Сауытбек Абдрахманов: Жылқыны қолға үйрету
Адамзат өркениетіне біздің бабаларымыз қосқан ұлы үлес «Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі».
Нұрсұлтан Назарбаев.
Сол ұлы дәуірге басқалардан да бөлекше құрметпен қарауға тиісті халықтың бірі мына біз – қазақтар. Елтаңбамызда қанатты тұлпар бейнеленуі көп жайдан хабардар ете алады. Арғыдағы ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі орасан зор аймақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі орын алып келсе де, ежелден ер деген атымыз шығып, намысын бермеген берендігіміз сақталса да, ойымыз озық, сезіміміз сәулелі, қиялымыз қанатты қалыптасса да, осының бәрінде атам қазақ «ер қанаты» деп дәріптейтін қайран Қамбар атаның алар орны орасан.
Дәстүрлі қазақ қоғамында байлықтың да, берекенің де, беделдің де өлшенетін бірлігі – дәл осы жылқы. Қазақты халық ретінде қалыптастыруда жылқының жан дүниемізге жасаған әсерінің жөні бөлек. Төзімді, шыдамды, көнбіс болсақ та, ақ қар, көк мұзда тебінді тұяғымен тарпып, қасатты бұзып-жарып жүре беретін жылқыдан жұққан мінезімізден, айнымалы, өзгермелі, құбылмалы болсақ та, қос құлағын қайшылап, тыпыршып тұратын жылқыдан жұққан мінезімізден. «Қазақ жылқы мінездес» деген сөз содан айтылады.
Жалғыз қазақ емес, жылқы жалпы адамзаттың тарихи дамуын айқындап берді деп айтудың еш артығы жоқ.
Елім дейтін, жерім дейтін әр жүректі дүр сілкіндірген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала – рухани жаңғыру жолындағы жүйелі жұмыстың жарасымды жалғасы. Елбасы еңбегі – қай жағынан қарағанда да көп қатпарлы дүние. «Құшағың жетпейтінді құшақтай алмайсың» деген қағиданы ұстана отырып, біз өз мақаламызда Ұлы даланың автор атаған жеті қырының бір қырын ғана сөз етпекпіз. Әңгіме еліміздің солтүстігіндегі Айыртау ауданының аумағында орналасқан Ботай қонысының адамзат тарихында алатын алапат орны туралы болмақшы.
«Адамзат тарихында алатын алапат орны» дегеніміз қыздырманың қызыл сөзі емес тіпті де. Бұл мекеннің қыры мен сырын санап тауыса алмайсыз. О шеті мен бұ шеті 25 гектар аумақты алып жатқан Ботай қонысынан бұған дейін 158 үйдің орны аршылды. Жалпы ондағы үйдің саны 250-ден кем түспейді. Олардың архитектуралық ерекшелігі, қоныстағы артефактілердің айшықтылығы, атап айтқанда, тас қашау, ағаш өңдеу, үй құрылысы, керамика, сүйек ою ісі, тоқымашылық және өру, тері өңдеу, былғары өндірісі, тұрмыстық дәстүрлі-аңыздық нышандар, әшекейлер, құлшылық атрибуттары сияқты әрқайсысына жеке-жеке мақала арнайтындай маңызды жайлардың бәрін де ауызға алмауға тура келіп тұр. Тіпті, айтарымыздың аясын одан әрі тарылта түсуге мәжбүрміз. Біз Ұлы даланың бірінші қыры ретінде аталған атқа міну мәдениетінің өзін де толық қамтуға ұмтылмай, соның бастауын – жылқының қолға үйретілуін ғана айтуға бекініп отырмыз.
Осыдан 15 мың жылдай бұрын адамзат баласы аса ауқымды биологиялық тәжірибеге кірісіп кетті. Оның аты – доместикация. «Қолға үйрету» деп жатық жазуды білмей отырғанымыз жоқ. Өйткені, бұл ұғым жабайы жануарларды қолға үйретуге де, табиғат аясындағы өсімдіктерді қолдан өсіруге де байланысты қатар айтылады. Бүгінде қолдан өсірілетін өсімдіктердің айналдырған 40 шақты түрінің өзі-ақ адамзаттың бүкіл азық-түлік қажетін өтеп тұр, соның ішіндегі небәрі 8 түрі бүкіл азықтың 66 процентін құрайды. Доместикацияның өсімдікке қатысты жағын осымен түйіндейік те, негізгі әңгімеге ауысайық.
