Қазақ жылқысының тұқымдары

7353

Белгілі ғалым, профессор Айбын Төрехановтың «Жылқы қазақтың жаны» атты мақаласында айтылған мәселелерді жеке-жеке тақырыпшаларға бөліп, оқырманға жеңіл болуы үшін шағындап беруді жөн көрдік. Олай болса, қазақ жылқысы, жылқы шаруашылығы, ат баптау жайлы оқуға асығыңыздар.

Argymaq.kz

Ежелден бері қазақ жылқылары, қолданылу мақсатына орай негізінен, арғымақ, қазанат, қарабайыр, жабы деп бөлінеді. Қазақ жылқылары рулық, жерлік сипатына қарай: Адай, Шекті, Найман, Алтай, Жетісу, Іле, Сауран жылқылары деп те жіктеліп жатады. Әрине, бұл қазақы жылқының аймақтық түрлері.

Ауызша таралған әңгіме, қағазға түскен деректерге сүйенсек, «арғымақ» деп тек асыл тұқымды таза қанды жылқыларды атаған. Таза қанды жылқы деп қазақ жерінде көбіне түркіменнің ақалтеке мен текежәуміт тұқымдарын атаған, кейбір деректерде және ауызша әңгімелерде араб жылқысы да таза қанды жылқыға жатқызылған.

Орыс зерттеушісі Н. Бахметьев /1870/ қазақ жылқысының аптап ыстық пен қақаған аязға төзімділігі, ұзақ жүріске мойымайтыны, жем-шөпсіз ұзаққа шыдайтынын жазған. Жорға аттардың жайлы жүрісін, алыс жолға мінуге ыңғайлы қасиеттерін жоғары бағалаған.

Орта Азия мен қазақ даласын көп зерттеген А. Вилькинстің «Заметки о лошадях Туркестана» /1885/ атты еңбегі нақты фактілермен құнды. Ол қарабайыр ат жөнінде «арғымақ айғырды қазақ биесімен шағылыстырады, бірінші туғаны арғымақтан айнымайды. Үшінші туғаны бүкіл Орта Азияда құрметтейтін қарабайырды береді…» деген пікір айтқан. Осы еңбекте «Әулиеата қазақтары ұзындығы 100 верстік /80 км/ бәйге ұйымдастырып отырған» деген дерек келтіреді. Зерттеуші жергілікті халықтың аттың қандай жүрісін ұнататынына да назар аударған. Алыс жолға ең жақсы жүріс «ход» дей отырып, бұл жүріс Европада кездеспейді деп ой түйіндейді /бұл «жорға аяң» болар/.

А. Вилькинс өзінің «Лучшие породы киргизских лошадей – Аргымак» атты мақаласында таза қанды жылқыларды басқа жылқы тұқымдарымен араластырмай, тек қоршаған табиғи ортаға бейімдеп, төзімділік пен шыдамдылыққа баулып, алыс қашықтыққа шабуға үйреткенін жазады. Абылай ханның қалмақтармен соғыс кезінде әр түтінге арғымақтан бір бие, бір айғырдан салық салғанын, осы жылқы үйірін «Ханның інжу-маржаны» /Жемчужина ханства/ деп атағаны жайлы дерек келтіреді. Осы мақалада таза қанды арғымақтар мен түркімен жылқыларының бәйге жарысы баяндалады. Жарыстан соң қазақ арғымақтарының қызып алып, ауыздықпен алысып, «көзінен от ұшқындағаны» суреттеледі.

Орыс зерттеушісі Я.Я. Полферов «Қазақтың ең жақсы жылқы тұқымы – арғымақ» деген мақаласында да арғымақ аттың сұлу сымбаты мен жүйрік қасиетін дәріптейді. В. Железнов «Казак Василий Струняшевтің басынан кешкендері» мақаласында арғымақтың ұзаққа шабатынын, шапқан сайын жылдамдығын үдетіп отыратын қасиеттеріне тоқталып, қуғыншылардан қашқанда 200 верст (160 км) қашықтықты шауып өткенін жазған.

В. Фирсов /1895/ зерттеулерінде «Қазанат – қазақы биелерге асыл тұқымнан шыққан айғырларды салудан шыққан будан – деген дерек жазып, …қазақ биесінің тұқымында тұрақтылық бар, олар басқа тұқымдармен будандастырғанда, тек солардың жақсы қасиеттерін алады» деген тұжырым жасаған. Махамбеттің «Арғымақтан туған қазанат» – деп келетін өлең жолдарындағы қазанаттың айғыры арғымақ екендігі анық көрінеді. Қобыланды батыр жырында: «Мінуге керек қазанат, Беліңе керек шарболат» деген сөздер қазанаттың ертеде қалыптасқан тұқым екеніне бұлтартпас дәлел.

