Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ. Көкпардың көкбөрісі – Жексенбай

8185

Қырық жыл көкпар шапты деп жүрген Жексенбай Жұрымбаев кім?

Ол – Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан көкпаршылары, атбегі, шабондаздары түгел танитын сайыпқыран азамат. Киров ауданының Қоғалы кеңшарында көп жыл жылқышы болған. Қазір Жетісай қаласының тұрғыны, сыйлы кісі. Жылқы малының бойындағы қасиеттің сан алуанын жазбай танитын сынгер. Маңдайынан жел қаққан, жотасынан тер аққан, мүйіз алақан, сірі саусақ жылқышы еді. Үш аяқ, қақпан бел қарт емес, ат жалын тартқан жас емес – жігіт ағасы. Жігіттігі туралы әңгіме кейінірек айтылады. Мақташылық еншіні молырақ алып, жер аяғы тарылғаны бүгін ғой. Қызылдың құмының қызуын сезініп, Мырзаның шөлінің шүйгінін кешкен, керала жазық, кең далада көкпар тартқанның бірі, һәм бірегейі – осы Жексенбай.

Қазақтың көне тәртібі, ежелгі дәстүрімен шапқан. Алпысыншы жылдары көкпар қайта өрбіп көтерілді. Сондағы судың тазасы, сүттің қаймағы осы – Жексенбай. Қалай десек те, басы қайырусыз, аяғы жиюсыз жатқан қазақ елінің қанын қыздырып, жүрегіне от беріп, делебесін қоздырған дегдар ойын – көкпар да халықтың өзіндей көне, қадымнан бірге жасап келеді. Қазақ өлмесе, көкпар өлмейді – Жексанбайлар өлмейді.

Жексенбайға жылқы өсірудің рахат, азабы ішкен ауқатынан оңай. Ал, мен шабандоздармен, бапкерлермен керуені бір болғанмен, ырысы басқа адаммын. Жазғанымды жеріне жеткізе алмауым кәдік. Әмбебап емеспін, әрі екі қолды төрт ете алмаймын – көкпардан қалсам қымыздан қалғандай өкінем де жүремін, қалада несіне тұрдым деп қиналамын. Қамшы сабындай қысқа ғұмырдың қылдай қысқа мезеттерінде, Жексенбаймен жолыққанда ақжайнақ көңілдің түйгенін ортаға салайын, ал, тыңдаңыздар.

 Жексенбайдың жан сыры

 zheksenbai2Жұрт шамалап «қырық жыл көкпар тартты» дей береді. Әйтпесе елу сегізінші жылдан бата көкпар шапты ғой.

Бата көкпар – ауылда елу-алпыс адам ортадан көкпар шығарып шабу. Салым аз, балаларды машық қып атқа үйрететін көкпар. Екі жылдай ауыл арасында жүріп, алпысыншы жылдардан бастап Қараөзек даласында, Құмның тойында бірлі-жарым салым болды. Алпыс екінші жылдан бастап ішкі жердің (ауданға жақын, халықтың жиі тұратын) жиын көкпар, ірі тойларында салым салатын болып аты шыға бастады. Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан қалмады. Сырдың суының екі беті, Арыстың маңында талай жерге аяғы тиді. Көкпар бар десе көше-қонатын болды, салымды да салғыш-ақ еді.

Әкесі Жұрымбай айтатын:

– Ағайынның атын мініп шап. Даланың атымен бес-алты салғанша, ағайынның атымен бір салсаң да ағайынның көңілі риза болсын, — деп. Көкпарды көрнекті бастап, салым сала бастаған соң айтқаны ғой.

– Енді ағайын болғанда Құлшығаш Саттар, Мыңбосын құсап қартайғанда ешкім барып атымды мін демейді ғой. Өзім шауып, қолым жүріп тұрғанда таңдағын атымды мінейін де! — дейтін бұл.

Жастықтың оты жалындап әр қияға салған шақ еді! Сөз түсінікті болу үшін, Жексенбайдың тегін қазақша таратайық: Орта Жүздегі Қоңыраттың ішінде Көктің ұлы Құлшығаштың Жортпасы.

«Аталастың аты озғанша, ауылдыстың тайы озсын» дегенмен, қазақ көкпар десе делебесі қозып, өз руынан шыққан шабандозын мақтаныш етіп, басқалардан қызғанып, аты жақсы болсын, жаман болсын көлденең тартып «мін, мін» деп, мінбесе тонын теріс киіп өкпелеп жүреді. Сондағысы «пәленшенің атымен түгенше салым сапты» дегені үшін, нәйеті – бар болғаны сол!

Жұрымбай қарияның діттеп – баласының құлағына құйғаны – өз құлағының тыншын ойлағаны, әрі ағайыншылығы, пәлен дей алмайсың. Ал, «уәжге түйе шөгеді».

