Қазақ: «Жылқы атасы – Керқұлан» — дейді

10625

Жылқы тұқымдас, жылқы пішіндес жануарлардың арғы тегінің көпшілігі құрып, біздің заманымызға тарпаң, керқұлан (пржеваль жылқысы), құлан (жабайы есек), зебра, есек сияқтылары ғана жеткен. Осылардың ішіндегі ең соңғы тарпаң 1879 жылы өлтірілген.

Тарпаңдарды қазақ халқы ежелден қолға үйретіп мінген және етін азық, сүтін сусын еткен. П.И.Рычков ол туралы 1762 жылы:

«Жайықтың арғы бетінде, кейде бергі бетінде жабайы жылқылардың екі түрі кездеседі, олар – тарпаңдар мен құлаңдар (жабайы есектер). Тарпаңдардың бойлары жылқыдан аласалау, денесі тығыршықтай томпақ, түстері құла және көк болып келеді, басқа түстілері де кездеседі, бірақ ондайлары өте аз. Қазақ жылқыларының ерекшелігі, басы үлкен және маңдайы ойыс болып келеді. Жиырма шақты қазақ жиналып, әрқайсысы бір-бір тарпаңды ұстап алып, аттарының мойнына арқанмен қосарлап байлап, бір айдан артық ұстап, мініске үйретеді» — деп жазады.

kerkhulan11

Пржеваль жылқысын қазақтар ежелден «керқұлан» немесе «жылқы құлан» деп, ал кәдімгі біз қазір құлан деп жүрген жануарды «есек құлан» немесе «жабайы есек» деп атаған. Бұлайша ажырату Алтай қазақтарында, әсіресе Шыңжаңның Алтай, Тарбағатай қазақтарында әлі күнге дейін сақталған. Бұл – халықтық атау, себебі ата-бабамыз ежелден олардың тағы жылқылардың арғы тегі екенін білген. Алтай қазақтары «жылқы атасы – Керқұлан» дейді. Атам қазақтың:

«Бұрқылдаған қақ көзі,

Суат болмас демеңіз.

Жер тағысы Керқұлан,

Жылқы болмас демеңіз», – деген сөзінде терең мән бар.

Кезінде ата-бабамыз жылқыны асылдандыру үшін тағы жылқыларды үйірге қосқан, етін азық, сүтін сусын еткен, терісінен таспа тіліп, сүйегінен әшекей заттар жасаған.

Қазір біз Керқұланды – Пржеваль жылқысы деп жүрміз.

Қазіргі уақытта XX ғасырда Шыңжаңнан алып кеткен Керқұланның тұқымы Пржеваль жылқысы деген атпен дүниежүзінің көптеген қорықтарында өсіп-өніп жүр.

kerkhulan

«Жылқы атасы – Керқұлан» деген қазақтың тәмсілі бекер айтылмаған. Оның анық-қанығын ғылыми палеозоологиялық, генетикалық, остеологиялық зерттеулер шешуге тиіс. Құлан деп аталып жүрген қазіргі жануарды жылқымен шағылыстырғанда өзінен кейін тұқым бермейтін ұрпақ алынған. Олай болуының себебін генетикалық зерттеулер көрсетті, яғни генетикалық зерттеулер бұл құландардың жылқы тұқымдарының қалыптасып жетілуіне ешқандай әсер ете алмайтынын дәлелдеген [1].

Көптеген зерттеу еңбектерде Керқұлан(Пржеваль жылқылары) әлем сәйгүліктерінің арғы ата тегі деген атағынан айырылды деп жазылып жүр. Жылқы түлігін зерттеуші-ғалымдар, атап айтқанда, Science журналында байырғы және қазіргі 88 бәйге жылқысының ДНК-сын талдай келе, Керқұланқазіргі жылқылардың соңғы жабайы ата тегі болмай шыққанын жазып, оларды Қазақстандағы Ботай елді мекені маңайында тіршілік еткен алғашқы қолға үйретілген жылқылардың жабайыланған ұрпақтары деп жариялаған.

Копенгаген университетінің ғалымы Людовик Орландон осы дерекке сүйене отырып:

«Осы ғылыми тұжырым жылқыларды қолға үйретудің тарихын толығымен өзгертеді, өйткені қазіргі біздің соңғы жабайы жылқылар деп жүргеніміз, алғашқы қолға үйретілген жылқылардың өз иелерінен қашып кетіп, кейіннен қайтадан жабайыланған түрлері», – дейді.

Адамзат жылқыны шамамен 3,5 – 4 мың жыл бұрын қолға үйретті деген ғылыми болжам бар. Алғашында адамдар жылқыны тек ет өндіру мақсатында баққан, содан кейін ғана шаруашылық үшін қолдана бастаған. Үй жылқыларының ата тегі қазіргі Керқұлан(Пржеваль жылқылары) және ХІХ ғасырдың соңына таман жойылған тарпаңдар болуы әбден мүмкін.

