Дәркембай ШОҚПАРҰЛЫ. Аба – ежелгі киім
Бұл сөзді «Қазқ Совет Энциклопедиясынан» кездестіре алмадық. Ал «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»: «Аба – зат, сыртқы жамылғы» — деп қана келте қайырып, С.Шариповтың шығармасынан осы сөз кездесетін бір сөйлем берген де қойған. С.Қасимановтың «Қазақ халқының қолөнері» деген кітабында «Өбістірме – көктеп тікпей-ақ, тек пұшпақтарын байластырып алып, үстіге жамылып жүретін тері киім» — деген мәлімет бар.
Аба дегеніміз жауын-шашыннан қорғайтын жамылғыш, қарапайым әдіспен тігілген тыс киім. Тілімізге араб-парсы тілінен енген «аб» сөзі су деген мағынаны береді (абжылан, абдыра, мұраб т.б.), яғни қазіргі қолданып жүрген сулық сөзінің түп-төркіні осы аба сөзімен астарлас жатыр.
Осындай мәліметтер мен көнекөз қарттардың айтқандарын жинақтап, саралай келе абаның алғашқы пошымын келтіріп отырмыз. Аба немесе өбістірме көбінесе жылқы терісін түгін сыртына қарата илеп, тұтас тігілген сулық, яғни жамылғыш.
Ол үшін теріні малмаға салып, жүнін жидітпей, жұмсарта илеп, иден шыққан теріні талқыға салып, созғылай бұрап, әбден жұмсартады. Содан соң – 1-суреттегідей үзік сызықпен көрсетілген үлгімен пішіп, 2-суреттегідей күлжарасы (балшық) ішінен бүріле тігіледі. Екі шынтақ тұсынан ұзындығы бір қарыстай мөлшерде жырық тілінеді. Сол жырықтардан қос білек емін-еркін сиып тұрады.
Қаусырынғанда алқымның тұсына келетін қос пұшпаққа ілгек немесе шүберектен ызылған бау (қайыс бау да жарайды) тағылады.
Бел буар тұсынан бір өңіріне ілгек бекітіп, немесе екі өңіріне де ішінен бау тағып қояды. Оны ішкі бау деп атайды. Қазақтың тонында да осындай ішкі бау болады. Ішкі бау арқылы киім белді қынап тұрады. Тіліміздегі: «Тонның ішкі бауындай жақын екен» — деген сөз тіркесі осыдан шықса керек.
Абаны желді күні, әсіресе жауын-шашында сулық ретінде жамылады. Оның түгі сыртында, әрі жоғарыдан төмен қарай жығылып жатқандықтан су өткізбейді де жылы болады. Ыстықта сая. Жүрсең жамылғы, жатсаң төсеніш. Әмбебап киім – абаны бұл күндері еш жерден кездестіре алмайсыз.
Атпен шауып келе жатқанда абаның етегі көтеріліп, желбіреп, өте сәнді көрінеді. осындай ұзақ жолдан келген атбегілер ертеде абаның түк жағын ішіне келтіре аттың сауырына жапқан. Қажетсіз кезде шиыршықтап бүктеп, қанжығаға бөктеріп алған.
Аба мал баққан жанға қашан да аса қажет киім.
Дәркембай Шоқпарұлы, «Жылқы терісінен жасалатын бұйымдар» мақаласынан ықшамдалып алынды
argymaq.kz (Негізгі фото: Wikimedia Commons)