Көкпардың халықаралық ережесі бекітілді

2938

Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында 9 қаңтар күні өткен Конгресстің шешімі бойынша Халықаралық «Кок Бору» федерациясының кезекті сессиясы Астанада өтті.

Конгрессте федерация құрылтайшылары, Улак-Кукпардан биыл Өзбек елінде өтетін Әлем Чемпионатына қатысушы елдердің федерация өкілдері бас қосты.

Күн тәртібінде негізгі 2 мәселе қаралды. Бірінші – халықаралық федерацияның жарғысына өзгерістер енгізу болса, екінші – халықаралық федерацияның ережелері жан-жақты талқыланып, дауыс беру арқылы бекітілді.

Көкпардың халықаралық ережесіне енген өзгерістер жайлы ҚР «Көкпар» федерациясының президенті Мұхтархан Ділдәбеков айтты.

«Бүгін көкпардың халықаралық ережесі бекітілді. Басқа елден келген ұлттық федерациялардың бәрімен көкпардың ережесін талқылап, мақұлдап, бәрі де бір ауыздан қолдап отыр. Құжатқа қол қойылды», – деді Мұхтархан Ділдәбеков.

«Көкпар» федерациясының президенті сондай-ақ, көкпар ережелері туралы толығырақ тоқталды.

«Өзіңіз білетіндей, 15-20 жылдан бері қазандықпен көкпар ойнап жүрген болатынбыз. Жаңа ереже бойынша қазандық алынып тасталды, оның орнына шеңбер қойылады. Сонымен бірге, көкпаршылар тірі серкені тартып жүрген. Халықаралық жан-жануарлар әлемін қорғау ұйымдарының қағидаларына қайшы келмес үшін бұдан былай муляжбен ойнайтын боламыз. Көкпар ойнайтын алаңның ұзындығы – 200-220 метр, ені 65-75 метр болып бекітіліп отыр. Көкпарды жасөспірімдер, жастар және ересектер ойнайды. Сол себепті, жас санатына қарай алаңның да ұзындығы әртүрлі болады», – деді ол.

Мұхтархан Ділдәбековтың айтуына қарағанда, көкпарды ойнау уақыты бұрынғыша 20 минуттан екі тайм күйінде қалады. Аралық үзіліс 10 минут. Муляждың салмағы 33-35 келі аралығында. Бұған дейін де алаңда 12 ойыншы болып келген, ол өзгеріссіз қалды.

Сонымен қатар, Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығына кіру үшін жарна төленбейді. Бұл әлемде этноспортпен айналысатын елдердің мүшелікке енуін жеңілдетеді.

Конгресске Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан, Монғолия, Түркия, Ауғанстан, Өзбекстан, Қытай, Венгрия қатарлы 10 елдің өкілдері қатысты.

Өкілдердің келіссөздері нәтижесінде биыл Өзбек елінде көкпар спортынан өтетін Әлем Чемпионатын дәстүрлі Улак-Купкари ережесі бойынша (шеңберге ойналады) өткізу мақұлданып, хаттама бекітілді.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!