Биология ғылымдарының докторы Павел Бородин «Доместикация и цивилизация» атты мақаласында осыдан 500 жылдай бұрын испан конкистадорларының Америка жағалауына жете салысымен жергілікті халықты қынадай қырып салғанын жаза келіп, «Неге осылай болды? Неге керісінше болмады? Инкілер мен ацтектердің Испания жағалауына жүзіп жетіп, Еуропаны басып алуына не кедергі жасады?» дейді де, мұның басты себебін доместикацияның Ескі әлемде басталғанымен түсіндіреді. Иә, доместикацияға дейін адамзат баласының шын мәніндегі өркениетке қол жеткізуі жайында сөз қозғауға да болмайтын. Мына дүниенің дидары аңшылықтан жануарларды қолға үйретуге, терімшілдіктен егін егуге ауысқаннан кейін барып өзгерген. Өңделген жердің бір гектарынан табиғаттағы жердің бір гектарындағыдан 10 есе артық өнім алынады. Сол сияқты аңшылықпен аса байып кеткен адамды да тарих біле қоймайды, ал еті тірі фермердің қай-қайсысы да аз жылдың аясында қоңданып шыға келетіні тағы күмәнсіз. Доместикация басталғаннан кейін ғана адамдарда ішіп-жегеннен артылатын азық пайда болды, қор жинау мүмкіндігі туды. Артық азықты бөлетін, сол істі басқаратын адамдар қажеттігі туындады. Әлеуметтік жіктеліс басталды. Басқарушылар және бағыныштылар шықты. Мемлекеттердің құрылуына негіз қаланды. Бірте-бірте халық көбейе түсті, елдердің орнықты дамуына жол ашылды. Өмір өзгеріп сала берді.
2016 жылы Мәскеудің «Ломоносовъ» баспасынан Вера Курскаяның «История лошади в истории человечества» деген кітабы жарық көрді. Соның бірінші бетінде-ақ автор «iumenta» («бие») сөзі латынның «iuvat», яғни «көмектесу» сөзінен шыққанын айтады.
«Тарихтың барлық белесінде жылқы адамға көмектесумен келеді. Онымен жер де жыртылады, аң да ауланады, жүк те тасылады, адам соны мініп жүріп соғысады, адамға қорек болатын да сол, адамды құтқарып қалатын да сол. Оның үстіне жылқы кеңістікті тұтастырып тұрады – жылқы болмаса ежелгі империялардың құрылуы мүмкін емес еді» дейді автор.
Дәл сөз. Адам баласының бір кезде жылқысыз күні болмаған.
Жылқының қолға алғаш рет қай жерде үйретілгені жөнінде дау – талайдан келе жатқан дау. Энеолиттің алдындағы неолитте де, оның алдындағы мезолитте де, оның алдындағы палеолитте де үңгірлердегі, жартастардағы суреттерде жылқы талай бейнеленгенімен, жылқы мыңдаған жылдар бойы кәдімгі жабайы жануар ретінде, тек тамақ үшін ауланып қана келген. Дэвид Энтонидің далалық деп аталатын теориясы бойынша жылқыны алғашқы жуасытушылар Еуропа мен Азияның түйісер тұсындағы көшпелі малшылар болуға тиіс еді. Ақыры солай болып шықты да. Оңтүстік Сібір мен Қазақстан жеріндегі қандай да бір ежелгі адамдар топтарын оңтүстікеуропеидтар деп санауға еш негіз жоқ екендігі бүгінде түпкілікті дәлелденген. Бұл жерге Орта әлде Алдыңғы Азиядан немесе Кавказ сыртынан миграциямен әлдебір топтардың келу мүмкіндігін де антропология теріске шығарды. Адамдардың жанға жайлы Еуропа климатын тастап, Сібір жақты бетке алып жаппай көшуі қисынға келмейтінін дәлелдеудің өзі артық. Интернет порталдарының бірінде жарияланған «Генетика скифских лошадей пролила свет на эволюцию кочевников» атты мақалада 2300-2700 жыл бұрын Тыбаның (Тува) Аржан деген жеріндегі және өзіміздің Берелдегі қорғандарға адамдармен бірге көмілген жылқылардың геномдарын салыстыра зерттегенде ДНК анализі олардың ортақ тегі 4100 жыл бұрын Сынтасты мәдениеті (Синташтинская культура) қалыптасқан қазіргі Челябі қаласы маңында жайылғанын көрсетіп бергені айтылады.
