АРҒЫМАҚ (Аллегориялық әңгіме)
Ат құлағында ойнап өскен қазақтың баласы емеспін бе, кейінгі кездері сәйгүлік баптап мінуді әдетке айналдырған жайым бар. Қызық қуып қырға шығамын, аң қараймын. Түлкі аламын, қоян ілемін. Бір-екі мәрте қасқыр да соғып, қанжығамды қандап қайттым.
Ала жаздай сабыла іздеп жүріп, жақында тағы бір ақбоз арғымақ сатып алдым. Арқада бәйге бермеген тұлпардың тұяғы. Сұңғақ мойын, аршын төс, хас жүйріктің нақ өзі. Көрсең көзің тояды. Тұрпат-тұрқы да ерекше, сүйегі ірі, есік пен төрдей. Биік. Үстіне мінсең болды, тыпыршып тыныш тұра алмайды. Қаншаға алғанымды айтсам, бәлкім, сенбейтін де шығарсыздар. Сондықтан, айтпай-ақ қояйын.
Жеңсігім жеңіп, желігім ұстап, жұрт мақтаған сәйгүлігімді бәйгеге қоспас бұрын өзім бір сынап, шама-шарқын байқап көргім келді. Нені ойға алсам, соны тезірек жүзеге асыруға асығатын басым, жанымды қоярға жер таппай, мың шақырымдық ұзақ жолға шығуға дайындалдым. Жолшыбай ағайын-туғандардың үйлеріне соғып, аяқ суытып алмақпын. Көрсін менің қандай ат мініп жүргенімді. Күміс қасты ертоқымым күнге шағылыса жалт-жұлт етіп, ерекше көз тартады. Қырыққа келіп қалсам да, бозөкпе бозбалаша киіндім. Көрікті қыз-келіншектер көрінсе, көз бен сөз сала жүру әдетімнен де әлі жаңыла қойған жоқпын. Несін жасырайын, орайы келсе, ойнап-күліп қалуға да кетәрі емеспін. Не керек, сөйтіп аяқ астынан жолға жиналдым. Шешем байғұс шыж-быж боп шырылдап жүр.
– Ұзақ жол, машинаңмен-ақ бармадың ба?! Қазір жолда қауіп-қатер көп. Таудың аң-құсынан гөрі, адамның қасқыры жаман боп кетті ғой. Күніне бір жамандық естисің. Айдалада біреу-міреу басыңнан бір қойса қайтесің?!. Әй, бірақ, сені білем ғой, өз айтқаның болмаса, бізді тыңдаушы ма едің?! – деп арындап келді де, ақырында жұмсарып сала берді – Жарайды, барсаң – барып қайт! Әйтеуір аман жүрші! Ел сенің өстіп жүргеніңді де көре алмайды. Бір нәрсеге ұрынып қалмай, байқап жүр!
– Алаңдамаңызшы! Жас емеспін ғой! – деп өзімше көңілін жұбатқан боламын.
Шешем жүрерде аналық мейіріммен емірене бетімнен сүйіп, маңдайымнан иіскеді. Ет жүрегім елжіреп-ақ кетті. Қайта-қайта жалтақтап қарай беремін. Самайын ақ шалғалы қашан. Ай жүзінен әр тайып, уақыттың салған өшпес таңбаларындай әжім айғыздап тастаған. Бірақ әлі күйлі-қуатты. Өзі де, сөзі де ширақ.
– Жортқанда жолың болсын, балам! Олжалы орал!
Ауыздығымен алысып, жер тарпып тұрған атыма қарғып мініп, жүріп кеттім. Ауылдан шыға бере артыма қарасам, шешем байғұс сол тұрған орнында қарауылша қаздиып әлі тұр.
Не ойлап тұр екен?.. Көңілім босады. Қырыққа келсем де, жап-жас бала сияқты өбектеп-ақ жүргені. Ана деген сол ғой, шіркін!.. Ананың балаға деген ақ махаббатынан артық не бар дейсіз бұл дүниеде?!.
Кенет, алдыңғы жақтан салт атты көрінді. Тақай бере таныдым. Қораш құрдасым. Жауыр атына жайдақ мініп алыпты. Тепең-тепең етеді. Басында ақ кепеш, үстінде көнетоз көйлек. Кетік тістерін көрсете ыржаң-ыржаң етеді.
– Әй, өзің қайын жұртыңа бара жатқандай сымпиып алыпсың ғой?! – дейді көзі шапыраштанып. –Жол болсын!.. – Аузынан сасық иіс бұрқ ете қалды.
