Жүген мен ноқта бөлшектерінің атауы

32118

Біздің бүгінге дейін тапқанымыздан жоғалтқанымыз көп. Қазақ көшпенді тірліктен алыстағалы бері мал шаруашылығына, тіпті қарапайым ат әбзелдеріне қатысты көптеген дүниесінен айырылды деуге болады. Соны түгендеп, қайта қалпына келтіру, оны қолданысқа енгізе алмасақ та, ұрпақ жадына сақтау біздің міндет. Ал бұл тұрғыда, әсіресе біз сөз етіп жүрген жылқы тақырыбында Жағда Бабалықұлының артында қалған дүние аз емес. Бүгін сіздердің назарларыңызға ат басына кигізетін жүген мен ноқта бөлшектерінің атауларын, олардың міндеттерін ұсынбақпыз.

Argymaq.kz

 Жүген.

Мініп-түсетін, артып-тартатын, жегілетін жылқының басына кигізілетін ауыздығы бар тұрман. Жүген ат басын тілеген жаққа бағыттауға, тілеген сәтте атты тоқтатуға қажет. Жүген ат-көлікті ырыққа көндіру үшін, шу асауды үйрету үшін қажет.

Ат басына ілінетін осы бір жүгенде – ауыздық, тізгін, қос тізгін, жақтау, желкелік, сағалдырық, кекілдік, кеңсірік, сулық, шаужай атты бөліктер бар.

Ал мұның сыртында қайыс жүген, құр жүген, өрме жүген, былғары жүген, түйме жүген, шытырмалы жүген, күміс жүген сияқты тіркестермен де аталады.

zhugen

Ауыздық.

Тең бөлекті екі темірден құрастырылып, екі сулық арасына бекітілген бөлшек.

Ер-тұрманның ішінде жүген ең қажетті тұрман болып саналады. Ал жүгеннің қасиеті, міндеті, оңды-солды айтылатын ерекшеліктері тек ауыздыққа байланысты. Тізгінсіз, сағалдырықсыз, кеңсіріксіз, шаужайсыз жүген болуы мүмкін, бірақ ауыздықсыз жүген болмайды. Егер ауыздық болмаса, жүгендеу деген сөз де, жүгендеу деген ұғым да болмас еді.

Жалпы жүгендеу, тізгіндеу, бұйдалау, итпелеу, мұрындықтау деген сөздердің орнына – ауыздықтау деген бір-ақ ұғымды береді.

Ауыздықсыз атпен мал қайырмайды, қашаған қумайды, қасқыр, түлкі соғылмайды, лақ тартып, додаға түспейді. Қашқанда, қуғанда ауыздықсыз ат мінбейді. Ауыздықсыз атпен жолаушы жолға шықпайды, сарбаздар жорыққа шықпайды, соғысқа кірмейді. Аттың ер-тұрманы ішінде артық тұрған, қажетсіз бөлшек жоқ дерлік. Соның бірі – ауыздық.

Тізгін.

Жүгеннің екі сулығына екі ұшы бекітілген, ортасы тұйық тұрман. Оның екіге қабатталғандағы ең қысқа жасалған түрі атты қаңтарғанда ердің алдыңғы қасына емін-еркін тұйығынан ілінуі шарт. Ердің артқы қасына ілінетін немесе бір үзеңгі баудың астына тұйықтай салатын түрлері де бар.

Қалыңдығы біркелкі, жұмсақ иленген қайыстан жасалған жуан елі етіп тілген әрбірі құлаштай екі таспа. Ұстағанға қолайлы болу үшін сыдырғыдан өткізіп, қырналады. Бір теріден әдейілеп қатар тілген таспаның қалың және еттілеу жағын өткермелей сулыққа бекітеді де, ортасын тізгін өлшемі бойынша теңеп, түйіп тұйықтап, артығын салпыншақ ретінде қалдырады.

Тізгін жалпы мінген атты басқару үшін және байлаған атты қаңтару үшін керек. Ауыздық пен тізгін тұтастырылғанда жүгенделген жылқыны қандай күрделі жағдай, шұғыл бұрылыс «жау ісі, жау жалам» сәттерде де ұршықша иіріп, басқарып кету қиынға түспейді.

Мойнын ішіне алып, шыңғырып ышқына мөңкитін, тулайтын шу асаулар да сол қол ырқымен тізгін арқылы бастықтырылады. Адамды көргенде қалшылдап, сескеніп, селкілдеп тұратын, арқасына ер салдыра қоймайтын, елегізіп алғанда езуінің жырылғанына қарамай ала жөнелетін ұрттар мен бас асаулар да тізгінмен тежеледі.

