Мәмлүктердің атбегілік өнері. Қазақ жылқысымен байланыс

5628

(Жалғасы. Басы мына жерде)

 Қолда бар алтынның қадірі жоқ деген, қазіргі кезде қазақ жылқысына қатысты кейде естіп жататын кемсітулердің орынсыз екендігі анық. Мысалы алыстан іздемей, қоңсы отырған бұрынғы Ресей патшалығының зерттеушілері қазақ жылқысына қандай баға бергеніне зер салайықшы. 1877 жылы Каспий теңізін бойлай түркімендерге қарсы әскери экспедицияға қатысқан орыс әскерінің кавалерия офицері Арнольди өзінің «В Закаспийском крае в 1877 году» деген кітабында осы жорыққа қосылған қазақ еріктілері мінген жергілікті жылқы туралы «шыдамдылық кереметі» дейді…

Американдық Мак-Гахан 1875 жылы жарық көрген «Военные действия на Оксусе и падание Хивы» деген кітабында қазақ жылқысының «шыдамдылығы шексіз» деп бағалаған.

Ресей империясының офицері П.С.Назаров өзінің «Hunted Through Central Asias» деген еңбегінде қазақ жылқысына «стелной конь» деген баға береді.

Қазақ жылқысы шыдамдылығымен ғана емес, жүйріктігімен де аты шыққан жылқы тұқымы екендігін өзгелер тамсана жазып кеткен. Қазақ даласына бауыр басып кеткен поляк ұлтшылы А.Янушкевичтің қазақ жылқысы туралы сөздері құйқаны шымырлатады.

2011 жылдың 30 сәуірінде Маңғыстау жерінде қазақ жылқысының адай түрінің 90 шақырымдық мемлекеттік сынағы өтті. Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бастамасымен өткен шара адай жылқысының ерекше жаратылған жануар екендігін көрсетті. 1948 жылы адай жылқысы тәулігіне – 298, 1958 жылы – 354 шақырымды бағындырған. 2011 жылы шілде айында Ресейде өткен 80 шақырымдық жарыста адай жылқылары командалық есепте бірінші орын алып, мақтаулы қабардин, араб, ақалтеке тұқымдарын артқа тастады. Ат жарысына қатысы барлар мақтанышпен «енді адай жылқысы халықаралық сахнаға беймәлім болмайды» десіп жатты.

Ал тарих беттерін парақтасақ, сонау 1835 жылы Бөкей ордасында ат жарысын көрген атақты В.Даль қазақ жылқысының артықшылықтарын тамсана жазған. Ол «еуропалық жарыс аттары бұл шабысқа шыдай алмайды», — дейді. Бір қызығы, ат ісін жетік білген В.Даль «жақсы қазақ арғымақтары жоғалып барады, оның себептерін айту тым ұзақ және пайдасыз», — деп жазып кеткен.

Бұл фактлерді мысалға келтіріп отырған себеп, мәмлүктер қыпшақ даласынан алдырған түркі жылқылары осындай қасиеттерімен ерекшеленгендігі сөзсіз екендігіне назар аудару.

 Ат саудасы

 Сонымен қатар, қыпшақ билеушілері өздерінің қол астындағы иеліктерінің түкпір-түкпіріне жаушылар аттандырып, жылқының ең асылын – айғыр, бие және құлын-тайын жинаған. Оның ішінде өз еркімен жүріп, асыл тұқымды жылқы туралы хабарды сүйінші ретінде жеткізетін жергілікті еріктілер де көп жұмыс атқарған. Жылқы алушы мәмлүктер жақсы жылқы тапқандары үшін оларға мол сый-сияпат көрсеткен. Мәмлүктер пәлен жерде жақсы жылқы бар деген хабар жетсе, оның иесі қанша сұраса да үстемелеп беріп, сатып алатын. Мәмлүктердің жылқы дегенде мырзалығы аңызға айналып, асыл жылқыларын сұлтан сарайының алдына апармаған бірде-бір араб тайпасы қалмайды. Ат саудасына маманданған саудагерлер Араб түбегі, Бахрейн, Йемен, батысы Мағриб елдерінен небір асыл тұқымды жылқыларды мәмлүк астанасы Каир қаласына үстіне шаң жұқтырмай жеткізген.

Оның үстіне көшпелі араб тайпалары және шаруалар (диқандар тұратын бір қыстақ бір жылқының құнын ақшалай беретін) жыл сайын салық түрінде, ал мәмлүк билігінің иерархиясындағы орындарына қарай жергілікті жерлердегі қыпшақ бектері де өз кезектерінде мәмлүк астанасына сансыз жылқы жолдайтын. Жолдаған жылқы ішінде айғыр, бие және құлын-тайы аралас келетін.

Мәмлүк билігін мойындаған бәдәуи тайпаларының басшылары мәмлүк мемлекетінен, кезінде орыс әкімшілігінен сый-сияпат алатын қазақ ру басылары секілді сый-сияпат көріп, шен-шекпен алғандарына мәз болатын. Бәдәуилерді жүгендеп ұстауда мәмлүк сұлтандары арабтардың ішінен өздері тағайындаған осы әмірлерге арқа сүйеген. Ал мәмлүктер мен бәдәуилер арасындағы бақталастық, жасырын күрес ашық конфронтацияға ұласса, сұлтандар жазалау бөлімдерін жіберіп, көтерілісшілерді аяусыз басып отырған. Ондай жағдайларда тайпа әмірлері де жазасыз қалмайтын.

