Ғафу Қайырбеков. Тұлпар туралы аңыз

28756

Шынында да, шын жүйріктер туралы халық аңыздары біздің ауыз әдебиетіміздегі ең көркем жырлар, дастандар, ән-күйлерге айналып келгені аян. Менің айтып отырған аңызым басқа. Соңғы 30-40 жылда тұлпар түгіл, жалпы жылқы атаулыға зар болып қала жаздағанымыз сондай, «баяғыда сондай жануар болған екен» деген көңілсіз аңыз айтуға мәжбүрлік жайында еді…

Жылқы қазақ даласының екінші есімі еді ғой. Осынша даланы меңгеру үшін, осынша шалғайлықты қаусыру үшін тек аттың ғана жалы мен белі, тұяғындағы желі керек болады. «Ер қанаты — ат», «Ат жалын тартып мінген», «Ат тұяғын тай басар», «Ат жетпейтін жер жоқ» — деген секілді даланың өзіндей шетсіз, шексіз қанатты сөздер ғасырлар бойы халық жадында сақталы келеді. Қысқасы, қазақтың екі сөзінің бірі — ат туралы болатын.

Өзінің ұлттық тарихында бүкіл тұрмыс-тіршілігі тек қана атқа байланысты жылқы малына қатынасты ел қазақтан өзге кемде-кем. Өйткені оның тағдыры — ұлан байтақ даласы екенін айттық. Аттың атын шығаратын да осындай жазықтық пен кеңістік. Тарихтағы қиын-кескі жорықтар, дала үшін ұзақ қан-төгіс қырғындар ат арқасында өткен. Олар қырылса да, үстіндегі иесімен бірге қырылған. Қазақтың «Адам жылқы мінезді» дейтін философиясы да содан қалған.

Батырлар жырының басты кейіпкерлерінің бәрі де — әрі жүйрік, әрі ақылды жануар — ат. Батырлықты көп жасау үшін аты болуы керек, ол кезде бұл бірінші орында тұруы мүмкін, олай болса — жылқы байлығы жөнінде де солай. Қазақ қашанда байлықтың жалпы өзін жылқы санымен өлшеген. «Арқада толып жатыр жылқылы бай» -деп өлеңде айтылуы тегін емес. Бес мыңнан жиырма мыңға дейінгі аралықта жылқысы барлар ғана нағыз бай саналған. Біржанның — «Мың жарым жылқы біткен Қожағұлға» — дегені жай «малсыз емес еді» деген болар. «Жылқысының көптігі сондай, ортасы көл секілді шұқырайып жатушы ед» — дер еді қазекең. Бұл халықтың сонау Ескендір Зұлқарнайыннан бері салғанда парсы жұрты, Шыңғысхан, Ақсақ Темір жорықтарына ру-румен тегіс қатынасуында мән бар. Бұлар атқа мықты, аштыққа төзімді, айқасқа адал жұрт болған, мысалы Махамбеттің: «Алты малта ас болмай» деуінде үлкен сыр бар. Қанжығасына байланған дорбасы толы құрт әрі сусын, әрі тамақ болған. Оларға соңынан шұбыртқан азық керуені — обоздың керегі болмаған. Жорыққа шыдамдылығы сондай, «өзінен туған жас бала, сақалы шығып жат болғанша» жүре берген. Енді сондай халықты әскерлікке пайдаланбағанда қайтеді?

Халқымыздың осындай қасиеттерінің бірі — жылқыға, атқа байланысты. Оның жомарттығының негізі де — жорықты көп кешіп, жоқтыққа ұшырап, тар күнді бастан өткізіп, дүниенің, байлықтың баянсыз екенін білуінен деу керек. Ал сондай елдің «қырық жыл қырғында» айрылмаған жылқысынан, аз уақыттың ішінде айрылып қалуы қалай? Әдетте, бұл сұраққа «заман өзгерді, оның көлігі өзгерді» — деп қана оңай жауап бере саламыз. Оның үстіне «жылқының енді керегі жоқ» — деген асыра сілтеу, заңсымақтар да болды емес пе? Ә дегенде тымағымызды шешіп ала жүгіре жөнелетін аңқау, аңғалдығымыз тағы бар. «Ау, бүл — біздің елдігіміздің белгісі еді ғой» дегенге қарамаппыз.

