қалды. Мұны көріп тұрған біздер әрі-сәрі күй кештік. Құлынынан ажырағалы бері үш жарым айдан астам уақыт өтсе де жарықтық бие төлін ұмыт­папты. Ол жетімектің өз «перзенті» екеніне шүбә келтір­мегендей.
Анадай жерден қарап тұрған әкем, «Жарықтық, қасиетті мал екен… Жетім құлынды ертіп жіберуге болар еді, әттең Құрт­бастың желіні суалып кеткен. Оның үстіне, байғұс құлын үйір­ге ілесуге жарамайды әрі айғыр қоспайды», – деді.
Біз биені шарбақтан айдап шықпақ болдық. Бірақ көптен бері үйірде жүріп асаусып қалған Құртбас мінез көрсетіп, құлағын жымқырып, құлыннан ажырағысы келмеді. Дегенмен, биені үйірінен алып қалуға болмайды. Сондықтан, әупірімдеп жүріп, дәлірегі, мініс атпен бастырмалата әрі құрықпен жас­қап Құртбасты шарбақтан шығардық. Сол сәтте әкем, «Же­­­тім құлынды жабық қораға қа­мап, Құртбастың көзінен тасалаңдар, әйтпесе, бие еш­қайда кетпейді», деді. Солай еттік те, үйірді тау ішіне кіргізіп жібердік. Алайда, сәлден кейін Құртбас үйірінен бөліне шауы­п келіп, әлгі шарбақтан қайта қарғып өтіп, жетім құлынды шарқ ұра іздеді. Кісінеген дауысы жүрегіңді жаншиды. Қораға қамалған құлыннан ешқандай белгі болмады. Сиырдың сүті­мен өсіп келе жатқан ол сырт­тағы биеге кісінеп жауап беруді білмейтіндей.
Содан, Құртбасты бірне­ше рет үйіріне күштеп қосқа­нымызбен, қайта айналып келе берді. Биені қайырмалап жүріп, оның көзінен аққан жасты көргенде менің көңілім босады. Осылайша, ол аналық сезімнің күшімен бір аптадан астам үй маңында күндіз-түні кісінеп жүріп алды. Ақырында құлынды бір көруге зар болып, күдерін үзіп, үйіріне кетті…
Аналық малдың аз ғана уақытқа өз баласынан ажырап қалса, өз төлін өзі танымай жатырқап, сыртқа теуіп шы­ға келетінін талай көрген едім. Ал Құртбас биенің арада үш жарым айдай уақыт өтсе де құлынын ұмытпай, аналық мейірімнің қуатымен өзгенің жатырынан түскен құлынға барынша берілуін жаныма қалай қабылдарымды білмедім. Құдайдың құдіреті!