Радийкөміртекті анализ жасау мүмкіндігі ашылғалы жылқыны алғаш қолға үйреткен болуы мүмкін делінетін бұрынғы көп орындар өзінен өзі сыдырылып шығып қалды. Мысалы, талай уақыт бойы ең ежелгі жылқы қолға үйретілген жер саналып келген Украинаның Дереевка елді мекеніндегі топырақ қабатына әлдеқайда кейінгі кездің (б.д.д. 700 жылдың шамасындағы) жылқысының сүйегі түсіп кеткендігі анықталды. Ғалымдардың ортақ ойы енді Еуразия ойпаттарына қарай ойыса бастады.
«В наше время большинство сходятся во мнении, что оно («одомашнивание» дегені – С.А.) произошло где-то в степях Евразии» деп жазады В. Курская біз сөз басында атаған кітабында. Тағы бір тұста: «Очевидно, что одомашнивание лошади человеком произошло где-то на стыке Европы и Азии», дейтіні де бар.
Вера Ковалевскаяның 2012 жылы Мәскеудің «КомКнига» баспасынан шыққан «Конь и всадник. История одомашнивания лошадей» атты кітабында былай жазылған:
«В зоне тарпанов и была в конце IV тысячелетия до н.э. впервые приручена лошадь».
«Тарпаңдар жортқан жер» деген сол жер тап мына біздің жеріміз. Тарпаң – күні кешеге дейін келген, қазір жойылып кеткен жабайы жылқының дәл өзі. Тарпаң ұғымы қазір де санамызда тұр. Әлі де бас білмейтін, асау атты тарпаң деп айта береміз. Аттың тапырақтаған, жайсыз жүрісін «тарпаң тастап келеді» дей саламыз, шәлкем-шалыс, шайпау, асау мінезді адамды да «тарпаңдығына басты» деп қоямыз.
В. Ковалевская әлгі кітабында соңғы тарпаңның 1879 жылы атып өлтірілгенін нақты көрсеткен.
«Интересно, что в XIX в. тарпанов ловили и в Южной России, и в киргиз-кайсацких степях, приучая их к верховой езде. Причем киргизы, собираясь группами по двадцать человек, на двух конях каждый, ловили их, привязывали к своим лошадям, отпуская на несколько месяцев вместе, после чего объезжали» дейді автор.
Әрине, мұндағы «қырғыздар» сол кездегі қазақтар. Қырғыздардың орыс ғылыми әдебиетіндегі бұрынғы аты – «кара-киргизы». Шыны керек, осылай қайта-қайта «где-то», «где-то» деп бұлдырлатқанмен, «в зоне тарпанов» деп маңайлатқанмен, нақты жазбайтын (бәлкім, жазғысы келмейтін) авторлар аз емес еді. Бірте-бірте олар анағұрлым азая түсті. Азайтқан – біздің Ботайымыз.
Айтқандай, сөздің реті келіп тұрғанда осы қоныстың атын алған адамды да атай кетелік. Айыртауға 2018 жылғы күзде арнайы барғанда осы қоныстың сақталуына, қорғалуына көп еңбек сіңірген азамат Уәлихан Құлбаевтан білгеніміз бойынша, Ботай бабамыз сол өңірдің зиялы азаматы, би болған, қажылық парызын атқарған кісі екен. Оның әкесі Досан – тарихта ізі қалған адам, Абылай ханның замандасы, сенімді серігі, батыры. Тортай Сәдуақасовтың «Ел мен жер» атты кітабында Досан батыр туралы нақты мәліметтер бар. Ботайдың өзінің кенже ұлы Кенжебек Кенесарының азаттық соғысында жанын қиған. Әлемге танылып жатқан есімнің құрметке лайықты адамның аты екенін біліп, оған да бір көңіл тоғайтып қалдық.
