Виктор Зайберт: Жылқыны ең алғаш қолға үйреткен – ботайлықтар

20865

Жиырмасыншы ғасырдың таңғажайып жаңалығына айналған, әлемдегі ең танымал археологиялық ескерткіштердің бірін ашқан отандасымыз, тарих ғылымының докторы, профессор Виктор Зайберт.

Ғалымның ашқан басты жаңалығы – Ботай мәдениеті.

Осынау жазық далада энеолит дәуірінде ботайлықтар жер шарында бірінші болып жылқыны қолға үйретті және адамдар алғаш рет қымыздың дәмін татып көрді. Ботайдың археологиялық ескерткіші 1980 жылы ашылды. Әлемдік ғылыми қауымдастыққа танымал, өз ісіне шексіз берілген ғалым Виктор Федорович Зайбертпен Өскеменге келген сапарында әңгімелесудің сәті түскен еді.

«Музыканы тастап, тарихты таңдадым»

– Археология саласын таңдауға не түрткі болды? Осы мамандықты бала кезден армандадыңыз ба?

– Ғылым жолы – менің тағдырым әрі бақытым. Мен неміспін, қазақ халқының ұлымын. Ата-анам сол кездегі көптеген неміс ұлтының өкілдерімен бірге Қазақстанға Поволжьеден жер аударылып келген еді. Мен Есілде дүниеге келдім.

Музыканттар отбасында өскендіктен, өзім де бірнеше музыкалық аспапта ойнадым. Тіпті көркемөнерпаздар ансамблін басқардым. Музыкалық училищеге мені емтихансыз қабылдады. Мектеп қабырғасында жүргенде әдебиетті сүйіп оқитынмын. Ұстаздарым «сенен мықты әдебиетші шығады» дейтін. Көркем әдебиетті көп оқыдым. Ұлы тұлғалардың өмірі мен суретшілер жайлы кітаптар қызықтыратын. Бірақ түбінде тарихқа деген қызығушылығым жеңіп шықты. Бала кезімде маған бәрі қызық болатын. Тал-тоғайдың арасында жүріп тас теруді, ескі заттар жинауды ұнататынмын. Үнемі тесіліп қала беретін қалтамды анам тігіп беретін. Археологияға деген сүйіспеншілігім осы кезден басталса керек.

Еңбек жолым осы Ботай қонысынан басталды. Қырық жылдан бері ландшафт төңірегінің қалай түрленіп жатқандығын бақылап келеміз. Ең алғаш осы жерге келгенде маңайдың шаңы шығып жататын. Бұл әрине, жерді ұқыпсыз пайдалудың салдары. Бұл жерде трактор мен комбайн да жүрген, мал жайылған. Сондықтан мұның бәріне тыйым салдық. Әр жерде мал сүйегі шашылып жатқандықтан, жергілікті халық бұл жерді мал қорымы деп ойлаған екен. Қазір қарасаңыз көз қуантады. Ағаштар жайқалып тұр. Бұл табиғат-ананың тартуы. Табиғатқа да, тарихи ескерткіштерге де құрметпен қарауымыз керек. Жер – біздің ортақ үйіміз. Немқұрайдылықты жер-ана кешірмейді.

Қазба жұмыстарының алғашқы күні-ақ 60 мың артефакт табылды. Екі-үш ай бойы осы табылған олжаларды қазып алу жұмыстарын жүргіздік. Ботай мәдениетін қазақстандық археологтар ғана емес, шетелдік археологтар да қызығушылықпен зерттеді.

Жылқы – жаңа коммуникацияның бастауы

– Ботайлықтардың жылқыны қолға үйреткендігі қандай деректер арқылы дәлелденді?

– Ертеректе аңға шыққан адамдар олжамен жаяу қайтатын. Кербез де жабайы жылқылар оларға үрке қарайтын. Сол жабайы жылқыларды ең алғаш қолға үйреткен осы ботайлықтар болды. Жылқыны қолға үйрете бастаған соң, ботайлықтар теріден шалбар, етік тігуді ойлап тапты және жылқышылар қазірге дейін пайдаланып жүрген ілгек, тағы да басқа бұйымдарды жасады.

