Тарпаңдарды тақымында тулатқан Тәттімбет

10449

Үржар ауылының қақ ортасында аяғына саптама етік, басына пұшпақ тымақ киген еңсегей бойлы қазақ көзіме оттай басылды. «Дәу де болса, өткенде Астанада шу асаулардың арынын басқан Тәттімбет Кәпұлы ағамыз осы болар» деп, көлігіне мініп кеткелі жатқан жерінде барып сәлем бердім. Дәл өзі екен. Осылайша, «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деп, жүздесуді іштей армандап жүрген ағамызбен күтпеген жерден кездестік. Бүркітшілер сайысының қат-қабат шаруаларымен шапқылап, асығып жүр екен. «Бір-екі сағаттан кейін кездесіп, кеңірек отырып сөйлесейік, бауырым» деді де, көлігіне мініп жүріп кетті. Айтқанындай, саптама етігін сартылдата басып екі сағаттан кейін қасымыздан табылды. 


Бір жылда 48 тай үйреттім

Тарпаңдарды тырп еткізбейтін Тәттімбет


Әңгімешіл екені бірден байқалды. Жылқы жайындағы тақырыпқа ойыспас бұрын, әуелі сонау Моңғолия жерінде, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Баянөлгей аймағында өткен балалық бұла күндерін сағына еске алды. 
-Аттың жалында, түйенің қомында өскен қазақпыз ғой. Жайлауға шыққанда, жайлаудан етекке түскенде түйенің үстінде кебежеде отыратынбыз. Жуас түйенің қос қапталына төрт-бестен кішкентай балаларды отырғызып қояды. Қандай ғажап, мамыражай заман еді! Жайлауға шығып бара жатқанда алдыңнан бір үй кездессе, сол үйдің адамдары айранын алып шығатын. Қазақтың көші қандай! Жүктің ең үстін сарыала сырмақтармен басып, сән-салтанатпен көшетін еді қазақ ол кезде. Қазақтың байлығы ғой, бұл — сырмақ. Ол уақта қазіргідей қалы кілемдер жоқ. 
Жылқы баласына қаршадай күнімізден үйір болдық. Әкем жүйрік ұстайды. Бір-бір сайдың басында бір-екі шалдан жатады. Өздері солай бөлініп алған. Құр жатпайды, аттарды сынайды. Алты-жеті жастағы кезім. Түйе жүнінен тоқылған күпі ішігім, басымда сеңсең елтірі тымағым бар. Қойныма қарма нан тығып береді. «Суды даладан тауып ішесің. Әкеңнен қалма» дейді апам жарықтық. Содан шалдың көзіне түспей, білдірмей соңынан еріп отырамын. Қараңғы түсіп, шәйнекке мосы ілініп, шай енді қайнады-ау деген кезде сап етіп шыға келемін. «Ой, әлгі жындың кепті» дейді әкемнің жанындағылар. Күн — қараңғы, қайта қуып жіберетін емес. «Бері кел» дейді еріксіз. «Қалдырып кетіп едім үйге. Сайтандай боп сапиып қай уақта келіп алған?!» деп әкем бір ұрсып алады. Өстіп жүріп өстік қой. Шалдардың әңгімесін құлаққа құйып ержеттік. Қазақилық, атқұмарлық сол әкемізден бері қарай жалғасып келе жатыр ғой, — деп бастады әңгімесін Тәттімбет Кәпұлы. 
Әкесінен бір елі қалмайтын тентек ұлдың атқа деген құмарлығы, асау үйретуге деген құштарлығы әуелде қозы-лаққа шалма тастаудан басталыпты. 
-Басқаны білмеймін, жылқыны өзім ерекше жақсы көремін. Әкем жарықтық та жылқы десе, ішкен асын жерге қоятын. Бір жылқы кетіп бара жатса, әй, алдындағы тамағын да ішпейтін. Сондай атқұмар адам болды. Апам Сарлықтың, біз Қодас дейміз ғой, соның қылынан шалма арқан есіп береді. Әуелі қозы-лаққа шалма тастап үйрендік. Одан ауылда бұзау тоқтатпайтын болдық. Қолымыз содан машықтанды ғой. Сөйтіп, біртіндеп жылқыға көштік. Алтыншыны бітіріп, жетіншіге баратын жылы бір жазда 48 тай үйреттім. Ала жаздай биебаудың басында таймен арпалыстым. Күніне бір тай үйретем. Күзде сабаққа барғанда ұстазымыз: «Жазда не істедің?» деп сұрағанында: «48 тай үйреттім» деп жазғаным есімде. 
Құрық тимеген асауды құлақтан басу — жігіттің жігітінің ғана қолынан келетін дүние. Өзім сүйтіп ойлаймын. Былтыр Астанада асау үйретуден өткен республикалық турнирде Қорғалжыңнан әкелінген ылғи қазақы, жүген-құрық тимеген, мініс көрмеген жылқыларды үйреттік. Жұрттың бәрі «Мыналар неге кішкентай?» деп сұрайды. Тазақанды жылқы мөңкуші ме еді?! Не нәрсе шықса да, сол кішкентайлардан шықпай па? «Жаман айғыр жатырына шабар» деген сөзді қазақ бекер айтпаса керек. Тай шықты, болды, ұрғашысы болсын, еркегі болсын, сауырлап, үйірден қуып шығады қазақтың айғыры. Тазақанды жылқыларда ондай болмайды екен. Оған көзім жетті. Өз баласына да шаба береді. Сондықтан Абай атамның «Адамнан есті жануар» деген сөзі тектілігін жоғалтпаған қазақы жылқыларға қарата айтылса керек, — деді де:
Елік бас, теріс езу, елең құлақ,
Өр кеуде, бөкен танау, құлан сирақ.
Тік бақай, қысқа біткен берік белді,
Тұяғы керқұланға бітер тұяқ.