Қазіргі жылқылардың ДНК-ның салыстырмалы аздаған мутациясы көрсеткендей, жылқылардың ортақ ата тегі Шығыс және Солтүстік Қазақстан аумағында, яғни Керқұланның табиғи мекен ету ортасында тіршілік еткенін дәлелдейді. Бұған дейін бұндай тұжырымға келуге көне жылқылардың генетикалық коды сақталған қалдықтарының болмауы себеп болып келген еді.

orlando

(Людовик Орландо жаңғыртқан ежелгі жылқы)

Людовик Орландо және оның әріптестері Алясканың мәңгілік мұздағында 700 мың жылға жуық жатқан жылқының сүйектерінен ДНК бөлшектерін бөліп алып, 88 көне және қазіргі жылқылардың ДНК-ларымен салыстыра талдау жүргізген кезде күтпеген жағдайға тап болып, бұрын Керқұлан қандай болғанын анықтауға мүмкіндік алған. Оларды қазіргі желісті және басқа да текті жануарлардың ата тегі деп айтуға болмайтынына және олардың бұрынғы жабайы жануарлар емес екеніне көз жеткізген.

Людовик Орландо өз әріптестерімен ДНК-сы қалпына келтірілген Ботай аймағында 5,5 мың жыл бұрын тіршілік еткен қолға үйретілген көне жылқылар – қазіргі Керқұланның ата тегі, алайда олар қазіргі кезде тіршілік етіп жатқан қолға үйретілген жылқылардың «бөлелері» емес екенін жаза келе, жаңа генетикалық зерттеулерді басшылыққа ала отырып, жабайы жылқылар жүздеген, мыңдаған жылдар бұрын жойылып кетккен, ал Керқұлан қазіргі жылқылардың соңғы жабайы ата тегі емес, алғашқы қолға үйретілген жылқылардың жабайыланып кеткен ұрпақтары деген қорытындыға келген [2].

kerkhulan1

Зерттеу барысында ғалымдар ондаған көне және қазіргі жылқылардың геномдарын зерттеген. Атап айтқанда, олар архиеологиялық қазба барысында Қазақстанның солтүстігінен табылған көне жылқылардың тістері мен сүйектерін, Ботай маңынан табылған 20 жылқының және бүкіл Еуразия бойынша табылған 22 жылқының геномын салыстырған (секвенирлеген). Кейін олар осы зерттеу нәтижелеріне салыстырмалы талдау жасап, Керқұланның ДНК-сын анықталған 18 ескі және 28 қазіргі жылқының геномдарын салыстырған. Нәтижесінде жойылып кетуден аман қалған Керқұландардың жабайы болып саналмайтынына, дегенмен олар 5500 жыл бұрын Солтүстік Қазақстанда өмір сүрген қолға үйретілген жылқылардың ұрпақтары екеніне көз жеткізген (Deutsche Welle).

Канзас Университетінің зерттеушісі Сандра Олсен және оның әріптестері:

«Әлемдегі барлық жабайы жылқы бұдан жүздеген, мыңдаған жыл бұрын жойылған. Біз осы деректі (факт) енді түсіндік», – деген тұжырым жасады [3].

Сондай-ақ Дания жаратылыстану мұражайының зерттеушісі Шарлин Гауниц 47 зерттеушіден құралған топпен ғылыми жұмыс жүргізеді. Олар да қазіргі қолға үйретілген және көне дәуірде қолға үйретілген мен Керқұландар арасындағы генетикалық байланысты табуға тырысқан. Осы мәселенің мәнісін ашу үшін Шарлин Гауниц өз әріптестерімен бірге бүкіл Еуразия бойынша табылған 42 көне жылқының геномын зерттеген. Ғалымдар өздерінің зерттеу материалдарында бұрын анықталған 18 ескі және 28 қазіргі жылқының геномдарын салыстырған. Олар да зертеуі барысында күтпеген нәтижеге қол жеткізген. Зерттеу нәтижесі мынаны көрсеткен: Қазіргі жылқылар Ботайда қолға үйретілген жылқылардан бөлек жеке өздерінің генетикалық кластерін қалыптастырған. Ботай жылқылары Бөрлі 4 деп аталатын қолға үйретілген көне жылқы тұқымының ататегі екенін анықтаған. Сөйтіп, олар да Ботай жылқылары Керқұланжылқысының шыққан тегі деген қорытындыға келген [4].

kerkhulan111

(Кәдімгі жылқы мен керқұланның буданынан туған құлын)

Шарлин Гауниц қазіргі жылқылар жеке топ ретінде қалыптасқан, дамудың болжам бойынша екі нүктесі бар деген тұжырымға келе отырып:

«Біріншіден, жылқылар Ботайда қолға үйретілген, алайда басқа жабайы жылқылармен көп шағылысып кеткен, тектік шығуы толығымен алмастырылған. Екіншіден, жылқылар басқа жерде қолға үйретілген және белгілі бір уақытта Ботай жылқыларымен байланысқа түскен және Ботай жылқылары қазіргі жылқылардың гендік жағына аз мөлшерде болсын өз ізін қалдырған» — деп тұжырымдайды.