Жылқының алғаш рет қазақ даласында қолға үйретілгені Ботай қонысында жүргізілген археологиялық, остеологиялық (анатомияның сүйек құрылысын зерттейтін саласы) зерттеулер арқылы даусыз дәлелденіп отыр деп бүгінде нық сеніммен айта аламыз. Отандық ғылымның беткеұстар тұлғаларының бірі де бірегейі, заманымыздың аса көрнекті археологы Виктор Федорович Зайберт сонау 1980 жылы ашқан Ботай қонысының жұлдызын жандырған еліміздің егемендігі екендігін ерекше атағымыз келеді.
Мәселе мынада.
Ботай ашылған алғашқы жеті күндегі аршу жұмысы кезінде 40 мыңнан астам заттық дерек табылғанынан-ақ оның нағыз феномен дерлік археологиялық нысан екендігі көрініп тұрған еді. Виктор Зайберт өзінің 2011 жылы жарық көрген «Ботай. Дала өркениетінің бастауында» атты кітабында (жалпы, археологтың ең іргелі еңбегі – 2009 жылы шыққан «Ботайская культура» атты зерттеуі) сол кездегі сенсацияның сипатын былай түсіндіреді. Ботай фотоларын жан-жақтағы ең атақты археологтарға жібермей ме? Жіберсе олар телефонмен хабарласып, «Көріп тұрмыз, бірақ көргенімізге сенбей тұрмыз. Ботайға барып, өз көзімізбен көргенде ғана сенетін боламыз» деп айтады дейді. Содан 1983 жылы Ботайда Бүкілодақтық архелогиялық семинар ұйымдастырылып, оған Кеңес Одағының мен деген археологтары жиналған. Бәрі аң-таң болған. Ботайдың энеолит дәуіріндегі, яғни осыдан 6 мың жылдай бұрынғы ерекше қоныс екендігіне сенбеске амалдары қалмаған. Алайда, кеңестік кеңістікте ғана мойындалған бұл жаңалыққа әлемдік ғылыми қоғамдастықтың қолы жетпей-ақ қойды. Өйткені, КСРО жабық мемлекет болатын. Мысалы, Мажарстан академиясының директоры, жылқы доместикациясы бойынша ең танымал мамандардың бірі саналатын атақты палеозоолог Шандор Бёкени қатарынан бес жыл бойы сұранып жүрсе де Ботайға келетін виза ала алмапты.
Тәуелсіздік жылдарында жағдай түбірінен өзгерді. Егемендіктің елең-алаңында-ақ Ұлыбританияның, АҚШ-тың, Германияның, басқа да елдердің ғалымдары ағылды Ботайға. Кембридждің, Белфасттың, Оксфордтың, Хартвигтің, Мюнхеннің мамандарының қолындағы ең осы заманғы технологиялар арқылы тас ғасырының соңында Ботай қонысында Еуразия аборигендерінің культурогенездік негізі қаланғаны, материалдық мәдениет жасауда ондаған техникалық жаңалықтар ашылғаны, планетада бірінші болып жылқының осы жерде қолға үйретілгені дәлелденді!
Мұның бәрі Англиядағы Бристоль және Экзетер университеттерінде зертханалық жолмен қосымша тағы айғақталды. Бұл шын мәнінде әлемдік сенсация еді. 1994 жылы Кембриджде Британ Корольдік қоғамының шақыруы бойынша Ботай қонысының материалдары негізінде «Далалық өркениеттің бастаулары» атты археологиялық көрме ұйымдастырылды, В.Ф. Зайберт Белфастта, Кембриджде, Ньюкаслде, Эдинбургте лекциялар оқыды. 1995 жылы Ботайда «Еуразияның ежелгі жылқышылары» деген атпен өткізілген халықаралық симпозиумға 16 елден 80 ғалым қатысты. 2015 жылы Ботай археологиялық ескерткіші музейлендіру нысанына айналдырылды. Әлемдік ғылымда «Ботай мәдениеті» ұғымы біржолата орнықты.
