Қайрат ИСХАН: «Қол ту­ма» жүйріктерді көбейт­у керек

4127

Доцент, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, жылқы танушы ғалым Қайрат Исханмен қазіргі кездегі еліміздегі жалқытану саласы, тұқымдық жылқы өсіру және жылқытанушы ғалымдардың еңбектері жайлы сұқбаттасудың сәті түскен болатын.

– Намыс пен тектіліктің, ұлт­тық сана мен сұлулықтың өлше­міне айналған жылқы түлігін тәуелсіз Қазақстанның бренді ретінде сақтауымыз керек дей­ді жыл­қытану­шы ғалым­дар. Сіздің жылқы шаруа­шы­лығын зерттеп, оқулық жазғ­а­ныңызды білеміз, жо­ға­рыдағы ұсынысқа қа­тысты ойыңызды білсек?

– Тегіміз – түркі, тү­лігіміз – жылқы деп өс­кен қазақ үшін жыл­қының орны ерекше. Жылқымінезді қазақ­тың бренді жылқы болуы заңды. Әрине, ол үшін жылқы шаруашылығына мемлекеттік деңгейде қолдау қажет. Жыл­қы­танушылар қатарын көбейту керек. Бүгінгі жылқытанушы ға­лымдар жанына жастарды тартуы тиіс. Біз де бұл салаға осылай кел­генбіз. Бірде «Рахат» асылтұ­қымды жылқы зауытына ака­демик Игор Нечаев іссапармен келді. Зауыттағы асылтұқымды бәйге жылқыларын аса білгір жылқытанушы академикке көрсеттік. Іс-шара аяқталғаннан кейін ат қораларды аралады. Сол кезде шаруашылықта жұмыс істеп жүрген жас мамандарға – бізге: «Бұл жетістікпен тоқтап қалмаңдар, қазақ жылқысын, ат спортын ғылыми жетілдірулерің үшін ғылыммен ұштастырың­дар», – деп кеңес берді. Содан жылқы шаруашылығын зерттеу­мен айналыса бастадым.

«Жылқы шаруашылығы» пә­нінен сабақ берген ұстазым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнар Сә­дуақасқызы мені шақырып алып: «Саған кеңесші болайын, сен мемлекеттік тілде «Ат спорты» ат­ты оқулық жазсаң қалай бола­ды?» – деп ұсыныс жасады. Сол кісінің кеңесінен соң оқулық дүниеге келді. Қазіргі таңда елі­міздің аграрлық саладағы бар­­­лық жоғары оқу орындарының студенттері осы оқулықпен білімін жетілдіріп жатыр.

–Отандық жылқы шаруашы­лығының бүгінгі жетістігі мен кемшілігі туралы не айтасыз?

– Жылқы шаруашылығын зерттеуші ғалымдар отандық жыл­қыларды жетілдіруде қырық­тан аса патенттің иегері атанды. 1998 жылы жабы типті қазақ жылқысын таза тұқымды мал өсіру әдісімен іріктеп жетілдіру нәтижесінде ет-сүт бағытындағы «Мұғалжар» жылқы тұқымы шы­ғарылды. Авторлары: Ю.Бар­мин­цев, И.Нечаев, Н.Кикебаев, С.Рзабаев, А.Жұмағұл, Г.Бегім­бетова және т.б. Сонымен қатар өткен жылдың 21 наурызында қа­зақ жылқы тұқымын сұрып­тауға Қазақ және Ресей елдерінің жылқытанушы ғалымдары бір­ле­с­іп, «Способ отбора казахских ло­шадей жабе для селекционного про­цесса» атты патент алды. Ав­тор­­лары: А.Әкімбеков, Д.Бай­мұ­қанов, Қ.Исхан, Ю.Юл­даш­баев, В.Демин. Қазақ жылқы тұ­қым­да­ры ішінен көптеген за­уыт­тық ата­лық іздер шығарылды. Олар: Құ­лан, Арал, Есполайторы, Ес­по­лайжирен, Амандықторы, Үстірт­көк пен Қайнарбайкөк, Кре­пыш, Гром, Самоцвет, Па­мир, Браслет, Задорно, Хитрец, Лас­ково, Байкал, Меймана, Нео­на, Форт, Зонтик, Зов, Асем, Па­луан­торы, Бау, Бекзат. Бұл – жыл­қы шаруа­шылығының бүгін­гі жетістігі.

Кемшіліктерге тоқталсам, жыл­қы шаруашылығы саласын зерттеп-зерделейтін ғалым аз, жоқ­тың қасы. Қазақстанда тұра­тын халық 18 миллион болса, жыл­қытанушы ғалымдар саны отыз­дан ғана асады, пайызға шақ­қанда нөлге тең. Жылқыны ғы­лыми тұрғыда кешенді баға­лаудан (бонитировка) өткізіп, жылқы тұқымдарының дамуы мен жетілуін бағалап, мемлекет­тік тұқым мал кітабына (МТМК) тіркейтін ғалым мен зоотехник мамандар жетіспейді.

