Қайрат Исхан: Қазақстанға атбегілер күні керек

3965

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, жылқытанушы ғалым Қайрат Исхан кезекті сұқбатында қазақ жылқытану институты, жылқы зауыты, жылқытанушы жас ғалымдар керек екенін айтты. Сонымен қатар ол еліміздің жылқы шаруашылығын, жылқытануды, атбегілікті дамыту үшін «Атбегілер күні» деген мерекелік күн белгілеу керектігін ұсынды.

– Жылқының шыққан жері саналатын елде оған арналған заманауи музей салуға не кедергі?

– Кеңестік дәуірде жылқыға арналған музей тек Мәскеуде орналасқан Тимирязов атындағы аграрлық академияда болды. 1916 жылғы Ұлт азаттық көтеріліске дейін қазақ жеріндегі 5 млн қазақта 4,5 млн жылқы болған екен. Кеңес дәуірінде ол 1,5 млн-ға дейін, ал 1998 жылдары 800 мыңға дейін азайып кеткен. Қазір статистикалық мәліметтер бойынша 2,8 млн бас жылқы бар деп есептеледі. Осыдан 3 жыл бұрын Орал қаласында жылқы музейі ашылғаны туралы бір хабар жарияланды. Алайда, оның қандай деңгейде екенінен хабарсызбын. 2018 жылдың қараша айында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы жарияланды. Сонда атқа міну мәдениеті туралы айтылды. Осы шарадан кейін жылқы шаруашылығына арналған арнайы музей құруға мүмкіндік туған еді. Әзірге оны жүзеге асыруға ешкім талпыныс танытып жатқан жоқ.

– Бірнеше жыл бұрын елімізде оншақты жылқы зауыты болған еді. Қазір олардың жай-күйі қандай?

– Рас айтасың, жылқы зауыты деген түсінік бізде 2010-2015 жылдарға дейін болды. Кейін заң талаптарының өзгеруіне байланысты олар статусын өзгертті. Мәселен 2016-2017 жылға дейін Қостанайда «Қазақ тұлпары» деген жылқы зауыты бар болатын. Кейінгі кездері оның да жай-күйі өте нашар деп айтылып жүр. Жалпы жылқы зауыты деген болу керек қой. Онсыз асылдандыру жұмысы жүйелі жүрмейді. Зауыт жоқ болғандықтан қазір әркім сырттан тұқым сатып алып келіп жатыр. Барын ұқсатпаған ел сыртқа қаржы шашуға мәжбүр. Осылайша млн-даған қаржы шетке кетуде. Соның нәтижесінде бізде жылқыны дамыту, өсіру жағдайы да төмендеп кетті.

– Жылқыны зерттейтін арнайы ғылыми-зерттеу институты бар ма?

– Қазақстанда да, көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанда да жоқ. Ресейде ғана кеңестік дәуірде қалыптасқан Рязань қаласында жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бар. Бұрын Алматы және Семей зоотехникалық-малдәрiгерлiк институтында жылқы шаруашылығы кафедралары болған. Қазір ол елімізде аграрлық саладағы ешбір ЖОО-да жоқ. Тек мал шаруашылығы өнімдерінің технологиясы деген кафедра бар. Онда түлікке бөлген кезде жыл сайын 5-6 бала жылқы шаруашылығы саласында диплом қорғайды.

Алматы қаласындағы «Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі» ғылыми зерттеу институтында 2019 жылдың желтоқсанына дейін «жылқы шаруашылығы» деген бөлім жұмыс істеді. Ол жерде 1-2 ғылыми атағы бар ғалым жұмыс жасады. Сондықтан жылқы шаруашылығын дамыту үшін бізде институт тұрмақ, ғылыми бөлім де, оған қажетті мамандарды дайындайтын кафедра да қалған жоқ. 19 млн халықтың ішінде жылқы шаруашылығынан ғылыми диссертация қорғаған 35-36 ғана ғалым бар. Оның жартысы бүгінде зейнеткер. Ғылыми-зерттеу институтын немесе бөлім ашудың өзі маман тапшылығына келіп тіреледі.

Көркем әдебиеттерде айтылатын қазанат деген жылқының жеке тұқымы ма, әлде жай атау ғана ма?

