Өнербай ЖАНБАЛА, атбегі: Жүйрікті бір жылда екіден артық бәйгеге қосуға болмайды
Соңғы жылдары ұлттық спорт түрлері еліміздің барлық аймақтарында даму үстінде. Соның бірі – Атырау өңірі. Бұл облыста өткен жылы жаңадан ұлттық спорт ойындарын дамытуға арналған спорт-мектеп клубы ашылған болатын. Сондай-ақ, келесі жылы аса ірі халықаралық жарыстар өткізуге арналған ипподрам салынғалы жатыр. Осы орайда біз «Атырау» ұлттық спорт-мектеп клубының директоры, танымал атсейіс, сыншы, ұлт спортының жанашары Өнербай Жанбала мырзамен жолығып сұхбаттасқан едік.
-Өнербай мырза, Елордаға хош келіпсіз! Атырау өңірінде тұңғыш ашылған ұлттық спорт клуб-мектебінің басшысы екенсіз, әңгімені осы мектептен бастасақ?
-«Атырау» ұлттық спорт-мектеп клубының ашылғанына көп уақыт өте қойған жоқ, іс бастағанымызға жыл жарымдай уақыт болып қалды. Осы орайда, аталыш ұлттық клубтың ашылуына ұйытқы болған адам қазіргі Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мырза. Яғни, Атырау өңіріне Бақтықожа Салахатдинұлы басшы болып келген кезден бастап, аймақтағы ұлттық ойын, спорт түрлеріне қан жүгірді. Бұған дейін біздің өңірде тұрақты көкпар командасы болмады. Болған күннің өзінде оны ұстап тұратындай қаржы жағы шешілмеген еді. Қазіргі таңда жоғардағы клуб негізінде ұлттық спорт түрлері бір шаңыраққа топтасып, дами бастады.
-Клуб ұлттық спорттың қандай түрлерін дамытуды қолға алуда?
-Қазіргі таңда халқымыздың байырғы спорттық ойындары: бәйге түрлері, көкпар ойыны, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату бойынша жұмыс жасалып жатыр. Ерекшелеп айтар болсам, былтырдан бастап облыстық көкпар командасын құрдық. Биылдан бастап ішкі чемпионаттар мен спартакиадаларға тұрақты қатысып жүрміз.
-Қаржылық мүмкіндіктеріңіз жеткілікті ме?
-Жеткілікті. Жылдық бюджет 80 млн. теңгенің шамасында. Осы қаржыға 12 адамдық көкпар командасын және басқа спорт түрлері бойынша бірлі-екілі адамды тұрақты жалақы беріп жұмыстатудамыз. Бұлардан басқа аламан бәйге, топ бәйге, ұшқыр бәйге сияқты жарыс түрлеріне арналған жылқыларды да клубтан қаржы бөліп баптап-бағу жағы қолға алынуда.
-Өзіңіз осы ұлтық спортпен қашаннан бері айналысып жүрсіз?
-Менің мамандығым адам дәрігері. Ұзақ жыл денсаулық саласында еңбек еттім. Қазір еңбек демалысындамын. Менің түсінігім бойынша: ұлт толыққанды ұлт болуы үшін оның тілі, діні, дәстүрі сияқты ұлттық спорттық ойындары да болуы қажет. Ол жай қағаз бетінде қалып қоймауы керек. Заманға сай дамуы тиіс. Осы қажеттілікті ұғынғандықтан болар 90-шы жылдардың аяғы, 2000-шы жылдың басында облыстық ұлттық ойын-спорт түрлері қауымдастығы құрылды. Осыған мен төраға болдым. Бір дүркін көкпарды дамытуға көңіл бөліп, арнайы жаттықтырушы алдырып, команда да құрып көрдім. Бұл жұмыс қаржы-қаражатқа тіреліп аяғына жетпеді. Бірақ осы көкпармен бірге құсбегілікті қоса қолға алып едік, одан нәтиже шықты. Оған дәлел: атыраулық ағайынды құсбегілер Арман және Әбдікәрім Қошқаровтар. Арман Қошқаров 2013 жылы Астанада өткен дүниежүзілік құсбегілер фестивалында бірінші орын алса, Әбдікәрім бауырымыз ішкі біріншіліктерде топ жарып жүр.