Ұлы Отан соғысының алды еді. Ағайыны Қаңтаров Нәлтай ауыл кеңесінің төрағасы еді, «денсаулығыңыз жоқ, балаңыз жас» деп құмның жылқысын бағуға Жетісайдың Калинин колхозынан Құмның Жетпісбай, Тайжығылған құдықтарына жылқы бағуға шығарды – Жұрымбай қартты көшіріп алды. Малға араласып жүргендіктен перзенттері оқуға емес, атқа құмар болды. Құдайдың бергені еді – он бала сүйді, бәрін де құдай көп көрді, ұлдан да, қыздан да жеке болып, арада екі жылдан соң, көзге сүрткендей боп Жексенбай келді дүниеге. Анасы – Қауыншы Алғи Ақтай дегенннің қызы Несіпше. Нағашы жұрт Қызылқұм, Шардара өңірін ендеп жайлаған атақты Алғи елі. Анасының көз жасы ма, жаратқанның иігені ме – бұл тірі қалды. «Отыз ұлға татитын жалғыз ұлды беріпті» дейтін Сүлеймендей су ішерлігі бар екен, ия, атақты болды, ата ұлы ғана болмады, ағайынның мақтанышы болумен бірге – Оңтүстік қазақтарының да мақтанышы бола білді.

 Ат иесіне тартады

 Ел болған соң, қалаған ат табылып тұрды. Көкпарға барған соң (бағана айттық) ат иелері – егелері де «ағайныным шапса» деп бармайды, салым-дүние үшін де таласпайды, атым-намым шықса, «пәленшенің аты!» десе, деген оймен барады. Сондайда ат егесі шабандоз таңдайды.

Оразкелдінің Бұғышы атасынан Сатылғанның маңдайына Сарқасқа ат бітті. Он жыл Жексенбайға ғана беріп, шаптырып жүрді. Қауыншы Алғи Мұсаның Қара атын, өзбектен Жақсылықтың Салпаңторысын он жыл мініп шапты.

Отыз-қырық жыл көкпар тартқан соң, қай ат есте қалады. Ағайындай жақын боп кеткен Ақбұлақтың Жақсылығының басқа да аттары, Мырзашөлдік өзбек Орақбайдың Жиренін де тақымынан бірталай өткізді.

zheksenbai1

Өзбекстанға жақын Оңтүстік қазақтарының бір қасиеті – мейманды риза етіп күте біледі. Тамақтың алуан түрін өзбектен үйреніп, одан да асырып жібереді. Өзбегің де оңай шағылатын жаңғақ емес – көкпарды көкесін танытып шабады, атты атасын танытып баптайды, құдая тоба! Ал көкпардың көкесі де, аттың атасы да – қазақ деп жүрміз. Қазақ өнерін қазақтан зият үйренген өзекеңе тақияңды алып сәлем бермеске әддің кәне?!

Құмда Ташнияз деген перме бар. Оның меңгерушісі Малғаждар деген кісі. Жаз уақыттарында той болса алып барып, ол жаққа хабарын айтып, атын шаптыратын еді. Фарыш ауданына қарасты Ильич кеңшарының (қазір Ерімбетов атындағы шаруашылық) бірінші пермесі – тойпаз қазақтар тұратын ауыл. Ташнияз – соның көкпар көп болатын пермесі. Құмда қыста той болмайды. Малғаждар Бұқар облысының құмына шейін, Қарақалпақ ішіне дейін апаратын. Қарақалпақ палуаны Аманның Дәу торы атын шабатын. Аман – қазақтармен қатты араласып кеткен, үйіне шақырысып қатты сыйласқан азамат. Құмдағы Орысқұдықта тұратын Нұркеш деген Кіші жүз азаматы мен Жетісайлық неміс Адольф (Әліктің) Дирингтің торы аты да ілкіде бір кездесер жақсы аттар еді.

Жексенбайдың бір жақсы қасиеті – аттарын шапқанда, салым ықтиярын ат егесіне беретін. «Сол жақсы атты басқа көкпарда маған бермей қоя ма?» деген қаупі де болатын. «Жексенбай деген ілгеріде ат шапқан екен, салымын тартатын еді» деп айтсын дегендей, адам таңдамай, қолдағы барын бір шетінен тартып кететін. «Салым таратқаннан кейін де адам кембағал кедей болмайды екен» дейді өзі.

Бұрынғы кісілер айтады екен: «Алтын алма, ақыл ал, ақыл алтын емес пе?!» деп. Дегендей-ақ, Жексенбайда майда мал мыңдай, ірі мал жүз елуге тарта. Көкпардың салымын таратудан кедей болса, Жексенбай кедей болуы керек еді. Бұрынғының сөзі тегін емес екен. Бата алған, дуа дарыған, ырыс-несібесі тасыған Жексенбай шаңырағының бүгінгі тұрмысы – осыған дәлел.

