Жылқы жайлы қызықты талқылаулар: «Жылқыдағы жеті жоқ»

21423

Адам баласы интелектуалын көтеру үшін түрлі жұмбақтар, сөзжұмбақтар, ойжұмбақтар ойлап табыды. Бұл әсіресе бүгінгідей карантин уақытында, қол бос, істерге іс таппай, ерігіп отырғандарға жақсы ермек.

Елімізде төтенше жағдай жарияланып, адамдардың көбі үйлерінде отыр. Осындайда бұрын да ел аузында жүрген, бірақ көп тарай бермейтін жылқыға қатысты бірнеше ойжұмбақ қызу талқыға түсті. Ендеше біз де өз оқырмандарымызға талқыға түскен қызықты ақпараттарды ұсынып көрейік.

Ең әуелі ел арасында көп тараған мына жазба болды.

kurdelep sauu

Бұл – асау биені «күрделеп сауу» деп аталады. Күрде кей жерлерде «күнде», «күмбе», «күде», «тартпа», «күрмелеп сауу» деп те аталады. Арқанды “күрдебау” немесе “күрде арқан” «күнде жіп», «тартпа арқан» деп атайды.

Көбінде бұрын сауылмаған, жас, қулық биелерді алғаш саууға үйреткенде осылай қамшылар жақ артқы аяғын мойнына берік арқанмен көтере байлап қойып саууды «күрделеп сауу» деп атайды.

Күрде жайлы жылқыға қатысты көнерген сөздерді жинау барысында түсіндірме берген едік. Ал «күнделеу» нұсқасына Жамбыл Жабаевтың «Бата» деген өлеңі жақсы мысал бола алатын секілді.

… Оттың басын шаңдатып,

Біреуі жатсын домалап.

Жылқы бақсын біреуі –

Асауларды күделеп.

Сөз сөйлесін біреуі –

Көп ішінде сүбелеп.

Жақсы лепес – жарты ырыс,

Ескіден қалған мақалды

Соза беріп қайтейін,

Бата аяғы тақалды.

(Жамбыл Жабаев, «Бата»)

Ал осы «күрде» сөзінің түп-төркіні жайлы белгілі журналист Серік Әбікенұлы:

«Екі жыл бұрын күрде сөзінің түп-тамырын қазып көрген едік. Қазақта күрде – ұзын жіп (арқан), Еуропада «корде» – атты шыр айналдырып тұратын ұзын жіп ( мажар тілінен сіңген), әскери ұзын шеп – күрден – кордон (Даль сөздігі), алман тілінде «корде» – ұзын пышақ» – деп түсіндіреді.

bukpe

Мына суретте «бүкпелеп сауу» әдісі қолданылған. Аса шәргез емес, жуастау биелерді осылай бүкпелеу арқылы сауады.

bie sauu1

Бұл – «құрықпен сауу» немесе құрыққа тұрғызу деп аталады. Жуас, қалай қойсаң солай тұра беретін, бірақ құлыны жылжыса бірге жүргектеп тоқтамайтын биені осылай «құрыққа тұрғызады». Жылқы артымнан біреу құрықпен тартып тұр екен деген түйсікпен тұра береді.

Бұдан кейінгі көп талқыға түскен «Өзге малда бар, бірақ жылқы денесінде кездеспейтін 7 жоқты атаңыз» деген ойжұмбақ.

Бұл «жеті жоқ» әлеуметтік желілерде аса белсенділікпен талқыланып жатыр.

Әуелгіде «Жылқыда өт жоқ, құста сүт жоқ» деген мақал есімізге түскен. Алайда осыдан біраз бұрын белгілі жылқытанушы ғалым Қайрат Исхан «Жылқыда өт бар» деген мақала жазып, жылқының өті қай жерінде тұратынын дәлелдеген болатын.

Сонымен санамалап отырып желі қолданушылары «жылқының жеті жоғын» тапты:

1. Құлақ бар – мүйіз жоқ,

2. Қарын бар – ұлтабар жоқ,

3. Бауыр бар – өт жоқ,

4. Шәшә бар – тегеуірін жоқ,

5. Тұяқ бар – аша жоқ,

6. Асық жілік бар – асық жоқ,

7. Шөп жейді – күйіс жоқ (жылқы өзге мал секілді күйіс қайырмайды, керісінше асты құртқарын қортады).

