Абдельге ат мінгізген қазақ
1995 жылдың күзінде маған содан 14-15 жыл бұрынғы жолсапарларда жүргізген қойын дәптерлерімді ақтарып, олардан Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатындағы магнит аномалиясын алғаш рет ашқан ұшқыш Сургутановтың Свердловск қаласындағы адресін іздеуіме тура келді. Уақыт табынан сарғая бастаған блокноттарымды бірінен кейін бірін алып парақтап отырғанмын. Бір кезде 1980 жылғы қоңыр мұқабалы қойын дәптер бетінен: “Әбітхан Оразалиев, Луговой асыл тұқымды жылқы зауытының атбегісі. Ол 1960 жылы Египет жеріне барып, Біріккен Араб Республикасының президенті Гамаль Абдель Насерге Кеңес Одағы тарапынан сыйға тартылған арғымақты табыс еткен жан”,– деген сөйлемдерді ұшыратпасым бар ма? Міне, қызық! “Бұл деректі содан бері қалай ұмытып кеткенмін, қалай ғана байқамай келгенмін? Енді қайткенде де баруым керек, бұл кісіні міндетті түрде іздеп табуым қажет”,– дедім ішімнен күбірлей сөйлеп. Сөйттім де осы фактінің кезінде қойын дәптеріме түсуіне себепші болған төмендегідей оқиғаны есіме алдым.
…1980 жылдың көктемі еді. Ол кездері «Лениншіл жас» газетінде істейтін мен маршал Г.Жуковтың сонау 1945 жылғы Жеңіс парадында Қызыл алаңға мініп шыққан ақбоз атының кейінгі тағдыры Қазақстанға келіп тіреледі дегенді естіп, осы Луговой жылқы зауытында үш күнге жуық уақыт жүргенім бар. Шаруашылық орталығы Көгершін селосындағы көнекөз қарттарды жинастырып сұраймын, кеңседегі елуінші жылдарға қатысты құжаттарды ақтарыстырып көремін, жылқы зауытының сол кездегі директоры Иван Афанасьевич Финькодан бастап барлық мамандармен әңгімелесемін… Ақыры бәрі де рас болып шықты. Қалай дейсіз ғой?
1935 жылы бір топ түркімен шабандоздары Ашғабадтан Мәскеуге дейінгі аралықты салт атпен жүріп өтуге бел байлайды. Сапар сәтті аяқталғаннан кейін оларды маршал К.Ворошилов қабылдаған. Сонда түркімен жігіттері Климент Ефремовичке Араб-Қазбек есімдіж ас ақалтеке арғымағын сыйға тартады. Содан ол Мәскеу маңындағы Кеңес Армиясының Орталық спорт клубында ұйымдастырылған түрлі жарыстарға қатысып жүреді де 1945 жылы бұл арғымақты маршал Г.К.Жуков Қызыл алаңдағы Жеңіс парадына мініп шығады. Ал, 1948 жылы Араб-Қазбек айғыры С.М.Буденныйдың нұсқауымен Мәскеуден Қазақстандағы Жамбыл облысының Луговой жылқы зауытына жіберіледі. Содан үш жыл өткен соң… иә, үш жыл өткен соң бұл арғымақ «ғасыр пырағы» атанған әйгілі Абсенттің әкесі атанады.
Осы деректерді тауып, керекті құжаттардың бәрін алып, жолға жиналып жатқанымда, Луговой жылқы зауыты парткомының сол кездегі хатшысы Махан Иісбаев мынадай қызық әңгіменің ұштығын шығарды. «Біздің осы шаруашылықта,– деді ол кісі,– Әбітхан Оразалиев деген жылқышы бар. Алпысыншы жылдардың басында Египетке барып, Гамаль Абдель Насерге Кеңес Одағы сыйлаған арғымақты жеткізіп қайтқан. Қазір ол кісі ауылда жоқ, таудағы қыстауда. Қажет деп тапсаң, қызығушылық білдірсең жер аяғы кеңігенде кел. Жолықтырамын».
