Келесі «Көшпенділер ойынына» мықты көкпаршылар барады – Мұхтархан Ділдәбеков

2602

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы республикалық «Көкпар» федерациясының басшысы Мұхтархан Ділдәбековті қабылдады.

«Елбасы Жолдауында тапсырғандай, қазіргі кезде бұқаралық спорт түрлеріне, оның ішінде ұлттық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Соның аясында, әрине, алға қойған мақсаттарымыз бар. Өздеріңіз білетіндей, «Көкпар» федерациясының басшылығына Мұхтархан Ділдәбековты шақырып отырмыз. Мұхтархан бокстың алдында көкпар ойнаған. Көкпардан боксқа келіп, аз уақыт ішінде Сидней Олимпиадасында күміс жүлдегер болды. Осы қауымдастықты басқаруға келіп отырған Мұхтарханға көп-көп рахмет айтамыз», – деді министр.

Сонымен қатар министр ұлттық спорт түрлерінен өткен дүбірлі додаларға тоқталды.

«Соңғы кезде көкпардың айналасында келеңсіз жағдайлар болғанын білесіздер. Оны да түзетуіміз керек. Сол себептен өзіміз өтініш білдіріп, Мұхтархан Ділдәбековке ұсыныс жасаған едік. Қазіргі кезде ұлттық спортты ары қарай дамыту үшін Астанада бірінші рет республикалық ұлттық спортты дамыту орталығын құрдық. Әуежайға бара жатқан жолдағы «Қазанатты» жандандырдық, онда орталық жұмыс істеп тұр. Көкпардан ол жерде Әлем чемпионатын өткіздік. Одан басқа, ЭКСПО аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткіздік. Ендігі кезекте Астанада Ұлттық спорт түрлерінен өтетін Олимпиадаға дайындалып жатырмыз», – деді министр.

Сонымен бірге, Мұхтархан Ділдәбеков келесі Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына дайындық мықты болатынына уәде берді.

«Бұл жақта да үлкен жарыстар болып, екінші, үшінші нөмірлі спортшылар барып (Қырғызстанға), жақсы көрсеткішке қол жеткізе алмады. Келесі жолы жақсы балуандар барады. Болмаса, өзім шығам», – деп әзілмен аяқтады сөзін Мұхтархан Ділдәбеков.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!