Жабы тұқымының қысқаша тарихы

1004

ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстан жерінде 4,5 миллиондай жылқы болған деседі! Бұл – қазіргі жылқының санымен салыстырғанда жылқы басы ол кездегіден 2 еседей кем екен! Жылқылар үйір-үйір, табын-табын болып бағылып, ұланғайыр алқапты жайлап, өрісті кең пайдаланған болар.

Осыдан мыңдаған жылдар бұрын, қазігі Қазақстан территориясындағы ұлы дала халқы осы күнгі қазақы жылқыға өте ұқсас жылқы баққан. Ондай жылқылар салт мінуге де, етті-сүтті жануар есебінде де пайдаланылған. Бұндай жергілікті жылқылар айтарлықтай өзгеріске түспей, сонау атам заманнан бері сақталып келе жатқандығы ғажап.

Демек, Бұқар жырау бабамыз «Жал-құйрығы қаба деп, Жабыдан айғыр салмаңыз, Жауға мінер ат тумас…» — деген жыр шумағын бізге зерделесін деп қалдырған болар!

Бүгінгі таңда біз осы аталған шумақты қалай пайымдап жүрміз?

Қазіргі жылқы сүйер қауым бұл сөзді тура түсініп, қазақтың жабы жылқы типі нашар деген түсінікті қалыптастырып, көп талқылайды. Тура түсінікті алсақ, жал-құйрығы қаба жылқыдан жауға мініп шабар ат шықпайтын болып тұр! Ал, керісінше заман талабына сәйкес (кәзіргі уақыт) көз қараспен қарасақ бұған жетер жануар жоқ! Себебі:

Жылқының жалқұйрығы қаба дегеніміз – жануардың бойында тестестерон гормоны басым (көп) дегенді білдіреді. Бұл гормон – күш пен қуатты, қайраттылықты, мінезді қалыптастырады, бұлшық етте белоктың түзілуін, жиналуын күшейтіп және денеде майдың жиналуын азайтады, бейорганикалық заттарды қорға жинақталуын күшейтеді, салмақ қостырады.

Жабы типті қазақы жылқы басқа жылқыларға қарағанда өзіне ғана тән табиғи сипатымен артық, олар: жыл бойы жайылымда тебіндеп жайылуға бейімділігімен, қарындағы клечатканы қорыту жүйесімен, өзіне тән ірілігімен, тірілей салмағының жоғары болуымен, үйіріндегі биелердің молдығымен, ұзақ жолға төзімділігімен, үйірдегі құлынды қасқырға бермейтін ержүректігімен, қоңын тұрақты сақтауымен, қазы байлау қасиетімен, өзінен туған байталына шаппауымен, ет шығымының пайыздық есебімен, күй талғамайтындығымен, дене бітімінің тұрпайлығымен, биелерінде бошалау қасиетімен ерекшеленеді.

Жабы жылқысының конституциясы: басы дөрекілеу, жақ сүйектері жақсы жетілген етті, жалпақ бетті, мойын бұлшық еті қысқа, кеудесі кең, терең, орта бойлы, арқасы тік, жоны жалпақ, белі мықты әрі жалпақ, сауыры етті-майлы, аяқтары сүйекті-қысқа, жалқұйрығы қою, ұзын, терісі қалыңтығыз, қылы жуан талшықты, жүн түктері қыс айларында ұзындығы 4-5 см-ге дейін болады, тері астындағы қан тамырларымен аяқтарының сіңірлері де, білінер-білінбес болып бітеді, тұяқтары жұмыр, қатты болады.

Қоңдылығы жоғары жабы типті қазақы жылқының тірілей салмағы 450-530 кг-ға дейін жетеді. Көктемгі және күзгі жайып семірту кезінде тез қоң алғыштығымен ерекшеленеді.

Жабы типті қазақы жылқыны асылдандыру жұмыстары Павлодар (Кереку), Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы, Ақтөбе облыстарында жүйелі жүргізіліп келеді. Асылдандырудың басты бағыты осы жылқыларды тиянақты іріктеу мен жұптастыра отырып, әрбір аймақтың табиғи-климаттық жағдайына байланысты ерекшеленетін өзіндік зауыттық типтерін, аталық іздері мен аналық ұяларын шығару.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары селекционер-ғалым Әмин Әкімбековтің басшылығымен таза тұқым өсіру әдісі арқылы қазақтың жабы типті жылқыларында алғаш рет «Алтай Қарпық Сайдалы-Сарытоқа» жылқы шаруашылығында Браслет 13-74, Задорной 51-76 және Памир 127-78 асыл тұқымды айғырларының аталық іздері және Селеті зауыттық типі қалыптасты (патент № 286, патент № 287, патент № 288, патент № 289) 2013 жыл.

Ал, 2015 жылы селекционер-ғалым Төлеген Асанбаевтың жетекшілігімен қазақтың жабы типті жылқысының асыл тұқымды айғырларының зауыттық аталық іздері «Ақжар-Өндіріс» ЖШС-де Зонтик 140-70 (патент № 566), Зов 113-75 (патент № 567), Асем 151-76 (патент № 565), Зонт 99-04 (патент № ), және қазақтың жабы жылқысының жаңа «Бестау» (патент № 568) зауыттық типі шығарылды.

Павлодар (Кереку) облысының жылқы шаруашылықтарында қазақтың жабы жылқысының «Селеті» және «Бестау» зауыттық тұрпатының негіздері қаланды.

Жоғары өнімді аталық іздер мен зауыттық типтердің орташа тірілей салмағы: тұқымдық-айғырлар – 505 кг, ал биелері – 450 кг. Биелердің құлындауы – 85-90%. 2,5 жасар құнандардың таза ұшасы – 215-220 кг дейін жетеді. Сойыс шығымы – 56-57%. Биелері 105 күнде 1701 литр сүт береді.

