Мұратқан МҰҚАНҰЛЫ. Қубастан күй төгілткен

6993

Өз басым ән салып, домбыра шерте алмасам да, ән салып, домбыра шерткен өнерлi жандарға өлердей ғашықпын. Сондықтан болар, тілшiлiк жұмыспен 6-дивизия Бәйтiк мал фермасының ұлттық егiншiлiк алқабына барағанымда, сол жердегi тұрғындардан, осында сегiз қырлы бiр сырлы азаматымыз бар, сұқбат алуыңызға болады деген соң, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп ел аузындағы жігіттің отбасына ат басын әдейлеп бұрдым.

Он саусағынан өнер тамған, ағаштан емес, сүйектен түйiн түйетiн өнерiмен ел алқауын алып жүрген азаматымыздың бiрi — Болатхан Нұғыбайұлы бiз келгенде жаңадан жасап болған бiр домбырасының iшегiн тағып, құлағын бұрап жатыр екен. 30 жастан ендi ғана асқан, қара торы жүзiнен қажырлықтың, қарапайымдылықтың нышаны көрiнедi. Дастарқанында әңгiме тиегiн ағыта отырып, аттың қу бас сүйегiнен домбыра шанағын жасауды қалай ойға алғанын сұрағанымда ол тереңнен тыныс алып, әңгімесiн былай бастады:

«13 жас кезiм болатын, бiр күнi әкемiз таңертеңгі асын ішкен соң жұмыс бабымен атын мiнiп, отбасымыздан аттанып кеттi. Бiрер сағатқа жетпей сумаңдап суық хабар да жеттi. Әкемiздi ат сүйретiп қайтыс болыпты. Болжаусыз қаза жас жанымызға оңай тимедi. Әке асқар тау дегендей алдымыздағы асқар тауымыз аударылып, кешегi бақытты отбасымыз қайғының қара теңiзiне бата бердi. Десе де, тiрi адамға тiршiлiк керек екен. Алдымыздағы асқар тауымыздан айырылсақ та, айдын көл – анамыз бар ғой әйтеу, шешемiз ауырушаң болса да, жетiмектерiне иiлiп төсек, жайылып жастық, әке орнына – әке, шеше орнына – шеше бола жүрiп, әкемiздiң жоқтығын сездiрмеуге тырысып, бәрiмiздi осы күнге жеткiздi. Бiздiң сол кездегi көрген қиыншылықтарымыз айтып тауысқысыз ғой» – деп, тереңнен бiр тыныс алып шешесiне қарап қойды. Бiзге бағанадан ақ құйрық шайын дәмдеп құйып отырған Болатқанның шешесi Әмилә апайымызға қарасам, көзiнен аққан тарам жастарын, ақ шылауышының шетiмен сүртiп, кемсеңдеп отыр екен. Мен домбыраның жайын сұрайын деп отырып, осы бiр отбасының сонау жылдардағы қайғылы сәттерiн қайта елестетiп алғаныма қысылып, көңiлсiз жағдайды өзгерту үшін, «Жә, Болатхан домбыраңның шанағын аттың бас сүйегiнен жасау ойыңды жалғастыршы», — дедiм.

