Берік ЖҮСІПОВ. Сары аттың хикаясы
Бұл әңгіменің желісін әкем Мырзалыдан естіген едім. Жүсіп деген атамыз сауықшыл адам болыпты. Атадан тоғыз екен. Молда Оңайқызы Зейнеп шешемізден туған Сақан, Молдағазы, Алтынғазы деген ағалары ерте дүние салыпты. Рәйлә мен Нәзира қарындастары да қыршын, Әмірәлі тұқымсыз, соғысқа кетіп жоқ болған. Өзінен басқа інісі Иманәлі мен қарындасы Зәбира өсіп-өніп, ақар-шақар ел болыпты.
Жүкең жалғыз жүруді, жеке отырып, тамақ ішуді білмейтін көпшіл адам екен. Қасында серікке ерткен оншақты шал-шауқаны жүреді. Арғы жағы Беларан, Шалқар, Құланды жоны, одан асып, Ақтөбе, Ор жағының ас пен тойын адақтайды.
Иманәлі молда болған. Пірадар, сопы Жақып әкесінің жолын осы баласы ұстаған. Сол Иманәлі інісінің қолында Жақыптың «Сары аты» деген атақты жүйрік болған. Баянұлы Едігенің Көк арғымағынан туған Қалмағамбеттің Ақжал атының тұқымы екен. Бір жылы Жүсекең қыдырып келсе, ауыл арасына мініп, Сары атты әбден болдыртып тастапты. «Шырағым-ау, бұл не қылғаның, жануарға азар бергенің» деп інісіне кейіп, ақыры ай-шайға қаратпай, Сары атты сатып алыпты. Сөйтіп, ақысына боталы інген берген күлігін өзі баптап, Ақбасты мен Көкаралдың ас пен тойына, ар жағы Шалқар мен Ақтөбенің дүбірлі думандарында бәйгеге қосып, Сары атты оздырып, қызығын көріп жүре беріпті. Әкем Мырзалының 5–6 жасар кезі екен. Ал Орынбасар көкесі он бір-он екіде болса керек. Шалқар жағындағы қалың тілеу мен қабақта ірі ас болады. Оларды Қыр шектісі дейді, біз болса да Сыр шектісі. Бір рулы елдің әдеті емес пе, қатар отырып, бір-бірімен шаптүртті болатын.
Әлқисса, тілеу мен қабақтың ортасында озып, жүлде алып жүрген Ақтабан деген тұлпар бар. Жүсіп атам Ақтабан мен Сары аттың бір жиында бағын сынаса деп жүреді. Не керек, соның реті әйтеуір бір келіпті. «Әлгі жиынға Сары атты екі ай бұрын жаратты, соны көзім көрді» деп отыратын, әкем марқұм. Ал енді ат жарату үшін көзіқарақты сейіс керек. Әуелі атты түнекке салып бағып, семіртеді. Содан соң терін үгеді. Оған бірталай уақыт кетеді. Ауыл арасының сейісіне көңілі жатпайды. Анау-мынау емес, үлкен ас. Оның үстіне, бір рулы елдің абыройына шауып жүрген ат. Жан-жақтан адам іздеп көреді. Содан «Шалқар жағында, Құландыда бір бала бар екен» дегенді есітеді. Әкесі дүние салып кетіпті, өзі әкеден үйренген үлгісі бар, сейіс екен. Сол баланы алдыру керек деп ауыл ақсақалдары пәтуа қылады.
Ол уақытта жан-жақтың бәрі шалқыған теңіз. Моторлы қайықпен барып, жаңағы бозбаланы алып келіп, ақысын беретін болып келісіп, қарауына Сары атты табыстапты. Сонда жас сейіс «Ақсақалдар, маған сырттан жер бересіңдер. Біріншіден, ол жерде мал жайылмасын. Екіншіден, ат жаратқан жерге ауылдағы үрген иттің даусы жетпесін, қатын-қалаштың қазан қырғаны естілмесін. Үшіншіден, қасыма екі бала бересіңдер» деп шарт қояды да, менің әкем мен Орынбасар көкемізді ертіп, Сары атты алып кетеді. Әңгіменің қысқасы, далада ай жатады. Оңашада атпен сырласып сөйлеседі, күндіз-түні күтеді. «Біздің бар білетініміз тек аттың қасындамыз. Мініп кел, айналып қайт, шауып орал дейді. Айтқанын қалт етпейміз». Бір айдан кейін «Ат жарады, кемеліне келді, болды» деді. Енді төрт аяғында болса, бұл ат шабады. Ет пен терінің ортасында ештеңе қалған жоқ, бәрін босаттым» депті.