Аталған ат иелерінің бәрі де атқа құмар кісілер. Олардың бәрінің бір аттық шамасы бар. Ақша-пұлынан қашпай, ат алуға шамасы келетін адамдар. Көкпарға жарайтын ат машинамен шамалас, кейде одан да артық тұратынын теңеу үшін айта кеткен орынды. Ағайыннан Мыңбосын дегенде бір Торы ат болды. Тойларда ірі салым салатын алдыңғы қатарлы ат еді. Арыс жақтан әкелінген Құлшығаштың Кер аты деген де аттың аты шықты. Егесі – Кәрім ақсақал жануарды баласындай күтті. Бұл аттарды қалың атқа қарай айдағанда, қамшыны керек қылмай, өздерінше қалыңға барғаны барған – бұл екеуі сондай ат еді.

Жексенбайда небір шабыстар болған. Кейін өзгелердің де, көзбен көргендердің де айтқан пікірлерін келтіреміз. Өзімсініп мен айтып, бетке мақтағандай ерсі болып отырса да – қырық жылға жақын көкпар шапқан уақытта салым салмайтын күні болмайтыны шындық. Тойдан құр қалмаған. Талай рет ірі көкпар тойдың ақырын салған. Ақыры деген – соңғы салым, басқа салымдардан ірі болатыны мәлім. Кешке шалдар ет жеп, сорпа ішіп, ыстық шайға терлеп, күндіз көргенін, білгенін айтып отыратын:

– Бұл да бір ау да! – (аңшылық, аң аулау мағынасында, жолы болды, сәтін салды деген мағынада)-деп «ау, ау» десіп отырғанда Жексенбай:

– Мен үш-төрт салым саламын, күніге менікі ау бола бере ме?-деп қалатын. Шалдар үндемей қалушы еді. Ерсі көреді екен ғой, жігіттің бағасын өзі айтпайды – ел айтады. Бақ та ауыспалы. Жастық та өтпелі. Оны шалдар айтпай, үндемей қалатын, дүниенің тұтқасы қолымда деп ойлап тұрған, шыр айналдырсам да өз еркімде деп кеудесі көріктей көтеріліп тұрған жігіттің көңілін баспайық деп үндемей қалатын.

Жексенбайдың тағы бір қасиеті – көкпарда шапқанда серкенің ауыр-жеңілдігі оған бірдей еді. Шабандоздар шап беріп бір-екі ұстап:

– Ауыр! Ауыр!-деп қалатын. Сонда:

– Ай, бұл ешкінің баласы ма? Ешкінің баласы болса, ауыр болушы ма еді дейтін еді. (Серке кемінде елу килә келеді). Ең ауыр серкені – Олжабек деген Айғұлының Көк, Сары, Торы аттарымен көтеріп еді. Олжабек – тұрмысы жақсы, Жексенбаймен құрдас, көңілі саз. Қызылқұмның қай жерінде той болса, сол жерінде кездесетін сыйластар еді. Егесі кетті, аты да кетті…

 Бұрынғының адамы

 Біздер көрмегенбіз. Адамдар әлі сөз қылып отырады. Кеңес үкіметінен бұрын ба, кейін бе, қазіргі Тимириязев кеңшарының төңірегінде гүжбан, ірі көкпар той болыпты. Оразкелдінің бір кісісі – Тастанбек Бәткей шығар – той берген екен. Самарқан жақтан Сарымсақ деген шабандоз келіпті. (Айта кеткен орынды, ия, жаңағы тойдың бәйгесінің «шығарып салмай» қылған шартағының орны аталған кеңшар көпірінің күнбатыс жағында, жол жағасында әлі бар). Қазақ, өзбек бас қосқан зор жиын болыпты. Бозатпен көкпарды басып тұрған Сарымсаққа қазақ болған жер:

– Қау бол! Қау бол!-деп жабыла қамалап жібермеген екен. Сонда Сарымсақ деген кісі:

– Қау болмасаң, тау бол!-деп, Бозатын ұрып, қалыңды бұзып, жеке барып, салым салған екен. Бозаттың сонда отызға келген шағы екен. Аттың да, шабандоздың да бір-бірін құп танып, табысқан тұсы осындай болды.

 Бесік сыры

 Жексенбайдың әкесінің құрдасы Өтеген деген кісі ырым қылып, балсының атын «Сарымсақтай палуан болсын» деп, Сарымсақ қойған. Одан бір жыл кейін дүниеге Жексенбай келген. Сонда бөпені бөлейтін бесік таппай, кішкентай Сарымсақтың бесігіне бөлеген екен.

