Тезек төре, Сүйінбай және қара ат пен сары ат

13032

tezek-toreТезек төре:
Жақсы ақын үйге келсе қыдыр-ырыс,
Айтқаны Сүйінбайдың бәрі дұрыс.
Көргенді не де болса, бетке айтатын,
Адамнан сирек туар мұндай туыс.

Сүйінбай, маған сенің өзің керек,
Баршадан ақын болып тудың ерек.
Жарамды жол жүріске ат берейін,
Соны мініп, еліңе қайт ертерек!

Жылкелді мен осында Бапау бар ма,
Мен мінетін әлгі бір сары ат қайда?
Ескі малдың көзіндей бір құт еді,
Соны тауып мінгізгін Сүйінбайға!

suyinbayСүйінбай:
Тақсыр-ау, бұл бергенің сары ат па еді,
Аузында бір тісі жоқ кәрі ат па еді?
Кірпігіне қарасам қурап қапты,
Тұсында Абылайдың бар ат па еді?

О, тақсыр, Сүйінбайды деме бекер,
Мұны мініп заман жоқ елге жетер.
Ілесіп Абылайдың бақ-дәулеті,
Мұны берсең менімен бірге кетер.

sary-atСары ат:
Тұсында Абылайдың мен бір сары ат,
Жас күнімде болып ем ерге қанат.
Талай құда келгенде, талай досы,
Бермеп еді хан Тезек мені қалап.

Мойнымнан жал, бойымнан әлім кетті,
Әл кеткен соң, өзіме кәрлік жетті.
Ала жаздай бойыма шыр бітпейді,
Өкпе тұстан қыс болса суық өтті.

– Үні өшкірдің үні өшсін! Әлгі қаракер атты әкеліңдер! – деп Тезек ұрыларына айқай салады.

Сүйінбай:
Ассалаумағалайкум, қаракер ат,
Айтқалы кеп тұрмысың төреңе дат.
Түргеннен тай күніңде ұрлап келген,
Тірі ме әлікүнге сол азамат?
Тезектің алатұяқ аты деген,
Артыңда ілесіп жүр бір жаман ат.

Көзің жоқ, аяғың жоқ, арқаң жауыр,
Айырып жал-құйрықтан жұрдай қылған.
Бар еді не жазығың хан Тезекке,
Өшігіп сені неге мұндай қылған?!
Ақыры сені әкеп маған берді,
Еңбегің зая болды-ау тынбай қылған.

Адам деп мені Тезек есептесе,
Бір құр ат бермес пе еді ер тимеген.
«Қорғасын – қотыр қыздың сырғасы» деп,
Кесірлі залым екен кекеңдеген.
Өзінен басқа адамды пенде демей,
Ешкімді көзге іліп менсінбеген.
Ниеті саған деген көрініп тұр,
Бара сап, Сүйінбайға өлсін деген.
Құдай ғой екеумізді бұған кез қып,
Төренің бұл қорлығын көрсін деген.

Арқадан ұрлап келген қаракер тай,
Қараға, төременен берді Құдай.
Қырсықтан өзім қашып жүргенімде,
Қырсығын бұл атыңның қылма жұбай.
Бір жерге екі қырсық біріккен соң,
Қалар ма артымыздан ұбай-жұбай.

khara-atҚаракер ат:
Мен жөнімді айтайын, ей, Сүйінбай,
Түргендегі мұжықтың аты едім-ай!
Арқандап қойған жерден, Тезек төре,
Ұрлатып ұрысына әкеп еді-ай.
Ұрысына мінгізіп жауыр болдым,
Мал болар, болмасымды білмедім-ай?!

Сүйінбай:
Ұйытқыған әрбір сөзім жел-құйындай,
Хан-қараға сөйлеген мен Сүйінбай!
Арыз айтып алдыңда жылап тұрған,
Көрдің бе жануарды қаракер тай?
Ұрлығыңа мінгізіп күндіз-түні,
Малдықтан кетіріпсің оны былай.
Алты жерден арқаға, пышақ салған,
Төре, Құдай болсаң да тартсаңшы, ойбай!..

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!