Жәнібек ДӘУРЕНБЕКОВ, цирк әртісі: Жылқы сіздің ұрысқаныңызды да, еркелеткеніңізді де түсінеді (ФОТО)

6849

 Ат құлағында ойнайтын жас әртіс Жәнібек Жангелдіұлы Астана циркте өнер көрсетіп жүргеніне алты жылдан асты. Цирк өнерінің қыр-сырын жетік меңгерген жас жігіт жақында Қытайдың 20-ға жуық қаласында 9 айдан астам уақыт өнер көрсетіп, қазақ жігітінің, қазақ жылқысының, Қазақ елінің өнерін көрсетіп қайтты.

Жас цирк әртісімен әңгіме барысында бүгінгі қазақ цирк өнерінің мүмкіндіктері мол екенін бағамдадық.

 — Жәнібек, өзің жастайыңнан ауылда өскен баласың. Сенен, «ат спортына қалай келдің?» деп сұраудың өзі артық шығар…

— Ат десе, жылқы десе жүрегім өрекпіп, көңілім алаңдап кететін. Жақсы көруімнің себебі де жоқ емес қой. Ата-бабамыздың барлығы ат үстінде өтті. Ат үстінде өткен аталарымыздың рухы қанымызда әлі бар. Дегенмен біз ата-бабамыз ат үстінде өтті десек те, қазіргі кезде ат спортының дамуы кенжелеп қалған. Әсіресе 21 ғасырдың ұрпақтары үшін жылқы, мал шаруашылығы деген түсінік ескі көзқарас секілді. Бұл – өз ойым.

Ал өзімнің ат спортына келуіме осы атқұмарлығым себеп болды. Әсіресе маған ат құлағында ойнау, атөнері қатты ұнайды. 2012 жылы елордадағы «Астана цирк» мекемесіне жұмысқа келдім. Тұрлыбек Күнғожинов деген Қазақстанның еңбек сіңірген цирк артисі бар. Сол жігіттермен бірге жұмыс істедім, солардан үйрендім барлығын. Олар маған цирктің әліппесінен бастап, барлығын үйретті. Атпен жұмыс, оларды жаттықтыру, оларды сахнаға шығару, музыкамен жұмыс істеу, тіпті қарапайым ғана аттарды жемдеп, оның астын тазалап, үстін жууға дейін солардың тәлімін алдым.

Сол үйренгенімнің барлығын халыққа ұсынғым келді. Оның да сәті түсті. 2017 жылы Қытайға барып, еліміздің көк туын желбіретіп, қазақ халқының абыройын көтеріп қайттым. Қытай елінің 20-ға жуық қаласын араладық. Ол жерде өзіміздің аттарымызды, қазақ жылқысының кереметін таныта алдық.

 Zhanibek11

— Аттарды өздерің апардыңдар ма?

— Иә, өзіміздің аттар. Бірақ бірнеше жылдың алдында барған ол жаққа. Нақтырақ айтсам, 2012 жылы өнер көрсетуге барған аттар сол жерде қалған болатын. Сол аттарды пайдаландық.

 — Осы жолы да сонда тастап кеттіңдер ме?

— Иә, олар сол жерде бағымда тұрады.

 — Атпен жұмыс істеу қиын ба?

— Әркімге әрқалай. Егер атөнерінің (джигитовка) техникасын меңгергендер үшін қиын емес. Бір-екі айда барлығын меңгеруге болады.

 — Ал атөнерінің техникасы деген қандай болады?

— Аяқты түзу ұстау; ер үстінде дұрыс отыру; шауып бара жатқан аттың үстінде қимыл жасаған кезде қауіпсіздік пен жылдамдықты менгеру; сахнаға шығатын аттың характерін білу керек. Атөнерінде маңызды дүниенің бірі – ер. Еріңіз өзіңізге лайық әрі ыңғайлы болғаны орынды.

 Zhanibek3

— Сен цирк өнерін оқыдың ба?

— Жоқ, оқымадым.

 — Бірден циркке келіп, сол жерде барлығын менгеріп алдың?

— Иә. Барлығын сол цирк алаңынан үйрендім.

 — Сен өзің үйреніп алыпсың. Ал нағыз цирк әртістерін дайындап, олардың өнерін шыңдау елімізде жолға қойылған ба?

— Әрине, бұған дейін Алматыда цирк әртістерін дайындайтын, енді Астанада да бұл өнердің майталмандарын дайындау қолға алынды. Әсіресе, осы ат спорты – атөнерінде өнер көрсететін жастарды оқытатын арнайы оқу орыны бар. Оның сыртында, бұл саланы дамыту мақсатында шетелде жүрген жастар да көп. Мысалы біз барған Қытай қалаларының өзінде 40-қа жуық қазақ жасы білім алып, өнер көрсетіп жүр.