Қазақ жеріндегі бұл жаңалықтың бәрі не арқылы дәлелденіп отыр дейсіз ғой? Айтайық. Ботайдағы артефактілердің аса байлығы қайран қалдырады. Мәдени қабаттан 60 мыңнан астам бұйым, соның ішінде тас пышақтар, қанжар, жебе, найза, ине, жуалдыз, тағы басқалар, жылқының 70 мың сүйегі (біздегі кей мақалаларда «70 мың жылқы сүйегі» деп жазылып жүр, кейбіреулер мұны 70 мың жылқының сүйегі деп ұғып та қалуы мүмкін) табылған. Көз алдыңызға келтіріп байқай беріңіз. Көп жылқының бір жерге үйіріліп ұсталуының өзі-ақ олардың қолға үйретілгенін көрсетіп тұрғанын түсіну үшін археолог болу да, остеолог болу да шарт емес. Жылқы қиының тұтасқан қабатты құрайтынынан олардың қорада қамалып ұсталғанын шамалау үшін жәй ғана қазақ болудың өзі жетіп жатыр.
Осылардың бәрінің уақыты радийкөміртекті анализ арқылы қолмен қойғандай анықталып, Ботайдағы жылқы сүйектері әлемде бұған дейінгілердің ең ескісі екені дәлелденіп отыр. Ботайлықтар жылқыны үйірлеп қамап, етін жеп қана отырмаған. Аттардың азу тісінде ауыздықтың іздері қалған, ондай ізді тері ауыздық та қалдыра береді. Ал сол заманнан ат әбзелдерінің, кәдімгі құрықтың, теріден тігілген шалбардың, тізеден асатын тері етіктің, тымақтың табылғаны тіпті таңдандырады. Тіпті, айғырларды піштіретін қандауырға дейін бар. Ең қызығы – ботайлықтар тұтынған керамикалық ыдыстардан британиялық ғалымдар қымыздың молекулалық қалдығын анықтап отыр!
«Жылқыдан сүт сауудың ең ежелгі дәлелі Орталық Қазақстандағы Ботайда табылған, бұл б.д.д. IV мыңжылдыққа жатады», дейді белгілі ғалым Сергей Дмитриев.
Яғни, ботайлықтар жылқыны азық ретінде де, мініс көлігі ретінде де, сусын көзі ретінде де пайдаланған. Қолдағы биені ғана саууға болатыны белгілі ғой. Интернеттегі «В жилище каменного века» деген мақаладан үзінді келтірейік:
«Етті былай дайындаған: тереңдігі бір метрдей етіп шұңқыр қазады да, соған жылқының бұтарланған мүшелерін тастайды, үстін терілермен, балшықпен жабады. Жоғарғы жағынан от қояды, ол от шұңқырдағы оттегі түгел жанып біткенше тұрады. Осылай дайындалған, ауа кірмейтін жердегі ет ұзақ сақталатын болған».
Бұған не дерсіз?!
Мұны аз десеңіз, Ботай мәдениеті малшыларының далалық күнтізбелік циклды қалыптастырғанын қосып айтайық.
«Қыста олар аумағы 20-30 гектарлық үлкен қоныстарда тұрған, ал көктемде тұрғындардың бір бөлігі аттарды айдап, Торғай қойнауларына, Ұлытау баурайына шығып кететін» деп жазады В. Зайберт.
Сонымен, ол заманда ботайлықтар жартылай көшпелі өмір салтын ұстанған деп санай аламыз.
Әр нәрсені өзінің атымен атаған жөн. Ботай бүкіл әлемнің мәдени қазынасына қосылады.