-Сөзіңізді бөлейін өзіңіз жүйрік баптайсыз ба?
-Баптаймын.
-Қалай баптайсыз?
-Қандай бәйге болады соған байланысты баптаймын. Мысалы, аламан бәйгенің атын баптау, орта қашықтағы топ бәйге атын баптау, ұшқыр шаппа-шап аттарды баптау, сол сияқты, жорға баптау бар… қолдан келгеннің бәрін жасаймын.
-Бәйге алған кездеріңіз көп болды ма?
-Бұйырған бәйгені алып жүрдім. Бірақ үнемі бай бәйгені алдым десем өтірік болар. Облыстық ат бәйгелерінде жүлдесіз қалып көрмедім, ал, респуликалық жарыстарда бір-екі дүркін жүйріктерім топ жарды.
-Ат баптау ісі қиын ба?
-Ат баптау оңай шаруа емес. Білсең баптайсың, білмесең еңбегің зая. Бастысы ісіңе деген ынта-ықылас болуы керек. Бәйге қай өңірде, қашан болады соны ескеру керек. Айталық, Жетісудің жері шымды, ауасы ылғалды болып келеді. Ал, біздің жақтың жері қағыр-қатты, ауарайы кебір-ыстық осының бәрін ескеріп-еліп ат баптайсыз. Шын мәнінде ат баптау деген үлкен өнер.
-Сіз үшін жүйрік жылқының басты шарты не?
-Мен үшін жүйрік жылқының басты шарты қаны, яғни, тек-тұқымы. Тазақанды жылқы ма, қазақы жабы тұқым ба немесе аралық будан ба бәрінен жүйрік шығады. Ол үшін оның енесі немесе айғыр жағынан жүйрік тұқымы болғаны дұрыс. Жылқы да адам сияқты қан, тек қуалайды.
-Өнеке, естіп жатқан боларсыздар, қыркүйек айының басында Астана қаласы маңында «Алтын тұлпар» атты аламан бәйге болайын деп жатыр. Осыған қосар жүйрігіңіз бар ба?
-А… 51 шақырымдық аламан бәйгені айтып отырсыз ғой… Бұл қашықтыққа көресіз аттың аты шабады. Біз бұрын 25, әрі кетсе 31 шақырымға ат қосып жүрдік. Бұрынғы аталарымыз 50, тіпті 60-70 шақырымға ат шаптырған дейді. Демек, жоғарғыдай қашықтыққа қазақы жүйріктер болмаса, ағылшын, арба жылқылары шыдай алмайды. Сол себепті де бұл аламанның маңызы: шабысқа шыдамды, елдің бір түкпірінде тығылып жатқан байырғы қазақы жүйріктерді жарыққа шығару болар деп ойлаймын…
-51 шақырымға тазақанды жылқылар неге шаба алмайды?
-Біріншіден, тазақанды тұқымдар өте нәзік болады. Сіңірі, сүйегі ауыр шабысқа төтеп бере алмайды. Екіншіден, тазақанды жылқы табиғи түрде де, психологиялық жағынан 51 шақырымға дайын емес. Бұлар өзі шабуға тиіс қашықтықтан асқан соң әуелі психологиясы құриды, одан кейін сіңірі созылады да, аяғы сыр береді. Өйткені, тоқтамды қашықтыққа сәйкестендірілген физологиясы бұзылады. Ал, қазақы жылқының гендік жадысында аламан шабыс бар. Сол себепті ол шыдайды және шабады, ешқашан аяғын (сіңірі созылмайды) бермейді. Одан кейін жоғарыда өтетін аламан бәйге барысында ат бапкерлерінің де білімі, білігі, қабілеті сынға түсетін шығар деп топшылаймын. Егерде осы бәйгені үзіп алмай жалғастыра берсек, болашақта қазақы тек-тұқымның жүйріктері мен қазақы ат баптау өнерін жаңғыртатын керемет дүние болар еді.