Америкалық ғалым Дэвид Энтонидің зерттеуі бойынша, сол кезде жылқының он пайызы піштіріліп, мініс көлігі ретінде қолданылған.

Кез келген археологиялық олжа жаңалық ашуы мүмкін. Қырық жылдың ішінде Ботай қонысынан 158 тұрғын үйдің қалдығы, 200 мыңнан астам жәдігер табылды. Біз осыншама уақыт бойы бір жерде ғана тұрақтаған жоқпыз, басқа нысандарда да қазба жұмыстарын жүргіздік. Қазба жұмыстары кезінде қанжар, жебе, найзаның ұштары, аң аулаумен байланысты тас тоқпақтар, тері өңдеуге арналған қырғыштар табылды. Еңбек құралдарының арасында мыстан жасалғаны кездеседі. Ине, тескіш, біздердің табылуы тері өңдеуді жақсы білгендігін дәлелдейді. Олжалар арасында діни сенімге қатысты бойтұмарлар мен әшекей бұйымдар да бар. Археологиялық материалдар топырақтан тазартылып, белгілі бір тәртіппен іріктеліп қойылады.

Ботай қонысынан табылған «үтікке» ұқсас затты кейінірек жылқы ұстайтын үндіс тайпасының мал дәрігерлері пайдаланатындығын оқып-білдім. Демек ол ветеринарлық құрал деп топшылауға болады. Қазір бұл жәдігерлер Көкшетаудағы өлкетану мұражайында сақтаулы тұр. Әлі де түсініксіз кейбір символикалық заттар шамандық салт-жораларда пайдаланылуы мүмкін. Табылған түрлі дискілердің бірі күнтізбелік кезеңнің белгісі болса, енді бірі жебені қайрауға арналған немесе мифологиялық символикалар болуы ықтимал.

Ботайдан шамамен 70 мың жылқының сүйегі табылды. Ботайлықтар қайтыс болған адамдарды ескі тұрғын жайларға жерлеп, қабырғаларға жағалата ондаған жылқының бас сүйегін қойған. Бұның барлығы жылқы шаруашылығының ботайлықтардың өмірінде ерекше маңызға ие болғанын дәлелдейді.

Бұл жұмысқа археологтармен қатар жануарлардың сүйегін зерттеумен айналысатын мамандар да тартылды. Мамандар бұл жылқылардың жабайы емес, қолға үйретілгенін анықтады. Табылған қыш құмырада жылқы мен қос дөңгелектің суреті бейнеленген. Бұл алғашқы арбалардың қолданысқа енгізілгенін көрсетеді.

Қыш құмыра түбіндегі майдың қалдығы Ұлыбританиядағы зертханаға жіберіліп, ыдыста жылқы сүті сақталғандығы анықталды. Ал жылқының бас сүйектерін зерттеу кезінде тістерінен ауыздық іздерінің анықталуы олардың көлік ретінде қолданылғанына дәлел болды. Осыдан кейін ат әбзелдерін жасайтын қолөнершілер шықты. Олардың жылқыны баптау тәжірибесі Еуразия даласына тарап, ұрпақтан-ұрпаққа жетті. Осы уақыттан бастап XIX ғасырға дейін жылқы құрлық бойынша қатынайтын негізгі көлік түріне айналды.

Ботай мәдениетінің өркендеуіне Қара теңіз маңынан шарасыздан қоныс аударып келгендер көп үлес қосты. Табиғи апат шамамен алтыншы-бесінші мыңжылдықта болған. Бұған Қара теңіз алабының қалыптасуы ықпал етсе керек. Осынау ең соңғы жойқын су тасқыны күншуақты алқапта өмір сүріп жатқан халықтың берекесін қашырды. Үлкен су Гибралтар арқылы жылжығанда халықтың бір бөлігі су астында қалды, өзгелері жазық далаға алдын ала көшіп кетті. Бірнеше үйір жылқыны, яғни табынды көрді. Олар сиырды қалай қолға үйрету керек екендігін білді. Сондықтан жылқыны да ауыздықтап, ерттеп мінді. Дала өркениеті коммуникация түрі арқылы дамыды. Мәселен, алдымен жаяу эра, одан кейін атты-көлік эрасы, кейінірек машина дәуірі, енді міне ақпараттық дәуір. Сол кездің өзінде халық өзара байланыстың, туыстық қарым-қатынастың, рухани бірліктің арқасында ешқандай әскерсіз қонысын, үлкен аумақты қамтып жатқан жерін сақтап отырды.