– Бұл сұрақты мен де ғылыми жетекшім болған академик Игор Нечаевқа қойғанмын. Ол кісі аңыз деп жауап берді. Меніңше ауыз әдебиетінде сақталып қалған қазанат деген сөз бекерден-бекер айтылмаған. Ол заманда мұндай жылқылар тұқым деп аталмаған шығар. Жорыққа мінетін атты төзімділігіне қарай қазанат деген болар. Мысалы Қытайда табылған бір деректерде Қаракерей Қабанбай батырдың салмағы 160 кг болған деген мәлімет бар. Егер соғыста киетін сауыт-сайманы мен қаруының салмағы 20 келі дейтін болсақ, 200 кг салмақты көтеретін және ұрыста жауға шауып, найзаласатын атты көзге елестетіп көріңізші. Сол сияқты қарауыл төбедегі хабаршы мен жаушылар мінген ұшқыр аттарды арғымақ деген шығармыз. Мұндай жылқыларды үйір, табын қылып жеке өсіруіміз де әбден мүмкін. Мұның бәрін тек жан-жақты зерттеу жұмыстары арқылы табуға болатыны күмәнсіз.

– Қазақ халқында жеті жоқтың қатарында жылқыда өттің болмайтыны айтылады. Сіз жылқыда өт бар дейсіз. Оны неге сүйеніп айтып отырсыз?

– Қазақ өте ақылды, парасатты халық. Әрбір мақал-мәтелі диссертациялық жұмыстың түйіні. Өзіңіз айтып отырған жеті жоқта «жылқыда өт жоқ» дейді. Азық қабылдағанда, ауыз қимылдаған кезде қарын қимылдап, ішекке қоректік заттар барады да қалтадағы өт ішекке тамып өз қызметін жасайды. Ал, енді жылқыдағы өт көрінбейді. Бауырдың ішінде өт цистернасы деген болады. Бауырдың ішін тілсеңіз сол жерде өт жинақталатынын көресіз. Өйткені, өт болмайтын болса организмге түскен қоректік заттағы май ыдырамайды, ішек қимылға келмейді. Өттің қызметі өте көп. Бактеристік қызмет атқарып, микроорганизмді өлтіреді. Жылқыда өттің бары ғылымда ешқандай талас тудырмайды.

– «Қазақ жылқысының тарихы» деп аталатын энциклопедиялық сипаттағы кітабында тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай қазақ халқында ат ойындарының 50 шақты түрі барын, оның ішінде тек жорғаға қатысты 6-7 түрлі жарыс болғанын анықтаған. Қазір оларды қайта жаңғырту қалай жүріп жатыр?

– Ұлттық ат спорты ойындарында жорға жарысының қазір бір ғана түрі бар. Жорғалау жылқы жануарының өте ауыр жүрісі. Бұл жерде жылқы қимылынан күш өте көп жұмсалады. Сондықтан, жорға жарысының қашықтығы 5-10 шақырыммен шектеледі.

Табиғи жорғалық текпен берілетін дүние. Қазақ жорға жылқыны – қой жорға, жол жорға, төкпе жорға, ақпа жорға деп бірнеше түрге бөлген. Қазір олардың бірде бірі жорға жарысына қосылмайды. Өкінішке қарай соңғы жылдары біз жорға деп Орлов желісті жылқыларын жарысқа қосатын болдық. Ол бір қарағанда жорғаға ұқсайды. Аяғын тік салып адымдап жорғалау негізі желіс деп есептеледі. Қазір оны айыра алмайтын болдық. Жалпы жорға жарысының дамуы кенже қалып келе жатыр.

– Бәйгелер қашықтығына қатысты бізде қандай да бір стандарт бар ма?

– Аламан бәйге 25 км, топ бәйге 15 км, құнан бәйге 10 км, тай бәйге 5 км деген стандарт қалыптасқан. Былтырғы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы бәйге 140 шақырымдық болды. Оны қазанат бәйгесі, ұлы аламан бәйгесі деді. Ол ұзақ қашықтыққа болғандықтан жылқының төзімділігін анықтау үшін жасалған шығар деп есептеймін. Бабаларымыздың бәйге өткізгенде жылқыны қанша қашықтыққа жүгірткені туралы дерек жоқ. Таңертең жіберген жылқы кешке келіпті деген мәліметтер ғана кездеседі. Бұл да бір зерттеуді қажет ететін қызықты нәрсе.