Құс топшы, барыс сүбе, жылан бауыр,
Бота көз, күдір жота, биік сауыр.
Кең құрсақ, жібек сіңір, сілбісі кең,
Аршын төс, бүркіт қабақ, мінезі ауыр.

Жез бақай, тесік өкпе, алма мойын,
Кең сағақты, серке сан, желкесі ойдым. 
Білеуленіп бұлшық ет бөлек біткен,
Арасы алшақ жатыр қалғабайдың.

Тар мықынды, тартық жон, талтақ бұтты,
Жарағаны сүмбідей сұлу сыртты.
Шашалығы сіңірлі, тік тілерсек,
Мыңнан біреу шығады мұндай жылқы, — деп өлеңдете жөнелді. Мұның соңын ала тағы бір-екі шумақ оқыды. Әкесі Кәп Құмарұлының жазған өлеңі екен. 

Тарпаңдарды тырп еткізбейтін Тәттімбет


Тәттімбет Кәпұлын былтыр Астанада тұңғыш рет өткен республикалық ат үйрету турниріндегі суреттерінен көргенбіз. Жүген-құрық тимеген, бас білмейтін тарпаңдарды құлағынан басып тұқыртып, тырп еткізбеген жігіт ағасының қажыр-қайратына қайран қалғанбыз. Бір қызығы, сол сайыста өзі де асауларды үйретуге ықылас танытып, ұйымдастырушыларға емеурін білдіріпті. «Інім Дәулеткерей мен Рамазан Сәттібаев екеуі: «Ей, Тәттімбет, жасың болса 45-ке келді. Ұят қой мынауың» деген соң райымнан қайттым. Әйтпесе қорқып тұрған мен жоқ. Әмбе әлгілер тақымға да толмайды екен» дейді 46 жасқа келсе де, қайраты қайтпаған ағамыз миығынан күліп. 
Шу асауларды жүген-құрықсыз, ер-тұрмансыз үйреткен сайысқа Моңғолиядан да жігіттер келіпті. Моңғолияның ішкі өлкесіне, Ұланбатырға барып, үнемі асау үйретіп, чемпион болып жүрген қазақ жігіті Астанада да сол биіктен көрініпті. Мұндай сайыс елімізде алғаш рет ұйымдастырылса, Моңғолияда осымен төртінші мәрте өткізіліп отыр екен. 
-Моңғол жылқылары қатты мөңкиді. Мен бұрындары асауға жүген-құрықсыз мінетінмін. 92-де елге келгенде ат үстінде отырып бос жүрген басқа атқа арқан тастап жіберіп, қарғып мініп алатынмын. Тіпті, сауырына қолымды қойып, секіріп мінген кездерім де болды. Қазір жасымыз келіп қалды ғой. «Қартайғанда ерлігіңді айтпа» дейді, — деп еске алады асауды жүген-құрықсыз мінген асау күндеріне көз жүгіртіп. 
Бұл кісінің тағы бір ерекшелігі, әдеттегідей Наурыз немесе өзге де мерекелер, әртүрлі концерттер, қойылымдар кезінде ғана емес, ұлттық киімдерді үнемі киіп жүреді. Әсіресе, қыс мезгілінде саптама етігі мен пұшпақ тымағын, қасқыр ішігін үстінен тастамайды. 

