Ерік Рахым. Бір тағаның тарихы

940

(Деректі әңгіме)

Ескі таға жинау дейтін хоббидің қашан және қалай басталғаны есімде жоқ. Кезекті бір саятшылықта түз тағысының қия беттегі соқпағынан тауып алған ескі таға себеп болса керек, сірә.

Таудың тасын «қамырша илеген» бір таға босағада ілініп тұр. Бірақ мен үшін сол тағаның «жол ашар» маңызынан гөрі естелігі қызықтырақ көрінеді…

«Тойдың болғанынан боладысы қызық», пәлен күні аттанамыз деп қол алысқан сәттен бастап дегбірің қашады. «Көк шолақтың» ұңғысын тазалап, қайта-қайта майлап, оғын сайлап, пышақтарды қайрап, саятшылыққа аттанатын күнді асыға күтесің. Ондай кезде уақыт та өтпей қоятыны бар.

Кездескен сайын аңшылыққа ерте кетуді қиылып сұрайтын қалалық досым бұл жолы тағы қолқа салды. Амал жоқ, ертіп алуға тура келді. Оның не атқа міне алмайтынын, не тауда жүре алмайтынын ойлап, уайымдаймын. Еренқабырғаның қия беттері қателікті кешірмейді. Қайтеміз енді, сол баяғы көңілжықпастық.

Екі адам келеміз деп, үш адам келгенімізді көргенде жолбасшымыз Талғаттың қабағы кіржие қалды.

– Ереке-оу, үшеуімізге үш ат дайын. Мынауыңа төртінші атты қайдан табам? Онсыз да көршіден бір атты әзер сұрап алып едім, – дейді қиналып.

– Білмеймін, Тәке. Қонақ қой, бірдеңе ойластыр. Ұят болмасын, – деймін күмілжіп.

Тәкең кештеу үйленген әрі келіншегі де жастау еді. Бейтаныс қонаққа «үйде қал» деп кесіп айтуға батпай тұрғаны байқалып қалды.

– Бопты, бір мәнісі болар. Мал қайырып жүрген жуас қойторыны мінсін. Балалар малды бірер күн есекпен баға тұрар. Торының тағасында мән жоқ. Еті де ояздау еді, мейлі енді, тәлейінен көрер. Мынауың атқа мінетін қазаққа ұқсамайды ғой өзі! – деді де, жақтырмай шырт түкірді.

Erik Raqym1

Барар жеріміз жақын емес. Өзі етегінде тұрған таудан аң атамыз деп ойлаған қалалық «аңшыға» жетер жерді түсіндіруге біраз уақыт кетті. Сол күні жақсылап тынығып алдық та, ертеңіне таң қылаң бере төрт салт атты Хан Тәңірді бетке алып жүріп кеттік.

Қай заманда екені белгісіз, жер сілкінісінен бе, әйтеуір, әлдебір себеппен таудың бір жақ қапталы құлап түскен де, өзеннің арнасын бітеп қалған. Содан ұзындығы шақырымға жуық, ені 500 метр шамасында көл пайда болған. Жерігілікті халық бұл көлді Қаракөл деп атайды. Қаракөл десе, Қаракөл! Жан-жағын жалаң тасты биік таулар қоршаған көлге күн сәулесі көп түспейді. Қап-қара боп сұрланып жататын Қаракөл үрейіңді алып, мысыңды басатындай.

Киіз үйден қозы көш жер ұзағаннан-ақ қалалық қонақ пен қойторының сыры белгілі бола бастады. «Атым к…ді, к…тім атымды жақтырмай келедінің» нақ өзі. Қонағымыз бақшаға орнатқан қарауыл құсап, қалбаң-қалбаң етеді. Оны көрген сайын мінезі шатақ Тәкең не күлерін, не ашуланарын білмей шырт түкіреді де: «Мынауың қып-қызыл масыл ғой, әкеңнің! Осындайларды тауға неге әкелесің?!», – дейді күйініп.

«Масыл қонақтың» кесірінен күн арқан бойы көтерілгенде Сырт жайлауына асатын жалға әзер шықтық. Көздеген жерге жету үшін тағы бір жалдан асуымыз керек. Одан әрі – Қырғыздың жайлауы. Жолдың ең қиын тұсы әлі алда.

