Бабақұмар ҚИНАЯТҰЛЫ. Жылқы аурулары және оны емдеу жолдары

28086

«Сауса-сусын, жесе ас, мінсе көлік, жауға шапса жарақ, сатса пұл» деп баға берген жылқы түлiгiнiң ауру, сырқат, жарақатын емдеу дәстүрі (басқа түлiктерге қарағанда) ерекше мән мен мазмұнға ие. Оның себебі жылқының көшпелiлер тiрлiгiнде атқаратын сан қырлы қоғамдық, әлеуметтiк, экономикалық, коммуникациялық тәрізді сан алуан теңдессiз, қорғаныс функцияларымен тығыз байланысты. Жылқы бағу, күту, баптау, оның ауру, кінаратын танып, ажырату, соған сәйкес сан алуан емдеу жолдарын таңдау, түрлi комбинацияларда қолданылады. Мұрағат деректерінде қазақ жерінде қызмет еткен мамандар:

«Қырғыз (қазақ) жылқысы өте сирек ауырады. Оның себебi жаратылысынан төзiмдi, берiк мiнiс пен жұмысқа аямай салынатындықтан шынығып құрыштанған, яғни ауруға онша бейiм емес. Оның үстіне ауруға қарсы тұру қасиетi жоғары болып келедi… деп баға береді Торғайда қызмет еткен мал дәрiгерi В.Лавров (ЦГА РК. Ф.25, О.1, Д.4199, Св.387. Л.90,105.).

Төрт түлiкке ортық ауру сырқат кiнараттармен бірге жылқы да жиi ұшырасатын түрлерiн оның көшпелілердің тіршілік қамы, мәдениетінде атқаратын міндетімен байланысты. Яғни мініс, жұмыс, жүк, жегінге пайдалануымен тікелей байланысты болады. Соған байланысты халықтық білім дәстүрінде жылқы ауруларының өршу себебі мен емдеу ерекшілігіне байлынсты мынадай төрт топқа бөледі:

а) мертігу, сыну салдарынан болатын жарақат түрлері;

ә) арқа мен шоқтықта өршитiн жара;

б) жарату, баптау жемдеуден болатын аурулар, көбіне жорық, саят, жүйрік аттарға тән ауру-кінараттар

в) түлікті дұрыс пайдалану нормалары мен ережелері сақталмау салдарынан пайда болатын, көбіне (тіптен тек қана) жылқы түлгіне ғана тән аурулар. Мұнда «өлi тию» деп шартты түрде атайтын жылқының iшек-қарынында өршитін аурулар мен жылқы организмін жаппай қамтитын аурулар жатады.

Жылқыда жиi кездесетін “өлi тию” деп аталатын аурулардың түрлерi мен пайда болу себебi де әр алуан. Оның түйнек, талақ, шемiршек, қата қатарлы негiзгi түрлерi бар.

Емшiлердiң бақылауынша аурудың басты себептерi — тоқ малды қатты айдап, орынсыз жұмысқа салу, қиналған малды суару, құнарсыз жем шөптi ұзақ беру және т.б.

«Өлі тию» ауруларының белгілері мынадай: жылқының екi бүйiрi қампиып, мойын мен құлақасты тұсына дейiн iсiк байқалады, дөңбекшидi, аунақшып, жатып-тұрып жер тарпып күшенедi, әлсiн-әлсiн бүйiрiне қарай бередi, аунап, жер тарпиды, керiліп-созылады, күшенедi, ыңыранып ентiгедi, кейде шоңқиып қалады, зәр, қи шығара алмайды.

Өлі тию себебін қазақтар ішектiң бұралуынан жапсарлас жатқан шумақтары өзара байланып немесе шажырқай, бүйрекмай шандырларының тұйығына асылып қалудан болады деп түсiнген.

Малдың iшегiнде жын, құмақ жүрмей қалудан болатын қата (төлде қоя) ауруының бiрнеше түрi бар: майда қиыршық, топырақ жылқының iшек қарнының шөгуiнен құмқата өршісе, ұзақ уақыт бойы құрғақ шөп жеп, су аз ішкен жылқы қарынында кебiрленiп, iшекке жабысудан құмаққата өршидi деген.

Түйнекауруына iш майы кеткен кәрiтамыс арық пен оқыс қимылдаған малдар жиірек ұшырайды деседі. Қазақтар түйнектi:қи, қара, көк түйнек деген үш түрге ажыратады.