Сонымен, «Қазанат» деген ұғым – асыл тұқымды айғырларды жергілікті тұқымның кең құрсақты таңдаулы мама биелерімен будандастырудан алған жылқыны меңзеп тұр. «Қазанат» сөзі – жеңімпаз, мықты жауынгердің жылқысы деген ұғымды білдіреді /Сәдібек Түгел/ деген пікірге дендесек, қазанат ұғымы аттың мықтысын дәріптейтінін байқаймыз.

«Қарабайыр» тұқымының будан жылқы екені анық болғанымен шығу төркіні туралы деректер әр алуан. Я.Я. Полферов «Лучшие породы киргизской лошади – карабайыр» деген мақаласында қарабайыр арғымақ тұқымдарынан алған сұңғақ бойлы әдемі жылқы екенін /121-бет/ айта келіп, түркімен жылқысы мен жергілікті биелерден туған будан /128-бет/ деген анықтама береді. Жалпы, арғымақтан түскен будан немесе қазанаттан алынған будан деген ақпараттар жиі кездеседі. Қалай десе де қарабайыр тұқымының аламан бәйгеге шабатын қарымы мықты жылқы екені шүбә келтірмейді.

Қазақтың Қарабайыр жылқысын қазіргі Өзбекстан мемлекетінде дербес тұқым ретінде танылған «Қарабайыр» тұқымымен шатастырмаған абзал. Менің пайымдауымша, XVIII ғасырдан бері жазба тарихқа енген деректер мен ауызша жеткен әңгіме сарынын салыстырсам, қарабайыр деген атау арғымақтан алынған буданды қолтума мал ретінде қарабайыр немесе кәдімгі қарапайым өзіміздің үйреншікті жылқымыз деген мағынада қолданған іспетті. «Қарабайыр қазанат, қара жолда қалдырмас» деген жыр жолдары осыған куә.

Жабы деп көбіне қазақ жылқысының жыл бойына жайылымда бағылып, ақ қар, көк мұзда тебіндеп шығатын шаруашылық бағытта өсірген түрін атайды.

Қазақ жылқысы дегеніміз денесі шымыр, тез ет алғыш, оңайлықпен арымайтын, ыстық-суыққа, аштыққа төзімді мал екені даусыз. Абай айтқандай «қар тепкенге қажымас қайран жылқы» деген осылар. Қазақ жылқысы мезетінде қажетті коректі бойына жинай алатын, қолайсыз кезеңдерде жинақталған қордың қуатымен қоңын түсірмейтін қасиеті бабалар жүргізген селекциялық жұмыстардың жасампаз жетістігі. Ен дала төсінде еркін өсіп-өнген қазақ жылқысы, шынымен, табиғаттың төлтума тұқымы.

Сұрыптау жұмыстарына орай олардың бірнеше тұқымдық түрлері бар. Ең көп таралғаны «жабы» жылқысы. Бұл жылқының негізгі қасиеті жем-шөп талғамайды, ауа райының қай мезгіліне болса да көнбіс. Пайдалану мақсаттарына орай етті-сүтті бағыттағы жылқы, салт жүріске бейімделген аяңшыл, алыс сапарларға шығуға арналған жүрдек жылқы деп жіктеуге болады. Жабы – түркі халықтарында көбіне «жүк көтергіш» деген мағынаны білдіретінін ескерсек, шаруаға мығым мал екені түсінікті.

2004 жылдан басталған Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми зерттеу институты мен Кембридж университетінің ғалымдары бірлесіп жүргізген зерттеулері бойынша академик И.Н. Нечаев «… жер жүзіндегі жылқылардың ішінде қазақ жылқыларында ғана алғашқы жабайы жылқы тұқымының бірінші гені бары анықталған» деп жазады. И.Н. Нечаевтің пікірінше, «…осы ген тарпаңдардан қалған. Ертеде қазақтар жабайы тарпаңдарға бие қосып, тұқым алған. Соның жұрнақтары біздің жылқыларда кездеседі» деп ойын түйіндейді.

Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі дәуірде қазақ жылқысының арғымақ, қазанат және қарабайыр тұқымдары ұзақ шабысқа шыдамдылығымен бабаларымыздың рухын өсірді. Әзірге, қолда бар деректер бойынша таза қанды аталған түркімен, араб жылқылары осы тұқымдардың қалыптасуына және дамуына тікелей ықпал еткені күмән келтірмейді. Адам қолымен аялап өсірген мәдени сұрыптаудың нәтижесі болғандықтан түркімен аттары нәзік, кірпияз болып келеді. Мысалы, түркімен жылқылары ор қоян сияқты ытырынып шапқанмен, ұзаққа қарымы жетпейді.

Осындайда, бабаларымыздың баптап өсірген арғымақтары мен қазанаттары діттеген жеріңе жеткізіп, мерейіңді өсіріп, ел құрметіне бөленгені мақтаныш.

 

Айбын Төреханов, профессор

Мақаланың жалғасы бар. Ал басын мына жерден оқуға болады.

Argymaq.kz

Басты сурет: Ернар Алмабек

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.