Өгей құлын

11149313_408591885968539_4049551372183247054_nЕнді, мына бір оқиғаға көңіл аударалық.
Жоғарыда айтылып өткен жайттан кейін бірер жыл өткен кез. Қызыл көк айғырдың үйірі түрлі себептермен әжептәуір азайып қалған. Содан, наурыз айының алғашқы жұма­сында әкем біраз жылдардан бері өзгенің айғыры алдында жүрген алты биемізді Қы­зыл көктің үйіріне қосты. Шамасы, айналдырған он-он бес жылқысын екіге бөлмей, бір үйірге жинақтауды жөн көрген болар.
Мезгілі жетіп, биелер төл­дей бастады. Алайда, жаңа туған құлындардың үш-төр­теуі шығын болды. Бар кінәні қасқырға жаптық. Олардың өлексесін күшіген тауып бер­ді. Бір ғажабы, әлгі өлген құлын­дардың барлығы да үйірге кейіннен қосылған биелердікі. Ал Қызыл көк айғырдың ал­дында бұрыннан жүрген жануар­лардың төлдері аман. Бірақ, дәл сол уақытта біз бұл жайтқа мән бере қоймадық…
Бір күні әкем екеуміз жыл­қының жай-күйін білейік деп атқа қондық. Ауылдан төрт-бес шақырым ұзаған соң тау етегіндегі шабырға дүрбі салып едік, үйіріміздің «Борлы бұлақтан» су ішіп тұрғанын көрдік. Жақындай бергенімізде үйірін қызғанған айғыр алдымыздан жалын күжірейте, айбат шегіп шықты да іле өз иесін танығандықтан кері бұрылып кетті.
Үйірге жаңадан қосылған торы бие төлдеген екен. Тірсегі дірілдеп, аяғын тәлтіректей басқан құлыншақ тұмсығымен енесінің шабынан түртіп, емуге талпынады. Біз үйірді сырттай бір шолып шықтық та шеттеңкіреп тұрдық. Өйткені, мініс аттарымыз биелерге осқырынып, тізгінге тыным бер­мей, мазаны алды. Оның үстіне, біздің астымыздағы ат­тардың өз «империясына» көз сүзгенін жақтырмаған Қызыл көк айғырдың да ашуына тигі­міз келмеді. Әгәрәки, айғыр шын ашуланса, астыңдағы атыңмен қоса аударып тастауы мүмкін. Жылқы түлігінің қызғанышы бөлек қой.
Бұлақтан су ішіп болған үйір шабырдың күнес бетіне шығып, енді-енді тебіндей бастаған раңды қыршып жеп, жайыла бастады. Біз бұлақ басына аз-кем аялдадық та, келген жолымызбен кері қайтуға бұрыла берген едік, кенет Қызыл көк айғыр басын төмен сала, құла­ғын жымқырып, әлгі жаңа туған құлынға тап берді. Торы бие құлынын қорғаштамақ бол­ғанымен азулы айғырға төтеп бере алмады. Мен жалма-жан құлынға араша түсуге тұра шаптым. Әкем қозғала қоймады. Дұрысы, селт етпеді.
Мен жетемін дегенше айғыр құлынның желкесіне азуын салып, мытып-мытып жіберді де, айқайға басып екпіндей жеткен менен жасқанды ма, әлде өзін кінәлі санады ма, әйтеуір шетке тайқып кетті.
Жазықсыз құлын кеудесімен жер сүзе құлап, қимылсыз жатты. Енесі осқырынып, кел­те-келте кісінеп, төлін ай­нал­соқтап, шыр айналды да қалды. Мен аттан түсіп, құлынның жарақатын көріп едім, айғырдың тісі мойнының екі жеріне қатты батыпты. Жұқа терісі жыртылып кеткен. Анадай жерде бәрін сырттай бақылап тұрған әкем, «Оның несін қарайсың, азулы айғырдың тісі оның мойын омыртқасын қидалап, жұлынын езіп жіберді ғой. Мал болмайды», деді.
Шынында, құлынның бо­йы­нан аз ғана уақыт тіршілік белгісі байқалып тұрды да, сәлден кейін өліп қалды. Тө­лінің өлі не тірісінен хабары жоқ торы бие құлынын иіскелеумен болды. Біз оған кедергі жасаған жоқпыз. Мен «Енді не істейміз?» дегендей әкеме қарадым. Әкем: «Ол өлі құлынының жанынан айналып кете қоймайды. Биені жетегіңе ал. Үйге алып кетеміз. Құлынынан күдерін үзген соң үйіріне қосып жі­береміз», деді.
Жол бойында әкем: «Бұ­ған дейін шығын болған құлындардың барлығын қас­қыр емес, мына Қызыл көк жалмаған», деді. Мәселенің байыбына бара қоймаған мен әкеме «бұ қалай?» дегендей сұраулы пішінмен қарадым. Әкем: «Көзімді ашқалы шаруа­шылықта келе жатып, дәл осындай қателікке бой алдырамын деп ойлаппын ба?.. Мал төлдейтін қарсаңда биелерді бір үйірден екінші үйірге ауыстырмау керектігі есімнен шығып кетіпті. Сен әлі ештеңе ұққан жоқсың. Қызыл көк айғырдың ал­дындағы бұрынғы биелердің құлыны аман, ал өзге үйірден келгендердің төлдерінің бар­лығы өлді. Демек, біздің айғыр өзгенің кіндігінен жаралған құлындарды өгейсініп, олар­дың барлығын шайнап өлтір­ген», деді. Мен мәселенің мәні­сін содан кейін ғана ұғып, өлген құлындар үшін қас­қырды кінәлап жүргенім бекер екенін түсіндім. Сондай-ақ, әкемнің айғырдың әлгінде жас құлынға тап бергенінде міз бақпағанының себебін де білдім. Ол кісі сол сәттерде іштей «Болары болып, бояуы сіңген» істі түзету енді мүмкін емес екенін мойындап, орын алған жайтқа өзін өзі іштей кінәлап тұрыпты ғой. Мұны мен әкемнің кейінгі сөздерінің ауанынан аңғардым.
Бұл екі оқиғаны өзіміз өмір сүріп отырған қоғамға, адамдар болмысына, тағдырына қатыстыра отырып, қандай да бір ой түйгім келмеді. Оны оқырман өзі санасында саралай жатар. Мен тек өзім куә болған бірер оқиғаны айта отырып, жылқы түлігінің біз түсіне бермейтін, терең мәнге ие қасиеттері көп екенін қоштап үн қостым.

Zholdybai B.Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан». (Тақырып өзгертілді)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!