Әртүрлі жастағы жүйріктерді баптау тәсілі

23452

Жүйрік жылқыларды баптаудың жастық ерекшеліктері де бар. Мысалы, тай кезінде жүйрік болар деп үміт еткен жылқыны құнанында баптап, бәйгеге қосып байқайды. Ондағы мақсат – жас жылқының қолтығын жаздыру, жер таныту, таластырып үйрету болып табылады.
Ал, құнанында шылбыр ұстатып үміттендірсе, дөненінде қоңды шығарып піштірген соң қанын толтырып, сол жылы бәйгеге қоспай өткізеді. Бестісінен бастап баптайды.

AigyrАйғыр баптау: Көшпелі халықтарда арнайы айғыр жарысы болған. Мысалы, моңғол жұрты осы үрдісті күні бүгін үзбей сақтап келеді. Айғыр жарыстыру үшін оны жарату керек.
Айғырды жаратуға байлау мезгілі биелер көктемде құлындап, айғыр үйірден шығатын мезгілде байланады. Айғырды үйірден ұстап жаратуға байлағанда ол жалығып немесе қорланып қалмас үшін алғашқы 3-4 күн үйірдегі жас бие, байталдарды қасына бірге байлайды. Үйірді басқа айғыр айдап кетпейтіндей оңаша бағады.
Айғыр баптау мерзімі қоңына байланысты болады. Көп жағдайда 25-30 күн жаратады. Күндізгі баптау ісі аяқталған соң айғырды үйіріне жіберіп, бабымен жайылтады. Кешке қайта ұстап байлайды.
Есте болатын дүние: айғырды жаратуға ұстаған күні төрт дүркін (сиыр сәске, шаңқай түс, күн еңкейгенде, іңірде) көңілін сергіту, яғни, рухын ояту жұмысы жасалады. Ол үшін айғырдың құйрық-жалын шарт түйіп (өріп), үстіне бәйге тоқымын жауып, шабандоз баланы мінгізеді де, кермені айналдыра қиқу салып сылаң жүріспен аяңдатады.
Әрбір айналым-аяң 30-40 минуттан аспағаны жөн. Бұрын бапталып үйренген сақа айғырлар дереу рухы оянып, желпінеді. Оның белгісі: соңғы қиқуда айғырдың аяқ-қолы жеңілдеп, қос құлағын қайшылап, сауырын шайқап, қайта-қайта тезек тастайды.
Осы сәтте жерге түскен айғырдың жас тезегін сарғайып кепкенге дейін орнынан қозғамай сақтайды. Себебі, жылқы малының біз біле бермейтін табиғи сипаты: басқа жылқылар иісі кеппеген ылғалды айғыр тезегін иіскеп, өзінің ара боғын тастайтын ерекше құпиясы бар.
Жоғарыдағы айналым-аяңды аяқтаған соң кешкі салқын түсе айғырды ерттеп мініп, желге қарсы шоқырақтатып екі шақырым жүргізген дұрыс. Аяқ-қолының сіңірі жазылып, бұлшық еті ширайды.

sulikkaraСақа жүйрікті баптаудың ерекшелігі: Көп жыл бапталған сақа жүйріктер жыл сайын баптау мерзімі жеткенде табиғи түрде ішін тартып, психологиясы дайын жүреді. Сондықтан, көп жыл бір атты баптап әбден кәнігіленген атбегілер қиналмай аттың қоңына қарап, тиісті шараларын атқарады.
Дегенмен, сақа жүйріктерге тән ортақ дүние: үлкен қара жарысқа екі дүркін шаптырады да, тыныс ашу, шапқын жарыс жасау, қырлау тәсілдерін уақыты келгенде атқарады. Үлкен қара жарыстың бірін дәл бәйге болатын күннен 3 күн бұрын өткізген дұрыс. Ал, кіші қара жарысты арасына 6-7 тәулік салып ұйымдастырған абзал. Жалпы алғанда жуан атты 30-35 күн баптайды.

BestiatБесті атты баптаудың ерекшелігі: Бесті атты баптау айғыр немесе жуан атты баптаумен бірдей. Бірақ, бесті аттың басқа жылқылардан физиологиялық ерекшелігі: денесіне жуан аттар сияқты қалың май жинамайды, сөйте тұра, қара еті шымыр келеді. Сол себепті, сылаң-аяңмен көп жүргізген жағдайда, ет майы тез тарқайды.
Сондықтан, бесті атқа көңіл сергіту жұмысын жасағанда, сылаң-аяң мен қатты-аяңды қатар пайдаланған оңтайлы. Ескеретін жайт: бесті атты ыстық немесе жауынды күні айналма-аяңға салмайды. Негізінен бесті аттың кермесі салқын биік, дөңес жерде болғаны жақсы. Әрі жұқа матадан жұмсақ кежім жасап үнемі жабулап отыру артықтық етпейді.

Құнан баптаудың ерекшелігі: Құнан жылқыны баптағанда өте ептілік қажет. Өйткені, бұл жастағы жылқының ішкі организмінің жетілуі мен физологиялық дамуы күн сайын өзгеріп тұратындықтан оның бәрін біліп, ескермейінше баптау қиын.
Құнанды жаратуға ұстағанда 15-20 күннен асырмаған жөн. Терін ашық алған дұрыс. Қара жарысқа салғанда кіші және орта қашықтыққа ғана жіберу қажет.

BvdJIfLKfcQТай баптаудың ерекшелігі: Адам атбегі болу үшін алғашқы ретте тай баптауды меңгерген дұрыс. Тайды жаңа шыққан көкке тойып, бүйірі шыққан кезден бастап баптайды. Әрине, алдымен мініске үйретеді. Ол үшін бала-шаға мінетін шағын ер ертеп, ұзын шылбыр-арқан сүйретіп, бастықтырады.
Тайды үйрету барысында ескеретін жайт жас жылқыға әуелден жалтақ-алаң мінез сіңіп қалмау үшін өсіп-өнген үйірді дауыс жетер жерге иіріп қойып, асау тайды қаңтарылған күйі үйірге 2-3 рет жіберіп, қайталап ұстаған нәтижелі болмақ. Одан кейін балаға мінгізіп, қақпайлап жуасытады.
Тай толық жуасыған соң баптайды. Баптау кезінде оны қатты қинауға немесе ашықтырып зорықтыруға әсте болмайды. Жас жылқыны күш түсірмей баптаған дұрыс. Баптау барысында етін қатырып, бойын жеңілдетуді басты қағидат еткен абзал.
Тайды 15 күннен көп асырмай баптайды. Терін 3 немесе 4 дүркін алса жетіп жатыр. Тай баптау кезінде есте болатын дүние бүгінгі тай ертеңгі тұлпарлардың ізін басатын жүйріктің жалғасы есепті оны ә дегенде, дұрыс шаптырып үйреткен жөн. Сондықтан, қара жарыс жасағанда теп-тегіс жазық таңдап алынып, шабыс ырғағын бұздырмай ұстап, үйретеді.
Шабыс үстінде тайды қатты қамшылап қинамаған қолайлы. Бұқпа, үркек, жалтақ мінезге бойын үйретпеген абзал. Әрі аяқ-қолына қан түсіріп, немесе тыныс жолын булықтырудан сақтанған дұрыс.
Тайдың жарыс жолы 10-12 шақырымнан аспайды. Бұл аралықты қазақ халқы «тай шаптырым» деп атайды. Тайдың қара жарысын 8 шақырымнан асырмай 1-2 рет жасайды.

301183_104849579670937_1382221119_nБекен Қайратұлы, «Қазақтың атбегілік өнері» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.