 Zhanibek12

— Цирк аттарын баптау, бағып-күту қиын ба?

— Циркте көбінде ерекше тұқымды аттарды пайдаланады. Содан болар олар тез үйренеді.

 — Мысалы қандай тұқымдар?

— Менің бір байқағаным «Орлов желгіштері» мен «фриздер» цирктің сахнасына тез үйренеді. Олардың тез үйренуімен қатар, бойшаң, сымбатты, сырт бейнесі қанша сұлу болса, ішкі түйсігі де өте жоғары болады. Мен өзім «Орлов желгіштерімен» жаттықтым.

 — Цирк аттарын бағып-күту туралы толықтай кетсең. Оларға арналған арнайы жем-шөп бола ма?

— Иә, арнайы жем болады. Оның сыртында сәбіз, қант, кәмпиттер де беріледі. Әсіресе тәтті-тәпсекті олар жақсы нәтиже көрсеткен кезде береміз. Себебі, жылқы өзінің жақсы істегенін, дұрыс істегенін білуі керек. Жылқы қантты, тәтті тағамдарды жақсы біледі. Ал дұрыс істемесе жазалаймыз.

 — Жазалаудың түрі қандай?

— Әрине, жазалау дегенде атты түрмеге қамап, қан-жоса етіп сабамасың белгілі ғой. Дегенмен, қамшыны көрсетіп, мінез танытып қоясың. Ол да сәби бала секілді, адамның көңіл-күйін бірден түсінеді. «Атта 7 жасар баланың миы бар» дейді. Демек, аттар да сенің не айтқың келіп тұрғанын, нені меңзегеніңді 7 жастағы бала секілді түсінеді деген сөз. Сондықтан да біз теріс жасаса ұрсып, дұрыс әрекет көрсетсе қолдап, мақтап, еркелетіп отырамыз. Ат бәрін тсүінеді.

 Zhanibek4

— Өзің өнер көрсететін атты өзің дайындайсың ба, әлде дайын атпен сахнаға шыға бересің бе?

— Әркім өз атын өзі дайындауы керек. Бұл ең әуелі ат пен адамның рухани үйлесуіне көмегін тигізеді. Әрине, үйренген аттар кім мініп шықса да қалыпты әрекетін жасап шығатыны белгілі. Бірақ, өзің дайындап, өзің баптап, өзің бағып-күткен аттың саған деген сенімі, сенің ол атқа деген сенімің нық болады. Ал өнер көрсету кезінде ат пен адамның бір-біріне деген сенімі маңызды рөл атқарады. Сондықтан да мен өзім мінетін атты өзім дайындаймын. Осы жолы Қытайға барған сапарымызда да маған 1 ай уақыт берілді. Яғни, мен өнер көрсетуден бір ай бұрын барып, өзім мінетін аттарды өзім дайындадым.

Аттар 2012 жылдан бері көп өнер көрсетпей, атқорада тұра беріп, тұяқтары өсіп кеткен. Бұрынғы үйренгендерін ұмыта бастаған. Маған бір айдың ішінде соларды манежге (цирк сахнасы) үйрету керек болды.

 — Арнайы ереже бар ма, «осы уақытта осыны жасау керек» деген?

— Әрине, онсыз болмайды ғой. Таңғы алтыда тұрып, суарып, шөбін берген соң үш сағаттан кейін етін қыздырып, араға 4 сағат уақыт салып, осы әрекетті қайталап отырамын. Оның сыртында, атты манежге үйрету, циркке келген адамдардан – көрермендерден үрікпейтіндей, айғай-шуға еліріп кетпейтіндей, музыкаға үйлесе алатындай етіп тәрбиелейсің.

 — Цирктегі сенің міндетің не? Яғни қандай өнер көрсетесің?

— Мен ат үстінде трюктер жасаймын. Олардың өз атаулары бар, ат үстінде секіру, ат құлағында ойнау, ер үстінде ішпен тұру, шапқан аттың үстінде түрегеп тұру, шауып келе жатқан аттың астынан айналып шығу, т.б. қатарлы көріністер көрсетемін. Яғни, ат үстіндегі отрабатика.

 — Атөнері өте қауіпті өнер. Қанша үйретілген десең де, жылқы ақылсыз жануар. Ат сүйреп кетуі мүмкін, жығылуы мүмкін. Осыларды ескере отырып, ата-анаң қарсы болған жоқ па?