Тізгін сөзінің түп-төркіні белгісіз. Ал бүгінгі ұғымда тізгін – айтқанға көндіру, айдағанға жүргізу, еркіне, бейсауаттыққа жібермей, ырықтыру, шектеу, тежеу, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстау. Тізгіндеу, тізгінді босатпау, тізгінге жабыстырмау, тізгінді тартып ұстау, тізгінінен айырылмау.

«Жар басына қонбаңыз,

Дауыл соқса үй кетер.

Жатқа тізгін бермсеңіз,

Жаламенен бас кетер.

Басқаша айтқанда, «Екі тізгін, бір шылбырды қолына бер», еркіне қоя бер, тізгіндеме, тежеме, шектеме. Тізгін туралы ұғымдар көп.

Сулық.

Ауыздық пен жүген жақтауын жалғастырып тұрған жабдық. Сулықтың шығырық түрлері, әрі шығырық, әрі шаужай түрлері де болады. Жүген жақтауы өз орнында дұрыс тұрып, жұмысына нұқсан келтірмеу үшін, ауыздық ат аузында бір қалыпта қозғалу үшін, жүгенге сулық бекітіледі. Ауыздық пен жақтаудың жылжымалы елгезек қимылы сулықтың ерекшелігіне байланысты. Сулық болмаса, ауыздықтың ойнақы буындылығы да болмас еді.

Жүген аталған тұрман бөлшектері ішінде сулықтың өтейтін міндеті көп. Сулыққа ауыздық, жақтау, тізгін бекітіледі. Егер ат ноқтасыз болса, мінер жақ сулыққа шылбыр қоса тағылады.

Археологиялық (б.з.д. VII-VI ғ.ғ.) қазбалардан кезігетін жүген қалдықтары көбінше ауыздық пен шаужай. Сулық салған жүген кем кезігеді.

Қола дәуірінің ауыздықтарының екі басынан тесілген тесікке жүген жақтауын сулықсыз бекіткен. Металдан жасалған ауыздықтар ту баста буынды, жылжымалы етіп екі бөлшек темірден құрастырылып, сонымен бірге сулық жүгеннің жетілдірілген соңғы бөлшектерінің бірі.

Шаужай.

Ауыздық пен сулық арасына бекітілген, ұзындығы сынық сүйем екі бөлшек жабдықтың аты – шаужай. Ат басына жүген салынғанда, шаужай екі езуге кесе-көлденең түсіп, сулық пен ауыздық арасын жарып өтеді. Жүгеннің шаужайлы түрі де, шаужайсыз түрі де болады.

Жүгенге қойылған шаужай атты тежеп басқару үшін керек. Ал үлгі, қалыбы жағынан түрі көп. Оймышталып қолдан құйылған, ою-өрнек салып темірден соғылған, әдемілік, сәндк үшін күмістеліп, алтындалған түрлері болған. Үлгі жағынан шаужайдың таяқша түрлері, жарты ай үлгілі, жарты таға үлгілі, жарты шаңырақ үлгілі, жақ (садақ) үлгілі түрлері де кезігеді. Бұлан мен бұғының, теке мен серкенің, құлжа мен қошқардың, жылқы мен құланның басы мен мойны мүсінделген әдемі үлгілері де болған.

Шаужайлы жүген мініс атын тежеп басқаруға оңтайлы. Тізгіннің бір жақтауынан бұра тартқанда шаужай ат езуіне кесе-көлденең тұрады да, жақ сүйекті қысады. Соны сезінген ат сыңар езулемей тез бұрылады.

Шаужайсыз жүгеннің бір тізгінін бұра тартқанда сулық аттың езуінен ауызға кіріп, тіске соғылады. Ауыздық суырылып тартқан жақ езудің сыртына шығады да, ат басындағы жүген тұтасымен қисайып орынынан қозғалады. сағалдырығы салынбаған болса, сыпырылып түсуі де мүмкін. ұдайы сыртқа тартатын сулық өзіне бекітілген заттар тобымен ауызға кіргенін ат ұнатпай басын шайқап, осқырынатын сәттер де кездеседі. Жалпы алғанда, шаужайсыз жүгеннен шаужайлы жүген ат басқаруға қолайлы келеді.