Кім қалай сөйлесе, солай жауап беретін әдетіме басып:
– Тоқалыма ұрын бара жатырмын! – деп қысқа қайырдым да, аялдамастан жүре бердім. Құрдасым мырс-мырс етіп, миығынан күліп қала берді.
Туған жердің табиғатына ештеңе жетпейді-ау, шіркін! Тау-тасы, құз-жартасы, қия-белі… Бір жұтым ауасының өзі дертке дауа, жанға шипа емес пе?! Салқын самал жүзімді аймалап, қойны-қоншыма бойлай еніп барады. Ескі сүрлеумен саржеліске салып келемін. Әне-міне дегенше саржазыққа да шықтым. Ә дегеннен шу ала құйрық шауып ала жөнелмей, етін қыздырып алуды ойлап, аттың басын тартыңқырап қоямын.
Маңайда қыбыр еткен жан жоқ. Мал екеш малдың да қарасы көрінбейді. Тек көк аспанда дәу қара құс қалықтап жүр. Байқаймын, менен қалысар емес. Түйіліп келіп, ат үстінен іліп әкететін сияқты. Бойымды қорқыныш биледі. Жандәрмен қойнымдағы алтыатарды суырып алдым. Соны сезгендей-ақ, қара құс та артқа қарай серпілгендей болды. Әлде маған солай көрінді ме, кім білсін.
Бірте-бірте атымның да жүрісі ширай түсті. Менің де делебем қозып, тізгінді жайлап босата бердім. Сол-ақ екен, ауыздығымен алысып, арқырап келе жатқан ақбозым шаба жөнелді. Қарсы алдымнан ұйытқи соққан салқын жел өңменімнен өтердей суылдайды.
Атқа шапқанды сағынып-ақ қалыппын, арғымағым шабысын күшейткен сайын жаным кіріп, жота-жоным күжірейіп барады. Таза ауаны молынан жұтып, еркін тыныстап келемін. Қандай рахат!.. Анда-санда басымды бір көтеріп, алдыңғы жаққа көз тастап қоямын.
Сар жазықты шаңдатып, айдалада жападан-жалғыз шауып келе жатырмын. Атымның шабысы да жайлы екен, қайықта тербеліп келе жатқандаймын. Бір кезде сәйгүліктің денесі қызып, бабына әбден келді-ау деймін, кең көсіліп бауырын жазды-ай дерсің. Тақымымды тас қысып, жалына кенеше жабыса түсем. Алдымда қарауытып көрінген асқар таулар, енді бірде қарасам, жылыстап артта қалып бара жатады. «Қайран, қазақтың ұлан-байтақ даласы-ай!..»
Ақбозым шабысын үсті-үстіне үдете түскен. Жер дүниені дүбірлетіп, желдей жүйткіп келеді. Әттең, ешкім көріп тұрған жоқ. Көрсе ғой, шіркін, менің қалай зулап келе жатқанымды. Десе де, сәйгүлігімнің бірде болмаса бірде бәйгеден қара үзіп келіп, елді елең еткізеріне сенімдімін. Әлі-ақ бас бәйгені шаппай алатынын да ішім сезеді. Өйткені, оған сенімім күшті. Тек, дәл қазір жеке-дара шауып келе жатқаным болмаса. Жарысар жан да жоқ. Дегенмен, бәйге алар аттың шабысы белгілі ғой. Алабөтен, ерекше шабыс.
Осылай құйындай құйғытып келе жатқам. Байқап, бағдарлап келемін: талай жол артта қалды. Ауылдан ұзап кеткенім анық. Бірақ, барар жерім әлі алыс. Жоқ дегенде, бүгін әпкемнің ауылына жетіп жығылсам, жақсы-ақ болар еді. «Иә, жол ұзақ, әпкемнің үйіне бүгін қалай да жетуім керек! – деп қоям өзіме-өзім серт беріп. – Болмаса, жолымнан кешігіп, несібемнен қағылуым бек мүмкін».