— Отбасым қарсы болған жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, бала кезден көргенім жылқы болғандықтан ол кісілер де сенген болуы керек. Ата-анама айттым, осы спорт түрімен айналысамын деп. Олар келісті. Енді Құдай денсаулық берсе, бұл жолды жалғастыра беремін.

Әрине, үйдегілер біледі, бұл спорттың, бұл өнердің тым қауіпті екенін. Бір күні болмаса бір күні өзің жығылып, не ат жығылып мертігіп қалуың мүмкін, тіпті өміріңмен қош айтысуың да мүмкін, Құдай бетін аулақ қылсын. Ал жылқы деген техника емес, жануар. Оның миында, санасында не болып жатқанын ешкім білмейді. Сондықтан да жанына қанша жақын болсаң, ол соншалықты саған да жақын болуға тырысады.

 — Қытайдың қанша қаласында болдыңдар?

— 15-18 қаласын аралап шықтық. Әуелі Ішкі Моңғолияда болдық. Оның Синьин деген қаласында екі ай жаттығу жасадық. Және алғашқы өнерімізді сол жерде көрсеттік. Әлемнің түкпір-түкпірінен цирк өнерінің майталмандары жиналды. Соның ішінде атпен өнер көрсеткен Қазақстан ғана болды. Басқа Аргентинадан, Чехиядан, Филифиннен, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан келгендер цирктің басқа салалары бойынша өнер көрсетті.

 — Басқа елдер атпен өнер көрсетпеді деп отырсың ғой. Дегенмен цирк өнерінде Қазақстанның атпен өнер көрсетуіне қандай баға бересің?

— Өз ойымша жоғары баға берер едім. Себебі бізге дейін Қытайға барып атпен өнер көрсеткен ел жоқ екен. Біз бірінші рет бардық. Олар да ат өнері десе таңқалатын халықтың бірі. Ең қарапайым қимылдар жасағанның өзінде таңданыстарын жасыра алмай: «Міне нағыз Қазақстан! Міне нағыз ат құлағында ойнаған көшпенділер!» деп таңырқасты. Содан кейін Қазақстан жайлы біле бастайды, бізге келіп сұрақ қойып, «бұны қалай жасайсыздар, қалай үйретесіздер атты, қай жердің жылқысы?» деп сұрайды көбі. Әсіресе осындай үйретілген аттар сатыла ма деп сұрағандар көп болды.

Барған жерлерімізде осындай сауалдар көбейгендіктен, біз арнайы кітапшалар жасап алдық. Біз туралы білгісі келіп, ат өнері қызықтырғандарға соны сыйға береміз. Онда жайлауымыз, жылқыларымыз, ұлттық өнеріміз, еліміз жайлы ақпарат жазылған.

 Zhanibek2

— Циркке алатын атты қалай таңдайсыңдар?

— Негізі Астана циркіндегі жылқының барлығы мемлекеттің қарамағында. Сондықтан олар жылқыны тай кезінен сатып алады да, бізге алып келеді. Біз соларды үйретеміз.

 — Цирк аттарын дайындауда еркектері тез үйрене ме, ұрғашылары тез үйрене ме?

— Циркте ұрғашы жылқы болмайды. Бәрі еркек. Себебі цирктегі айғырлар биелерді көрсе, құтырынып кетеді. Үйретуге көнбей, бағынбай кетеді. Сол себіпті циркте тек қана еркек жылқылармен жұмыс істейміз.

 — 6 жылдан бері осы салада жүрсің. Талай қызықты, әрі оқыс оқиғаларға тап болған шығарсың?

— Иә. Болып тұрады. Жиі болады деп айта алмаймын. Дегенмен, болады. Мысалы, адамның түрін, бет-әлпетін көрсең, оның не істегісі келіп тұрғанын, қандай әрекет жасайтынын білуге болады. Тіпті оның бет-жүзінен ауырып тұрғанын, қуанығанын, ашуланғанын білесің. Ал жылқының не ойлап тұрғанын білу қиын. Оның санасында қандай өзгеріс, қандай сезімдер өтіп жатқанын саралау оңай емес.

Менің өзімнің өнер көрсететін атым бар, есімі – Гектор. Ол екеуміз жақсы доспыз. Барлығын өзім үйретіп, өзім дайындап, манежге де өзім мініп шығамын. Ол менің атқораға кіргенімді бірден біледі. Оқыранып, кісінеп, қасына жеткенімше тағат таппай кетеді. Ол менің құрқол келмейтінімді, келген сайын қант не тәтті сәбіз ала келетінімді біледі де, мені қуана қарсы алады.