Дәуреннің тамашалығы әр үй енді бір атты армандамай, бір машинаға қолжеткізуге құштар болды. Оның жақсылығы да көп шығар, бірақ кесірі де аз тиіп жатқан жоқ. He бір жігіттер той-томалақ қуып, бүкіл семьясын тиеп алып, тас көзденіп, желіктің суы, буымен бір үйлі жанды ойға төңкеріп, қырға аунатып, қырып алғандары бар. Ол: «машинадан аулақ болыңдар» деген сөз емес қой, ол сол біздің техникаға арғы психологиялық дайындығы- мыздың жоқтығынан еді. «Аттың үсті — жел» дегенді машинаға қолданғандықтан болатын. Шүкір, қазір «жылқыға қайта оралу» деген пікір қалыптаса бастады. Әр жерден жылқының құлағы көріне бастады.

Қой бағып, оның ақшасын машинаға жұмсап, жылқыға қарсы майдан ашу тыйыла бастаған секілді. Солай ойлаймыз. Ойлау — игі ниет қой. Ал жылқы ұстамай, ұстай қалса мінбей, саумай, соғымға ғана керек ететіндер әлі көп. Айдалада тұтынылмаған соң, тағыланып кеткен жануарды, осының баяғыда иесі мен емес пе едім — деп, күз аяғында мылтықпен атып алатын «сабаздарды» көргеніміз бар.Бұрынғы көркемдік, сырбаздық, парасат белгісі болған ақыл, ой, өнер өлкесіне азық, көрік болған жылқының баласы енді бір ғана қарын азығына айналса — не шара бар? Өзі бағып,қызығын көрудің орнына, онсыз да аз байғұстарды қай жерде, кімдікі екенін біліп алып, иесіне ағайындық міндет салып, қолын жылда жаятындар қаншама? Бір заман нелер қара отты, май шағырлы, боз көделі даланың жылқы өрісінің жыртылып, шаңдаққа айналуы да аз қырсығын тигізген жоқ. Дегенмен жылқыға өріс әлі де жеткілікті. Жылқыны сақтау үшін оның жайылар даласы да сақталуы керек. Көк орай шалғын көл сабасы, асқар таулар, ақ бұлақтар сағасы — салқын жайлауларды сақтау керек. Жайлау аты бар екен — деп, керінген тұяқты жауып жіберіп бүлдірмесе болар еді. Ат тақымын жаздырмай, қорада асырасаң,тұлпар емес, мәстек баққан боласың. Биылғы майда мен Павлодар — Баянауыл сапарынан оралдым. Сонда жағалай жасыл, барқыт далада үйір-үйір жылқы көріп, қатты қуандым. Шіркін, жылқы дала көркі екен ғой. Баянға жақындаған сайын олар жиілей түсті. Жолдың екі жағы қаптаған жылқы еді. «Бұлар — деді серіктерім, — менің таңырқаған, сүйсінген қалпымды байқап, — қазір Ертістің бергі бетіне, кең өріске шыққан жылқылар, жаңағы өткен үлкен көпір арқылы әр совхоздың жылқысы бөлек-бөлек өтіп, әр алқапқа жайылады. Әлі жылқыдағы биелер қосақталған жоқ, құлындары бос жүр, таяуда байланады».