Тарпаңдарды тырп еткізбейтін Тәттімбет


— Ұлы дала елінің ұрпағымыз дейміз. Ұлы даланың қазағы қандай болды? Ұлы дала қазағының киген шапанының бір жақ өңірі жерге төсеніш, бір жақ өңірі жамылғы рөлін атқарған. Жаугершілік заманда сойылмен көбіне тізе мен шынтақтан соғатын болған. Саптама етік бір жағы, соққыдан қорғаған. Екіншіден, тізеңе дейін жауып тұрады, жылы ұстайды. Қазақтың көбі тізеден кетеді ғой. Мен саптама етігімді мәшинемен жүргенде де кие беремін. Үйреніп алғам. Жай аяқ киім кисем, жел соғады. Мектепке де киіп барамын. Дене тәрбиесінен сабақ беремін ғой. Мектепке кіргеннен кейін кроссовкамды киіп аламын. Көп балалар таңдана, тамсана қарайды, — дейді ұлттық киімімен көпге үлгі боп жүрген кейіпкеріміз. 


Тумаған құлынға құда түскен

Тарпаңдарды тырп еткізбейтін Тәттімбет


Оң жақтағы суретте — биенің ішіндегі саудаға түскен Көк жорға ат. Үстінде — Дәулеткерей Кәпұлы. Сол жақтағы суретте — ағасы Рәшитәлі Кәпұлы

Тәттімбет Кәпұлының атқа деген айрықша құмарлығы әкесінен дарыса керек. Ақындығымен, атбегілігімен, ұстаздығымен танылған әкесінің атқұмарлығы, жылқыжандылығы сонша, тіпті, тумаған биенің ішіндегі құлынға сауда жасаған кездері де болыпты. 
-1982 жылы болған оқиға еді бұл. 12-13 жастағы шағым. Байкөл деген көлдің теріскей жағында отырамыз. Сол көлдің жағасында, киіз үйде дүниеге келгенбіз ғой бәріміз. Осы жылы бір үлкен бәйге өтетін болып, әкем Күреңтөбел жорға атын жаратып, жарысқа әзірленіп жүрді. Жарысқа дәл бір күн қалғанда таңертең тұрса, біреулер жорға аттың аяғына шеге қағып кетіпті. Мұны көрген әкем көзінің жасының көл қылып, қатты қамықты. Күрең аттың ноқтасын шешіп, қоя берді де, өзі үйде жатып алды. Құла атты да босатып жіберді. Сөйтіп, бірде-бір бәйгені жібермейтін әкем жарысқа бара алмай қалды. Елдің бәрі тойға кетіп жатты. Содан әкем бір күні тауға шығып кетті. 15 күндей үйге келмеді. Апам жарықтық: «әкелерің келмеді ғой» деп қояды. Бір күні келді. Қасында көк атқа мінген, қос қапталына суыр теңдеген, мойнына мылтық асынған Хамитхан деген кісі бар. Шешеме: «Тамағыңды қамда» деді. Дастарқан жайылды. Бір уақытта әкем ана кісіге мың жарым теңге берді. Сөйтсем, әлі тумаған биенің ішіндегі құлынға сауда жасап келген екен ғой әкем жарықтық. Сол бие келесі жылы құлындады. Сол құлын кейін талай аламанның алдын бермеген атақты Көкжорға ат (аты – Тайқызыл – А.Қ) болды. 
Сол кезде ел арасына аңыз боп тараған бұл оқиға туралы:
Әке, сен Қожанасыр екенсің ғой, 
Құда түсетін құлынға тумаған әлі, — деп жазған Дәулеткерейдің өлеңі бар.
Сол Көкжорға аттың біздің әулет Моңғолиядан Қазақстанға көшкен кездегі көзінен аққан жасын көрсеңіз ғой. Малдың бәрін сонда қалдыруға тура келді ғой. Соны кейде еске түсіргенде өзіміз де көзімізге жас аламыз, — деп тебірене еске алған Тәттімбет ағамыз әкесінің жаратқан жүйріктері — Алаяқ аттың 31, Көк ала жорғаның 32 рет бәйгеден келгенін, осы екі аттың басын туған інісі Дәулеткерейдің Моңғолиядан атамекенге арнайы алып келгенін айтты. Екі жүйрік аттың бас сүйектері қазір Астанада тұр. Ұшаққа салған кезде ондағылар: «мынадай товарды бірінші рет көріп тұрмыз» деп қатты таңғалып, бастарын шайқаған көрінеді. Міне, жылқыға деген, ата-баба дәстүріне деген құрмет осындай болса керек. «Осы жүйріктер жайында «Әкемнің тұлпарлары» деген атпен кітап жазсам ба деген ойым бар» дейді Тәттімбет Кәпұлы.
Аудан орталығындағы дәмханалардың бірінде бірер сағат әңгімелескеннен кейін «Көкөзекке жүр. Дастарқанымыздан дәм тат» деп үйіне шақырды. Көз байланған кез. Өңкиген «Джиппен» қалың қарға оранған алқапты қақ жарған асфальт жолмен ызғытып келеміз.
Бағанағы дастарқан басындағы жылқы жайындағы әңгіме көлікте жалғасты. Кейіпкерім әңгіменің майын тамызып келеді. Жылқы туралы әңгіме адамды жалықтырмай ма, әлде айтушы шебер ме? «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» дегендей, тамсана тыңдаймын. 