Өлi тию мен қатаны емдеудiң жолдары өте ұқсас:

құлақ ұшынан қан ағызған соң атты сауырына дейiн келетiн суға бiраз шомылдырады. Желе жортып бусандырады да, көтенiшегiне жылытқан май немесе сабынды су құйып, құйрығының ұшындағы тамырды бізбен қанатады. Екi бүйiрiне шым қыздырып басып, “шым бұлау” жасайды. Оған қарсы ертеде Құран аяттарын оқыту, тезекпен ұру, ұшықтау және т.б. шаралар жасаған.

Қата асқынып кетсе тышқаншыққа ұласады. Жоғарыда аталған В.Лавров рапортында:

«Жылқының құлақасты безiнiң төменгi тұсында яки сағағында көлемi кiшкене, бiрақ тез ұлғаятын iсiк бұлтылдап қозғалып тұрады. Ат зорлықпен әрең тыныс алады. Iсiктiң тышқан тәрiздi бұлтылдап бiр орнында тұрмайтындығына байланысты тышқаншық аталған. Қазақтар ауру iсiгiне кездік шаншып, оның айналасын қыздырылған темiрмен қариды»,- деп жазған.

Тышқаншық асқынудан жылқының екi танауы делдиiп, қиналған малдың көзi аларып, алақтап тұруын алақарақ, шемiршек деп те атайды. Дәстүрлі емдеуде шемiршек, тышқан, талақ дертiне қарсы малдың құйрық ұшы, қыл құйрықтың майда түбi, ерiн, шұра, құлақ ұшы сияқты дене бөлiктерiне бұрау салып қылқындыру, ине, бiз шаншу шараларын жасаған.

Жылқы ауруларының бір тобына жарату, баптау жемдеуден болатын аурулар:

бөгелу, қызылмай, топқазы, зорық, көтеу, аяғына қан түсу және жем, сондай-ақ,жүйрік атқа тән ауру-кінараттар: зорық пен жүйрiк аттың түйiлу, жығылу, сайткелді, мiшаяқ сынды аурулары аталады;

Зорық пен түйiлу, сайткелді, мiшаяқ қатарлы аурулар көбіне жылқы түлігін дұрыс пайдаланбаудан жіті өршитін аурулар қатарында.

Зорық ауруына шалдыққан жылқының бауыры мен буындары ісінеді, әлсірейді. Оның себептеріне қарай сузорық және майзорық деген түрге бөледі. Емдеуде ыстау, күйе мен қою шай қайнатындысымен суару шаралары қолданады.

Жылқының сирек кездесетiн ауруларынан алқым безi iсiп аунай беретiн мiшаяқ зорыққан аттың жылы су iшуiнен болады.

Жылқы сырқаттары мен ауруларының бiр бөлiгi жауыр үлесiнде:

Жауырұғымы аясында мiнiс малының шоқтық, иық, қырарқа, бүйiр, қаптал бөлiгiне сызат, қылау түсуден дененiң тегiстiк қалпы бұзылып, ұзақ уақыт бойы жазылмас жараға айналу құбылысы белгiленедi. Халықтық білімде жауырдың пайда болуы, өршуі, емдеу, сақтандыруға қатысты шаралардың практикалық мәні мен тиімділігі әлі күнге дейін қолданыстан шыққан жоқ

Жауыр аталған ауру тобына жайдақ жауыр, арқа кету, жалақ, ыстық шығу, жауыр, шилі қара, лоңқа, өлі ет және т.б. енеді.

«Жылқыдаәртүрлi себептерге байланыстымертiгуi, сынық, жарақат сияқты түрлерi жиi ұшырасады. Әсiресе олар мертiгу салдарынан сойысқа iлiнедi, тiптен бұл көрсеткiш шығынның 4/5 бөлiгiне тең келеді. Ал шығынның бір бөлігі жұт, аяз, боранның кесiрiнен де болады. Жұт шығынының 10-15 пайызы құлындарға тиесілі», — деп пайымдайды  Лавров (ЦГА РК. Ф.25, О.1, Д.4199, Св.387. Л.90,105.).

Сүйек сыну, буын шығу, сырғасы таю, сiңiр, тарамыс созылу қатарлы Әсіресе жиі ұшырасатыны — буын таю, мертігу, сынық түрлері, кесе басу, табандау, қол түсу, сырға таю, бөксесі сал болу және т.б.

Сынықты сипатына қарай жарықшақ, шорт, айқаспа деген түрлерге бөлiп cоған сай шара жасайды.