– Жүлде қоры қомақты болған соң көп атбегілер жылқыға түрлі дәрі-дәрмек беріп, укол салып жүгіртіп жүр деген әңгімеге қалай қарайсыз?

– Дәрі-дәрмек беру себебі аламан бәйгеге қосылатындардың 98 пайызы таза қанды ағылшын жылқысы. Олар атқорада ұстайтын жылқы. Бүкіл қоректік затты, күш-қуатты азығынан алады. Рацион құрамын дұрыс жасағанда, ат-қорасы дұрыс жабдықталған кезде ғана олар жоғары көрсеткіш көрсетеді. Бізде ондай ат-қораның, қажетті азықтың болмауы мүмкін. Сондықтан, организміне керекті қоректік затты толтыру үшін көбінесе атбегілер дәрумендерді (витамин) көп қолданады. Ат жарысы өткен жерлерде кейде шприцтердің жататын себебі атбегілер әртүрлі витаминдерді сол арқылы жылқының ағзасына жібереді. Ал, нағыз допингтің өзі сол аттың құнынан жоғары тұрады. Оны алу да, салу да қиын. Оған ұқсас витаминдер, микроэлементтер, гемобаланс дегендер қанның құрамын текшейді. Соған байланысты кейінгі кезде осындай үрдіс пайда болды. Жылқы шауып келгеннен кейін бірден гемоглабин немесе витамин бермесе қанттың мөлшері азайып, инсулиннің көбеюі салдарынан бұлшықеттері тырысып қалады. Қан қысымы жоғарылап, мұрнынан қан кетуі мүмкін. Сондықтан оған түсіністікпен қарау керек.

– Сонда біз ұлттық спортты көтереміз деп ағылшын жылқысының да мәртебесін көтеріп жатырмыз ғой?

– Рас айтасыз. Бірақ біз енді бәйгеде қазақ жылқысын ғана жүгіртейік, тек соны көтерейік десек артқа шегінгеніміз болады. 2010 жылға дейін ағылшын жылқысының ұшқырлығын көп атбегілер түсінбей келді. Қазір барлық аймақта да оны біле бастады. Ұтылатынымыз – бәйгеге қосып кейде оны өлтіріп алып жатырмыз. Ұтатынымыз – бәйгеден келген жылқыларды ары қарай асылдандырып, тұқым алып қалатынымыз. Сондықтан бізде арнайы жылқы зауыттары болу керек деген ойымды тағы қайталаймын.

– Түркіменбашының Жарлығымен 1992 жылдан бастап жыл сайын сәуірдің соңғы жексенбісінде түркімен жүйрік аттарының күні белгіленген. Бізде де жылқы шаруашылығын дамыту үшін осындай бір күнді арнау керек шығар?

– Керек, әрине. Атбегілер күні немесе ат міну күні деп атауға болады. Ол қажеттілікке байланысты.

Осы арада бір нәрсені айта кеткім кеп тұр. Сіз сөз етіп отырған ақалтеке жылқы тұқымының аталық іздері, тектік қоры (генофоны) бізде әлі күнге дейін қалып қойған. Оны біз әрдайым мақтанышпен айтуымыз керек. Кейде тұқым алмасу үшін түрікменбашының өзі біздің ақалтеке өсіретін жылқы шаруашылықтарына өтініш береді. ТМД-дағы ақалтеке жылқы тұқымының тіркеуін өткізетін бүкілресейлік жылқы шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының Татьяна Рябова деген үлкен ғалымы бар. Қазақстанда ақалтеке тұқымын селекциялап, дамытып жатқан Әлия Махметова деген қазақ қызы бар. Ол кісі жылына бір рет елімізге келіп, ақалтеке тұқымын зерттеп, дамытып жүр. Біз осы бар дүниені ары қарай дамыта түсуіміз керек.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік Ержанұлы,

«Заң газеті»

Түпнұсқадағы тақырып сұқбат берушінің келісімімен өзгертілді

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.