Кенет, сәйгүлігім сүрініп кеткендей болды. Ат үстінен ұшып бара жатқанымды білемін. Қою қара шаң бұрқ етті. Қою шаңға араласып, қою қараңғылыққа қойып кеттім. Күн күркіреп, нажағай жарқ-жұрқ еткендей болды. Мен бәрін көріп-біліп, сезіп жатырмын. Тау жақтан осыдан отыз жыл бұрын о дүниелік болған әжем екі етегі делбеңдеп жүгіріп келеді. Аяғы жерге тиер емес, құдды ауада қалқып келе жатқандай. Жеткен бойда-ақ бас салып құшақтай алды. Өбектеп-ақ жатыр. Мен де өзімше қысқан боламын. Бірақ түк әлім жоқ. «Сағындым ғой, әже, неге жиі келіп тұрмайсыз?» деймін ә дегеннен-ақ өкпе-ренішімді білдіріп. Әжем аузын жыбырлатады, бірдеңе дейтін сияқты. Бірақ керең боп қалғандай ештеңе ести алар емеспін. Әйтеуір, айналып-толғанып жатқанын сеземін. Ып-ыстық алақанымен басымнан, бетімнен сипалайды. Мен де әбден сағынып қалыппын, бауырына тығыла түсем. Көзімнен ыршып жас та шығып кетті. «Әже, өстіп жиі келіп тұрсаңызшы» деймін жалынышты кейіппен. Бір кезде басымды көтерсем, осыдан он жыл бұрын бірінен кейін бірі жыл аралатып бақилыққа аттанып кеткен атам мен әкем екі жағымнан төне қарап тұр. Түрлері өрт сөндіргендей қуарып кеткен, көңілдері бір нәрсеге қобалжулы екені байқалады. Атам еміреніп маңдайымнан иіскеді. Әкем жан жылуын қас-қабағымен сездіріп тұр. Таяп келуге әке-шешесінен бата алмай тұрғанын байқаймын. Өйткені мен атам мен әжемнің тұңғыш немересімін, яғни, қазақы салт бойынша бауырларына салып алған кенже баласымын. Ендеше, әкемнің атам мен әжемнің көзінше маған жақындауға хақы жоқ. Әдеп сақтап, үлкен кісілердің көңілдеріне дық салғысы келмей тұр-ау! Не деген сыйластық десеңізші!..
Атам үсті-басымды сипалап көріп жатыр. Әжем әлі бас жағымда бәйектеп отыр. Әкем қаққан қазықтай мелшиіп тұр. Маған жаутаңдап қарап қояды. Бет-әлпетінен жаны ашып тұрғанын байқаймын.
Еш жерім ауырып тұрған жоқ. Он екі мүшем де сау сияқты. Соны сезді ме, үшеуінің де көңілдері жайланғандай, жүздері бірте – бірте жадырап, бәз-баяғы қалыптарына түсе бастады.
Әкем айналып атымды тұсауға кетті. Ап-анық көріп жатырмын, әне, айылын босатып, ертоқымын сыпырып алды. Ерін көрпешесімен басыма жастап, тоқымын астыма салды. Жүгенін шешіп, басын бос қоя берді.
– Барлық жері дін аман сияқты, – деді атам әжеме қарап, – тек аздап есі ауып қалған…
– Есі ауып қалған?!– Әжемнің көзі шарасынан шыға адырайып кетті.– Не?! Не дейсің, Құдай-ай?!.
– Қатты жығылды ғой. Есі ауып қалды, кіргізіп жібермесе, есалаң боп қалады.
– Әй, байғұс бала-ай! – деп әжем жыларман күйге түсті.
Атам мен әжемнің сөздерін құлағы шалды-ау деймін, әкем де қайтадан қасымызға емпеңдей жетіп келді. Қобалжыңқырап тұрғаны көзінен-ақ көрініп тұр. Дәл осы кезде алдыңғы жақтан төрт бұрышты аппақ экран пайда болды. Үйдің тұтас бір қабырғасындай керемет үлкен. Тап бір кино көрсетілетіндей. Ойлағанымша болған жоқ, экранда табиғат көріністері көрсетіле бастады.
– Мынау сенің туған жерің, – дейді атам. – Бала кезіңде талай асыр салып ойнадың ғой осы жерлерде!..
Иә, бәрі таныс. Кіндік қаным тамып, шыбығын ат қып мінген туған жердің тамаша табиғаты. Көзіме оттай басылды.
– Мынау туған ауылың! – деді экранда ауыл көріністері көрсетілгенде. – Әне, анау туған үйің!..
Иә, туған ауылым мен туған үйімді өзім де көріп жатырмын. Экранда жанды бейнелер пайда бола бастады. Бәрі де көзтаныс адамдар. Атам, әжем, әкем, шешем және туған-туысқандар, ауыл адамдары… Біздің үйде той болып жатқан сияқты.