Жылқы жiлiктерi сынған кезде жерге баспай тұяқ ұшымен iлбiп, тiптен жерге де баспай “асып” (көтерiп) тұрады. Сынықшылар жарықшақ сынықты сипалай, ал жілік пен жіліншік сүйек сынығын тартып созып орнына келтiрген соң ағаш таяқтармен «қарғашалап» таңып тастайды. Iсiктi қайтару үшiн түйе шудасын тұзды суға малып сорбақта тартса, сынық тез бітеді деп санаған.

Жиі кездесетін жарақат түрi буын таю. Топшы (иық), толарсақ, мойын, тобық, ұршық буындарында жиi кездеседі. Ондайда буынның бiр жағы ойыс, екiншi жағы дөңес болады, созылыңқы немесе бүгiлiңкi көрiнеді. Буынды орнына келтiру үшiн ұру, дүмпу, итеру, басу, сипалау амалдары жасалады. Томпайған iсiк қайтып, бiрте-бiрте қозғалысқа келсе буын орнына дұрыс түстi деп есептейді.

Тайған тобықты орнына салу үшiн тобықтың төменгі жағынан тұраға жақын көбесін инемен қатты пiскен кезде шошынған мал текпiлене қозғалғанда тобық орнына түседi деп санаған.

Тосын қимыл жасау, ағат басудан ат артқы тұяғының маңдайын шалыс басып, ағат дененiң салмағы бiр аяққа түсу, тұра сүйек пен бақалшақтың орнынан жылжып, ұсақ сүйек сырға тайыпкетедi. Оның белгiсi тұрасы былқылдап қозғалады, тұяғы суық екендігін білуге болады дейді. Жиi кездесетiн бұл жарақатты емдеудiң бiрнеше халықтық тәсiлi бар.

Ат орнынан тура қозғалғанда, кенет қарғығанда және күштiрек керiле шапқанда қалыпты аяқ алысынан жаңылып, артқы аяғы тұяғының мандайымен алдыңғы аяғының өкшесiн, шашасын немесе шiдерлiгiн шалыс басуды кесе басу деп атайды. Оған қарсы жасалатын дауа түрі көп.

Сiңiр созылудан ақсақ, солтақ болып, өрiске шыға алмай қалады. Тарамысы үзiлу малды бiржолата мүгедек етедi.

Аттың мойын омыртқалары шығып кеткен жағдайда ол көзге иiрленiп көрінеді. Ондай жағдайда аттың құлағына су құйып жiберсе басын оқыс шайқағанда орнына түседi деседi. Мұнан соң кескек ағашты таңып байлап, 1-2 күн бойы қаңтарып қояды.

Асқынып кеткен толарсақ (буынның) қабынуы «уақұрт» деп аталады. Оған қарсы шараның бірі ретінде аттың арт жағына жақындата аспанға қаратып мылтық атып шошытса кенет оқыс қимылдағаннан кешiкпей жазылып кетедi деп сенген. Алтайдағы қазақтар көксамырсын (пихта) шайырын жағып шүберекпен орап дауа жасайды. Немесе оташылық жасап, алмас, тотияйын, уқорғасын, қасқыр өтi тәрізді улы, күшті дәрілердің бірін «арқандап» салады.

Тізе тұсына уыстай томпақ ісік пайда болған «шортізе» ісігін болат кездікпен тiлiп, тарамыс астына ұялаған iрiңдi тазалайды да, құйрық май тартады.

Жылқы түлiгiнде көп кездесетiн мертiксiңiр созылуды емдеу үшін борсық, жылқы, суыр майы мен созылған сiңiр үстiн үзбей майлап, сылап, күтсе жазылады деп санайды (Ж.Бабалықұлы. 1986. 90 б).

«Жылқыға пышақ, сиырға құшақ» деген қазақ емшілерінің пайымы бойынша жылқы түлігіндегі ауруларға қарсы қолайлы шара — барлау тамырларын, ауру дене бөлігін қанату деп санаған. Қан ағызатын нүктелер ауруға шалдыққан дене бөліктері немесе оған жақын барлау тамырлары таңдалады.

Жиі қандауырланатын тәсілдер; шұраны қанату, желкенi тесу және ұрт еттi, құлақ ұшын қанату, самай, шықшыт барлауынан дем шығару, құйрықтың қыл түбi, құйрық ұшы барлауларын шету және т.б. жатады.

Күн өту және шөпке улану кезiнде тiл астының көк тамырынан қан алған амал. “Өлi тиiп аурған жылқыны” құлағын қанатып, қан ағызады да, соңынан бүйiрiне дейiн келетiн суға шомылдырады.