Шаужайлы жүген сағағына екі тізгіні қоса қысып ұсталған ат бұра тартып кете алмайды. Бас асау, тарпаң ұрт, үркек, шәлкез жануарлар да екі ұртынан қыса тартқан шаужайдың ырқына көнбеске амалы жоқ. Мінген атының оғаш мінезіне орай екі тізгінді кезек-кезек тартқыласа, адамның сол әрекетін қазақ тілінде атты «шаужайлау» деп атайды. Сөз төркіні белгісіз болса да, қазіргі ұғымда шаужайлау – тоқтату, шектеу, тыйым салу мазмұнын береді.

Біреу сөйлеп отырғанда, екінші біреудің кес-кестеп – «жә, жә, жетер енді», — деп тыйым салған ырқы байқалса, сол шектеуді тілімізде – шаужайлау деп атайды. Сөйлеуге ерік бермеу, сөйлеуге еркі болмау деген ұғымдарды беру үшін – «шаужайлады, шаужайланды, шаужайынан ала түсті, шаужайлап жібермеді, шаужайынан қолын босатпады» сияқты сөз тіркестерімен де айтуға болады.

Шылбыр.

Ноқтаның сағағына, жүгеннің мінер жақ сулығына тағылатын екі, екі жарым құлаштай бау – шылбыр аталады. Шылбыр жұмсақ иленген қалың қайыстан бір, бір жарым елі етіп тіліп жасалады. Жұмсақ иленген жұқалтаң қайыстан ширатып, екі не үш қабаттап тарту арқылы қосып жасалынады.

Қайыс шылбырдың мықтысы бұғының мойын терісі, елік текесінің мойын терісінен жасалады. «Елік текесінің мойын терісінен тілінген шылбырды ат шалқалай тартса, шылбыр үзілмейді, аттың мойыны үзіледі» деген сөз бар. Бұларды қайыс шылбыр деп атайды.

Тайдың жал қылына түйенің, қойдың жүнін қосып ессе, түйенің шудасынан есілсе, ешкінің қылшығы мен түбіті қосылып есілсе, мұның бәрі – қыл шылбыр деп аталады. Жалаң есілген жіпті ширатып, үш қабаттап, көктеп, өткізіп тарту арқылы қосып жасалған шылбырлардың еттілігі адамның саусағындай ғана болады.

Шылбыр атты қолмен ұстап тұру үшін, немесе атты байлап қою үшін керек. Шылбырсыз ат сенімсіз.

Жақтау.

Бір сулықтан басталып ат басын желкесінен орап келіп, екінші сулыққа бір ұшы бекітілген тұрман. Жүген жақтауы екі бөлек құрамдалған болады да, мінер жақ жақтауы қысқалау, қамшылар жақ жақтауы ұзындау. Қамшылар жақтың ат желкесін ораған ұзын бөлігі – желкелік аталады. Желкелік мінер жақ жақтауға тоға арқылы бекітіледі.

Жүгеннің негізгі бөлігі жақтау болғандықтан, екі сулық, кеңсірік, кекілдік, сағалдырық сияқты бөлшектер түгелімен екі жақтауға бекітіледі.

Сағалдырық.

Жүген мен ноқтаның ат алқымынан орап тұратын бауы. Ат басынан жүген мен ноқтаның сыпырылып түспеуі үшін жасалған бөлшек. Сағалдырықтың өзі екі бөлек жасалады. Жүген жақтауына бекітілген қамшылар жақ бауы ұзындау болады да, ат сағағынан орап келіп, мінер жақ бауға тоға арқылы жалғастырылады.

Тілімізде бас пен мойын жалғасының тамақ жағы қашан да саға аталады. Ат сағағынан орап тұрған, осы баудың сағалдырық аталуы да сол бас сағасына байланысты болуы ықтимал.

Кеңсірік.

Жүген мен ноқтаның жақтауларын ат кеңсірігі үстінен орап барып жалғастыратын бау – кеңсірік аталады. Ат басына салынған ноқта, жүгеннің дұрыс қалыбын сақтау мен сыпырылып кетпеуі үшін кеңсірік жасалған.

Кекілдік.

Ат маңдайынан орап барып, жүгеннің екі жақтауын тұтастырып тұрған бау – кекілдік аталады. Екі құлақтың алдынан, екі көздің артынан (үстінгі жағынан) маңдайды басып, оралған бау ат жүгенделген кезде кекілдің астында қалады.

Бұл бөлшек көбінесе сән үшін жасалатын болғандықтан жүгеннің бәрінде бола бермейді. Асығыс сәттерде кекілді оның үстне шығарып баптауға уақыт жетпеуіне байланысты қазақ атты әскерлерінің жүгендерінде кекілдік жасалмаған.