– Бұл сенің шілдеханаң ғой! – дейді әжем күлімсіреп.
Атам мен әжем екі жағыма жайғасып алған, экрандағы көріністерді алма-кезек түсіндіріп жатыр.
Артынша-ақ шыр-шыр еткен нәрестені, тәй-тәй басқан сәбиді, боқшасын сүйретіп мектепке бара жатқан жас баланы көрсетті. Тұп-тура менен аумай қалған. Ойымды жиып алғанша болған жоқ:
– Бұл сен ғой! – деді атам, – кішкентай кезің!
Иә, шынында да, тап бір мен туралы деректі фильм көрсетіліп жатқандай. Ауыл балаларымен асыр салып ойнап жүргенім, бұзауға мінгенім, алғаш тайға шапқаным, атаммен бірге шөп шабуға барғаным, әке-шешеммен қала аралағаным… – бәрі-бәрі көз алдымнан көлбеңдеп өтіп жатты… Әр жылдарғы жас шамам киген киімдеріме шейін сәт сайын өзгеріп, сол кездегіоқиғаларды еріксіз еске түсіреді.
Міне, мынау ержетіп, есейген шағым. Мектеп бітіріп, соңғы қоңырауда тұрмын… Арман қуып, Алматыға келдім. Әсем қаланың ғажайып көріністері… ҚазМУ қалашығы. Талапкер, одан студент болған кез. Қызыққа толы студенттік өмір… Алғаш қызметке тұрғаным. Еңбек еткен жылдар… Ару құшқан, бала сүйген мезгіл-мезеттер…
Әжемді, атамды, әкемді о дүниеге арулап шығарып салғандағы көріністер… Қу тіршіліктің ұсақ-түйегіне дейін жіпке тізгендей ап-анық көрсетіліп жатыр. Тіпті бүгінгі күнге дейін түп-түгел қамтылған, ештеңе қалыс қалмаған сияқты.
Міне, мынау бүгінгі күннің оқиғасы. Ауылдан шешемнің шығарып салғаны, қотыр ат мінген Қораштың кезіккені, шаңдатып шауып келе жатқаным… Атымның сүрініп кеткені… Ұшып барып, омақаса құлап түскенім… Сол бетіммен тырп етпестен жатырмын. Маңайда қыбыр еткен пенде жоқ. Әр-әр жерден қарайып қарағандар ғана көрінеді. Фотограф тырс еткізіп суретке түсіріп алғандай, экранда осы көрініс ұзақ тұрып қалды. Қылқалам шебері салған ғажайып өнер туындысына ұқсайды. Қайталанбас қас қағым сәт.
Бәрі есіме түсті. Қалай екенін өзім де білмеймін, соны атам бірінші болып сезіп қойды.
– Есі кірді! – деді жүрегі жарылардай айғай салып. – Енді есін жинайды.
– Құдайым-ай! – Әжемнің көзінен жас шығып кетті.
Әкемнің де екі езуі екі құлағында. Бірақ ләм-мим деп тіл қатар емес.
– Бұнымыз дұрыс болды! –деді атам әкеме қарап, – әйтпесе, байқұс баланың есі ауып, есалаң боп қалар еді. Қарақұсымен оңбай жығылды ғой!
– Қайта періштесі қақты ғой! – дейді әжем жүзі жадырап.
Түн ортасы болуы керек. Қараңғылық қоюлана түскен. Бір кезде жан-жағымыздан түрлі дауыстар шыға бастады. Жалт қарастық. Айналамызға көздері шоқтай жанған құбыжықтар қаптап кетіпті. Тап беретіндей-ақ ентелей түскен. Жалт-жұлт еткен көздері болмаса, түрлері анық көрінбейді. Беттерінде бетперделері бар. Бір-бірімен өзара қауқылдасып, қарқ-қарқ күлісетін тәрізді. Сұлбалары сондай сұсты. Бойымды үрей биледі.
– Қорықпа, балам, бұлар саған ештеңе істей алмайды. Сенен жасқанады. Сонан кейін осылай топтасып жүреді. Олар өлер жерін біледі. – дейді атам қорқынышымды сейілте түсіп. – Дегенмен сақ болғаның дұрыс! «Жау жоқ деме жар астында» деген осы! Сенің атыңның дүрсілін естіп, жолыңа шұңқұрлар қазып қойған осылар. Оларға сенің атыңның сүрінгені керек!.. Жығылғаның керек!
– Неге?
