Ел чемпионаты. Шымкент Павлодар құрамасын 15:0-мен ұтты

662

Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен 30 наурыздан бері Тараз қаласы маңында өтіп жатқан Көкпардан Қазақстан чемпионатында Шымкент қаласы құрамасы Павлодар облысы құрамасын ұтты.

Ойын басталғаннан-ақ сайыс тізгінін қолға алған Шымкент жігіттері Павлодар палуандарына бас көтеруге мұрша бермеді. Шаршы алаңның шаңын шығарған оңтүстік жігіттері салым салумен ғана айналысты. Көкпардың қайнарына айналған Шымкенттен шыққан шымыр жігіттер Кереку құрамасының кетеуін кетірді.

Алғашқы айналымда 7:0 болған есеп, екінші айналымда еселене түсті. Есеп – 15:0. Қызғалдақ қаланың қарулы жігіттері дес бермеді.

Бұған дейін Ақтөбе облысы құрамасынан 16:1, Маңғыстау облысы құрамасынан 20:1 есебімен ойсырай жеңілген павлодарлықтар үшін мына жеңіліс те оңай болмады.

Шымкент құрамасы бұған дейін Маңғыстау облысы құрамасына 3:2, Нұр-Сұлтан қаласы құрамасынан 10:2 болып ұтылған. Олар сол олқылықтың орнын толтырып бақты.

Сонымен ойында есеп ашқан Жарылқап Елдар – 3, Омаров Нұрмахан – 3, Алдашып Рахымжан – 2 салым салды. Одан бөлек Байдашев Ерболат, Шанжархан Әлайдар, Молдаберген Нұрсұлтан, Өміртай Бекзат, Болысбек Мейірбек, Тұрлыбай Рәпілбек және Дайырбек Нұрбақыттар бір-бір салымға қол жеткізді.

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!