Тарпаңдарды тырп еткізбейтін Тәттімбет


…Он жасқа келген атта оймақтай мін болмайды. Он жас жылқының нағыз бабына келетін шағы. Біз құнанында, дөненінде бәйгеге қосып жатамыз. Тай мен құнанды жарыстырамыз. «Аттыға еріп жаяудың таңы айырылыпты» дегендей, содан кейін толық жетілмеген жылқы қолтығын да созады, өкпесін де өшіреді. Жуан аттың аты – жуан ат. «Бестісінде белін шеш» деп қазақ бекер айтпайды. Бестісінде қазақ жылқыны жарысқа қоспайды. «Бестінің бетінен сақта» дейді. Мұны неге айтады? Бес жас — жылқының мүшелі. Мүшелінде зорықтыруға, қинауға болмайды. 
…Жүйрік атты баптауға екі-екі жарым айдай уақыт қажет. Әуелі етін қатырасың. Мейіздей боп қатқан жылқы ешқашан арымайды. Албарынды жылқылар тез арықтайды. Тағы бір ескерер дүние — семіз жылқыны арқандауға болмайды. Мұндай жылқы қозғалмай тұрғаннан кейін бүйірдегі қазыны денеге жинап, топқазы боп қалады. Қазы үстіге қарай жиналғаннан кейін тыныс алуы қиындап, жылқы шаба алмайды. Қазақтың «Өй, сенің атың топқазы боп тұр. Шаппа» деп жататыны сондықтан.
… Жылқы — өте нәзік, сезімтал жануар. Мініс беруі қалай үйретуіңе, баптауыңа байланысты. Жүйрік атты да спортшы секілді тәрбиелеу керек. Үнемі шынықтырып отыру қажет. Мысалы, бүгін 3 шақырым жүрсең, бір күн тынықтырып алып, 5 шақырым жүру керек. Сөйтіп, қосып отырсаң, таң атқаннан кеш батқанша, қанша шапса да, шалдықпайтын, шаршамайтын болады. Сосын жылқының ащы терін, батпақ терін алу қажет. Атқа жемді де көп беруге болмайды. Қаны бұзылады. 
…Қыста жүйрік атты тойындырған ләзім. Жілік майын ағарту қажет. Жілік майы үздіккен жылқы шаппайды. Қыстай демалып тұрғаны жөн. Арасында мініп қою керек, бірақ шаппайсың. Ара-тұра арпа беріп қоясың. Одан кейін сұлымен қайырасың. Сұлы атқа көп күш бермейді, сыртын ғана сұлулайды, жүректің майын алады. Жүректе май болса, жылқы шаппайды. 