Осынау атлас аспан, ақша бұлттар астында көкалалы жылқы жердің жасыл түгімен жарасып дүркіреп жайылады. Құлыншақтардың жал, құйрығын жаңа майдың желі желпиді. Дененде қаның шымырлайды. Қай қайдағылар еске түседі, мұрныңа күмпілдеген сабаның иісі келеді… Әлде неге елендейсің. Анау бір жылқы сағынып жүрген жылдары Семей мен Абай ауданы аралығында да осындай бір үйір жылқының жайылып жүргенін көріп, машинаны тоқтатып қойып қызықтағанымыз бар еді. Басқаларды қайдам, мен жылқы көргенде мұншама сағыныш сезімі аралас мәз болуымдағы мәніс — соңғы жылдарда өзім туған Торғайдың ұшан даласында жылқы керу мұң болған, бұрын жолшыбай сан-салалы өзендер мен «қоғалы көлдер, қос суларда» жылқы үйірі сағымға шомылып, әлденеше ұлғайып салқар-салқар көрінер еді. Енді оның орнына отар-отар қой немесе сиыр табындары ұшырасады. Жылқы бар болғанда да, оқшау-оқшау киіз үйлердің іргесінде қылаңытып көрінер еді. Ал баяғы заманда бүл өлке жылқысының аса көптілігімен белгілі болатын. Қазір малдың түлігін түгендегенде, ол жақта жылқы малы соңғы санда тұрады. «Қарай», Қошалақтың қара отына мал семіртіп, жүйрік баптаған елдерді аңыз етер еді жұрт. Торғайдың Тобыл мен Есілден әрі сонау Аралға дейінгі алып даласы көбінесе малдың жері. Аздаған егін шаруашылықтарын тың алқаптарға ұйымдастырып жатыр.

Негізінде солардан түпкілікті астықты аймақ жасау реті бола бермес. Міне, бүгінгі танда жылқыға қайта оралу мәселесін қайта-қайта баспасөзде жаза бастаудың негізгі себебі — даланың дәстүрлі малын мүлде орынсыз да себепсіз азайтып алу жағдайына әкеп соғудан туып отыр. «Бәрін де уақыт түзейді» деп отыра беруге болмас, ол үшін уақыттың өзіне уақыт керек.Елуінші, алпысыншы жылдарда туған ауыл баласы жылқы романтикасын, оның өлшеусіз қадірін біле бермейді, қала қазағының баласы екі бастан. Ол елдік тарихын білмеумен немесе шала-пұла білумен парпар. Өйткені Ана сүті мен жылқы сүті — біздің тарихымыздың басы. Аттар, тұлпарлар — өнер тарихымыздың ұлы тарауы. Ол тарауларсыз даланы, туған жеріңді тану, сүю мүмкін емес. Әлі күнге қазақтың жас баласының атты көрсе — мінгісі келіп, шапқысы келіп кететіні — қандағы өлмес қасиет. Сондықтан біздің, менің құрбыластарымның жылқы жайлы жайлы сөз бола қалса — «бала кезімде» деп бастауы занды. Ал кейінгілердің үйте алмайтыны қандай өкінішті. Құлын жетектеп, кейін атқа шауып көрмеген бала — жылқыны білем деп айта алмайды — бір, екіншіден, жылқы жайлы аңыз, ертегі, ән-күйлерінді ұға білмейді. Сонда ол ата-баба тарихын білмеген емей, немене? Барлық құбылыс дүниедегінің бәрі бір-бірімен тығыз байланысқан. Солай болса: жылқы мәселесін қозғағанда — далаңның да, өзіңнің де тарихың қоса, қопарыла қозғалады. «Үйге кіріп, сусын ішіп шығыңыздар»деген қарапайым ғана тілекте бүкіл елдік салтың, даланың заңы жатқан жоқ па? Ал балалық шаққа оралсам — менің есіме ылғи бір өзім білетін жүйрік аттар — арғы тұлпарлардың нәсілі түседі. Жалаңаяқ, жалаңбас күнімде «Ат жарысты» көп көрдім. Майдың т.б. мейрамдарын асыға күтуші едік біз. Ол күйдің өзге рахатарымен «Ат шабысы» болады -деп, күтетінбіз. Қайран балалық, соған өзіміз ат қосатындай,қиялымызда өзімізді өзіміз жаратып, жүрек дамылсыз дүрсілдеуші еді. Құлағымызда күні бұрын аттардың дүбірі тұратын.Менің немере ағам — Досжанның Сұлтаны деген кісі Торғай өңіріндегі атақты атпаз, не бір жүйрікті қатарлап ұстаған, ылғи бір бәйге бермес көк аттарды ел-елден бар дәулетін шашып, тауып алып, көбіне тай-құлынынан баптап өсіретін адам еді. Оның — «Көкторғай», «Арқар көк», «Сұлтан көк» деген аттары болған. Менің көргенім соңғы болатын. Өзінің ақындық, серілік, азаматтық қасиеттерінен өзге — оның атағын аспандатқан осынау заңды жүйріктер еді. «Ердің атын ат шығарады» деген рас екен. Өзім ес білген соғыс алдындағы 3-4 жылдың ішіндегі бар мейрамда «Сұлтан көк» — еш атты алдына салмаған жылқы еді. Той төбенің басында ағам Аңсағанның артына мінгесіп барып, ат келерде оның иығына шығып кетуші едім. Сонда түстік жерден 35-40 шақырымнан сонау Қарасай табынынан жіберген аттар түске тармаса алыстағы белестен шаң берер еді. Біздің көзімізге қалың шоғыр болмаса, үзіліп шыққан жүйріктер көпке дейін көрінбейтін. Әркім қарасын, күреңін, ағын ажыратып болғанша, бергі асудан жалғыз боз қаңбақ домалап шыға келуші еді. Даланың сағымынан үзіліп шыққан бір шумақтай, немесе көк құйындай әлденені жұрт жан иесідеп ойламайтын. Оның ез аты екенін Сұлтан ағам ғана сезуші еді. Жануар жұрт алдынан тартқан садақтың адырнасындай соңғы рет бір созылып беріп, зу ете қалушы еді. Сонымен жүрегім қоса кеткендей болатын. «Аруақ, аруақ» деген дауыстар құлақ түндырғанда, Сұлтекең екі көзі қып-қызыл от шашып, ер үстінде өзінің де бойы әлденеше рет өсіп, енді бірде аттың жалын құшып, көк аттың соңынан шаба жөнелуші еді.