– Олар содан ләззәт алады. Қолдарынан келетіні де осы ғана. Жамандыққа жандары құштар. Өздерінің астарына мініп жүргендерін көрдің бе?!. Құлақтары қалқиған қара есектер. Көрдің бе, алтынмен аптап, күміспен күптеп қойғанын. Сонысымен-ақ бәйге алып жүр. Өзгелердің арғымақтарын шаптырмайды. Бәйге болса болды, тек өздерінің есектерін ғана қосып, соларға жүлде таратып береді.
Кенет маған алдыңғы жақта тұрған дәу құбыжық жақындай түсті. Құбыжық деп тұрғаным адам сияқты. Біресе құбыжыққа, біресе адамға ұқсап кетеді. Әйтеуір, бетіне маска киіп алғаны анық. Әй-шай жоқ, жақындап келеді. Атамның сөзінен кейін бойымдағы қорқыныш мүлде жойылған. Кім екені толық танылмайды. Бірақ жүрісі таныс. Кім еді бұл? А… иә… сол… соның дәл өзі… Ол мұнда неғып жүр? Не істеп жүр? Қызталақ-ай!.. Бұның да жүрмейтін жері жоқ екен. Қайда барсам да қыр соңымнан қалмай-ақ қойды-ау!..
Ол тақай түсті. Үсті-басы жүн-жүн. Тырнақтары сояудай, ұстаған жерін ойып түсетін түрі бар. Қазан бас, жалбыр шаш. Аяғы талтақ, табаны жалпақ. Үстінен сасық иіс мүңкіп тұр. Сонысына қарамай кеудесіне алтын жұлдыз тағып алған. Жалт-жұлт етіп, жарқырап-ақ тұр. Бірақ оған жарасып тұрған жоқ. «Осыған алтын жұлдыз не керек екен?..» деймін іштей кекетіп. Зер сала қарап едім, алтын жұлдыз дегенім, шет-шеті тоттана бастаған жылтыр қаңылтырға ұқсап кетті.
– Саған не керек, өзі?! – дедім айғай салып.
– Атың керек! Менің есегіме айырбастайсың!
– Саған аттың не керегі бар, хайуан?
– Мен хайуан емеспін, адаммын. – Сол-ақ екен, ол расында да өңін өзгертіп, адам кейпіне ене қалды.
– Сен адам бейнесіндегі хайуансың. Хайуан кейпіңді де көрдім.
Ол қарқылдап тұрып күлді. Соңынан сылқ-сылқ етіп, ішін басып, ішегін соза шиқылдады. Аузынан ақ көбік атып, көзінен қызыл ұшқын шашырайды.
– Иә, сен адам танитын баласың ғой!.. Менің бер жағым адам, арғы жағым хайуан. Бірақ оны көру үшін сенікі сияқты көз керек! Қанша жасырғаныммен сен бала бәрін біліп қойдың!.. Сол үшін де мен сені өлердей жек көрем!
– Мен ғана емес, біраз жұрт біледі. Бірақ ешкім көзіңе айта алмайды. Сен өте айлакер әрі сондай қорқыныштысың!
– Мен соныммен-ақ өте беделді әрі абыройлы адаммын.
– Бір қарағанда шынында да солай көрінуі мүмкін, ақиқатында мүлде олай емес қой.
– Иә, арғымақ мінуді құдай маған жазбаған. Құдайдың бермегенін қалай тартып аласың. Мен осы есегіммен-ақ талай жерге барып келдім, барып жүрмін. Ел кейбір арғымақ мініп арқырап жүргендерден жақсы қарсы алады. Қоғадай жапырылып, асты-үстіме түседі.
– Олар сенің арғы жағыңның хайуан екенін білмейді ғой.
– Иә… Менің хайуан кейпімді көріп қойған жалғыз сен ғана. Сен.. Сен енді менен тірі құтылмайсың!..
– Мен бе, жоқ әлде, сен бе? – деймін өзімше қыр көрсетіп.
– Әне, аналарды көрдің бе? – деді ол арт жағында қара көбейтіп тұрған өзі сияқты құбыжықтарды көрсетіп. – Қазір-ақ талап тастайды. Қолымды бір сілтесем жетіп жатыр. Быт-шытыңды шығарады.