Қорыта келгенде, Вармуттың айтуынша, Ботай жылқылары қазіргі жылқылардың геномдарының қалыптасуына әсер етті деп айту «өте қызық және керемет» дерек.

«Егер де Ботай жылқылары біздің қазіргі үй жылқарымызға аз ғана генетикалық материал ендірсе, онда жылқылардың аталық іздері жасалады деп айтуға болады» — дейді Райдер.

Ол осылай дей отырып, келешекте қазіргі жылқылардың және олардың туыстарының, тұқымдарының, ата тектерінің байланысын түсіндіру үшін генетикалық және архиеологиялық зерттеу материалдарын тиімді пайдалану керек деген ой айтады.

Палеозоологтар Ботай қонысынан қазылып алынған жылқылардың сүйектеріне қарап, олардың байырғы қазақ жылқысының бір түрі, жабы тұқымына жақын екенін дәлелдеп отыр. Әдетте жылқы тұқымдарының ішіндегі далалық өңірлердің қолайсыз ауа райына ең төзімдісі – қазақы жылқылар екені дау туғызбайды. Олар үнемі түзде, жайылымда, сақылдаған сары аяз бен боранды қыста да бауырын сызған қалың қарды тебіндеп, шөбін тауып жеп, аса қиналмай жүре береді.

Ботай жылқыларының басым көпшілігінің шоқтығына дейінгі биіктігі –136-144 см болса, ширегіне жуығының бойы – 144-152 см аралығында екені дәлелденген. Мәселен, әйгілі Берел қорымынан табылған жылқылардың биіктігі дәл осымен шамалас – 136-152 см, Пазырық сәйгүліктер – 148-150 см, қазіргі жабы айғырдың шоқтығының биіктігі – 144-147 см екенін еске алсақ, Ботай жылқы үйірлерінің, негізінен, бойшаң тұқымдардан құралғанын аңғаруға болады. Мұны, бір есептен, ботайлықтардың жылқыларды ірілендірумен, сұрыптаумен айналысқанының, қолға үйрету жұмыстарын өз дәрежесінде жүргізе білгендігінің дәлелі деп ұғыну керек.

Осыдан 6 мың жылдай уақыт бұрын кіндігі қазақ жері болып саналатын, арғы тегі тарпаңдар мен керқұлаңдардан тараған қораш жылқылардан бүгінде көпке әйгілі қылқұйрық тұқымдары: ақалтекелер, араб жылқылары, арғымақтар, қазанаттар, ағылшынның таза қанды сәйгүліктері, мініс, жегіс, жүк тасмалдайтын ірі жылқылар іріктеліп, сұрыпталып шыққан [1].

Ал Берел қорымынан табылған жылқылардың қаңқаларының топтамасы қазіргі таңда сақтар заманындағы жылқылардың әлемдегі ең ірі топтамасы екені анық [5].

Қайрат Исхан, АШ ғ.к., доцент,

Дастанбек Баймұқанов, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, АШ ғ.д.

Мақпал Қарғаева, ғылым магистрі, ҚазҰАУ

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Ахмет Т. «Қазақ жылқысының тарихы». ЖШС «Алматы кітап баспасы», 2010 ж.
  2. Людовик Орландон. Science журналы.zakon.kz сайты
  3. Сандра Олсен. Канзас Университеті
  4. Шарлин Гауниц.Дания жаратылыстану мұражайы.365info.kz сайты
  5. Павел Косинцев, Зайнолла Самашев. Берел жылқылары. Морфологиялық зерттеу. ТОО «Полиграфкомбинат» Алматы. 2014 ж.
  6. Muhatai Geminggule, Ishan Kairat, Yan li, Aladaer Qi Genetic diversity and population structure of Kazakh horses inferred with mtDNA sequences. Genetics and Molercular Research 15 (4): gmr. 15048618.
  7.  А.Р.Акимбеков., Д.А.Баймуканов., Ю.А.Юлдашбаев, В.А Демин, К.Ж.Исхан. Коневодство. Учебное пособие. (ISBN 978-5-906923-27-1). — Москва: КУРС: ИНФРА-М, 2017. – 400 с.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.