Менің соңғы жылдарда жазған бір өлеңімде:
Көктемгі дала кеңдігі-ай,
Шабысы-ай аттың бұрқырап,
Жазылушы еді-ау жануар
Жалынан жасыл шық тамып.

Танадай көзден жас парлап,
Найзағай сынды аспанда
…………………..
Ағатын еді-ау аспанда — дегенімде, сол «Сұлтан көк» шабысың еске алып едім. Сұлтан ұзамай қайтыс болды да, көк аттан бақыт кетті. Оның үстіне соғыс басталды. Қара шоқы басында батар күннің қанды шұғыласында көк аттың көк емес, енді қызылға боянып, жападан-жалғыз ұзақ кісінеп тұрғанын соңғы рет көрдім. Күн де батты, ол да жоқ болды. Әне, ат әулиесі ер басындағы, ел басындағы азаға солай ортақ болған.

Ер жете келе, соғыс біткеннің соңында (1947 жыл) өзім тағы бір жүйрікті көрдім, оның аты «Қызкер» болатын. Нағашым Батырхан деген жігіттің аты еді ол. Кезінде ол да бәйге берген жоқ. Ешкімге мінгізбейтін атын маған мінгізіп еді.

Арқада жер еркесі Қызбел — деген,
Аралап алуан журдім Қызкерменен, — деген «Қызбел суреттері» поэмасындағы алғашқы екі жол содан калған. Сол кездегі ауданның бір басшысы Батырханнан Қызкерді қалап, ала алмаған соң, қас болып, өзге жаққа аударып жіберген. Жүйрік аттардың өздерінің де, иелерінің де тағдыры солай аяқталған ғой.

Өзім көрмегенмен, «Торғай танабында» әріректе «Көк шағыр», «Бай шұбар», «Ала құс», «Қан жирен» деген тұлпарлар болған. Олар жайында елде аңыз әңгіме, дастандар көп. Сондай-ақ қазақ даласының бар түкпірінде аты шулы арғымақтар көп болған ғой. Арғы Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қара қасқа аты, бергі батырлар Исатайдың Ақтабаны, Аманкелдінің Шалқасқасы — осылар Ақансерінің Құлагеріне келіп жалғасады ғой. Сонда бұл аттар — біздің даңқты тарихымыздың өзі емей, немене? Қазіргі күн жүйріктерінің иесі, бапшысы — атпаз да, атпал да азамат — Алтайлық Бошай Кітапбаев соңғы жиырма жыл көлемінде республика бойынша ұлы жарыстар мен ұлы мейрамдарда қосқан аттары қос-қосымен бәйгеден келіп жүрген абыройлы адам.

