Шабандоз Әйгерім

4676

Тарихымызға көз жүгіртсек, арғымақты ауыздықтаған талай ару болғанына куә боламыз. Тіпті, найза ұстап жауға шаппағанның өзінде, осыдан 150 жылдай бұрын атқа міне алмайтын қазақ болмаған еді ғой. Мейлі, ол қай жыныс өкілі болса да.

«Ақадырлық атбегі Бауыржан Мақышевтің шабандоз қызы бар», – деген әңгімені біраз жыл бұрын естігенмін. «Баукеңмен әңгімелесейін, шабандоз қызын өз көзіммен көрейін» деп Ақадырға арнайы барып қайтқан едім.

Баукең бізді емен-жарқын қарсы алды. Ат қосып жүрген ағаларымыздан бұл кісі жайлы аңызға бергісіз әңгімелерді талай естігенбіз. Үйінің сыртынан өтіп бара жатқан қаймана қазаққа ет асып жіберетін, көңілі түскен адамға тай жетектетіп жіберетін ақкөңіл, ақеділ жан дегенді жиі естігем.

Қазір ақшасы бар жұрт дүниенің қай бөлігінен болсын, таза қанды жылқы әкелетін болды ғой. Бүгін дайын ат сатып әкеліп, ертеңіне бәйге алып «атбегі» атанып жүргендер бар. Біз – жүйрікті құлынынан бастап баптайтын ескі атбегілерміз. Қазір шабандоз табу қиын. Атбегі жігіттердің көбі өз баласын шабандоз қылмайды. Ауылдарда атқа шабуға епті бала азайды. Біреудің баласын жылдар бойы даярлап, атқа мінгізіп, бәйгеге шабуды үйретесің. Келесі жылы әлгі баланы 400-500 мың теңгесін беріп, ала жаздай атына шаптыруға байшікештер сатып алып кетеді. Осыны көрген соң мына кенже қызымды шабандоздыққа баулыдым. Өзі де кішкентай кезінен жылқы десе «желп» ете қалатын еді. Алғашқы сөзі «ат» болды. Ыңғайы болған соң бетінен қақпадым. Әйгерім құралпылас ер балам болғанда атқа мінгізсем де, бәйгеге шаптырмас едім. Немерелерім әлі кішкентай болып тұр. Қызымды атқа шаптырғанымның тағы бір себебі бар. «Сендер ұлдарыңды атқа шаптырмадыңдар, менің қызым шауып жүлде алдым – деп маңайымдағылардың намысын жану – мақсатым, – дейді Бауыржан атбегі.

Әйгерім 9 жасынан бастап атқа шапқан екен. Бірер айдан соң 14 жасқа толады. Өзінің айтуынша, қыз балаға тән деп саналатын үй жұмыстарына қарағанда атқа мініп, жылқы қайырғаны жақсы. Бірақ, тамақ пісіру, ине ұстау деген дүниелерден де құралақан емес. Қазір Әйгерім Бауыржан Ақадыр кентіндегі Әлімхан Ермеков атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы.

Атқа шабу, бәйге болатын кезде ел аралап кету оқуыма еш кедергі келтірмеді. Үздік оқушылардың бірімін. Мектепті алтын медальмен бітірсем деген ойым бар. Болашақта математика пәнінің мұғалімі болғым келеді. Қоғамда мынау ер баланың ісі, мынаны қыз бала ғана жасауы тиіс деген көзқарас бары рас. Бірақ, мен әркім өз қалауын істегенін, жаны сүйген бағытына барғанын дұрыс деп санаймын. Ол үшін саусақ шошайтып күлудің қажеті жоқ. Бұрын қазақтың қыздары жауға да шапқан ғой. Бас-аяғы жиырма шақты бәйгеге шапқан болармын. Соның бес-алтауында бас жүлдеге ие болдым. Қазір артымнан інілерім өсіп келе жатыр. Анам да енді атқа шаппай-ақ қой деп отыр. Биыл көктемде бір қара жарысқа қатысқан болатынмын. Сірә, сол менің шабандоз ретінде қатысқан ең соңғы жарысым шығар, кім білсін… Ат жарыс алдында қобалжу сезімі болады. «Атымның аяғы ақсап қалмаса екен. Бәйгеге ілікпей қалып, әкемнің абыройын түсіріп алмасам екен» деген ой мазалайды, – дейді шабандоз қыз.

Әйгерімнің ат ерттегенін, жылқы қайырғанын сыртынан бақылап тұрып, «Мен қазақ қыздарына қайран қалам…» деп басталатын кезіндегі хит әнді есіме алдым. Жаратушымыз жасындай жарқылдаған қарындасымыздың арман-тілегін орындап, әке-шешесіне, бауырларына ұзақ ғұмыр берсе екен деп тіледім.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін БҚО Орал өңірінде ат жаратып, атбегілігімен танылып келе жатқан Әйгерім Ғұмарова жайлы жазған болатынбыз. Сонымен қатар, елімізге танылып келе жатқан атбегі қыздарымыз жайлы да оқуға болады.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ,

«Орталық Қазақстан» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!