Республикалық деңгейдегі жалғыз «Алматы» ипподромы бар. Оның жекеменшік иелігіне өткені дұрыс болмады. Себебі, ипподром Кеңес Одағы кезінде барлық талапқа сәйкес салынған еді. Аталған ипподромда қол жеткізген ат шабыс нәтижесінің қорытындысы әлемдік деңгейдегі рекордқа сәйкес келеді. Алайда ипподром қанша жыл қараусыз қалды. Республикалық Алматы ипподромы – жылқы мәдение­ті­нің орталығы, қала жұртшылығы демалатын орын, ең бастысы таза текті жылқыларды сы­най­тын, бағалайтын, же­тіл­діретін әлемдік дең­гейге жеткізетін орын. Міне, мұны да мемле­кет­тік тұрғыдан қа­ра­ма­ғаны кемшілік деп ойлаймын.

Отандық жылқы тұқымдарын дамытуға мемлекеттік көмектің төмендігі, мысалы, субсидия (до­тация) басқа мал түлігіне қара­ған­да өте төмен мөлшерде бері­ле­тіндігі қынжылтады. Шетелден әкелінген таза текті жылқы тұ­қым­дарын (ағылшын, араб, ақал­теке) елімізде өсіріп, көбейтіп, дамытып, оларды ұлттық ат спор­ты ойындарына қосып, жетістікке жетіп жатыр. Айтпағым, біздің атбегілеріміз шетелден әкелінген жылқыларды еліміздің табиға­ты­на бейімдеп, халықтық асылдан­дырудан (селекциядан) өткізіп, «қол тума» бәйге жылқыларын шығарып отыр. Олар ұлттық ат спортының бір түрі – бәйгеде үлкен жетіс­тікке, оң нәтижеге қол жеткізіп жатыр. Мысалы, респуб­ликалық 51 шақырымдық «Алтын тұлпар» атты ат бәйгенің екі дүркін же­ңім­пазы Самал да «қол тума» жыл­қы. Міне, осы сияқты «қол ту­ма» жылқыларды дамытуға мем­лекет тарапынан көмек қа­жет. Жалғыз «Құлан» бағдар­ла­ма­сының жылқы шаруашылығын дамытуға септігі тиіп жатыр. Соның арқасында жылқы шаруа­шылықтарындағы жылқы басы артып келеді.

– Жалпы, елімізде қанша жылқы тұқымы кездеседі, соның ішінде қай түрін көбейткен тиімді деп ойлайсыз?

– Дүниежүзінде 250-ге тарта жылқы тұқымы мен тұқымдық топ бар. Қазақстанның кең бай­тақ даласында жылқының жо­ғары өнімді 17 тұқымы өсіріледі. Олардың ішінде республи­ка­мыздың өзінде шығарылған отандық төрт жылқы тұқымы салт мінілетін-жегілетін қостанай және ет-сүт бағытындағы қазақтың жабы, көшім, мұғалжар жылқы тұқымдары өсіріледі.

Өнімді бағытта қазақтың жа­бы, көшім, мұғалжар жылқы­ла­рын көбейткен дұрыс. Ал ат спор­ты бағытында зауыттық тұ­қымдарды – мініс (таза қанды салт міністі, араб, ақалтеке), салт мінілетін-жегілетін қостанай жылқы тұқымы, адай тұқымдық тұрпатын және халық селекциясы арқылы шығып жатқан «қол ту­ма» бәйге жылқыларын көбейт­кен тиімді деп ойлаймын.

– Жастардың жылқытану саласына, атбегілікке қызығушы­лығын арттыру үшін қандай мәсе­лені қолға алған жөн?

– Жылқы шаруашылығы са­ла­ларының негізгі даму ба­ғыт­та­рын, тұқымдары мен типтерін, сырт тұлғасы мен конститу­ция­сын, өнімдерінің негізгі түрлері мен көрсеткіштерін, ұдайы өсіру әдістерін және селекциялық – асылдандыру жұмыстарын, жыл­қыларды өсіру технологиясын, Отанымыз бен шет елдердегі жыл­қы шаруашылығынан алы­натын өнімдерді және тұқым­да­рын насихаттау арқылы жастар­дың қызығушылығын арттыруға бо­лады. Насихаттауды fаcebook, instagram және т.б. әлеуметтік же­лілер арқылы жүргізген тиімдірек.

Қазір «Қазақ атбегілері», «Ат­бе­гілер», «Шығыс атбегілері» және т.б. топтарға WhatsApp желісінен көптеген жас тіркелген. Демек, жастардың жылқыға қы­зығушылығы артып келеді.

– Ұлттық сусынымыз – қы­мыз­ға шетел тарапынан да сұраныс жоғары. Өзіміздің ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жылқы за­уыттарының қауқары жетіп тұр ма?

– Бие сүтінің сапалысы сүтті жылқы тұқымдары өсірілетін гео­графиялық аймаққа, ондағы жайылым жағдайы сияқты фак­торларға байланысты. Енді бір ерекшелігі – биелерді 8 ай саууға болады, сонда бие басынан 1500-2000 литрге дейін сүт алынады. Қазақы жылқы басқа жылқыларға қарағанда, өзіне тән ерекше­лі­гі­мен құнды. Өйткені жылқының бұл тұқымы жыл бойы жайы­лым­да тебіндеп жайылуға бейімделген және ірілігімен, сүттілігімен бағаланады. Биелері тәулігіне орташа есеппен 10-15 литр, ал ең үздіктері құлынының емген сүтімен есептегенде, 21 литрге дейін сүт береді. Демек, ұлттық сусынымыз – қымыздың ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге қауқары жетіп тұр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ. aikyn.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!