– Мен Бір Құдайдан басқа ешкімнен қорықпаймын. Қорықсам, өзім-ақ сенің қанатыңның астына тығылып, сілімтіктеріңнің қатарын толықтыра түсер едім ғой. Бірақ мені ешкім де сатып ала алмайды, ешкім де құлақкесті құлына айналдыра алмайды. Тәңір маған ерекше қуат берген, бір Құдайдың қамқорлығында жүрген ерекше жанмын. Іздегенім үнемі алдымнан табылады. Еш уақытта жылаған емеспін, өз жарамды өзім жалап жазып аламын.
– Білем… білем… Сен көк бөрінің ұрпағысың! Өзің де нағыз көкжалсың! Біз арыстанды да, жолбарысты да, аюды да, барысты да қолға үйреттік. Үйретіп қана қойған жоқпыз, қолымызда ойнаттық. Бәрі де құйрықтарын бұлғаңдатып қатарымызға қосылды. Біз не айтсақ, соны істейді, не десек, соны сөйлейді. Міне, біз қандай күштіміз. Ал сен қасқыр сияқты қолға үйренбейді екенсің. Жалпы сен маған ұнайсың. Қайсарлығың, тәкаппарлығың, тектілігің ұнайды. Өзіңнен басқа ешкімді менсінбейсің. Топқа қосылмайсың, саяқ жүресің. Жеке жортасың. Сенің бар кемшілігің –осы. Мәселен, сен бізге қызмет етсең, біз де сені жерге тастамайтын едік қой!..
– Өзіне сенімділер ғана жеке жортады. Жалғыз жортқанды жақсы көремін. Табиғатым соны қалайды.
– Қанша мықты болсаң да жалғыз-жарым жүріп көпке топырақ шаша аласың ба? Шаша алмайсың!..
– Көпке топырақ шашу ойымда жоқ. Болған да емес.
– Біліп қой, бала. «Көп қорқытады, терең батырады», «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деген. Одан да бізге қосыл!.. Аузыңнан ақ май ағызамыз!..
– Жоқ, атама, адам кейпіндегі хайуанға айналғаннан жалғыздығым мың артық. Өйтіп аузымнан ақ май ақпай-ақ қойсын! Жалғыздығымнан осы уақытқа дейін өлгенім жоқ, бұдан кейін де өмірем қатпаспын. Ешкімнің де үрер иті болғым келмейді. Мені қайтесің, өз күшіктерің де жетіп артылады ғой!..
– Оның рас. Бірақ маған сені бас игізіп, итаяғымнан тамақ ішкізген бір мәртебе болар еді.
– Ондай мәртебеге сен лайық емессің, хайуан!
– Олай болса, өз обалың өзіңе. Иттерім мен асыранды күшіктеріме талатып өлтіремін.
Ол қорбаңдай тап берді. Артындағы құбыжықтар да лап қойды. Жан бермек оңай дейсіз бе, мен де жалма-жан орнымнан атып тұрдым. Тапаншамды суырып алып, құбыжық-адамның жүрек тұсына тақай бердім. Байғұсқа да жан керек екен, өне бойы қалшылдап, үрейі ұшып кетті. Көздері алақтап, қолдарын көтере берді. Сол мезет түлкіге айналып шыға келмесі бар ма. Жылмаң қағып, қутың-қутың етеді. Құйрығы бұлғақ қағады.
– Бөріжан, қарумен ойнауға болмайды. Абайсызда біреуді жазым етіп, обалына қалуың мүмкін.
– Өздерің ғой тап берген. Мен сендер сияқты хайуан емеспін, адаммын. Өзімді қорғай аламын. Ал сендерде менікіндей қару болса, баяғыда атып тастар едіңдер, малғұндар! Сендерді кінәлай да алмаймын, өйткені сендер адам кейпінен баяғыда кетіп қалғансыңдар!.. Енді міне, түлкі боп шыға келдің!
– Бұл – біздің өмір сүру тәсіліміз. Керек кезінде шыбын-шіркей де боп кетеміз. Оған несіне таңғалып тұрсың, өзің де білесің ғой! Бұл біздің артықшылығымыз! Сенің кемшілігің сол – өзгере алмайсың.
– Өзгергім де келмейді.
– Өзгергің келсе де, өзгере алмайсың!
– Мүмкін, солай болса, солай шығар. Қасыңдағы құбыжықтарың қайда? Жау тигендей тым-тырақай қашып кетті ғой!