Тұлпардың тоғыз түрі

Тарпаңдарды тырп еткізбейтін Тәттімбет


Әкесінің қасында көп жүріп, ақылын көп тыңдап, жылқының қыры мен сырына әбден қаныққан Тәттімбет Кәпұлы аяғына жем түскен аттарды өзі емдейді екен. Аттың аяғынан ғана емес, құйрығының ұшынан да, таңдайынан да қанды өзі алады. Аяғына жем түскен жылқының белгісі жем түскен аяғын көсіп немесе жиі-жиі сүріне беретін көрінеді. 
Жылқының талақ деген де ауруы бар. Ондай кезде жылқының көкбауырына сыртынан біз шаншу керек. Тәттімбет Кәпұлының айтуынша, аттың көкбауыры оң жақта, биенікі сол жақта болады. 
-Қазақ сиырға ашуланған кезде «қарасан келгір», жылқыға «талағың түскір» деп қарғап жатады. Талақ болған жылқының көкбауыры ісініп кетеді. Біз шансысаң, аман қалады. Мен шанши аламын. Әкемнің үйреткендері ғой, — дейді атбегі. 
Жастайынан сан аламанда бәйгеге шапқан кейіпкеріміз нағыз жүйрік атта сын болмайтынын, олпы-солпы келетінін айтады.
Әкесі Кәп Құмарұлы «Ырғайлы жартас» атты кітабында: 

Ойды қыстап, қыр күзеп,
Сақтанған жел өтінен.
Қысыр сүті бой түзеп, 
Арда еміп жетілген –
Сүт жүйріктер келіпті.

Жаз жіберіп, күз мініп,
Апай төсті жайлаған.
Жілік майы үздігіп,
Арып жоны таймаған –
Ет жүйрік те келіпті.

Қысқа мойын, аршын төс,
Күдірге шапса майрылмас.
Әрі мықты, әрі мес,
Алты ай мінсе арымас –
Мұз бүйрек те келіпті.

Қыл сағақты сандалгер,
Сылаң аяқ, керім сал.
Шамасы бар әудемжер,
Сұңғақ мойын, нәзік бел –
Ұшқырың да келіпті.

Саба құрсақ, салма төс,
Жазық сауыр, тартық бел,
Кең маңдайлы, кешкіл бас,
Желіп кетсе жетпес жел –
Күдірің де келіпті.

Серке санды, қой бүйрек,
Күдір жота күреңше,
Әрі жуас һәм жүрдек –
Тықыршымас мінгенше –
Сандалың да келіпті.

Қыздыра алмас әудемжер,
Құлжа мойын төңірек,
Қазан сауыр, қақпан бел,
Желік кетсе жетпес жел –
Шомбалың да келіпті, — деп жүйрік атты 9 топқа бөледі.

Жылқыға қатысты ырымдар мен тыйымдар

*Жүйрік атпен отар қойдың алдынан шауып шығуға болмайды. Аттың бағы, меселі қайтады. 
*Жүйрік атпен қасқыр соғуға да болмайды. Қасқыр соққан жүйріктің бәйгеде жолы болмайды.
*Жүйрік атпен қашаған қумайды.
* Әйел адамды жүйрік атқа мінгізбейді.
*Күздікүні тойынған жылқыны қатты қууға болмайды. Қазысы айырылып кетеді.