Болатхан қайта сөз кезегiн алып: «Бұл әңгіменi айтып отырғаным: әкемiздiң асына сойған күрең қасқаның бас сүйегiн үйдің шығыс жағындағы үлкен ағашқа iлiп қойдық, жыл өте бас сүйек те әбден қуарып, алыстан ағарып көрiнетiн. Бас сүйектi көргенде қайран әкемдi әр кез есiме алып жүретiнмiн. Бiр күнi отбасымыздағы қара домбыраны сипалап отырып, домбыраның шанағын әлгi ілулі тұрған басқа ұқсатып қалдым. Әрi сол кезде осы домбыраның шанағын аттың бас сүйегiнен ойып жасауға болмас па деген ой пайда болды. Бiрақ ол кезде әрi жас, әрi ойлаған ойды билеген тұрмыс белгiлейтiн заман болғандықтан, бұл ойымды сол кезде ешкiмге айтпадым, әрi қол салып iстемедiм де. Сонымен, арада аттай желiп он неше жыл өте шықты. Жақынғы бiр неше жылдан берi ауданымызда, тiптi, мемлекетiмiз бойынша, заттық мәдени мұраларды жинау, қорғау дейтiн жақсы-жақсы саясаттарды, гәзет-журнал, радио-теледидардан көрiп бiлгеннен кейiн, өзімнің жас кезiмдегi әлгi ойларымды неге керекке жаратпаймын дейтiн ой келдi. Сонымен 2007-жылы қыста қыстағымыздағы соғымға сойған аттың бас сүйегiнен бiрнешеуiн жинап, домбыра жасауға кiрiстiм, бұрын да аздап қолөнерiм болса да, домбыра жасап көрмеген едiм. Ойлағанда оңай болғанымен, қиындығын iс жүзінде бiледi екенсiң. Ақыры, бiр ток бұрғы, егеу, қашау дегендей қажеттi саймандарды сатып алып, жұмысымды бастап кеттiм. Қолым босай қалған әредiк уақыттарымды осы жұмысқа арнап жүрiп, жарым жылға таяу уақытта бiр домбыра жасап шықтым. Алғаш жасаған домбырамда кемшiлiктер көбiрек болды. Бұл домбырамды ауданымыздағы домбыра жасаудан хабары бар өнер иелерiне көрсетiп, кемшiлiктерiн тәптiштеп сұрастыра бастадым. Бiткен iсте мiн көп дегендей, бiреуi ол жерiн, бiреуi бұл жерiн айтып, ақыры артықшылықтары мен кемшiлктерiн салыстыра отырып, екiншi домбыраны зер сала қайта жасадым. Бұл домбыра бiтiп шыққанда өзiмнiң де көңiлiмнен өттi, әрi көргендер де жақсы бағасын берiп, мақтауларын жаудырып жатты»- дейдi өткен-кеткендi әңгiмелеп отырып.

W020110218622556138647Я, қазақ дауға шапса да, жауға шапса да мiнетiн қос қанаты, атының қу басына бүгiн мiне Болатхандай өнерлi азаматымыз тiл бiтiрiп, күмбiрлетiп көмейiнен күй төгiлдiрiп отырмай ма. Бұл домбыраның ерекшелiгiн таныстырғанда Болатхан былай дейдi:
— Бұл домбыра үш iшектi және екi iшектi екi түрлi. Бұның ерекшелiгi оңқай адам шертсе де, солақай адам шертсе де, теңшеп жатудың қажетi жоқ, шерте бередi. Бұл домбыраны төрiңiздiң алдына терiс қаратып iлiп қойсаңыз, сәндiк бұйым аттың басына ұқсап тұрады, ал оң бетiн қаратып iлiп қойсаңыз, қазақтың қара домбрасы.
Рас-ау, орда бұзар 30 жасындағы Болатханның жасаған сүйек домбырасы көрген адамды қызықтырмай қоймайды. Болатханды мақаламыздың басында сегiз қырлы, бiр сырлы деп таныстырып өттiк, онда Болатханның ендi бiр қырынан да сыр шерте кетейiк. Болатхан мықты ақын, жез таңдай әншi болмаса да, ауыл арасында таралып жүрген, сөзi мен әуенiн өзi жазған «Әке толғауы», ‹Қолаң шаш» сынды ән, толғаулардың авторы.
Дастарқан басында менiң қолқалауыммен «Әке толғауы» деген толғауын орындады.

Күйбiңмен ерте аттандың,
Соңыңнан қарап шаттандым.
Қайғыға лезде қалтырдың,
Ажалдың басып қақпанын.

Еңiреп, iздеп барғанда,
Байланған қолдағы атты алдым.
Әкелеп зарлап жатсам да,
Бiр ауыз тiл қатпадың.

Қайырмасы:
Арманда кеттiң әкежан… – деп шырқаған күйiнiшке толы, зарлы дауыс, қабырғамды қайстырып, кеңсiрiгiмдi ашытып жбердi.

 

Мақаламыздың соңын, Болатханның өнердегi досы Әлақ Молдаханұлының Болатханға арнаған екi шумақ өлеңiмен аяқтауды жөн көрдiк:
Қу бастан жасап домбыра,
Жинадың көпке мол мұра.
Жиырма жыл ойлап ақыры,
Табысқа жеттiң болдыра.

Үстем болсын өнерiң,
Үлкейсiн жұмыс көлемiң.
Үйрене берсең шеберiм,
Халыққа болар керегiң.

Мұратқан МҰҚАНҰЛЫ
http://slawyan.kazakcnr.com

1 comment

Добавить комментарий для Kasqa Отменить ответ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!