«Бүгінгі дәуірдің ғалымдары дүние жүзілік тарихтың саң мың сұрағының жауабын дәл осы «Ботай мәдениетінен» тауып отыр», деген атақты америкалық оқымысты Д. Энтонидің, «Жылқы мен адам арасындағы қарым-қатынастың тарихы Солтүстік Қазақстанда, жазық далада басталады. Ботайлықтар әлемде ең алғашқылардың бірі болып атқа отырды. Осыдан кейін барлық өркениет басталды. Діттеген жерге жылдам жетуге мүмкіндік туды. Бұл адамның тағдырын түбегейлі өзгертті» деген атышулы продюсер Найоби Томпсонның, «Ботай феномені Еуразия даласындағы ежелгі жылқышылардың ең бастапқы мәдениетінің әлеміне алып кіреді. Жалпы, гомосапиенстің тарихында бұл бөгетті бұзып-жарып өткендей құбылыс болды. Ол құбылысты адамның ғарышқа ұшуымен ғана салыстыра аламыз» деген өзіміздің тамаша ғалымымыз Зейнолла Самашевтің бағаларына қосып айтар сөз табу оңай да емес сияқты.
В. Ковалевскаяның жазғанындай, «Жылқыны қолға үйрету халықтарды алғаш рет ірі көші-қонға түсірді, бұрынғыдан ондаған есе артық жылдамдыққа жеткен соң адамның ерік-жігері кең-байтақ кеңістікті бағындыра алды».
Андрон мәдениетінен (б.д.д. XVIII-IX ғасырлар) әлдеқайда әріде жатқан Ботай мәдениеті Қазақстанның тарихын одан сайын тереңдете түседі. Ботай арқылы бұл далада мына біздің арғы бабаларымыз осыдан алты мың жылдай бұрын тұрғаны, олардың мына біздің бергі бабаларымыз сияқты тіршілік құрғаны, сол дәуірдегі қиын жағдайға бейімделе алғаны, шаруашылық өркендеткені, тарпаңды тұзақтап, асауды ауыздықтап, дегеніне көндіргені, жылқыны мінсе көлік, жесе азық, ішсе сусын ретінде пайдаланғаны, өнер туындыларын жасап, эстетикалық талғам қалыптастырғаны қолмен қойғандай даусыз дәлелденіп, әлемге әйгіленіп отыр. Бұл туралы В.Ф. Зайберт:
«Ботай мәдениеті – дала өркениетінің ұя қалыбы. Бұл – қазақтар генезінің бастауы, бұл – дала өркениетінің бастауы, бұл – аттылы-көлік коммуникациясының бастауы. Ботай мәдениеті бізге бәрінен бұрын өзіміздің этностық төлтумалығымызды түсіну, сезіну үшін керек – осыдан 6 мың жыл бұрын қазақ мәдениетінің негізі қаланған болатын» деген-ді.
Ботайдың әлем тарихындағы алар айрықша орнына 2018 жылғы жазда өзіміздің де көзіміз жете түсті. Парижде болғанымызда дәл Эйфель мұнарасының жанындағы Адам музейіне барғанбыз. «Бізге тікелей байланысты бір қызықты мәліметті көрсетемін» деген еді сондағы елшілікте Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілінің орынбасары қызметін атқаратын тарихшы ұлым Асқар. Айтқанындай-ақ бар екен. Көргенім ойлағанымнан да асып түсті. Бір залда адамзаттың арғы-бергі тарихындағы ең ұлы жаңалықтар жөнінде әңгімелейтін стенділер қойылыпты. Соның біріндегі түсіндірме жазуды біз кезінде ел газеті «Егемен Қазақстан» арқылы («Асауды алғаш ауыздықтағандар», 2018 жыл, 26 қараша) жалпақ жұртшылыққа алғаш рет жеткізгенбіз.
Ол стендіде француз тілінде былай деп жазылған:
«Ботай мәдениеті Орталық Азияның далалары мен жазираларының тоғысқан тұсында орналасты. Адамзат біздің дәуірімізге дейінгі IV мыңжылдықта дәл осы жерде жылқыны алғаш рет қолға үйреткен. Осынау қуаң далалық аумақта тұратын адамдар жартылай көшпелі өмір сүрген. Адам тіршілігінің іздері негізінен көлдердің айналасынан көрінеді, олардың құрылымы мен тұрғынжайлары Еуропадағы осы тектес ежелгі құрылымдарды (ағаштан және басқа өсімдік бұтақтарынан жасалған баспаналарды) еске салады. Бұл өлкеге тән ерекшелік ретінде неолит басталғанға дейін белгілі болған өрнекті керамиканы және шағын көлемді ықшам құралдарды (микролиттерді) атауға болады».