– Оларға кінә арта алмаймын, күндері үшін жүрген сілімтіктер ғой! Қауіп-қатер төнген кезде осылай зым-зия жоғалып кетеді. Өңшең қоян жүрек қорқақтар. Ал, сен… Сен біз секілді бір күнде мың құбылатын құбыжық емессің, адамсың! Бірбеткейсің. Мықтысың. Сенің мықтылығыңды бәрі мойындайды. Мен де мойындаймын. Соныңа қызығамын, тіпті қызғанамын. Қызғаныштың қызыл иті өзегімді тырналап, тыныштық бермейді.
– Оңашада бір жолықтырса деп жүруші едім! –дедім алқымынан қыса, – Сазайыңды бермесем!..
– Мен… Мен саған соншалықты не істедім? – дейді қыңсылап.
– Сен не істемедің. Өмір бойы кеудемнен итеріп, шөміштен қағып келесің!..
– Иә, оның рас, мойындаймын. Бірақ мен қақпақылдағаныммен, сенің жаси қойғаныңды көргем жоқ. Қайта ұрған сайын семіретін борсық сияқты, ширыға, ширай түскен сияқтысың. Атыңның шабысы тым қатты, дүрсілі жер жарады. Дүбірінен шошимын.
– Ер жігітті қиындық ширатып, шынықтыратынын білмеуші ме едің, мақұлық?!
– Білемін. Иә… Қанша тыраштанғанымызбен кеудеңді басып, сағыңды сындыра алмадық. – Түлкі жылмаң қағып, бір орнында тұра алар емес. – Саған енді ешкім де бөгет бола алмайды!..
Бойымды ашу буып, кеудемді ыза кернеп тұрған мен алтыатарыммен қақ маңдайдан көздей бастадым. Түлкінің қысық көзі жыпылықтап кетті. Тұрған орнында зырылдауықша шыр айналды. Көзімді ашып-жұмғанша болған жоқ, маймылға айналып шыға келіпті. Қолдарын ербеңдетіп, маймаң қағып билеп жүр.
– Әп, бәлем, билеттім бе? – деймін тоқмейілси.
Оның менің көңілімді тапқысы кеп жанталасып жүргені анық. Ара-арасында қыңсылап ән айтқан болады. Біресе қолымен, біресе басымен тұрып, жүн-жүн аяқтарын жоғары көтеріп, ебедейсіз ербеңдетеді. Енді бірде теріс қарап еңкейіп тұра қалып, құйрығын көрсетеді. Оның бұл арсыз айласына одан сайын жыным келді. Тақап келіп, бетіндегі маскасын сыпырып алдым. Сол мезет ол қайтадан адам кейпіне енді. Жүзі қарайып кетіпті. Жылтырап көзі ғана көрінеді.
– Әй, жүзіқара, бетіңе не болған? – деп сұрадым табалағандай.
– Күйіп кетті!.. – Ол амалсыздан шынын айта бастады. – Жаным да, арым да таза емес. Тәнім де әбден былғанған. Іштім, жедім… Қылмыс жасадым, қиянат жасадым, күнәға белшемнен баттым.
– Күнәларың ешқайда жоғалып кетпейді. Әйтеуір бір күні басыңнан табылады.
– Мен қартайдым. Ертең болмаса, бүрсүгіні өзім де өлемін. Сонымен бәрі бітпей ме?!.
– Жоқ, бітпейді. Жазаңды тартпай, жаның еш уақытта жай таппайды. Алланың алдына барғанда бәрін де өзің-ақ жайып саласың. Жазаланасың. Тозақ отына шыжғырыласың!..
– Өлген соң не істесе де бәрібір. Тірі күнімде аман жүрсем болды.
– Аман жүре алмайсың, аман жүргізбейміз. Өзіңді өзің ар алдында соттауға мәжбүрлейміз. Сен халықтың қарғысын алған адамсың, жынданып өлесің. Соның зардабын үрім-бұтағың да тартады. Тоз-тозы шығып, тұқымың тұздай құриды.
– Иә, мен сенен жеңілдім. Түптің түбінде сенің жеңетініңді сезіп едім. Сен жеңдің! Өлтір мені!
– Жоқ, мен саған ондай бақытты қимаймын. Сен менің қолымнан өлуге тиіс емессің. Жо-жоқ… Мен ондай ақымақ емеспін. Сен көшеде қаңғып өлуге тиіссің! Көмусіз қаласың!..