–Айтпақшы Өнеке, ат бапкері деген бар, сол сияқты ат сыншысы дегенді де естіп жүрміз. Осы екеуі бір адам ба?
-Екеуі екі бөлек адам. Сыншы бөлек, бапкер бөлек. Бұл өзі бірін-бірі толықтырып тұратын екі үлкен мектеп.
-Ым… осы ұғымды арықарай ашалап түсіндіре отырсаңыз?
-Сыншы жылқыны сынайды. Мысалы, құлағы қандай, көзі нендей деген сияқты. Сол тәрізді жылқының танауы, ерні, жалы, белі, сауыры, жаясы, аяғы, қарны, кеудесі, тұяғы, құйрығы т.б. барлық мүшесі сыналады.
– Сіз жүйрікті қалай сынайсыз?
– Мен алдымен жылқының көзінің үстіндегі шұңқыр ойыққа қараймын. Ойық терең болса бұл жақсы жылқы. Құлағы мен ерні бір қарағанда ұқсас салпы болғаны тиімді. Кеудесі кең, аяғы жуан, бақайы қысқа, тұяғы құйма, шегелігі мұқыл, белі қысқа болса жақсы. Сауыры кең әрі жалпақ, артынан қарағанда екі бұтының арасынан ел көшкендей талтақ болуын қалаймын. Құйрығы шалқұйрық болса, оның шемірсек сүйегі қысқа бітсе, тірсегі ботатірсек болса бұл негізінен жүйрік жылқы.
-Түсінікті. Жоғарыда сіз айтқан сын-сипаттар бойында бар жылқы жүйрік бола ма?
-Жоғарыдағы сын-сипат бір жылқының бойынан табыла қоюы неғайбыл. Осының 60 пайыз болғанда қалғанын ат баптайтын адам өзі толықтырып баптайды. Ат баптау деген өз алдына бір өнер. Бапкерлер жылқыны жасына, жынысына, күйіне байланысты баптайды. Қатып қалған шаблон жоқ. Ал, менің тәсілім бойынша, әуелі жүйріктің жілік майын толтыру керек. Жазда жарыстыратын атты күзде толық семірткен дұрыс. Қыста үзбей әрі қинамай мініп-түскен жөн. Оның өзінің жеке оқу-тоқуы бар. Беретін жем-шөбін сәйкестендіру керек. Негізі жылқының бабы қыста. Жүйріктің бабы жылында дегеніміз осы. Өйткені, күзде қатты семірген жүйріктің майын қыс бойы баптап мініп, қара етке айналдырған дұрыс. Екінші өте-мөте есте болатын дүние жүйріктің сіңірін қатайту. Қазіргі таңда барлық жүйрік осы сіңір жетілмеуінен аяқтан қалып жатыр. Сіңірді қатайтудың жолы жүйрікті бабымен көп жүргізу арқылы іске асады. Бүгінгі таңда ат баптаушылардың ең үлкен қателігі жүйрікті физологиялық тұрғыдан жақсы баптайды. Яғни, етін қатырады, ішін тарттырады, өкпесін кеңейтеді, терін дұрыс алады, бірақ сіңіріне мән бермейді. Қысқасы, жетілмеген, қатаймаған сіңір бабы қанған жылқының шабыс қуатын көтере алмай жылқы аяқтан кетеді.
-Бұны ат бапкерлері білмей ме, әлде…
-Бапкерлер біледі. Бірақ аттың иесі білмейді. Бір рет бірінші келіп джип әперген жүйрікті, дүние үшін қайта бір жарысқа қосады да, аяғын кеттіріп тынады. Жүйрікті бір жылда екіден артық бәйгеге қосуға болмайды. Бізде көп жағдайда жүйріктің сыртқы бабына қарап, «көзі жайнап тұр», «еті қатайды» деген сияқты өлшемдерге сүйеніп жарыстыра береді. Бірақ жүйріктің іші не боп жатыр. Қартасы түйілген жоқ па, өкпесі таза ма т.б. жайды ескермегендіктен жүйріктер құрып жатыр.
Әңгімелескен Бекен Қайратұлы, ulttyqsport.kz
(Түпнұсқадағы тақырып өзгертілді)