Мұнайдар БАЛМОЛДА. Сақтар мінген арғымақтар
Ақ тұлпар
Бойымда буырқанған күшім ерен,
Мен асаумын арқырап кісінеген.
Көзім тұнық, көрікті ой, рухым дала,
Ішім өлең!
Атылғанда тұяғым ай жаныған,
Мен тұлпармын алмаңыз қай жағынан.
Құйын-перен зауласам жұлдыз дерсің,
Түсі берен!
Сауырымды қамшы емес, қылыш тілген,
Батырлармен қан-қасап ұрыс кірген.
Мен қазанат қамалды қопаратын,
Құрыш денем!
Қас дүл-дүлмін жарысқан дыбыспенен,
Жүйткісем желді қанат, туыс көрем!
Мен сияқты даланы сүйген ерге,
Рух берем!
Мен пырақпын, жеті қат көктен өткен,
Жаһанды жақсылықпен көктем еткен.
Адамзатты жерім жоқ әлі күнге,
Өкпелеткен.
Құйрық-жалым байрақтай желбіреген,
Үстімде ерлер туып, ел түнеген.
Жер апшысын қуырып, қара аспанды,
Серпіген ем!
Мен жылқымын, кіретін түсіне жер,
Ақынға от беретін, күйшіге шер.
Мен Қазақтың қаны мен мінезімін,
Арғы жағын айтпай-ақ,
Түсіне бер!
Жылқының кісінегені
Түркі жұрт түсінер мені,
Жаһанда жоқ теңі.
Ең сұлу саз –
Жылқының кісінегені.
Үйіріп әкетер сені,
Тұяғы от, көзінде шері.
Түсірер есіңе нені,
Жылқының кісінегені.
Аспанның күркірегені,
Тас бұлтты сілкілегені.
Жасынның тілгілегені,
Бұршақтың дүркірегені.
Жүректің дүрсілдегені,
Сезімнің сіркірегені.
Көңілдің көркі, кемелі,
Өмірдің өрті, өлеңі.
Рухтың көк тірегені,
Мен үшін –
Жылқының кісінегені!
Беу,
Байтақ дала!..
Тұлпарлардың тұяғы үшін жаралған.
Алабыңда жатыр бөгіп сан арман.
Жазығыңа жан бітірер жалғанда,
Дүлдүлдерің қайда сенің,
Жоғалған…
Төсің, көшің тоналған…
Айқасқалар, Керқұлалар, Ақбоздар,
Шабысымен делебемді дөп қозғар.
Қайдасыңдар, қай жаққа ауып кеттіңдер,
Жалыңа әлде жармасты ма жат қолдар?
Құйрық-жалы сүмбіл шаштай төгілген,
Заулағанда жер көбесі сөгілген.
Сом тұяқты тұлпарлары Қазақтың,
Бағы еді, маңдайына көрінген.
Тәңірінен еншісіне бөлінген.
Жауға салса жүректі еді батырдай,
Ағатұғын атқан жебе, жасындай.
Ен далама құлағымды түремін,
Өлі дүние, не боп кетті, О, Құдай?..
Зарлың бар ма Ақындай…
Қыл құйрықтар, дүбіріңді аңсадым,
Алтын жалдар, елесіңді тамсадым.
Құлагерлер құрып кетті деймісің,
Туар әлі-ақ Тайбуырылға тартарым.
Шалқұйрық пен Байшұбарлар бар сірә,
Көкбоз, Тарлан, Сандалкөктер сау шығар.
Қарақасқа, Қырат, Ақтабандардан,
Тұқым қане, о, атбегі, малшылар?..
Тұлпарлар-ай,
Жаны едің ұлтымның,
Қаны едің, сәні едің шырқымның.
Иеңе ұқсап қуғын-сүргін кештіңдер,
Құрбаны боп арам қатқыр құлқынның.
Отаршыладар саясаты, сұм күннің…
Серігі едің сертке берік батырдың,
Көркі едің “жеті қазына”, асылдың.
Жала жауып, атамды атқан кәпірдің,
Қолыменен сен де кеше атылдың,
Үйір-үйір тұяқтарың топырлап,
Құзға құлап, қу сүйек боп шашылдың.
Тілді үйірер шұжық болып Мәскеудің,
Дүкенінде бөлшек-бөлшек жатырсың.
Күдері бел, күпшек санды күйретіп,
Қан майданда зеңбіректі сүйретіп,
Сала сүйек, шақпақ етті бойыңды,
Көлік өтпес ми батпаққа батырдың.
