Таңсәріде жылқы жиған бір бақыт

bie-zhinau

(Әңгіме)

Зер салып қараған жанға жыланқияқтың көк гүлінің өңі шырамытатындай болып, таң алагеуімдеп атып келеді. Көбінесе төрт тағандап ұйықтайтын айғырлар ерке самалға елітіп, керіліп-созылып бойын жазып, көңілді есінейді. Мұнан соң айналасын алаңсыз шолып, үйірін түгендеп, тай-құлындардың аман-есен қонғанына көз жеткізген соң, екі артқы аяғын артқа қарай созып жіберіп, көбік шашырата зәрін жібереді-ау келіп. Айғырдың қозғалғанын көрген үйірдің басқа мүшелері де аман қонғандарынан хабар бергендей анан-мұнан оқыранады. Таңғы тәтті ұйқының құшағында жатқан құлын-жабағылар жылы орындарын суытқысы келмесе де таң шапағына тағзым еткендей бастарын көтерді.

Үлкенді, кішілі жылқылардың көлеміне қарай түнеген орнының шөбі жапырылып, жатқан табы айқындалып, таңғы шықтың сопақша меруерт тамшылары жалт-жұлт етеді. Қасқыр, құны тәрізді құлынның жауы шабуылдамаған осындай жайма шуақ түндер ұлы жонға келіп те, кетіп те жатты.

Орнынан әрең тұрған саяқтар созыла сілкінеді. Шығыс аспан жиегінің бұлттары қызарып, кешікпей ататын таңды қарсы алып жылқышы құс құлқын сәріден қиқулап, әнге басады. Құстардың сайраған даусына елтіген жылқышы жігіт астындағы атының ауыздығымен алысып, ылпылдатып келеді. Қайыс таспамен әдіптеп, үш қырлап өрген торғын тәрізді тұзақбау құрық ұшында желбіреп, сегіз құлаш құрығын қолына қыса ұстаған мал иесі үзеңгіге аяғын нық тіреп шіреніп, аттың үстінде түргеліп келеді. Жылқышының мінген атының төрт тұяғынан көтерілген шаң-тозаң әп-сәтте тымық ауаға сіңіп, ғайып болады. Ат дүбірі, тыныш өлкені ұйқысынан оятты.

Жылқышының ысқырығымен бытырай жайылған табын анан-мұнан жиналып, шоқтай иіріліп ауылға қарай дүркіреп шұбай жөнеледі. Мал иесі жылқысын жиып келіп, жаңа ғана ауыстырып мінген атынан түсіп, айылын босатып, тізгінін ердің алдыңғы қасына іле салып, шылбырын мама ағашқа байлайды.

Мұнан соң бие байлау жұмысы басталады. Ауылдың пысықша жастары жылқы келе салысымен үйлерінен шідер, ноқта, бүкпе, жүгендерін алып биебауға қарай жүгіре басып жетеді. Бұлардың бұлайша асығыуларының да өзіндік себебі жоқ емес. Сол күнгі мініс аттарын таңдап алу үшін биебауға қарата жүгіру бір сөзбен айтқанда «жұмыс кестесіне» айналған. Ауыл азаматтарының қой жаятындары жуас аттарын ұстауға, асау үйрететіндері қолайына жағатындарын таңдап алуға осылайша улап-шулап биебау маңына топтасады. Биебаудың басындағы ырду-дырдудың өзі бір керім…

Бие, құлындардың кісінегені, үйіріне оқыранған, шұрқыраған көп жылқының дыбысы ұлы даланы ен жайлаған көшпенділердің күйін келтіріп, табиғаттың сән-салтанатын одан әрмен асыра түседі.

Таңғы асымызға арналып, жаңа алынған қаймақ қосылған шелпек пен сарымай қосылып сапырылған ақ шәй бұйырды. Үлкендер жағы ыстық шәйға бас қойғанда, балалар қымыздың қалай ашығанын көру үшін тегенедегі қымызды айшараға толтырып қылық-қылық жұтамыз. Кеше түнде өзіміз төрттен бес мыңға дейін піскен қымыздың дәмі тіл үйіреді, ішкен сайын ерініміз дуылдап, мұрынымыз шуылдайды.

Ауылда алдымен жылқы жинап келген жігіттерге ақсақалдар дән риза болатын. Кейбір көпшіл жігіттер өз жылқысымен қоса маңайлас жатқан көршілердің жылқысын немесе жасы үлкен ауыл ақсақалдарының жылқысын да қоса жиып келеді.

Біздің жайлауда мен білетін Нарынбек есімді екі адам болды. Ауылдастар екеуін шатастырып алмау үшін, оларды сыртқы келбетіне қарата «Көк Нарынбек», «Қызыл Нарынбек» дейді. Қай өлкеде болмасын адамдардың түрі мен түсіне қарата лақап есім қоятын жазылмаған дәстүр болады. «Қызыл Нарынбек» қарияның ауылы аудан орталығының алдындағы жағын мекендесе, «Көк Нарынбек» қарияның ауылы сол жылы бізбен көрші жайлады.

«Көк Нарынбек» қарияның ұлы Батыр есімді сорайған ұзын бойлы, қоңырқай реңді жігіт ағасы менің үлкен апайыма көзі түсіп жүретінін сырттай білетінмін. Батыр ағай таң атпай жылқы жиып, алыстан тасырлатып шауып келе жататын-ды. Таңғы тымық ауада шырқалған ән мен кісінеген жылқы үні құлаққа жағымды, баяу естіледі. Әндетіп келе жататын ағай, күндіз бізге бие сауысып, құлын тартып беріп, апайыммен «санамақ»* (ән салып он саусақпен сан санайтын саусақ ойынының бір түрі) ойнап жүріп үйленген еді. Олардың үйленуіне мен де мол пайда тигіздім.