Сұлтан Қалауынның баласы Мұхамед билігі кезінде оның хатшысы қызметін атқарған белгілі тарихшы әл-Умари (1301-1349 жж өмір сүрген) «Хат алмасуда қабылданған тәртіппен таныстыру» деген шығармасында мәмлүк сұлтанының көшпенді араб билеушілеріне тапсырмасының көшірмесін келтіреді. Онда:

«Араб әміріне бұйрық. …Шатырларыңды жолдың бойына тік, отты маздатып жақ, түтінің көкке көтерілсін. Өткен-кеткенді жылы қабылдап ал, қонақ алаңына түсір, оларға түйе мен жылқының жақсысын сой… Біз мінуге жарайтын жылқы, біздің қасиетті ер-тоқымымызға лайықты теңдессіз, асқан жүйріктер жөнінде ең білгірсің. Сол жүйрік аттармен бізге жақын болуың үшін, сен, туғандарың, ағайындарың, жақындарың оларды жинаңдар… Ал біздің бұйрығымызға қарсы келгендер білсін, оларды бауыздауға қылышымыз жылдам, ажал тез келеді, себебі олар өздерінің тілдерімен көрдің есігін ашады…» — делінеді.

Әрине, бәдәуи тайпаларының басшылары қыпшақ сұлтандарына жүйрік ат, асыл тұқымды бие, әдемі құлын-тай берумен олардың көңілдерін табатын.

Дейтұрғанмен мәмлүк сұлтандарының жылқыға көзқарасы субъективті еді. Мысалы, бастапқы қыпшақ сұлтандары Бейбарыс пен Қалауын түркі жылқысына, оның ішінде будандастырылған түріне ерекше мән берсе, Қалауынұлы Мұхамед сұлтан (1340 жылға дейін қысқа үзілістермен 40 жыл билік құрған) араб жылқысына ерекше құштарлығымен аты шыққан. Сұлтанның осы осал тұсын ұтымды пайдаланған кейбір араб тайпаларының көсемдері оның билігі кезінде жылқыларын астанаға жеткізіп, орасан байлық пен зор беделге қол жеткізеді. Қалауынұлы Мұхамед сұлтан араб жылқысын бас бектер мен хасакилерге (ең жақын адамдарына) сыйға тартса, басқа жылқы түрлерін қатардағы мәмлүктерге бөліп беру үшін ғана алған.

Мәмлүк астанасына әкелінген әр мәмлүк, әр кәнизәк және әр жылқы алдымен сұлтан Мұхамедтің алдына апарылатын. Сұлтан жылқы ұнаса, бірден сұраған бағасынан үстемелеп беріп, атқорасына алдыратын. Ол бірде асыл тұқамды араб биесін 10 мың динарға сатып алады (әр динарда 4,25 грамм алтын бар деп санағанда 10 мың динарда 42,5 кг таза алтын болады). Сұлтанның жылқыға деген құмарлығы шексіз еді. Тарихшылар оның бір күнде 1 млн дирхамды жылқы саудасына жұмсағанын жазады. Оның үстіне жылқы әкелгендерге қымбат мата, сол кездің сирек тауары – қант және т.б. таңсық заттарды беретін.

Тарихшы әл-Мақризи (1364-1442 жж): «Мәмлүк сұлтандары жылқының таңдаулыларын сатып алғанда оның шын құнынан артық беретін. Кей кезде олар жақсы тұлпарды басқа сый-сияпаттарды айтпағанда он есе артық бағаға алатын», — деп жазады.

Мәмлүктердің мырзалығы туралы аңыз әңгімелер тарап, жақсы жылқысы бар бәдәуилер оны міндетті түрде мәмлүктерге сатуға тырысқан. Кейбір аудандарда сатуға шығарылған жылқыны «сұлтанға арналған» деп те атаған. Мәмлүктердің де мақсаты осы болатын. Аймақтардағы жүйрік жылқыны қол астына жию, шетке кетуіне жол бермеу үшін үстемелеп қаржы беретіні сондықтан еді.

Осы Мұхамед сұлтанның қасында жауынгер сұлтан Бейбарыстың өзінің жылқыға жұмсаған қаржы жағынан әлдеқайда үнемшіл еді. Бейбарыс жылына жылқы алуға 800 мың дирхам ғана арнайтын. Алайда соған қарамастан оның жылқыларының саны басқа сұлтандармен салыстырғанда әлдеқайда көп еді. Оны біз сұлтан мен мәмлүктерінің мініс аттарына тәулігіне 15 мың дорба жем, 600 ардеп арпа (120 мың кг) бөлгендігінен көреміз. Бейбарыстың бірге өскен жолдасы Байсары бектің өзінің және қарамағындағы мәмлүктерінің мініс аттарына күніне 3000 дорба жем бөлетін.

1340 жылы Қарауынұлы Мұхамед сұлтан дүниеден өткенде оның атқораларында 4800 жылқы кісінеп тұрған еді. Оның үстіне сұлтанның 3000 түйе мен қашыры қажет жағдайда пайдалану үшін түрлі иеліктерде орналасқан болатын.

Осы сұлтанның атақты бектерінің бірі Бектемірдің жеке атқорасында асыл тұқымды 100 жылқыны 100 атбегі күтетін. Ал оның мәмлүктерінің мініс аттарымен қоса санағанда күніне 2100 дорба жем жұмсалатын.

Жылқы сатып алумен қатар мәмлүк сұлтандары үлкен шайқастар алдында араб тайпаларынан жылқы жинаған. Бірақ ол жылқылар сатып алынды ма, әлде Алла үшін шайқас деген желеумен тегін алынды ма, ол жағы белгісіз.

Khairat SakiҚайрат Сәки, argymaq.kz (Жалғасы бар)

«Мәмлүктер» кітабынан ықшамдалып алынды

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!