Ұзақ жүрістен келген ат сол бойда жүрмей тұрып қалса немесе терлеп тұрған атты көңге байласа аттың кеудесiне, аяғына қан түседi дейдi атбегiлер. Аяққа қан түсуден оңай жазылады. Қан кеудеге түскен болса ат кемтар болып қалуы ықтимал. Аяғына қан түскен ат басын төмен салып изектетiп ақсайды, бiраз жүрген соң денесi қызып, ұйыған қан тарқағанда сылтуы басылады. Дауалау үшін шашаның барлау тамырынан, тобығының екi жағындағы тамырдан және таңдайынан қан алады.

Ауыр жүк арту, алыс жолда ұзақ қинаудан “қолы түсу” кiнаратына тап болады:

Оның мәнi – жауырын, тоқбас жiлiк, иық айналасындағы бұлшық еттердiң жаншылу, созылу, дүмпу салдары деп ұққан. Бұлтиып тұтасып, кей бөлiгi ойпыл-тойпыл болып тұрған қол етті балта сабымен ұрғылап, оған отқа қыздырған бiздi арлы-берлi шаншып, соңында майда қандауырмен пiскiлеп қанатады. Ат жазылғанымен кейiндер аяғын сылтып басатын майқолтық болып қалатын көрінеді.

“Шойырылу” да қозғалмайтын берiк шорта, белдеме, сербек буындарына ауыр салмақ түсуден болады. Артқы екi аяғы шалынысып, бөксесiн сүйрей ирелеңдеп қалады. Ондай малдың шорта, бөксе, белдеме сауыр тұсына топырақ қуырып дорбаға салып басу, ыстық таспен не темiрмен қару тәрiздi жылы емдеу шараларын қолданады.

Аса қауiптi жарақат «белi кету» кезінде мал басын кегжитiп шалқалап, сауыры төмен салбырап, ақсаңдайды. Етi қырарқадан жоғары шығып томпиып бiлiнедi, аяғын ауырсына тұяқ ұшымен басады.

Жылқының белі кетуінің екі түрі бар. Бірі – көк еті кету, екіншісі – белдемеден кету. Егер белдеменің арасындағы шеміршегі қаракемік буыннан тайса, жылқы қайқалаңдап, бұралаңдап қалады. Ал сүйегі кетсе денесін билей алмай бұралып қалады.Белi кеткендi емдеу қиын. Алайда малдың құйрығын бiр жағына қарай бұралау және белдемеге жалпақ ағаш қойып үстiнен дүмпiте ұру қажет. Немесе оқтаумен ыспалау, және қамшыны қойып үстiнен ерттеу қатарлы шаралардың барлығын қатар жасайды. Суық кезде ердiң терлiгiнiң астына ыстық құмалақты қойып ерттейдi. Түнде сау аяғын бүкпелеп немесе күрделеп қояды.

Түрлi жарақат пен аурулардан жылқы тұяғында жарылу, зыртұяқ, дүмпу, қосқыртыстану, тұяқ кебу (бүрiсу), майтабан борсу, көбесi сөгiлу, тұяқ түсу, тұяқ шiру, табандау, майтабан жарылу және т.б. ауруларға тап болады.

Iсiнген бөлiктi уқалайды, жылы компресс қояды, жаңадан сойылған қойдың терiсiн тартады. Емдеу үшін шашадан қан алу, “майтабанды шету” және “табан аршу” шараларын жасайды.

«Мамыр» аталатын аяқ ауруын алғашқы қазақ мал дәрiгерi С.Сейдалин «острое воспаление копыта» деп пайымдайды және оған қарсы атты суық суға тұрғызады немесе батпақпен сылап емдеуі оң нәтиже берген деп жазады.

Жұқпалы iндет түрлерiнен жылқы түлiгiнде делбе, мандам (мандом), маңқа, сақау (шығу, саржақ), қара өкпе, сары ауру, жамандат, жаман түйме, cенделме ауруларын айырып тани бiлген және емдеудің өзіндік тәсілдерін жақсы білген.

Жұқпалы аурудың себептерін әрқалай пайымдаған.

«Бекi» деп аталатын ауруымен орман-тоғай жылқылары жазда (шоқтығынан қан тамшылайды) қанның тазаруына жорыған.

Жас жылқының жал құйрығын түсiрiп, сымпитып, арықтататын ауруды бөген деп атайды.