Күлте құйрық, құлан жалың жалбырап,
Сапты аяқтай еріндерің салбырап,
Еттен артсаң және шетке сатылдың…
Тақымынан көріп қалсам жат ұлдың,
Қаным қайнап, бармақ шайнап,
Аһ ұрдым!..
Ей, мұз жүрек,
Алдама да арбама,
Керек емес, “таза қанды асылың,”
Ақылтеке, ағылшындық жасығың.
Алаңқайда озғанымен аулақта,
Шаба алмайтын пәлен бай мың шақырым.
Оған кеткен ақы – құм…
Мен мұқтажбын, яки зәру бұл қазақ,
Мінген кезде толтыратын тақымын,
Түгіне де татымайтын бар сының,
Қамшыламай, қағып қалсаң ақырын,
Көрсететін шын жүйріктің қарқынын.
Азаматты даңқа бөлеп ұрыста,
Ойнататын найзағайдың жарқылын.
Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғындай,
Мініп өткен қас батырлар, нар ұлың!
Бүгін соның бәрі аңыз, бәрі мұң…
Мерседеске бұт артқанға масайрап,
Ал сен болсаң итке ұқсап сарыдың…
Қазақ болмай, мазақ болған “алыбым”…
Кеудесіне нан пісірген қалыбым.
Қайдасыңдар,
Ұлы Дала тұлпары,
Тұяқтының сұңқары?
Мен жоқтаймын сендерді,
Неғылайын сендерсіз бұл кең жерді…
Жалбарынам,
Жаппар Ием, мың мәрте,
Ұяттымын, ем берші…
Тұяқтыма дем берші…
Ел қорғаны – Ер шерлі…
Жалпақ дала, жер шерлі…
Қайдасыңдар,
Отты шырақ, ұшқан пырақ, тұяқтым,
Омыраулым, жойқын Жайық сияқтым.
Ойық желке, құлжа мойын, құс топшым,
Бөкен қабақ, қос құлағы қияқтым,
Қайдасыңдар?..
Қанаттыны қаққаным,
Жұлдыздайын аққаным.
Сүмбідей болып жараған,
Фәнидегі мақтаным.
Қайдасыңдар, қайдасың?..
О, сүйінші, сүйінші!
Алла жар боп,
Бізді аруақ жебеді.
Көз салыңдар,
Әне, шауып келеді.
Қырдан асып,
Өр Қазақтың шын жаны!
Қаны да бір туғаны!
Белін бекем буғаны!
Тұлпарлардың тұлпары!
Жер апшысын қуырып,
Қынабынан алғандайын суырып,
Шарт түйілген жал-құйрығы қылыштай,
Тас тураған тұяқтары құрыштай,
Оқтан бұрын естілетін дыбыстай,
Жер мен Көкті алып кеткен дүбірді ұқ!
Бұл Азаттық,
Бұл Қазақтық – Ұлы Рух!
Ұлы Рух! Ұлы Рух! Ұлы Рух!!!
Сақтар мінген арғымақтар
Арғымақ деп сақтар мінген арғымақты айт, нағыз шын,
Ортасында ойнақ салған айқай сүргін, шабыстың.
Иесіне даңқ әкелген қан майданды қақ жарып,
Тұяғымен тасты үгітіп, дүбірлетіп дала үстін.
Сақтар мінген арғымақтар жау қолына түспеген,
Түскен күнде мініс бермей тулап, теуіп, тістеген.
Есті жануарды Ескендірдің «шаш ал десе, бас алар»,
Қалың қолы ала алмаған күшпенен.
Арғымақ деп арғымақты айт, сақтар мінген бір уақтар,
Ондай асыл жануарды бұл күндері кім баптар?
Ұлы дала ұйып жатыр, дүбірі жоқ тұяқтың,
Төсін сызып домалайды қаңғырған қу қаңбақтар.
Сары далада сақтар мінген арғымақтан жоқ тұқым,
Арғымақсыз көлік мінген көріп жатыр көп күнін.
Көшедегі қақ суынан қанып алған мәстек ат,
Аунап керім көтереді қара жердің көк күлін.
Арғымақсыз мандымаспыз сақтан қалған тұяқ боп,
Жаңғырыққан заманымда жамандатқыр ұят көп.
Сақтар мінген арғымақтар – қиялымның қиясының қыраны,
Ой-арманның асқарында алаулаған сияқты от!..
1993 жыл.