Әлжан ШӘМШІДІН: Әлі күнге әлемде «Қазақ жылқысы» деген тұқым тіркелмеген

4601

Оралда өткен ғылыми конференцияда ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әлжан Шәмшідін осылай деді. — «Английская чистокровная порода» деген тұқым атауы әлемдік реестрде – 272 жылқы тұқымының арасында жоқ. Ал бізде Қазақстанда бар. Оны бүкіл әлем көріп отыр, — деп ашынады ол.

Еске сала кетсек,«Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының қазіргі жағдайы және оның болашақтағы даму перспективасы» тақырыбында өткен конференцияға жылқы шаруашылығымен айналысатын ғалымдар мен Қазақстанның, Ресейдің, Қытайдың ипполог-мамандары, жылқы өсіретін шаруашылық иелері қатысты.

«Осы жиында сөйлегендер асылдандыру ісі кенжелеп қалғанын дұрыс айтты. Бірақ оны субсидиямен байланыстыру дұрыс емес деп санаймын. 27 жылдан бері субсидияны алмай келе жатқан мал шаруашылығының жалғыз саласы – осы жылқы шаруашылығы. Жылқы шаруашылығының саны да, сапасы да төмендеп келе жатқан жоқ, қазіргі асыл тұқымды жылқының азаюы өзіміздің фермерлердің, шаруа қожалықтарының кесірінен болды. Білімсіздіктен де емес, жалқаулықтан. Ешкім тіркеумен айналыспайды. Одан кейінгі кінә маман дайындаудан. Ол да өзіміздің кінәміз. Мен де мұғаліммін, әлі күнге үш университетте сабақ беріп келемін. Қытай, Тайланд, Индонезия, Германияда, жалпы саны 18 елде селекция бойынша дәріс оқып жүрмін. Барлық жерде басты бағытты мамандандыруға береді» — дейді Әлжан Шәмшідін.

Оның айтуына қарағанда еліміздегі жылқытану саласына дайындалатын мамандардың көбі сауатсыз.

«Қазіргі Қазақстандағы жағдай «Ит жоқ жерде шошқа үредіге» келеді. Анық байқалатын нәрсе – өзіміздің зоотехник мамандардың сапасының төмендеп кеткені. Елімізде ғылыми атақтарын жылқы тақырыбынан қорғаған, алайда осы күнге дейін жылқы тұқымын ажырата алмайтын зоотехниксымақтар бар. Сөйтеді де селекцияға кірісіп кетеді. Айтуға ұят, биеге қатысты «Стельная кобыла» деп форма да бекітіп тастаған» — дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Әлжанның айтуына қарағанда әлемдегі 272 түрлі жылқының қатарында қазақ жылқысы деген жылқы тұқымы тіркелмеген.

«Английская чистокровная порода»… Ондай тұқым әлемдік реестрдегі – 272 жылқы тұқымының арасында жоқ. Ал бізде Қазақстанда бар. Оны бүкіл әлем көріп отыр. Төрт-бес рет ескерту жасадым. Алдымен өзімізді түзеп алайық. Бүгін етті-сүтті жылқы тұқымы деп санын айттық та, сапасын айтқан жоқпыз. Қазір асыл тұқымды жылқы басына келетін болсақ, қазақы жылқы, көшім, мұғалжар – үш тұқымнан 71828 бас қылқұйрық бар. 2 млн 400 мың бас жылқының ішінде асыл тұқымды ресми статусы бар 71 мың бас қана!» — дейді Әлжан Шәмшідін.

Әлжан Шәмшідін қазір жылқытану ғылымы әлем бойынша жаңа белеске шығып кеткенін, алайда қазақстандық ғалымдар әлі күнге баяғы кеңестік теориямен жүргенін айтты.

«Осы конференцияда «тек асыл тұқымды айғырларды пайдалану керек» деп айтылып жатыр, олардың саны, құжаты жоқ. Айғырлар бар, жоқ емес — куәлігі жоқ. Мықты маманмын деп жүргендер біздің өнімді жылқылар мен зауыттық жылқыларды салыстыра береді. Мақалаларды да көріп жүрміз, бірақ ешкім ештеңе айтпайды. Мамандардың, сарапшылардың тізімін қайта қарау керек. Әйтпесе жағдай түзелмейді. Өнімді жылқылар мен зауыттық жылқыларды шатастырып жүре береміз. Молекуларлық зерттеулерге келетін болсақ, STR тәсілі ескірді, қазір SNP-ге көшті. ДНК учаскелерінің дивергенттік қасиеттерін пайдаланып молекуларлық-генетикалық систематиканың кладограммасын құруды үйрену керек» — дейді ол.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты бұл тығырықтан шығу үшін палата бір адамды білімін жетілдіруге жіберу керек деген пікірде.

«Маман дайындау керек. Палата өзі қаржыландырып, бір адамды оқуға жіберсе, Қазақстанға жетер еді. Ресейде бұл бағытта қозғалыс бар. Австриядан дүниежүзіне белгілі ғалымды шақырып алған, генетикалық зерттеулер жүргізіп жатыр. Орыс тілін білеміз ғой, ең болмаса соған математика мен генетикадан хабары бар жастардан бір маманды жіберіп алса. Бұрынғыдай «мен ғана болуым керек» дегенді тоқтатып, жастарға көңіл бөлу қажет», — деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, «Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми инновациялық орталығы» ЖШС-ның бас директоры Әлжан Шәмшідін.

 nurlybek-pНұрлыбек Рахманов

zhaikpress.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!