Бұл фактіге қосымша түсінік беріп жату артық екені анық. «Адамзат біздің дәуірімізге дейінгі IV мыңжылдықта дәл осы жерде жылқыны алғаш рет қолға үйреткен» деген сөз әлемнің мәдени астанасы саналатын Париждің қақ ортасындағы Адам музейінде жазулы тұр! Оны бүкіл әлемнің қиыр-қиырынан келгендер оқып жатыр. Мұны біз ата-бабаларымыздың адамзаттың дамуына қосқан ұлы үлесінің нақты мойындалуы, жаһандық тұрғыда танылуы деп білеміз. Иә, ағайын, айтсақ аузымыз толатын жеңісіміз бұл. Баянды болсын!
Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағанын өз мақаласында тағы бір еске салған Елбасымыз:
«Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты» деп жарқырата жазды.
Елбасынан алған тұңғыш сұхбатымыз еске түсіп тұр. 1999 жылғы 18 тамызда жарияланған ол сұхбатта Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Тарих толқынында» атты кітабы жайында әңгімелеген болатын. Сұхбаттың бір тұсында:
«Президент ретінде мен өз халқымның әлемдік қауымдастықта лайықты орын алуы үшін, біздің елімізді басқа жұрт құрмет тұтатындай болуы үшін тікелей жауап беремін» деген еді.
Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – сол мерейлі мақсаттың ойдағыдай орындалып келе жатқанының келісті көрінісі. Тарихымызды түгендеп, санамызды жаңғыртсақ, ұлы бабалардың лайықты ұрпағы болуға ұмтылсақ, ертең біздің ұрпақтарымыз біз үшін мақтанатындай өмір сүруге тырыссақ, сөз жоқ, халқымыздың әлемдік қауымдастықтағы орны қомақтылана береді, елімізді басқа жұрт қазіргіден де артық құрмет тұтады.
Ойымызды түйіндеуге тырысайық. Ботайда басталған доместикация бара-бара бүкіл адамзаттың өмір салтын өзгертті. Қазақ даласынан жер бетіндегі ең ұлы инновациялар бастау алды, олар өркениетті басқа сатыға ауыстырып берді. Жылқыны қолға үйрету дамудың шешуші қозғаушы күшінің біріне айналды. Атқа қонған адам – табаны жерден көтерілген адам. Жан-жағына жоғарыдан қарай алатын адам. Атқа қонған адам – уақытты жылдамдата алатын адам. Адамның атқа қонуымен қағидатты түрде жаңа дәуір – аттылы көлік коммуникациясының дәуірі басталды. Жаһандық өркениеттің атымен жаңа беті ашылды.
Жылқыны қолға үйрету – адамзат өркениетіне біздің бабаларымыз қосқан ұлы үлес. Артық-кемі жоқ, дәл солай!
«Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» – Елбасымыздың бұл айтқаны бүгінде қанатты сөзге айналып кетті. Шынында да, арғы-бергі тарихымыздан ешкім біздің бетімізге басылатындай ештеңе таба алмайды – біз ешкімнің жерін жаулап алған, өзімізге қосып алған емеспіз; бізде ешқашан азамат соғысы болған емес, өмір бар жерде анда-санда шықпай қоймайтын жер дауының, жесір дауының бәрі бидің бір ауыз кесімімен шешіліп сала берген, шетін оқиғалардың өзі әрі барғанда барымта мен сырымтадан кейін түйін тауып отырған. Мұның бәрі біздің ұлттық мақтанышымыз. Ал біз жазып көрсеткен мына істі – адамзат тарихында жылқыны қолға алғаш үйретуді Жұмыр жердің бетіндегі кез келген халық мақтаныш тұта алар еді. Тарихымызға тың тұрғыдан қарауға шақыратын Елбасы мақаласынан кейін біз енді «Қазақ тарихында қазақ мақтанатын нәрсе көп» деп сөйлесек жарасады.
филология ғылымдарының докторы.