Жорға болатын жылқы жеті күнге дейін аяқтанбайды

Тарпаңдарды тырп еткізбейтін Тәттімбет


1986 жылы жазда Моңғолияның Баянөлгей аймағында қатты жаңбыр жауып, су тасыпты. Жаңбыр басылғаннан кейін жұрт ағысы қатты Қобда өзенінің аралында қалып қойған жылқыларды айдап келу үшін Хауанның Файзолласы деген суда балықша жүзетін жігітті жұмсайды. Аралға жеткен Файзолла жылқыларды бір-бірлеп суға қарай айдайды. Суға алдымен түскен сақа биелер құлындарын қорғаштап, иегінің астына алып, өздері өзеннің ағыс жағына шығып, жағаға шығып жатады. Бір мезетте суға түскен қулық биенің құлынын ағыс ағызып ала жөнеледі. Осы кезде тортөбел айғыр көмекке ұмтылады. Ағып бара жатқан құлынды қуып жетіп, танауымен жанталаса жағаға қарай итереді. Жарқабаққа жақын келгенімен, өзеннің терең иірімі жағаға шығуға бой бермейді. Осы кезде адам айтса сенгісіз оқиға орын алады. Тортөбел айғыр құлынды желкесінен тістеп алып жағаға лақтырады. Сөйтіп, өзінен тараған құлынды аман алып қалады. 
-Бұл – шын болған оқиға. Баянөлгей аймағындағы Қобда өзенінің Шежік деген жерінде болған. Ондағы жұрт әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Мұны неге айтып отырмын? Бүгінгі күні біз өз ұрпағымызға осы жылқы құрлы, мал екеш мал құрлы мейірім таныта алмай, дәретханаға тастап, көліктің терезесінен лақтырып жатқан жоқпыз ба? Құлыны үшін жанын қиюға дейін барған айғырдың әрекеті алимент төлемей қашып-пысып жүрген әкелерге үлгі емес пе? Осының бәрін ойласаң, мына жалпақ жалғанға сыймай кетесің. «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ», — деп кешегі тақым толтырып ат мініп, ауыз толтырып сөз айтуды мәртебе санаған қазақтың бүгінгі ұрпағының ұсақталып, қатыгезденіп кеткенін қынжыла жеткізді. 
Бірде бір үйір жылқы жоғалыпты деседі. Іле-шала қуғыншылар да жоғалған жылқының соңынан ізге түседі. Олардың арасында бір жауырыншы болған екен. Жауырынға қарап отырып айтыпты дейді: «Бұлар тоқтамайды. Ішінде мен секілді бір жауырыншы-бақсысы бар. Бір ақыл айтайын. «Тегіс аттарыңнан түсіп, аттарыңды теріс тағалап, теріс ерттеп мініңдер» дейді. Серіктері айтқанын бұлжытпай орындайды. Сонда жылқыны айдап бара жатқан жігіттердің ішіндегі жауырыншы: «Қайтып кетті бұлар. Бір қысырдың тайын сойып, осы жерде дамылдайық» дейді жауырынына көз салып, көңілі жайланғандай болып. Алайда бұл қуанышы ұзаққа созылмайды. Қысырдың тайын енді жегелі жатқанда қуғыншылар үстінен кеп түседі. Сонда қуғыншылардың аттарын теріс тағалап, ертоқымдарын теріс ерттеп мінгені әлгі жауырыншыға теріс түскен екен. Қайтып кетті деп ойлаған. Осы әңгімені айтып берген Тәттімбет ағамыз: «Қазір жауырынға, айға, күнге қарап болжайтын мұндай адамдар жоқ деуге болатын шығар. Қазақ мал шаруашылығымен біте қайнасып өсті ғой. Өле жатқан қазағың күннің жауатынын, ауа-райының бұзылатынын, ай мен күннің қораланып, құлақтанғанын жақсы білген. «Ай қораланса, айырыңды сайла, күн қораланса, күрегіңді сайла дейді қазақ. Күн қораланса, күн суытады, ай қораланса, күн жылынады. Қар жауады. Қазір интернет деген бәлені тауып алдық қой. Бұрынғы әжелеріміз қайда, аталарымыз қайда? Бәрін айтып отыратын. Ол кісілер де азайып кетті. «Есік алдында төбең болса, ерттеп қойған атпен тең, ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген заманнан кетіп барамыз ғой. Мәпелеп өсірген әке-шесін қарттар үйіне апарып тастайды. Анда апарып тастайды, мында апарып тастайды. Қарап тұрсаң, соның бәрі шенеуніктер, оқыған-тоқыған азаматтар, — деп құны кете бастаған құндылықтарымызға қатысты да ойын білдірді. 