Кішкентай Сарымсақ өсіп, денесі ірі, салмағы жүз киләдан ары жігіт болды – шабандоз болмады, шопыр болды. Кешегі Жексенбай ат шауып жүрген уақытта аты мен өзін көлікпен тойға апарып жүретін. Көкпар тойдың кешінде, үйдегі әңгімеде:

– Жақын, сен менің арқамда шабондаз болғансың. Атам менің атымды Сарымсақ деп, палуан болсын деп ырымдағанда, бесігіме сені бөлеп қойып, палуандығым бесігіммен саған ауып кетті, — деп, Жексенбайға тиісіп, шалдардың отырысын әзілменен қыздырушы еді.

Бұрынғылар «ниет-қалыс» деген ғой. Мәселе, ниетте екен.

 Ауызға түкіру

 Бұрын той тойлағанда машина сирек, он-он бес аттылы бес-алты күн қона жүріп, той болатын жаққа қарай тарта беруші еді.

Өзбекстанда той тойлап жүріп, қонақта бір өзбектің үйінде болғаны бар. Азанда меймандардың бәрі, шалдар бастап көкпарға аттанып, шығып кетті. Артында көкпар киімін киюге екі адам қалды – Құйысқансыз Тәжібай дейтін кісінің баласы Әлиайдар мен Жексенбай қалады. Екеуі киініп шалдардың соңынан шығып, атқа мінген уақыттарында:

– Палуандар, мына баланың аузына түкіріп жіберіңіздер, — деп, төрт жасар баласын жетелеп, жатқан үйдің егесі келді. Бұлар отағасының көңіліне қарап, ат үстінен қисайып екеуі де түкірді.

Көкпарды шауып, сол күні кешке қонықта бір үйде болды. Кешке дейін екеуі баланың аузына түкіргенін әңгіме қылумен болды:

– Өзімізден туған бала шауыпты да, біздің түкіргеніміз қап па? — деп күндікке бір-біріне күлумен жүрді. Кешке отырған жерде шалдарға сол болған әңгіме айтылды. Сонда шалдар:

– Ниет қалыс деген, балдар. Сендерден туған бала шаппауы мүмкін. Ал түпірген балдардың шабуы бек мүмкін,-деді. Бұлар:

– Ойпырмай, қайда онда?! — деп, бір-біріне қарап күлді де қойды.

Кейін ол бала ат шапты ма, шаппады ма, беймәлім, қайтіп ат ізі салынбады, жол түспеді. Осындай ырым болғаны анық. Ол және жалғыз қазақ ырымы емес. Қыздырманың қызыл тіліне еріп «әкесі аузына түікіткен бала пәлен болды, түлен болды» деп тағы өтірікші бола алмаймын.

 Көзкөргендер

 Атыңнан айналайын, ата ұлдары! Қазақы шабандоздарым. Барыңа бақуаттылық тілейміз, жоғыңнан жатқан жерлеріңіз жайлы болсын!

Біротола – мүлдем араласып кетпесе де, тарамыстай тартылып, жастай жетіліп, ерте ер жеткен Жексенбай мырза талай шабандоздардың ат шапқанын өз көзіменен көрді, тізгін ұстасып, ат ерттесіп, қасына ерді. Бұғышы Әбдірайім, Айғұлы Жұмаділдә, Көбек Өсербай, Бәткей Дәуіт, Көбік Дүйсебай, Алғи Әбу, Бәкір, Есенбек, Қалдан, Көбек Төлеген, Қаракөсе Күнту, Сәпи, Айғұлы Әсен, Бәткей Тәжібай, Есхан, Бұғышы Барат – бұлардың бәрі көкпарды қазір қойды. Бірқатары дүниеден өтіп те кетті. Біразының балалары шабады. «Әке көрген оқ жонар» деген.

Нұрек деген жердің өзбегі Арыслан – атырабына аңыз болған, ілгеріде шет мемлекеттерге барып та көкпар шапқан палуан еді. Жексенбай жақында естіді – жасы жүзге жақындаған ол кісі Тәшен маңында әлі бақуат жасап жатқан көрінеді – сәлем беріп қайтпақ ойда. Айтылған кісілермен уақытысында қарысып қатар шапқан Құлшығаш Саттар, Мыңбосын – алға бастар жол нұсқаушы өз ағалары. Осындай диымның (күшімнің деген мағынада) барында қалаған атымды шауып қалайын, Саттар, Мыңбосын құсап қартайғанда менің ешкімге керегім болмайды,-деп, әкесіне жауап берген тұсындағы аузына ілінген өз ағалары. Заманында серке санды ат мініп, алдына лақ өңгеріп, азды көпке теңгеріп, аты барда жер көріп, қазақы қайрат қанына жел беріп – көшкен елдей, соққан желдей өтіп кеткен, қазір аты аталмаса, ертең аталар азаматтар қанша!

erimbetov-miltikbayМылтықбай Ерімбетов

ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.