Павлодар (Кереку) облысындағы «Алтай Қарпық Сайдалы-Сарытоқа» асыл тұқымды жылқы шаруашылығы жылқыларының негізінде Қарағанды облысында «Сенім», Павлодар облысында «Алтай» және «Ащысай», Алматы обласында «Жақсылық» және «Байсерке-Агро» ЖШС, сонымен қоса Шығыс Қазақстан облысында «Қызылащы», «Сержан» мен «Елім-Ай» асыл тұқымды жылқы шаруашылықтарының жылқылары асылдандырылды. Сонымен бірге басқа да асыл тұқымдық шаруашылықтар қалыптасты. Сол себептен Павлодар облысы қазақтың жабы типті жылқыларының құнды тектік қоры сақталған орталық деуге болады.

Бүгінде Қазақстанда дүниежүзіндегі жылқы тұқымының 20 астам түрі өсіріледі. Еліміздегі барлық жылқының 90% өнімді бағыттағы жылқы. Ал 10% – әр-түрлі, спорт бағытындағы жылқылар.

КСРО ыдыраған соң, оның құрамынан бөлініп шыққан мемлекеттердің экономикалық тоқырау кезеңдерінде біздің елде де жылқы саны күрт азайды. Мысалы: 1998 жылы мөлшермен 800 мың бастай жылқы қалды.

Ал, 2006 жылы еліміздегі жылқы саны – 1219,9 млн болса, 2011 жылы саны – 1641 млн-ға жетті. 2016 жылы– 2,1 млн болса, 2019 жылғы мәлімет бойынша Қазақстан Республикасы Ауыл Шаруашылық Министрлгінде жылқы саны 2,8 млн басқа жеткен, нақтырақ – 2 825 851 бас жылқы. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 300 мың басқа артық.

Қазіргі кезде әлемде ет және ет өнімдері өндірісін арттыру, оның ішінде жылқы етін өндіру – басты бағыттардың бірі болып отыр. Еліміз бойынша 2019 жылы 6,36 тонна жылқы еті экспортталған. Айта кетерлігі елімізден жылқы етін көбірек сатып алған Ресей Федерациясы. Сонымен қатар өткен жылы жылқыны тірідей экспорттау да қолға алынған. Соның нәтижесінде 1020-ға жуық жылқы тірідей шекара асқан. Бұл ақпарат Арғымак.кз порталынан алынды.

Жергілікті қазақ жылқысы 2019 жылы наурыздың 10 жұлдызында Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының атбегілер қоғамы мен жылқы сүйер қауымы бірлесіп ұйымдастырған 130 шақырымдық ұлы аламан бәйгеде топ жарды.

Бәйге 6 сағат 40 минутқа созылды, қосылған аттардың жалпы саны – 33. Мұндай дүбірлі бәйге соңғы ширек ғасырдың ішінде Қазақ елінде тұңғыш рет ұйымдастырылды. Бәйгеде бірінші орынды иеленген жергілікті қазақ жылқысы «Тарпаң» атты тұлпар. Ат иесі Ерболат Тоқсанов. Міне бұлда жергілікті қазақ жылқысының ең үлкен жетістігі деуге болады.

Қазақ елінің жылқы шаруашылығы саласын зертеп, зерделеп Қазақтың жабы типті қазақы жылқыларының жеткен жетістіктері туралы дәйекті дәлелдер төменде берілген:

  1. Акимбеков А.Р. және тағы басқалар Қазақтың жабы типті жылқыларының Памир 127-78 зауыттық аталық ізі (патент № 286 ), 15.04. 2013 жыл.
  2. Акимбеков А.Р. және тағы басқалар. Қазақтың жабы типті жылқыларының Браслет 13-74 зауыттық аталық ізі (патент № 288 ), 15.04. 2013 жыл.
  3. Акимбеков А.Р және тағы басқалар. Қазақтың жабы типті жылқыларының Задорно 51-76 зауыттық аталық ізі (патент № 289 ), 15.04. 2013 жыл.
  4. Акимбеков А.Р. және тағы басқалар. Қазақтың жабы типті жылқыларының Селеті зауыттық типі (патент № 287 ), 15.04. 2013 жыл.
  5. Асанбаев Т.Ш. және тағы басқалар. Қазақтың жабы типті жылқыларының Зонтик 140-70 зауыттық аталық ізі (патент № 566 ), 15.04. 2015 жыл.
  6. Асанбаев Т.Ш. және тағы басқалар. Қазақтың жабы типті жылқыларының Зов 113-75 зауыттық аталық ізі (патент № 567 ), 15.04. 2015 жыл.
  7. Асанбаев Т.Ш. және тағы басқалар. Қазақтың жабы типті жылқыларының Асем 151-76 зауыттық аталық ізі (патент № 565 ), 15.04. 2015 жыл.
  8. Асанбаев Т.Ш. және тағы басқалар. Қазақтың жабы типті жылқыларының Бестау зауыттық типі (патент № 568 ), 15.04. 2015 жыл.
  9. А.Р.Акимбеков., Д.А.Баймуканов., К.Ж.Исхан., Ю.А.Юлдашбаев. «Способ отбора казахских лошадей жабе для селекционного процесса» Патент № RU 2648148 от 21.03.2018 г. © FindPatent.ru — патентный поиск, 2012-2018.

Кең байтақ жерімізде қазақтың текті жылқы басын сақтап, тектік қорды одан әрі дамытуға және көптеп өсіруге атсалысайық жылқы сүйер қауым!

Қазақ ұлттық аграрлық университетің профессоры
Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты,
доцент Қайрат Исхан
Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!