Алтыатарымды қабына салып, бұрыла бергенім сол еді, бірдеңе желке тұсымнан ысылдап келе жатқандай болды. Жалт қарағанымша болған жоқ, үлкен қара жылан мойныма орала кетті. Қайта шағып үлгертпей, бас жағынан сол қолыммен шап беріп ұстай алдым. Айыр тілін сумаң-сумаң еткізді. Қылғындырып әкетіп барады. Қиқылдап-шиқылдап-ақ барам. Жандәрменмен тапаншамды қайтадан суырып алып, қақ төбесінен ала басып кеп жібердім. Басының күлпаршасы шыққан қара жылан мойнымнан сусып барып жерге түсті. Анықтап көз салсам, жылан дегенім – адам. Сол. Соның дәл өзі. Шошып кеттім. Адам өлтірдім. Иә, шыбынға қиянат жасамаған басым, адам өлтірдім. Сол кезде қасыма атам жетіп келді. Бағанадан бері арт жағымда бәрін бақылап тұрған секілді.
– Сен адам өлтірген жоқсың, адам кейпіндегі хайуанды өлтірдің. Егер сен оны өлтірмесең, ол сені өлтірер еді. Сенде өзге таңдау да жоқ еді. Бірақ сенің жеңетініңе ешқандай шәк келтіргенім жоқ. Өйткені сен одан әлдеқайда күштісің. Біле білсең, сен оған үлкен жақсылық жасадың. Сенің арқаңда ол енді тарихта қалатын болды. Сен жігерлі жігітсің! Біз сені осылай тәрбиелегенбіз. Үкілеп қосқан үмітіміз едің. Үмітті ақтадың! Ризамыз саған!..
– Ата, әжем мен әкем қайда кетті?
– Ешқайда кеткен жоқ. Саған рух беріп, сенің көңіл көкжиегіңде жүр. Енді мен де сонда барамын. Қысылған кезіңде қашан да қасыңнан табыламыз.
– Ата, – дегенімше болған жоқ, қайыра ләм-мим деп тіл қатпастан көзден ғайып болды.
Неге бүйтті екен?! Қоштасып кетсе болмас па еді?! Мүмкін, болмайтын шығар…
Төңірек тынши қалған. Тірі жан көрінбейді. Жаңағы өліктің де қайда кеткені белгісіз. Жым-жылас жоғалып кеткен. Қараңғылық та сейіле бастаған сияқты.
Көзімді ашып қалсам, сол кешегі құлаған жерімде жатырмын. Басымда ер, астымда тоқым. Жан-жағыма қараймын. Мидай жазық. Төбеде үш тырна айналып ұшып жүр. Трау-трау траулап, қанаттарын қағып-қағып қояды. Бірдеңе айтатын сияқты.
Ақырын орнымнан тұрдым. Басым шағып, сай сүйегім сырқырап әкетіп барады. Өне-бойым дел-сал. Атым анадай жерде жайылып жүр. Басы бос, аяғы тұсаулы. Ердің жанында жатқан жүгенді ала салып, ақырын басып жанына келдім. «Енді тұрдың ба?» дегендей, едірейе қарайды. Өкпелі сияқты. Ерін салып, айылын тарттым. Әншейінде қарғи салушы едім, үзеңгіге аяғымды әрең іліп, үш ұмтылып зорға міндім.
Қарным да ашып қалыпты, шешем құйып берген торсықтағы мұздай көжеден жұтып-жұтып жібердім де, атымды тебініп қалып, жүріп кеттім.
Арғымағым аяғын сылти басып келеді. Қамшы басып, қинағым келмеді. Кері қайтайын деп те ойладым. «Не деп барам, қай бетіммен көрінем?!. Шешемді қойшы, түсінер. Жығылып жатып, сүрінгенге күлетін Қораштар бар ғой?!. Арттарын ашып күлмей ме?!. Қой, жолымнан қалмай, тарта берейін. Діттеген жеріме жете алмасам, жеткен жерімде қалармын. Әйтпесе, қанша дегенмен шашасына шаң жұқпаған тұлпардың тұяғы ғой, жолда қалдыра қоймас». Десе де, кешегіндей емес, сенімнен гөрі күдік-күмән басым. Бірақ алған бетімнен қайтпаймын, бағытымнан айнымаймын деп шештім де, тарта бердім.
Көңілде алаң көп. Өзіме сенімді болсам да, қайта-қайта атыма қарайлаймын. Шұңқырды қойшы, ор қазып қоймаса деңіз. Алдыңғы жақтан көз ала алар емеспін…
Әлі-ақ алаңнан арылар күн туар. Арғымағымның да аяғы жазылар…
Үкілі үміт алға қарай жетелеп келеді…
Мына мақала күшті жазылыпты.