Жылқының аяқ, тамақ тұстарын iсiрiп iрiңдететiн маңқа індетінің танау маңқа, без маңқа, көкiрек (көпiрек) маңқа немесе ақ, сары, көкiрек деген үш түрiн ажыратады. Маңқаның себебiн жылқы танауына кiрiп, кеуiлжiр кеңсiрiгiне тұрақтайтын құрт пен борсыған су iшумен байланыстырады. Оған қарсы қазақтар жыланды бөлiп жұтқызып жiбередi немесе тiрi кесiрткенi немес әір түрлі дәрiлiк өсiмдiктi аттың кекiлiне байлап қояды.

Жылқының иық, бас, кеуде терiсiнiң астына сансыз бүдiр мен түйiндер жасап, iсiндiретiн iндет мандамның тамыр бойын қуалай бөртiп басталған кезiн “желi мандам”, тұла бойға қаптап, бөрткендегiсiн “жаңбыр мандам” атайды.

Қазақ емшілері жұқпайтын аруларға ғана қарсы шараларды шебер үйлестіре жасап қоймай, жұқпалы түріне де қарсы жасайтын шаралары практикалық мәні болғандығын ХІХ ғасырда қазақ жерінде қызмет еткен орыс авторлары бірауыздан құптайды

Делбе болып ауырған жылқының маңдай сүйегін қуысқұлақпен тесiп, бiр шөкiмдей мылтық дәрiсiн түтiкпен миға үрлейдi. Делбеге ұқсас “сенделме” деген ауру бiлiнсе, таңдайдың, тiлдiң, танаудың екi жағынан бiрдей қан алып, тұз жегiзiп бусандыру қажет деген.

Маңқаға ұқсас – шұбыртпаны С.Сейдалин “кожный сап” деп анықтаған. Шұбыртпа атауы арқан тәрiздi шұбатылып тарайтын жара түрiнде өршитiндiгiне байланысты аталған.

Торғай дәрiгерi М.Воробьев “шұбыртпа жарасын қазақтар қылыштың ұшымен күйдiреді де, жараға күкiрт ұнтағын себедi”,— деген.

«Қазақ даласындағы шәкене жылқылар жасында сақаумен ауырған соң тез өсiп, денесi шомбалданып, төзiмдi бола түседi және сонан соң ғана үйретiлiп мiнiске жегiледi”, – делінеді А.Е. Алекторов еңбегінде.

Қазақтар «Құлынындағы сақау – құнанындағы ақау» деп баға берген «сақау» болған жылқы жағындағы ісікті оташылар кездікпен піскілеп, соқтасын ағызады. Ірiң құлынның ауыз қуысына қарай ағып, сарбастанып қатып қалатындықтан сарыжақ немесе шығу аталған. Ал кәрі жылқылар бекімен ауырады деп санайды.

Әдебиеттер тізімі:

ЦГА Ф.25,О.1, Д.4199, Св.387, Л.88,90,105. О коневодстве в Тургайской области (20.03.1892 г. — 10.10.1895г.);

Добросмыслов А.И. Скотоводство В Тургайской обл. Оренбург, 1895. ҚРОМА. 25-қор, 1-тiзбе, 4199-iс, 74, 88 п.;

Добросмыслов А. И. Ветеринарный надзор в Тургайской области. Оренбург, 1897; Алекторов А. Е. Скотоводство киргизов // ОЛ. 1888. № 17-19. С.65-74;

Сейдалин С. Ветеринария у киргизов // ВОВ. 1906. С.195-158.

Арғынбаев Х. Мал ауруларын емдеудегi қазақтың халықтық тәжiрибесi туралы этнографиялық очерк // ТИИАЭ. Т.16.

Вопросы этнографии и антропологии Казахстана. Алма-Ата, 1962. С.3-35;

Бабалықұлы Ж. Мал ауруларын қазақша атаулары. Алматы: Қайнар, 1986;

Бәделхан Қ. Халықтық мал емдеу тәжірибелерінен. Өлгей, 1977;

Қинаятұлы Б. Жүйрік жылқыда жиі кездесетін ауру-жарақаттарды емдеу // Жаршы. ҚР ҰААЗО ғылыми-теориялық журналы.1997, №12. 28-33-бб.;

ОМЭЭ – материалдарынан;

Қаржаубай С., Айдаубай Қ. Аттың сыны және жүйрiктi баптау жолдары // Жұлдыз. 1994 №10. 160-180 б.

003(41)Бабақұмар Қинаятұлы,

argymaq.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.