Ақбасты. Қалың ағайын, жұмыла жұрт. Жүсіп әкем, «Иә, сәт!» деп күлігінің қасында тұр. «Ал енді мен бұл атты қалай жараттым, сендерге соны көрсетейін» деп, жігіт ортаға Сары атты шығарады. Сары ат екі құлағы салбырап, сүдіні қашып, жынынан айрылған бақсы сияқты, сүмірейіп қалыпты. Атты айналып, қолымен сипап, сауырының терісін бір бұрап, екі бұрап қайтадан қолын көтеріп алғанда, бұралған сауыр жиырылған қалпында тұрып қалды. «Міне, ағайын, еттен тері ажырады» депті бала сейіс. Сөйтеді де, екі сауырдың тұсынан қос қолдап жұдырықпен ұрып-ұрып жіберген кезде, Сары ат екі құлағын кезек қайшылайды. Өстіп-өстіп бірнеше қайталап, қалай жаратқанын көрсетіп жатты. «Тек мына ертоқым салатын шоқтықтың тұсынан алақандай жерді ала алмадым» депті. Онысының себебін әкем айтатын. Иманәлі әкеміз серілік жасап жүрген уақытта жануарды ыссылы-суықты етіп мініп, аттың арқасы кеткен екен ғой.
Ат әбден бабына келіп, жарады. Енді күзету керек. Күндіз жем-суын беріп, байлап, кешке бос қойып, түнімен сейістің өзі күзетіпті. Күзетудің мәнісі, бәйгеге шабар алдында озатын ат, өзіне сенген жүйрік алаңы жоқ, сыриып, төрт аяқты көсіп жіберіп, бейқам ұйықтайды екен. Сондай сәтте шын сейістер аттың ұйқысын бақылайды. Жараған атты сейістің өзі күзетудің мәнісі осы. Құдай жар болса, аламан бәйгенің алдында аттың ұйқысы тыныш. Ал енді сүрінетіндей жағдайда ат шошиды, пысқырынады, иә аяғын жинап алып, әйтеуір бір белгі береді. Сары ат таң атқанша бейқам ұйықтап шығыпты.
Содан сейіс баланың сый-сияпатын жасап, еліне қайтарыпты. Енді тек Шалқарға жету керек. Сары ат бір рулы елдің ортасында озып, бәйге алып жүрген сәйгүлік. Енді, міне, Шалқарға – Ақтабанның еліне бәйгеге түсуге бара жатыр. Жүсіп атамыз әдетімен оншақты шалды ерте шығып, ауыл-елді аралап, қонақасыға бұйырған жылы-жұмсағын жеп, жүрген жерінде әңгімесін айтып келе жатыр. Астың басталуына бір жетідей уақыт қалды. Атқа шабатын бала Төлеген әкеміздің кенжесі. «Туыпты ақ Сазаннан Орынбасар, / Тапсырдым мен Жүсіпке балам нашар» деп, бір күн, бір түн жыр айтып, таң сәрісінде үзілетін шайыр ағасының баласы. Орынбасар көкемізді «Аға баласы, жетім» деп қайда барса да «Орынбасаржан, мына құйрықтан асап жібер, майсөкті аузыңа сала ғой» деп Жүкең шал әбден жылы-жұмсақтың астына алыпты.
Ат шабатын күні баланы құлқын сәріден ерте тұрғызады да, үстіне күпі кигізеді. Күпінің сыртынан кендір арқанмен шандып байлап, атқа отырғызады. Арыны қатты бәйге атының шабандоз баланы соғып тастамау үшін жасалатын ескі әдіс қой. Сары аттың тұрқы биік, бірақ басы жұмсақ. Алдынан шеңгел мен арық кездессе де қарғып өте береді. Сонымен, Орекеңді шандып байлап, «Иә, сәт!» деп жолға түсіріп жібереді.
Бәйге – қан қыздыратын мерекенің бірі. Намыс та, аруақ шақыру да, төбелес те, бәрі сонда. Атты қосуын қосып алып, шалдар құмалақты шашып жіберіп, «Алдында келе жатыр!» деп жерден қанасы қарыс көтеріліп отырады. Бір уақытта «Жалғыз қазыққа байланды» деп зарланады. Сол кезде марқұм, Жүсіп атам шыдай алмай, көзі жасаурап, қайта-қайта құмалақ салдыра беріпті.
