Бір жүйріктің тағдыры туралы жыр

5993

Белгілі қыр, ойыңа,
Беріге де, арыға,
Қанша жылдар бойына,
Ат салмаған алдына.

Не бір тойды өткеріп,
Болған жұртқа әйгілі.
Кеткен алып, бөктеріп,
Талай-талай бәйгені;

Бауырынан жараған,
Шақырым боп ара жік –
Бәйгеден де аламан
Келетұғын қара үзіп;

Жел естіріп алдынан –
Ілесе алмай құстар да,
Қалатұғын жануар,
Созылып кеп ұшқанда.

Тұяғы тас ататын,
Жалын шарпып бетіңді.
Дара келе жататын,
Қара құйын секілді;

Өтетұғын шаңдатып,
Жота, қырды елемей –
Адырнаны аңыратып,
Ұшқан қара жебедей;

Ат емес бір оқ еді,
Ілеспейтін желің де.
Ондай жүйрік жоқ еді,
Сол аймақта,
өңірде!

Көтеретін өр екпін,
Қос қолтықтан жел оны.
«Қаражалы Дәнеттің» —
Деп айтатын ел оны.

Бар еді онда өр екпін,
Қалатын жұрт елеңдеп.
Қаражалы Дәнеттің,
Келе жатыр дегенде.

Соның сөзі жөн еді,
Кетсе де асып әдеттен.
Қадірлі адам жоқ еді,
Сол өңірде Дәнеттен.

Шашырап бір шапағы,
Жарқырайды ай, күні.
Асып тұрды атағы,
Асып тұрды айбыны.

Құрметтеп алатын,
Ел боп күтіп, өбектеп.
Бәйек боп қалатын,
Дәнет,
Дәнет,
Дәнет деп.

…Сөнеді ғой жарық та,
Өтер қызық баяны.
Алыс тартып даңқ та,
Бақ та бір күн таяды.

Бұған діттеп көңіл қой:
Сөнер атақ шамы да.
Өмір аты өмір ғой,
Солай болды тағы да…

Кеткен даңқы дүбірлеп,
Дүйім елді аралап.
Күндердің бір күнінде,
Жүйрік шықты ғаламат.

Ұмтылғанда жұтынып,
Екпіні бар сұңқардың, —
Тарпаңдардың тұқымы,
Тұяғы екен тұлпардың.

Талай жерден бата алды,
Сұңғақ мойын,
Жіліктім!
Құндызкөгі атанды,
Ардақ деген жігіттің.

Түгі ойнаса желменен,
Қаласың ғой жұлдыз деп.
Айқайлайды ел деген.
Құндызкөк деп, Құндызкөк!

Жұлдызша ағып өтті ғой,
Қояды ма сел екпін.
Шаң қаптырып кетті ғой,
Қаражалын Дәнеттің.

Қызулықтың оты еніп,
Шапқан сайын өрлеген.
Құндызкөкті көтеріп,
Кетті содан ел деген.

Құйылатын сарқырап,
Атты тастап қаншама.
Келіп тұрды жарқырап,
Қай бәйгеге салса да.

Көмді қанша сел екпін,
Қаражалды шаңына!
…Мұның бәрі Дәнеттің,
Тиіп жатты шамына.

Жүрді Дәнет түйіліп,
Іштей жүн боп түтіліп –
Қызғаныштан күйініп,
Қызғаныштан түтігіп.

Өзін-өзі тінтіген,
Не істерін білмеді –
Күндіз қалып күлкіден,
Қалды ұйқыдан түндегі.

Арам ойды қырқуға,
Оның көзін көр қылды…
Құндызкөкті құртуға,
Дәнет енді бел буды…

Тауысып бар сабырын,
Өрт боп күйіп-жанды да.
Ағайынның қадірін,
Салды Ардақтың алдына.

Сенікі осы барым деп –
Жан-жағынан қармақ сап, —
Болайық деп тамыр деп,
Жетті өзі де салмақ сап.

Жалардай боп табанын,
Салып түрлі шарғыға.
Тартты ата-бабаның,
Аруағын алдына.

— Міне, арым, жан! – деді,
..Қояды ма жармасқан!…
— Қидым саған, ал – деді,
Ардақ шыдай алмастан.

Саудаға сап арды да,
Жандай болған өлетін –
Құндызкөкті алды да,
Кетті өзгеріп Дәнетің.

Батып қара күнәға,
Жағып күйе шындыққа –
Естімеген бір адам,
Барды Дәнет сұмдыққа.

Ел күйініп ширықты,
Қара түн боп түнерді –
Дәнет қайран жүйрікті,
Етке өткізіп жіберді.

temirhan_medetbekТемірхан Медетбек
argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!