Осы жерде талқылаушылар арасында, «түйеде де мүйіз болмайды ғой», «құлан мен есектің де тұяғында аша жоқ», «жылқыда бір ғана ұлтабар емес, одан бөлек тағы үш қарын (жұмыршақ, мес қарын, жалбыршақ) жоқ», «қазіргі таза қанды жылқының 80 пайызға жуығында шәшә жоқ» деген секілді қарсы уәждер айтылды.

Ал белгілі жылқытанушы ғалым, Қазақ ұлттық аграрлық университеті академик Н.О.Базанова атындағы “Физиология, морфология және биохимия” кафедрасының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Исхан жылқы малындағы «жеті жоқты» былайша талдап көрсетті:

1. Жылқы сүті құрамында казеин белогі жоқ.

2. Жылқыда ұлтабар деген қарны жоқ.

3. Жылқыда өт қалтасы жоқ.

4. Жылқыда мес қарын жоқ.

5. Жылқыда жұмыршық қарын жоқ

6. Жылқыда қатпаршақ қарын жоқ.

7. Жылқы да шөп қорек етеді – бірақ күйіс қайырыратын қабілет жоқ.

Желі қолданушылар арасында бұл пікірге қарсы «бұл жерде жоқтың бәрі қарын болып кетті ғой» деп уәж айтқандар да болды.

Дегенмен жылқыда күйіс жоқ екенін, өт жоғын, ұлтабар болмайтынын бағамдадық.

Осы орайда белгілі этнограф, мәдениеттанушы Досымбек Қатыран «жылқыдағы жеті жоққа» өз ойын қосты. Оның ұсынысындағы «жоқтар» мыналар:

1. Жұқпалы ауру жоқ;

2. Қарын бар – ұлтабар жоқ;

3. Бауыр бар – өт жоқ;

4. Лай, лас су ішу жоқ;

5. Өз төліне шабу жоқ;

6. Тобық бар – асық жоқ;

7. Шөп жейді – күйіс жоқ.

Жалпы «жылқыдағы жеті жоқ» болжалды түрде айтылып отыр. Оның нақты ғылыми негізі жоқ. Алайда үш нұсқада да бірдей кездескен «жоқтар» мыналар:

1. Қарын бар – ұлтабар жоқ;

2. Бауыр бар – өт жоқ;

3. Асық жілік бар – асық жоқ;

4. Шөп жейді – күйіс жоқ.

Ал осыған Досымбек Қатыранның «өз төліне шабу жоқ» деген жылқы малындағы ең керемет қасиетін қосуға болатын секілді. Және Қайрат Исханның «Жылқы сүті құрамында казеин белогі жоқ» деген айрықша «жоғын» қосайық. Себебі, жылқы сүті ана сүтімен тең болатынының бір көрінісі осы. Осымен біздің пайымдауымызша жылқы малында кездесетін «жеті жоқтың» алтауы анықталды. «Жетінші жоқты» патша көңілді оқырманның талқысына қалтырдық. Төменде пікір ретінде жетінші жоқты жазуыңызға болады.

1. Қарын бар – ұлтабар жоқ;

2. Бауыр бар – өт жоқ;

3. Асық жілік бар – асық жоқ;

4. Шөп жейді – күйіс жоқ.

5. Өз төліне шабу жоқ

6. Жылқы сүті құрамында казеин белогі жоқ

7.

Жылқыға қатысты тағы бір жұмбақ әлеуметтік желі қолданушыларының арасында кеңінен талқыланып жүр. Ол:

«Бір қария жол бойында бір жас келіншекпен жолығысып қалады. Қария келіншектен қай ауылдан екенін сұрайды. Қайын атасының атын айтудың ұят екенін білетін келін, әуелі атының жалын сипап, артынша тоқымын қаққан екен» – деген ойжұмбақ. Әлеуметтік желі қолданушылардың көбі бұл жұмбақтың жауабын бірден таппады. Дегенмен, ел іші кеніш дегендей, бұл жұмбақта жасырылған кісі есімі – Жылқайдар екені айтылды.

Құрметті оқырман, жылқы малын қатысты өздеріңіз білетін жұмбақ-жаңылтпаш, мақал-мәтелдеріңізді пікір ретінде жазып қалдыруларыңызға болады.

Erzhan ZhaubaiЕржан Жаубай, argymaq.kz

Басты фото: Дмитрий Ругис

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!