Аттың сырына қанық азамат өзі де жүйрік жаратады. Жақында қомақты қаржыға жартылай тазақанды жорға сатып әкеліпті. Жорға демекші, жорғаның да жұрт білмейтін қыры мен сыры көп екен. 
-Жорға – өте сезімтал, кірпияз жануар. Иесінің аялап, мәпелеп мінгенін қалайды. Жорға өз иесінің мінез көрсетіп, тізгінін бір сілкігенінің өзін үш жылға дейін ұмытпайды деседі. Мықты жорға болатын жылқы туған кезде үш-төрт, кейде жеті күнге дейін аяқтанбайды. Кейбіреулер мұны жамандыққа жорып, «кем туған екен» деп білместікпен бауыздап тастап жатады. Қатты жорға болатын жылқы жеті күнге дейін екі адым ала алмай, енесін қасқыр секілді алдыңғы екі аяғымен тұрып емеді екен. Аяқтары маймақтау келеді. Мәселен, әкем тумай жатып құда түскен құлын туған кезде үш күнге дейін аяқтанбай, артқы екі аяғын көтере алмады. Жорға дегеніңіз — жылқының кемтары. Екі жылқының бірі жорға бола бермейді. Сирек кездеседі, — дейді өзі де тайпалтып жорға мінгенді жақсы көретін кейіпкеріміз. 
Жылқыны бір кісідей білетін Тәттімбет Кәпұлы атты дәл әкесіндей күтіп, баптай алмайтынын жасырмай айтты. «Өтірік айтуға болмайды. Әкемнің ат күтісі, ат мінісі бөлек болатын. «Балам, адамның дәуірі жүретін, тасы өрге домалайтын кездері болады. Он жылдай жаратқан жүйріктерім бәйгенің, аналарың — Егеуханның айтыстың алдын бермеген шақтарды бастан өткердім» деп отыратын еді әкем. Осы сөз ойыма жиі орала береді. Әкем бірде Баянөлгей аймағының 20 жылдығына Алааяқ ат пен көк ала жорғаны бәйгеге апара жатады. «Таңға жақын көзім ілініп кеткен екен. Алааяқ ат та төрт аяғын сіреп тұрып демалып жатыр еді. Ертеңінде — бәйге. Түсімде Алааяқ аттың маңдайына күн түсіп тұр екен. Соны көріп, оянып кеткенімде, Алааяқ ат дүр сілкініп, орнынан тік тұрып, кісінеп жіберді де, рауандап атып келе жатқан күнге қарады» дейтін еді әкем сол ғажайып оқиғаны таңдана еске алып. Бәйге аттың бір белгісі таң рауандап атып келе жатқанда таңның арайына және кешке алаулап күн батып бара жатқан кезде қос құлағын тігіп, күннің шапағына қарап тұратынында екендігін айтады атбегі. Жылқының көзінен жас ағып, жылайтын кезі де болады. Әкесінің аяғына шеге қағылған күрең жорғасы кейде бәйгеге қосылмай қалған кездерде иесінің үзеңгідегі аяғының басын қыршып, «мені бәйгеге қоспадың» дегендей мінез көрсетіп, шамырқанып, үзеңгіні қарш-қарш шайнайды екен.
Айта берсек, жылқының естілігін көрсететін оқиғалар көп. Қаншама шақырым, тіпті, басқа мемлекеттен туған жеріне қайтып келген жылқылар жайында да естігенбіз. Бірақ биенің ішінде кеткен құлынның туған жеріне қайтып келуін естуіңіз бар ма? 
-Биенің ішінде кеткен құлын да туған жерін іздейді. Бұл -жылқының туған жеріне деген ерекше құрметі. Бір мысал айтайын. Шәуешекте бір басына 700-800 жылқы біткен байдың үйірінің сыртына бір бесті ат келіпті дейді. Қарайды, ені бөлек, таңбасы бөлек. Бай шошып қалып, бас жылқышыны шақыртыпты. «Мынау қоңыр бесті неғылған жылқы? Менің таңбам жоқ. Бірақ менің жылқыма түстес» дейді бай. Сонда қарт жылқышы: «О-о-о, байеке, осыдан бес жыл бұрын осы үйірден бір байталды ұрлап кетіп еді. Мынау соның ішінде кеткен құлын, туған топырағына тартып, өзінің үйіріне келіп, қосылып тұрғаны ғой» депті. Міне, жылқының қасиеттілігі, естілігі, тектілігі, — дейді жылқы баласының жұрт көп біле бермейтін тағы бір сырын ашқан кейіпкеріміз. 