Атқұмарлық деген жәй сөз — нағыз тұлпар иесі болу үшін айрықша талант керек. Сол талант иесі де мінезінен ерекше жа ратылады. Әсіресе мен былтыр Алтайда май мейрамының кезінде болғанымда, Бошекеңнің аса бір шабытты кезеңін көргенім бар. Алматы ипподромына «Тайжирен» атты жіберіп (сонау Алтайдан), езі қалған аттарын облыстық, аудандық жарыстарға қосып жатқан кезі еді ол. Өзі колхоз құрлысының 40 жылға жуық атақты қайраткері, Еңбек Ері, колхоз бастығы, Ұлы Отан соғысының жалғыз атақты ардагері Бошай Кітапбаев әрі ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты — жылқы десе ұшарға қанаты, ұстарға дәті жоқ адам. «Қазақта қобызшының қалғаны осы» — деп, Ілияс айтқандай, жылқы өсіру, баптаудың үздік ғылымы десе болады. Бозала таңнан оянып, ерсілі-қарсылы жүріп кеп, телефоннан қолын алмайтын ері туралы Нағима жеңгеміз «ой, енді мұнда дамыл жоқ, қарасу теріс ағып кетсе де, болмайды енді, есіл-дерті ат, бәйге, басталды әбігер», — дер еді. Шынында ол тұстағы Бошекең жанының жағдайын суреттеп болмайды. Абайдың 125 жылдық тойындағы ғажайып бәйгеде оның үш қара тұлпарының шабысын, озуын халық аңыз қып кеткен. Ұлы жазушы Ғабит аға Мүсірепов — серілер жыршысы сол кезде тойға қатынасып бақытты сәт кешкенін ол жолдағы очеркімде жазғамын. Кейін Алматыға келген соң ол кісі «Бошайдың үш қарасы» деген тамаша очерк жазды. Онда да оларды айтпас бұрын даламыздың жүйріктер тағдырын, жалпы жылқы тағдырын сөз еткен болатын. Бошай аға «Жұлдыз» журналына жуырда жіберген мақаласында Дала туралы, дала жүйріктері туралы, соларды жырлаған жүйрік ақындар туралы ойлы, сезімді, терең пікірлер айтқан. Алтайдың ортасынан тағдап жүріп,«Қан күрең» сексен тусап беріп алған» — деп, «Есім сері» поэмасында Нұрхан ақын айтқандай, Алтай өлкесінде нелер сәйгүлік, саңлақтар өткен ғой, Бошай аға баптаған «Құлан қара», «Бұлан қара», қазіргі «Тай жирен» — солардың ұрпақтары. «Асыл нәсілдер» деп Мұхтар Әуезов соларды айтқан. Міне, менің шағын көлемдегі «Тұлпар туралы аңызым» осылай аяқталады.

Тұлпар туралы, дала туралы аңыз аяқталмайды. Оның осылай аталуының өзі — қанатты тұлпардың арқасы. Олар болат тұяқтарымен өздері туралы дастанды әсем жазған. Жылқы түлегін түгендеу, оның тарихымыздағы орнын қайта беру — тек жаза бергеннен емес, оны ел болып жұмылып көбейту, еліміздің пайдасына жарату, иегілігіне, елдік, кісілік, азаматтық қасиеттерге құрпақты баулудың құралына айналдыру жайындағы кез еді бұл. Күші де, көркі де, сүті де, жүйріктігі де — халықтық қасиетті жасасқан дүниелік мұралар. Әсіресе оның қымызын осы күніміздің керегіне жаппай жаратсақ — халықтың денсаулығына да, саулығына да, көңіліне де ғанибет емес пе? «Ыза қылдың қолыма бір тигізбей» — деп, Абай аңсаған тұлпарлар қолға тиіп тұрып, айрылып қалсақ, бізге ол атамыз онша риза бола қоймас.

1986 жыл

393893_434684874_574_Kairbekov_GҒафу Қайырбеков

2 comments

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.