Іздеп барған әу бастағы тақырыбым – маршал мінген ақбоз ат туралы фактінің табылғанына малдандым ба, жоқ әлде одан кейінгі қат-қабат жұмысбастылықтың салдары ма, білмеймін, әйтеуір мен содан бері бұл деректі шынымен-ақ ұмытыппын. Енді міне арада 15 жыл өткеннен кейін бәрін де қайтадан басынан бастауға тура келді. Алдымен: “Осындай ақсақал бар ма, жоқ па?» деген мазмұнда Көгершін ауылдық әкімшілігіне хат жазылды. Содан кейін редакцияда өзіммен бірге жұмыс істейтін, сол шаруашылықта туып-өскен Қыдырәлі Қойтаев деген жігіт табылды да Әбітхан қартқа ауызша сәлем айтылды. Сөйтіп бәрі реттелді-ау деген кезде Луговой жылқы зауыты қайдасың деп жолға шықтық.
…Біз келгенде Әбітхан ақсақал кенже баласын үйлендіріп болып, «уһ» деп есін жиып отырған беті екен. Үй иесі сол кезде жасы алпыстан жаңа асқан, орта бойлы, атжақты адам-тын. Бір байқағаным, ол кісі жүрген кезде аяқтарын екі жағына салмақ сала теңселіп басады екен. Осыны көргенде мұндай әдеттің теңізшілер мен жаяу жүруге онша дағдыланбаған атты әскерлерде ғана болатыны есіме түсті.
– Елуінші жылдардың аяқ кезінде,– деп әңгімесін бастады Әбекең алғашқы аман-саулықтан кейін,– біздің Луговой жылқы зауытының атағы одақ көлемінде кеңінен таныла бастады. Оған «ғасыр пырағы» атанған Абсенттің 1958 жылы Мәскеу спартакиадасында, 1960 жылы Рим Олимпиадасында алтын жүлдені жеңіп алғандығы себеп болған еді. Содан бастап біздің жылқы зауытындағы ақалтеке, Дон тұқымдас арғымақтарды республикалық, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмелеріне апару көбейді. Осындай байқаудың бірі 1960 жылы көктемге салым Мәскеуде өтетін болды да оған зауыт директоры В.В.Иванов менің баратынымды айтты. Міндетім – Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне өзіміздің Луговой жылқы зауытынан апарылған екі арғымақты бағып, күту, байқау аяқталғаннан кейін ауылға аман-есен алып қайту.
Көрмеге адам көп келеді. Олардың арасында қызықтаушы жай көрермендерден басқа үкімет комиссияларының мүшелері де баршылық. Байқаймын, бір күні солардың ішіндегі Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары бастаған комиссия менің қос арғымағымның жанына көп келгіштеп кетті. Ертесінде, оның ертесінде де солай болды. Айналсоқтап шықпайды. Олар соңғы келгенінде ақалтеке тұқымды Мастер деген сұлу мүсінді атымды көп айналдырды. Ақыры бір шешімге келгендей болып көңілді тарасты.
Арада екі-үш күн өткенде мен ауылдан, директорымыз В.В.Ивановтан жеделхат алдым. Онда: «Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің павильон бастығына жолық. Ол біздің аттарды бағып, күтуді басқа адамға тапсырады. Ал сен өзің тезірек ауылға қайт» делініпті. Мәселенің мән-жайын Луговойға келген соң бір-ақ білдім. Сөйтсем, әлгі қайта-қайта келгіштеп кеткен комиссия мүшелері зауыт директоры В.В.Ивановпен телефон арқылы сөйлесіпті де: «Біз сіздердің көрмеге әкелген Мастер деген арғымағыңызды Гамаль Абдель Насерге сыйға тартсақ деген ниеттеміз. Бұл атты Египетке жеткізетін адам керек. Ол қазақ болсын және ұлттық киім киюі тиіс» деген өтініштерін айтыпты.
Содан жолға әзірленейін. Айналасы бір аптаның ішінде оюлы ақ қалпақ та тігілді, оқалы зермен әдіптелген бешпет, шалбар да дайын болды. Қойшы… әйтеуір қайтадан Мәскеуге аттандым. Мұнда мені Ауыл шаруашылығы министрлігінің бір қызметкері күтіп алды да кеңсесіне апарып, алдағы шетелдік сапарымның мән-мақсатын ежіктеп тұрып түсіндірді. Содан кейін ол менің Египетке жалғыз бара жатпағанымды, өзіммен бірге Каирде ашылатын халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесіне үш-төрт озат малшының қоса аттанатынын айтты.
–Олар кімдер екен?
