Дәулетхан Әбілқайырұлы. Цэнгэлдің сәйгүліктері

1062

Оспанның ат көсемі – Қызыл көгі,
Белгілі жүйрік жайлы тізім көбі.
Киесі жануардың қонды ма екен?
Елімнен жүйрік тұлпар үзілмеді.

Оспан шал атын айтса аһ ұратын,
Бір таңды әңгімемен атыратын.
Оспанның бапкер даңқын жұртқа жайып,
Көбештің мәшһүр еткен батыр атын.

Әлемнің ат баспаған бар ма төрі?
Бағылған құлынында арда, телі.
Монғолдың даласында бәйге алыпты,
Қазақтың өрен жүйрік Арба кері.

Аруы аттар жайлы шырқап әнін,
Ақыны қалың жазған жыр парағын.
Монғолдар Арбайкер-деп атап кеткен,
Есімін беріп тұтас бір қаланың.

Бақастар бір-біріне қарап асқақ,
Тікпеген бәйгесіне тана, баспақ.
Жүлде алып бәйге сайын тоғыз, тоғыз,
Байытқан Марқабылды қара қасқа ат.

Қызғаныш ойды ластап шатақ іспен,
Шер-уын Құлагердің Ақан ішкен.
Тұлпарға қас жасаған Батыраштан,
Әліде Құлагердің атағы үстем.

Жылқының құлан тектес арғы түбі,
Келіссе құсқа жеткен дәл күтімі.
Елімде неше алуан аттар өткен,
Ұқсаған Арбайкерге бар бітімі.

Даланың қолға үйренген бұл тарпаңы,
Қазақтың жуасытқан құлпы, арқаны.
Жүйрік ат иесіне көз қуаныш,
Азабын атқа шапқан ұл тартады.

Екпіні кей жүйріктің аса қатаң,
Шабады тұяғымен жасап апан.
Баланың үстіндегі тақымы ісіп,
Күлдіреп ойылатын қос алақан.

Жақсы аты – ер жігіттің шын жолдасы,
(Белгілі жарау кезде шыр қонбасы).
Жорғаның көзім көрген көсемі еді,
Кәсеннің қола түстес Сұр жорғасы.

Кім сезер ажал салар ноқта барын,
Қара аты Шәруанның жоқтамағым.
Жануар, күндік жерден қасқыр қуып,
Хатудың талқандаған оппа қарын.

Бетке алып Саржыраның көк қабағын,
Күш бітіп бойындағы тоқтап ағын.
Жеткенде кіші Хату қысаңына,
Бес қасқыр шашып еді соқта қанын.

Жаны-әке – малға деген – жүрегі-ана,
Азайды ат қадірін білер аға.
Мұқаңдай жездеміздің маңдайына,
Ат біткен Күрең қасқа, Күрең ала.

Езуі ащы терден езіп көбік,
Шабатын өз денесін созып, керіп.
Марданның құндыз жүнді Қыл қарасы,
Жүретін жалғыз қара озып келіп.

Туған жер саңлақ туған жер жанаты,
Пай, пай, пай, Баймұраттың Ақ жал аты.
Бапкерге жүйрігі озса сол абырой,
Көңілін көншітпейді арзан ақы.

Тараған Ардатайдың түтіні көп,
Жүйріктің керек бірақ күтіміне еп.
Аты озса сол ауылдың, айтады жұрт;
— Қопаштың жылқысының тұқымы — деп.

Бәйгенің басталарда дода бәсі,
Жел сөзбен гуілдейтін ел арасы.
Асқанның толқын жүріс Торы жорғасы,
Шаң тимес Шаймұраттың Көк аласы.

Талапхан тайпалтқанда Күрең мініп,
Кететін аламанға рең кіріп.
Ерлердің көп бөлігі атбегі еді,
Ат жайлы жазу қиын түгел біліп.

Ат қайда, Рахымның Көк атындай,
Шаң қалған шашасына оратылмай.
Ақбоздың Оспан мінген екпінінен,
Аңыз бар қалды-дейтін оқ атылмай.

Аймақты Цэнгэл аты сан ағалап,
Ақтаған ел үмітін ала қанат.
Тойда озған кішігірім жүйріктер көп,
Таусарсың қайсы бірін санамалап.

Жастық шақ өтті, кетті қызығы – бал,
Есімде түйдек-түйдек үзігі бар.
Өрілген құйрық жалы ат көрінсе,
Ұл түгіл Ақай сынды қызы құмар.

Белгісіз арғы түбі, бергі тегі,
Қажыған тойда бойын сергітеді.
Тебінер жаяу тұрып екі аяғын,
Көрермен көңілге де жел бітеді.

Бірі ұқсап дүрбі тартып нақ мергенге,
Сыншының ойы-жүйрік бапкерден де.
Қазақтың қазақтығын шын танисың,
Көмбені шаңға көміп ат келгенде.

 Дәулетхан Әбілқайырұлы,

Қарағанды облысы Есенгелді ауылы

Ескерту: Автор бұл өлеңнің тақырыбын «Ат жыры» деп атаған екен. Біз оны «Цэнгэл сәйгүліктері» деп өзгерттік. Себебі мұнда аты аталған атбегілер мен жүйріктердің барлығы Моңғолия Республикасы, Баян-Өлгий аймағына қарасты Цэнгэ ауданынан шыққан жүйріктер.

Төменде Цэнгэл ауданынан шығып, Баян-Өлгий аймағы орнаған 1940 жылдан бері әр жылдары аймақта өткен үлкен бәйгеде (Мемлекет тойында) бірінші орын алған жүйріктер мен иелерінің аты берілді.

Баян-Өлгий аймағында Мемлекет тойында озып келген Цэнгэл сұмынының жүйріктері

1941 –Оспанның Қызыл аты (Аққол)

1942 –Оспанның Қызыл аты (Аққол)

1944 – Сақарияның Құласы

1949 – Қопатайдың Қара аты

1970 – Нұрмықтың Құласы

1971 – Қабылезімнің Көгі

1973 – Семинардың Кер аты

1974 – Қабылезімнің Көгі

1975 – Семинардың Кер аты

1976 – Манаптың Алаяқ аты

1977 – Манаптың Алаяқ аты

1979 – Кәрімханның Қаракері

1982 – Айдаубайдың Қаракері

1983 – Айдаубайдың Қаракері

1984 – Хусанның Сары аты

1985 – Айдаубайдың Қаракері

1986 – Мұхаметханның Күрең қасқасы

1990 – Мұхаметханның Күрең қасқасы

1991 – Қадылдың Құла аты

1992 – Асханның Қаракері

1993 – Қадылдың Құла аты

1996 – Самарханның Бурылы

1998 – Самарханның Бурылы

1999 – Тәубәнің Көк аты

2001 – Төлектің Алаяқ аты

2008 – Құсанның Торы аты

2017 – Шынбергеннің Қарасы

2018 – Махамбеттің Құласы

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!