Көкпар атын баптауды қолға алуда

8251

Ақкөл ауылының тұрғыны Оразәлі Шөпшинде қазақтың ақ бас сиыры да, тазы ит те, асыл тұқымды жылқы да бар. Төрт айғырды далаға жібермей, үйде ұстап отырған себебі, олар аламан бәйге мен көкпарға дайындаған жылқылар екен. Беті ашық қорада қаңтарулы тұрған айғырдың бірі – ағылшын, енді бірі – араб, үшіншісі – орыс жылқысының тұқымынан.

Шетелдік тұқымдардың біздің жылқылардан айырмашылығы қандай екенін сұрағанымызда, кейіпкеріміз:

– Арабтың жылқысын әкелгенімізге бір апта болды. Облыс орталығында тұратын біреуден сатып алдық. Көкпарды дамыту үшін осындай батыл қадамға бармасқа да болмайды. Ал мұның жергілікті жылқыға қарағанда бойы аласа болғанымен, шетінен жүйрік. Сондай-ақ, жүрісі жылдам, мініске төзімді, күші мығым, қиқуға елеңдеп тұратын қызу қанды болып келеді. Ағылшын жылқысы да арабтардікі сияқты. Алайда бойы биіктеу, денелі. Міне, бұл – нағыз көкпардың аттары. Орыс аттарының да артықшылығы бар. Бұлардың күші ана екеуіне қарағанда әлдеқайда мығым болумен бірге, үркуді білмейді. Көкпар қиян-кескі соғыстан кем емес. Онда аттың күші мен жылдамдығы маңызды. Бірі серкені көмбеге тез жеткізсе, енді бірі шаршы топтан күшпен алып шығуы керек. Сондықтан осындай соққыларға төзімді жылқы бапталуы керек, – дейді О.Шөпшин.

«Көкпардың аттарына лайық ертоқым керек», – дейді ол сөз арасында. Ақкөлдік көкпаршылар бұған дейін ертоқымды Жамбыл өңірінен әкеліп жүріпті. Алайда олардың құны біраз қымбатқа түсетін болғандықтан, енді өздері екібастұздық Алтынайдар деген ұстаға жасатып жатқан көрінеді. Бұл ертоқымдардың ерекшелігі, ат үстінде еркін қимыл жасауға ебедейлі. Әсіресе, серкені іліп алуға еңкейгенде, ауып кетпейді. Жатаған әрі жеңіл. Ертоқым көкпардың аты үшін аса маңызды.

Суретті түсірген: В.Фадеев
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ
otarka.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.