–Аты-жөндері… Дәл қазір есімде жоқ қарағым…
Ұмытыппын. Білетінім, бұлардың үшеуі асыл тұқымды9 сиырды күтуші сауыншы орыс келіншектері еді де, біреуіБуденный тұқымды арғымақты баптаған Кубань даласының жылқышы казагы болатын. Міне, сол серіктерімменбірге 1960 жылғы маусым айының орта шенінде бір вагонға малдарымыз тиелген, екінші вагонға өзіміз мінгенжүк пойызымен Мәскеуден Одессаға қарай жүріп кеттік.
Үш күннен соң Қара теңізге иек арттық. Сол жерде кемеге ауысып міндік те төрт күндей су бетімен жүзіп отырып, Александрия деген портқа келіп тоқтадық. Білетіндер: «Египет осы жерден басталады» десіп жатты.
Мәскеуден алдынала хабарлаған болуы керек, портта бізді бір топ адам арнайы жүк машиналарымен қарсы алды. Жүріп кеттік. Ел астанасы – Каирге жақындағанымызда жолбасшы офицер бізді қала шетіндегі екі қабатты мейманханаға орналастырып, әрқайсымызға күтуші адам бөлінетінін, әкелген малдарымыздың 10 күн карантинге қойылатынын, содан кейін ипподромда халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі ашылатынын айтты да оған дейін осында алаңдамай демалып жата беруімізді өтінді.
Салтанатты сәт те жақындап келе жатты. Көрме ашылатын күні таңертең қасында тілмашы бар үкімет адамы маған келіп, президент Гамаль Абдель Насердің ипподромдағы халықаралық рәсімге қатысатындығын, сол жерде Кеңес Одағының сыйға жіберген арғымақты табыс ету жоспарланғанын айтты да, мені машинаға отырғызып, атқорадағы Мастерді трейлерге тиеп, орталыққа алып жүрді. Біз де қалай келіп жеттік, салтанатты жиын да солай басталып жүре берді. Мен жолбасшы араб офицердің нұсқауымен ипподром алаңына шықтым да қаз-қатар болып сап түзеген құрметті қарауылдардың арасымен Мастерді жетектеген күйі трибунаға қарай беттедім. Көріп келемін, бір мезетте қасында екі-үш адамы бар президент те маған қарама-қарсы жүрді. Ара қашықтығымыз шамамен 10 метрдей тұсқа тақағанда жоғары шенді офицер саптан шығып, Гамаль Абдель Насерге рапорт берді. Ал диктор болса ипподром алаңын жаңғырықтыра араб, орыс, ағылшын тілдерінде бұл арғымақтың Египетке Кеңес Одағынан келген сый екенін хабарлады. Сол мезетте президент жақындап келіп менімен күлімсірей амандасты. Содан кейін салалы саусақтарымен Мастердің жалын сипап, сәл ойланып тұрды да атты алып кетуге белгі берді. Ал өзі трибунаға беттеді. Осы кезде бөтен адамның жетегінде кетіп бара жатқан асылтекті арғымақтың арқырап тұрып кісінемесі бар ма? «Жануар-ай»… – дедім ішімнен. Сөйттім де жүрегім жұлынып кеткендей болып, жанарыма жас тола кері бұрылдым.
–Елге қалай қайттыңыз?
–Каирдегі халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі 2 айдан астам уақытқа созылды. Осы байқау біткенше Египет астанасында болдым. Ақыры көрме де аяқталды. Конкурс нәтижесі шығарылған кезде Кеңес Одағынан апарылған асыл тұқымды малдар бірінші орынға ие болды. Көрмеде Қытай Халық Республикасының павильонынан өрт шығып, жанып кеткені есімде. Байқау біткен соң 2 ай 15 күн дегенде мен ұшақпен Мәскеуге қайттым. Луговойға келсем, Ауыл шаруашылығы министрлігі ескерткіш ретінде радиоқабылдағыш жіберіпті. Зауыт директоры 300 сом сыйлық берді. Бұдан 35 жыл бұрынғы аталған сапардың қысқаша тарихы міне, осындай қарағым.
…Әбекең осыны айтты да үнсіз қалды. Мен кеш батпай тұрғанда Жамбыл-Алматы күре жолына жетіп алайын деген оймен қайтуға жиналдым.
«Ана тілі» газеті (Түпнұсқадағы тақырып: «Абдель Насер мінген арғымақ»)
[…] Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Египет Арап республикасының президенті Абдель Насерге ат мінгізген қазақ туралы жариялаған болатынбыз. […]