Тарбағатайға ақсаңдап барсаң, қақшаңдап қайтасың


Ызғытып келе жатқан көлік кілт тоқтады. «Өтіп кеттік пе, ей?» дейді әңгімелесушім жан-жағына көз салып. «Иә, не боп қалды?» деймін мен түкке түсінбей. «Әлгі менің торым бар ғой» дейді. Сөйтсем, бүркітті қолға түсіру үшін тор құрып қойыпты. Көліктен түсіп, қалың қарды омбылап торға бардық. Байғұс қара тауықты терісі сыпырылған түлкінің үстіне байлап отырғызып қойыпты. «Мына тауық тоңып, өліп қалмай ма?» деймін тауыққа қарап жаным ашып. «Өлмейді, жемін сап қойғам» деді де, жайбарақат көлігіне қарай беттеді.

Тарпаңдарды тырп еткізбейтін Тәттімбет


Қара тауықты қап-қара түннің құшағына қалдырып, Көкөзекке қарай беттеп келеміз. Даланың саф ауасы сергітті ме, әлде дүрілдеген көлік көңілге желік бере ме, Тәттімбет ағамыз су төгілмес жорғадай түрлі тақырыпта сауал қойдырмай-ақ көсіле, шешіле сөйлейді. Сөйлегенде де, Ғабең (Ғабит Мүсірепов) айтпақшы, беталды сөйлемейді, детальмен сөйлейді. Біресе жылқы, біресе аңшылық, біресе табиғат жайында ой толғайды. 
-Әй, Швейцария не керек? Түркия не керек? Тарбағатайға кеп, бір жұма атқа мінші. Сенің өмірің сол ғой. Әлгі бір айтыста айтылғандай, ақсаңдап келсең, қақшаңдап қайтатын, сарайыңды ашатын, шаршауыңды басатын, санаңды сергітетін жердің жұмағы ғой, бұл — Тарбағатай. Тарбағатайда небір дүниелер жатыр. Күлтегін кезіндегі жазбалар дейсіз бе, таңбалы тастар дейсіз бе? Бір сайына кіріп кетсең, әй, Швейцарияны өзім көргем жоқ, өзіміздің Швейцария ғой, бұл — Тарбағатай. Шыбынсыз жаз. Аңың бар, аюың бар, арқарың бар. Басқа не керек, ей? — деп туған жерін тамсана әңгімелеп келе жатқанда Смағұл Сәдуақасовтың Шығыс жайында тебірене айтқан сөздері есіме түсті. 1922 жылы «Өртең» газетіне жариялаған «Қазақстан» атты танымдық мақаласында: «Сарыарқаның күншығыс оңтүстігі өр елдегі айрықша тұрған бір жер. Ол Зайсан, Өскемен уездері. Ар жағынан Алтай тауы, Тарбағатай, бер жағы Ертіс, Зайсан, Марқакөл деген әдемі көлдер бар. Бұл маңайдың әдемілігі Еуропадағы Шуетсария тауларынан анағұрлым ілгері. Шуетсария өзіне Шуетсария, Қазақстанның ішінде Алтайдан әдемі жер жоқ. Алтай – жердің жұмағы, Алтай – біздің жер. Алтайда болған адамда арман жоқ!» деп тебіренген екен алаштың ардақтысы. Расында, Шығыс Қазақстанның Шуетсариядан қай жері кем?! 
Тәттімбет Кәпұлы Үржар ауданының Көкөзек ауылында тұрады. Сондағы орта мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ береді. Жүйрік ат қана жаратпайды, бүркіт те ұстайды. Тері илейді, ат тағалайды, қамшы, өмілдірік, құйысқан, жүген өреді. Таңды таңға ұрып қисса-дастан айтатын өнері де бар. Жақында облыс тарихында тұңғыш рет Үржар ауданында өткен бүркітшілер сайысын ұйымдастыруға да ұйытқы болғанын біреу білсе, біреу білмес. Ұлы Мұхаңның Әлкей Марғұланға қарата айтқан «Бір өзі бір академия» деген әйгілі сөзі еріксіз еске түседі. Атақты жазушының бұл сөзін бір бойына сан өнерді сыйдырған Тәттімбет Кәпұлы секілді азаматтарға айтса да, жарасатын секілді. 
Жұбайы Нағи Әпия да он саусағынан өнер тамған шебер. Алаша тоқиды. Құрақ көрпе тігеді. Қысқасы, бұл әулет туралы бір мақала емес, бір кітап жазуға болады. Бұл мақаламызда Тәттімбет Кәпұлының атқұмарлығына, жылқыжандылығына ғана тоқталуға тырыстық. Өзге де қырлары жөнінде алдағы уақытта сөз қозғала жатар. 
P.S. Белгілі актер Бекжан Тұрыс былтыр Алматыда өткізген кешінде «Қазақтың ішінен қазақ іздеп жүрмін» деп айтқан еді. Шалғай ауылда жатса да, ұлттық өнерге қылау түсірмей, салт-дәстүрімізді көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан Тәттімбет Кәпұлын көріп, тілдескеннен кейін актер іздеген қазақтың ішіндегі қазақпен жолыққандай болдым. 


Azamat K.Азамат Қасым

«Дидар» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.