Зерттеушілердің басты қателігі – өзімізді бабаларымыздан жоғары қойып, өзімізді білімдіміз, ақылдымыз, ал бізге дейінгілер қарапайым, жабайы деп санап келдік. Біз жаңа заманның адамдарымыз, бірақ аса ақылды емеспіз.

– Ботай мәдениетінде жылқының алғаш қолға үйретілгендігін тарихтан білеміз. Дегенмен, мұны теріске шығарып жүрген өзге пікірді ұстанатындар да жоқ емес. Бұған не айтасыз?

– Ғылым әлемі – ерекше әлем. Оның түрлі әдістемелері болады. Батыс ғалымдары ғана емес, ресейлік кейбір ғалымдар да отыз жылдан бері қайшы пікір айтып жүр. Бір қызығы, кеңестік дәуірде Ботай мәдениетін белсенді қолдап келгендер егемендік алғаннан бері пікірлері қайшы келіп отыр. Мүмкін бұл отансүйгіштікке негізделген табиғи үрдіс болар. Ресейдің Зауралье, Предуралье, Новосібір өңірінде Ботай нысандары өте көп. Ботай мәдениетін зерттеген Батыс, Ресей ғалымдарының, қазақстандық 20-30 ғалымнан тұратын қауымдастықтың зерттеу қорытындысына қарсы келуі үшін ғылыми нақты дәлелдері болуы керек. Мен мұндай пікірлерге көңіл аудармаймын. Өйткені «менікі дұрыс, сенікі бұрыс» деп, олардың әрқайсысына жауап беріп отырғанда, одан ғылым алға жылжып кетпейді. Археология – бұл ұжымдық жұмыс. Мен зерттеу жұмысында үйлесімдік болғанын қалаймын. Ғылым жалғыз адамға тиесілі емес, ол бүкіл елге, қоғамға тиесілі.

Ботай қонысының жабын құрылысы қазірге дейін Грузияда, Солтүстік-батыс Қытайда, Памирде, Алтайда, Украинада қолданылып жүр. Ботай қонысының үлгісінде жасалған үй 16 жыл бойы тұрды. Қыста іші бөлме температурасы сияқты жылы. Өйткені қарағай мен балшық жылуды ұстап тұрды. Жауын-шашынның астында тұрса да ештеңе болмады. Жуықта Ботай қонысы жайлы канадалық танымал телекомпания түсірген «Equus» деректі фильмі жарыққа шықты. Осы мақсатта Ботай қонысына Канада, Дания, Ұлыбритания, Франциядан тарихшылар мен археологтар, генетиктер мен антропологтар арнайы келді.

– Шығысқа сапарыңыз жайлы бірер сөз.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында еліміздің киелі жерлерін дәріптеуге айрықша көңіл бөлді. Жастарымыз, келешек ұрпақ өзінің тарихын, салт-дәстүрін білуі, құрметтеуі тиіс. Біздің ұрпақтарымыз гүлденген өлке, дамыған елге ие болып қалудан үмітті. Енді қолға алына бастаған Ботай қонысындағы қорық-мұражай да Шығыстағы әйгілі Берел қорғандары сияқты еліміздің мақтанышына айналып, туристер тартатын бренд болатын күн алыс емес.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Aizhanat I.Айжанат Бақытқызы,

«Дидар» газеті

2 comments

Добавить комментарий для Жылқыны алғаш қолға үйреткен жер туралы кітап шықты (ФОТО) — Арғымақ Ұлттық танымдық порталы Отменить ответ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!