Ноқта.

Мал басына салынатын тұрман. Ноқта үлгісі жүген тектестеу. Бірақ ноқтада – ауыздық, тізгін, сулық, шаужай, кекілдік болмайды. Ноқтаның өзіне тән бөлшектері – екі жақтау, желкелік, кеңсірік, сағалдырық, сағақ, шылбыр.

Ноқта атты байлауға, малды қосақтауға, жетектеуге арналған шылбырлы тұрман. Әдетте мінген атқа алдымен ноқта салынады да, оның үстінен жүген салынады. Егер ноқта болмағанда жүгеннің мінер жақ сулығынан шыдбыр тағылады.

Сағақ.

Ноқта жақтауларының шылбыр тағуға лайықталған орны – сағақ. Сағақтың қайыстан тұйықтай салған түрі, темір үзбелі түрі, бір шығырықты, қос шығырықты түрлері болады.

Мал иегінің асты қазақ тілінде сағақ аталады. Ноқтадағы сағақ атауы соған орай аталған болар деген жормалымыз да бар.

Желкелік.

Жүген мен ноқта жақтауының қамшылар жағы ұзындау келеді де, аттың желкесін орай келіп, мінер жақ жақтауға тоға арқылы бекітіледі. Ат желкесін орап тұрған осы бөлшек – желкелік аталады.

Жүген, ноқтаны кеңейту, тарылтуға арналған жырым сол желкеліктен шығарылған. Бұл жырымның ұзындығы бір сүйемдей. Онда тоғаның тілі түсетін 3-4 көз (тесік) бар. Жырымның ұшы салақтамау үшін тоғаның артында жақтауға бекітілген кішкене қайыс бүлдіргі болады. Жырымның артық ұшы сол бүлдіргіден өткізіледі.

Егер жүген-ноқта қайыстан, жіптен түйілген болса, тарылтатын желкелік пен ағытып түймелеп тұратын сағалдырық сияқты бөлшектері тоғасыз жасалады. Қайыстан түйіп жасалған тұрманда жалғастырылатын, бекітілетін орындар көбінше шалып байлайтын тұйық бүлдіргелі немесе түймелі, тиекті, түйме баулы болып жасалады.

zhagda-babalyqЖағда Бабалықұлы, «Ер қанаты»

Редакциядан: Осы жерде Жағда атамыз аса маңызды деп санамаған, бірақ ат басында жүген мен ноқтаның бір бөлігі ретінде айтылатын бірнеше бөлікті айта кетпекшіміз.

Қасқалық.

Жүгеннің кекілдігі мен кеңсірікті жалғап, аттың тура маңдайына тігінен тартылатын бау. Жағда атамыз кекілдікті аса маңыздылығы жоқ, сән үшін ғана қолданатын бөлік ретінде атапты. Қасқалық та дәл сондай, аса маңызы жоқ, оны алып тастаса да жүгеннің қасиеті кеміп қалмайтын бөлік.

Айлансоқ.

Жағда атамыз ноқтаның сағағы жайлы айтқанда «темір үзбелі түрі, бір шығырықты, қос шығырықты түрлері болады» депті. Осындағы шығырық деп отырғаны осы айлансоқ. Бұл бөлік тек ноқтада ғана болады. Оның басты міндеті сағаққа жалғанған темір айналсоқ арнайы айналып тұратындай етіп жасалады да, оған байланған шылбыр шиыршықталмайды. Және шылбырды тұйық қайысқа (сағаққа) байлағаннан көрі ыңғайлырақ болады.

Шығыршық.

Ат сулығына, ноқтаның айлансоғына сән үшін тағатын тұйықталған екі немесе одан көп шығыршық темір. Бұл тек сән үшін тағылады. Себебі шығыршық тағылған ат жүрген кезде темірлердің бір-біріне соғылған әдемі дыбысы шығып тұрады.

Тоға.

Жүгеннің, ноқтаның желкелігі мен сағалдырығын байлайтын жырым өтетін бөлік. Бұл темірден жасалған бұйымды айылбас тоғасы, құйысқан тоғасы, өмілдірік тоғасы, пыстан тоғасы деп өзінің қолдану орындарына қарай да айтады. Бұл бөліктің ортасында тілі бар, ол жырымда көрсетілген арнайы көзге (тесікке) кіріп тұрады.

argymaq.kz

(Суреттер әлеуметтік желіден алынды)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.