Бұл жақтың тауының тасы бөлек, түсі де ерекше келеді. Аттың тұяғы тисе болды, қаракөк қайрақтастар сар-сар ағады.

Ат тұяғы әзер сиятын кер жолмен көтеріле бердік. Біз мінген қоңды аттардың сауырынан тер сорғалап, буы бұрқырап келеді. Бар уайымымыз – қалалық қонақ пен қойторы. Уайымымыз бекер болмапты, жол бастап келе жатқан Тәкең үзеңгіні кере тіктеліп артқа бұрылды да, біршама жер артта келе жатқан қойторыға қарап: «Қап, әкеңнің! Торы алдыңғы аяғынан ақсап келеді. Тағасы түсіп қалған сияқты», – деді.

Шынында да тозған тағаның алты шегесінің бесеуі қайрақ тасқа шыдамай қиылып түсіпті де, тек біреуі ғана ұстап келеді екен. Тағасы бәтеңкенің желімі ажыраған табаны сияқты салақтап қалыпты. Тәкең әбден тас мүжіген тозған тағаны ырғап-ырғап жұлып алды да: «Мә, Ереке, таға жинайтының бар еді ғой», – деп, маған қарай шиыра лақтырды. Қағып алдым да, қоржынға салып қойдым.

Erik Raqym3

Бұдан кейінгі жүрісімізден тіпті мән кетті. Тағасы түскен әрі жілік майы орта қойторы мен тақымы бос қалалық қонақ түгілі, біршама дайындығымыз бар деп жүрген біздің де тебіне-тебіне тақымымыз қажала бастады. Тағы біршама митың жүрістен кейін қойторының тірсегі дір-дір етіп, мүлдем тоқтауға айналды. Енді бір сәтте тағасыз тұяғы жылтыр қайрақтасқа тұрақтамай тайып кетті де, ышқына шыңғырып төмен қарай аға жөнелді. Сәтін салғанда, қалалық қонақтың аяғы үзеңгіден шығып кеткен екен. Таяқ тастам жер атпен бірге ағып барды да, тоқтады. Ал бейшара қойторы сол кеткеннен мол кетті – салдырлай құйылған ақпа тас аяғы аспаннан келе жөңкіп бара жатқан қойторыны көз ұшына дейін апарды да, терең құздан төмен қарай атып жіберді.

Қойторы құлаған терең құздың түбіне жеткенде бесін боп қалған. Жануардың сау-тамтығы қалмапты. Тәкең қынынан өткір кездігін шығарды да, алдымен тартпаны қиды. Сөйтті де әлі жаны шыға қоймаған қойторының тамағын қорқыратып орып жіберді. Біз теріс айналып кеттік…

Ертеңінде бірде мінгесіп, енді бірде жаяу-жалпылап жайлауға түскенше бір-бірімізге ләм-мим деп тіл қатқан жоқпыз. Бәріміздің көз алдымызда – ышқына шыңғырып, құздан құлап бара жатқан қойторы. «Қап, тағасы дұрыс болса қалай болар еді» деймін іштей.

Киіз үйге жеткен соң Тәкең құз түбінде қалған қойторының жүген-ноқтасы мен ертоқымын босағаға лақтырып тастады да: «Болар іс болды, жігіттер! Ең бастысы – бас аман. Құдай сақтасын, қойторымен бірге қонағыңды құз түбіне тастап кетсек, не болар еді?! Әй, қатын, қазан көтер! Жігіттер олжалы келді», – дейді кеңк-кеңк күліп. Әбден сілелеп шаршағанымыз ұмытылып, біз де жадырап сала бердік.

Сол жолы көршісінің жорға жиренін сатып алып, Тәкеңе мінгіздік. «Е, мейлі, келгенде өздерің мінесіңдер ғой», – деді қарасұр жүзіне қан жүгірген мәрт досым.

Әлгі таға әлі сақтаулы тұр. Оны көрген сайын құз түбінде қалған қойторы есіме түседі. Содан бері «Қанжыға – тон сақтайды, тон – жан сақтайды» деген мақалдың мәнін аз-кем өзгертіп, «Таға – ат сақтайды, ат – жан сақтайды» деп айтып жүретін болдым.

Erik RaqymЕрік Рахым, журналист,

Фотолар автордың жеке қорынан алынды

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!