Қыр өмірінің қызықты жұмыстарының бірі – мал айдау. Жер көресің, ел көресің, жоғыңды сұрастырасың дегендей… Сондай-ақ кімнің қымызы пісіпті, кімнің қызы бой жетіпті деп серілік құруды да ұмытпайсың. Қыр өмірінің әңгімесі, іздеу салу мәдениеті өз алдында бөлек әңгіме. Олар жоғалтқан малының «өң-түсі сондай, белгісі сондай» – деп анық-қанық сұрамайды. Жігіттер ел аралап үйге түскенде көбінесе оң жақ босағада отырады. Содан, «Бурыл айғырлы, жалы алынбаған қоңыр бие, ішінде жалғыз аласы бар, ақбақай кері байталды бар сегіз жылқы» – деп ерекше сипаттары мен нақты санын айтады. Әйтпесе көрдің бе?, байқадың ба?, кезіктің бе? дегендей бос сөз қоспайды. Ал отағасы немесе әйелі көрмеген болса «жоқ» – деп қысқа қайырады. Ал егер көзі шалған болса, «Айтпақшы сол жерде тұрған еді» – деп асып-сасып, лаңғадасы шықпай тұп-тура тұрған жерін межелеп айтып береді. Сөз сонымен бітеді. Жоғының дерегін естіген адамның қуанышында шек болмайды. Өзімнің жоқ қарап жүріп көптеген күлкілі жағдайға душар болғаным жайлы келесі жазбаларымда баяндайым.

Біздің жақтың тұрғындары күздің сіргежиар салқын сары қымызына сілейе тойып алып, ауыл болып жиналып саусақ ойындарын ойнаушы еді.

Ойын кезінде киіз үйдің төріне екі жақтың топ басшылары жайғасады. Одан төмендеп шаңырақты тіреген бақанның маңында қарсы жаққа қымыз құйып беретін екі жақтың қымыз құюшылары яғни сабадырлары бір-біріне қарама-қарсы қарап отырады. Осылайша жас ерекшеліктері менен бет-беделіне қарай тізіле отырып, ең соңында «сұғындырғы» (Садақ жақтауының екі ұшына сұғындыра қадаған ағаш) – деп аталатын команданың соңғы мүшелері отырады. Солайда-солай саусақ ойынын ойнай бастайды. Кезекпен саусақ ойынын ойнап, жеңілген жағының барлық мүшелері қымыз ішеді. Мен секілді жібі бостаулары бес шара қымыз ішкенен кейін жұмыршағы толып, езуінен қара су аға бастайды.

Мен білетін ең таңдаулы қымызшы, немере ағамыздың ұлы – Еркінбек еді. Сабазың он бес шара қымыз ішіп алып түк болмағандай жүруші еді. Оған елдің барлығы бас шайқап, таңқалатын. Қымызын сіңіріп іше алмай, ауыз-мұрынынан шығарып жататын біреулерді «Ақ айғыр жығылды» – деп тәлкектейді

Қымыздың қуаты асқазанды қыздырып, сонымен бірге көңіл көтеріліп, түн ортасы ауа масаңдау аттанатынбыз. Өзім тұрғылас ересек балалар түнгі байтақ даланы басына көтеріп, желді жарып жарысатынбыз.

Күндіз болымсыз шұңқырға ат аяғын тығып алып жығылуы мүмкін деп жасқаншақтап, абайлап жүрсек, түнде қымызға қанып, қайратымызға мінген соң, қорқынышты қаперге алмай шапқылаймыз. Бір-бірімізден басып озып, құйындай жүйткитін біздер үшін әлемде мұнан өткен жылдамдық жоқтай сезілетінін несін жасырамыз. Қамшының бүлдіргесін қолдың білезігінен өткізіп, аттың жалына жабысып алғанда астыңдаңы атың көкке самғағандай көсіледі. Шауып келе жатып ауық-ауық ысқырғанды да естен шығармаймыз. Себебі, ысқырғанда атымның секіретін әдеті бар. Бұл қатты шауып келе жатқанда жыра-жылға, шұңқыр кез болғанда өте қажет дүние.

Ай сәулесі төгілген түнгі байтақта құйғытып бара жатып, «Ерте кездің батырлары да жауға қарсы шабуылдағанда дәл осылай шапқылаған болар ә?!… Олай болса, біздің олардан қай жеріміз кем» – деп ұшқалақ бала мінезбен ұран салып айғайлап құйғытамыз. «Тастақ жермен шаптың», «Аттың аяғына қан түсетін болды», «Жаңа тағалаған аттың табанын түсіре жаздадың», «Айылың қолқылдап бос жүріп, өр-ылди демей шапқыладың», «Өлгің келіп жүрме сенің» – деп үлкендер жағы жастарға зекіп жатады. Үлкендердің ұрысқанын елең қылмай, атыңды шідерлеп немесе арқандап тастап, жақсылап бір дәрет сындырып алып үйге қарай алшаңдап басудың өзі рахат. Етегін көтеріп белбеуленген жұқа шапаныңды шешіп, іргесі түрілген оңжақ босағаға жұқа төсеніш төсеп, сыпырмайым желмен бірге керегенің сағағынан енген сарғайған шөптің аңқыған исімен жастық қиялымен шар-тарапты кезесің келіп. Аздан соң атам «қақырынып» дауысын кенейді. Сол кезде төсекке бұға түсесің. «Ой, балам жылқыға бар, таң атуға таяды» – деген атамның сөзі таңғы бұйрықтай естіледі.

quat-u Моңғол тілінен аударған: Қуат Уатханұлы

Автор: Сүхбаатарын Эрдэнэболд

argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>