Оның тағы бір ерекше қасиеті – мен қайда барсам да, оны жетелеп жүрмеймін. Бос жіберіп қойсам болды, артымнан еріп отырады. Жүрсем жүріп, тұрсам тұрады.

 — Мысалы бір қаладан, келесі қалаға немесе бір елден келесі елге барғанда аттарды қалай алып жүресіңдер?

— Барлық ат алып жүретіндер секілді, біз де жылқы артуға арналған үлкен көлікті (пура) жалдаймыз. Бірақ, жолда жүргенде аттарға жем берілмейді. Су мен шөп қана беріледі. Ал цирктің өз ырымы бойынша, жол бойында аттың астын тазалауға болмайды.

 — Қызық екен. Неге?

— Оны мен де білмейді екем, шынымды айтсам.

 — Қытайда өнер көрсеткен кезде, басқа елдер өздеріне шақыру жасаған жоқ па?

— Ондай ұсыныстар болды. Бірақ ол жаққа бару-бармауды біз шешпейміз. Оны цирк басшылары шешеді. Егер «осы елге баратын болдық, дайындалыңдар» десе, әрқашан әзірміз. Дегенмен, шетелге барып өнер көрсету көп қаражатты қажет етеді.

 — Цирк алаңында орын алған оқыс оқиғадан қалай жол табасыңдар?

— Иә, ондай сәттер болады. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегендей, аттар кейде сүрініп құлайды. Өз-өзіне шалынысып қалады. Тіпті кейде манежде температурасы көтеріліп кететін кездер болады. Сахнаға шығарда оны біз білмейміз. Барлық дайындығын жасап шығарғанда, сәтсіз өнер көрсететін кездер болады.

Бір рет сондай жағдай болды. Абырой болғанда Құдай сақтап, еш жерім ауырған жоқ. Ат та, өзім де дін аман қалдым. Бірақ, қандай жағдай болмасын цирк алаңындағы өнер тоқтатылмайды. Жалғасын таба беруі керек.

 — Астана циркінде өзің секілді жастар көп пе?

— Бар. Бірақ көп емес. Менен де жас інілерім өнер көрсетіп жүр. Олар менен де жақсы өнер көрсетіп, жақсы жетістікке жетіп жүр. Жастары енді ғана 15-16-ға толса да, еліміздің біраз өңірінде өз өнерлерін көрсетіп жүрген жастар бар. Қазір жасым 24-тен асқан соң мен шет елге шыға беремін. Шетелдерге барып өнер көрсетуге мүмкіндігім бар. Ал жастар әзірге ел көлеміне танылып жатыр.

 — Астана циркіне келгенше ауылда ат спорты түрлеріне қатысып, теңге іліп не атқа шауып, көкпарға қатысып көріп пе едің?

— Жоқ. Ауылдағы барлық қарапайым балалар секілді, күнделікті тұрмыста ғана атқа мінгенім болмаса, ерекше ат спортына қатысып көрмеппін.

 — Онда циркке қалай әртіс болып жүрсің? Арнайы сыналтып алды ма?

— Циркке келген соң маған 1-2 ай уақыт берді. Өзімнің қандай мүмкіндігім бар екенін көрсетуім керек болды. Циркке келгенге дейін білетінімдей ат өнеріне акробатиканы, арнайы цирк колледжін бітіргендерді алатын еді. Ал менің мамандығым – заңгер. Ешқандай акробатикаға қатысым жоқ. Соған қарамастан, ата-бабамыздан берілген қан бар ғой деп, өз мүмкіндігімді тиімді пайдаланып, сынақ мерзіміне берілген 2 айды 1 айдың ішінде менгеріп, өзімді жақсы жағынан көрсете алдым. Содан кейін мені цирк қатарына алды.

 — Айтпақшы, өзіңнің оқыған мамандығың туралы айтпадың ғой?

— Сауда-экономикалық колледжін бітірдім. Қазіргі уақытта сырттай жоғары білім алу үстіндемін.

 — Сонда саған біреу ұсыныс жасады ма, циркке бар деп. Әлде өзің бардың ба?

— Өзім бардым. Астана циркінде ат өнері, атсайыстың барын байқадым. Соған өз бағымды сынап көрейін деп бардым. Қазір, Құдайға шүкір, сол қатарда жүрмін. Және өте қуаныштымын! Осы жолғы Қытай сапарының өзінде қазақ жігітінің, қазақ аттарының қандай болатынын таныта алдым. Өз шамамша Қазақ елінің туын шет елде желбіреткенімді мақтанышпен айта аламын.

— Әңгімеңе рахмет!

Erzhan ZhaubaiЕржан Жаубай, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.