Шалдардың көріпкелі мықты ғой, «Алдынан бір ат өтті» деп құмалақпен бәйге даласындағы жағдайды болжап отырыпты. Ол уақытта қазіргідей шеңбер айналып шабу жоқ. «Шу» дегеннен көз көрмеске кетеді. «Алдынан бір ат өтті, екі ат өтті». Бір уақытта құмалақшы «Жалғыз қазықтан босады» дейді. Сөйтсе не болған деңіз? Әуелде Сары ат ізіне қара ілестірмей, көз көрмеске ұзап кетеді. Қабақтың Ақтабаны да шаңын көрмей қалады. Бірталай жерге барғанда, кешегі жеген сөк пен май баланың тоғын шайқайды. Негізі баланы әуелден-ақ атпен бірге жарату керек екен ғой. Олай болмаған, қайта тамақпен мелдектетіпті. Содан Орынбасар көкеміз едәуір ұзап, біраз жер қара үзіп кеттім-ау дегенде, терге шомып келе жатқан атты қаңтарып тастап, балтырдан бастап шандыған арқанды шешеді. Екіленіп келе жатқан аттың тізгіні ердің басында қаңтарулы қалады. Бала түгел шешініп, күпіні тастайды да, әр бұтаның түбіне бір мықшияды.
…Болдым дегенде бір ат өтеді. Жаңағы желаяқ Ақтабан екен. Артынан ат жеткен соң, бала күпісін қайта киіп, арқанды орап, енді мінейін десе, жануар ұршығынан айналып, үзеңгіге аяқ салдырмайды. Дүбірге қызып тұрған еңгезердей биік ат. Жармасып, өлдім-талдым деп жүріп, әйтеуір ерге қоныпты. Шауып келе жатқан атты қаңтаруға болмайды екен. Тоқтаған жағдайда да, ауыздығын алып жіберсең, жердегі көктен бір-екі жұлып талмаса, терін үгіп, ары қарай алып кете береді. Ал мұны қаңтарып тастаған соң тері қатып қалған. Қайтадан аяғын үзеңгіге іліп, дүбірге қосыламын дегенше, алдынан екі ат өтіпті. Сары ат намыстанып, біреуінің шоқтығына аузын салып, оңдырмай жұлып алыпты. Келесі кезекте алдындағы Ақтабанның сауырына да ауызды салып, одан да бір жұлып қалыпты. Сөйтіп, үшінші болып келіпті.
Әлгі астан кейін Сары аттың бағы қайтыпты. Бәйгеде озып жүрген жүлделі жүйрікті өзінің сыбағасын алып болғаннан кейін топқа көп сала беру жақсы ырымға жатпайды екен. Жүсіп әкем Сары атты Ақтабаннан оздырамын деп жүргенде, сөйтіп, жануардың бағы байланыпты. Содан кейін қай бәйгеге баптап салса да, кейін келе береді. Ақыры Сары атты бәйгеге қосуды қойыпты.
Сары атын серік етіп Шалқар мен Көкаралдың арасында жолаушылап, көп жүреді екен. Бір күні сондай сапардан келе жатқанында, Жүсекеңді қарақшылар қамап, өзін байлап тастап, астындағы атын тартып алыпты. Түн ортасында байлаудан босап шығып, жақын маңдағы бір ауылға барып, адам алып келемін дегенше, Сары аттың сүйегі мен терісі ғана қалыпты. Түнде атты сойып алып, етін жарым-жартылай асып жеп, қалғанын артып кетіпті. Ізінен қуып жетіп, ұрыс салғанда, әлгілердің біреуі майып болған. «Сөйтіп, ауылға Сары аттың ноқтасы мен жүгенін алып қайттым» деп отырады екен ғой, жарықтық, сәйгүлігі есіне түскенде көңілі босап.
Жүсіп деген әкеміз сондай болған.
Өмірінің ақырғы кезінде Ақтөбе өңірінде тұрды. Қазір кіші кемпірі Балауса әжем екеуінің қабірі Шалқарда. Атамыз Шалқар мен Горький совхозының арасын даңғыл жол еткен. Ел ақсақалдары айтады, «Жүсіп көшемін деп дайындалып, жүгін машинаға тиеп қойып, шалдарды жинап, баталасып, әңгімесін айтып, «Сәтін салса таң ата жүремін» деп, сайрап отырған. Қонақасысын жеп кеткен шалдарға түннің бір уағында «Жүсіп қиналып жатыр» деген хабар жетеді. «Сегізкөзімнен шыпшып мұздай тер шығып жатыр. Байқаймын, менің тұз-дәмім таусылған сияқты» дейді. «Жүке, олай демеңіз» деген кемпіріне «Әй, сен мені кешір, енді кешірілмейтін не қалды?!» деп, молдаға иманын үйіртіп, тілін калимаға келтіріп, жүріп кете беріпті, жарықтық, әңгімесін айтып, сайрап жатып.
Алла тағала алдынан жарылқағай!
[…] Құрметті оқырман, бұл Сары ат жайлы хикаяны бұған дейін Берік Жүсіптің өзінің жазуымен де ұсыған болатынбыз. […]