Шығыс Қазақстандағы жылқы шаруашылығының бүгінгі жағдайы

merei7

«Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп өскен қазақ үшін Қамбар атаның орны ерекше екені бесенеден белгілі. Қазақ бабам ежелден бойынан қасиет таныған жылқы қазақтың ұлттық сана-сезімінің, рухани болмысының, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің ажырамас бөлігі. Бір кездері сай-саласы, ой-қыры кісінеген жылқының үнінен арылмайтын қазақ елі соңғы отыз жылда осы түліктің басын біраз азайтып алғаны рас. Оған себеп те аз емес. Десек те, соңғы жылдары осы іске ден қойған шаруалар саны баршылық. Жылқының басы да көбейіп, тұқымын асылдандыру жұмыстары да жүргізіле бастады.

Төрт есеге төмендеген

Жалпы, Кеңес заманында табынды жылқы шаруашылығы жақсы дамып, жолға қойылған болатын. Ғасырлар бойғы табиғи селекцияның арқасында дене бітімі шымыр, қазақ жерінің ауа райына төзімді әрі жемшөп талғамайтын жылқы түрлері пайда болған еді.

Тарихи деректерге көз жүгіртсек, 1916 жылға дейін Қазақстанда 4 млн 640 мың жылқы болған екен. Ал қазіргі кездегі деректерге сүйенсек, Қамбар ата төлінің еліміздегі жалпы саны 1,6 млн. басты құрайтын көрінеді. Жыл сайын бұл көрсеткішке 4-5 пайыз жылқы қосылып отырады. Дүниежүзінде бұл түліктің 300-ден астам түрі болса, соның жетеуі Қазақстанда өсіріледі.

Жылқы шаруашылығын жақсы дамытып отырған өңірлердің бірі – Шығыс Қазақстан. Біздің өңір Алматы, Қостанай және Түркістан облыстарымен иық тірестіре жұмыс істеп, жақсы көрсеткішке қол жеткізгенімен, кеңестік уақытпен салыстыруға келмейді. Ол кезде Қазақстанда жылқы шаруашылығына арнап 19 асыл тұқым жылқы зауыты тұрақты түрде жұмыс істеп тұрды. Сонымен бірге жылқы еті өзге ет өнімдері ішінде үлесі 80 пайызды құраса, бие сүті сиыр сүтінен кейін екінші орында тұрды.

bez-imeni13

Он ауданда отыз шаруашылық құрылған

Дегенмен атакәсіпті жалғастырған шаруалардың қазіргі уақытта жүргізіп отырған жұмыстары да жаман емес. Соңғы он жыл көлеміндегі статистикаға сүйенсек, 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы жылқы малының жалпы саны 203,3 мың басты құраса, биылғы  бірінші қазанда бұл көрсеткіш 198,5 пайызға өсіп, өңірдегі жылқы саны 403,6 мыңға жеткен.

bez-imeni12

Аталмыш түлік түрін асылдандыру ісі де біртіндеп жолға қойылып, бүгінгі таңда облыстың 10 аудан, қаласында асыл тұқымды қазақ жабысын өсіретін 30 шаруашылық құрылған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, жылқыға жайлы тебіні баршылық өңірде түліктің бұл түрін өсіруде кенжелеп жатқан аудандар жоқ көрінеді.

– 2015 жылдан бастап жылқы малының өнімділік бағыты бойынша жұмыс істейтін республикалық палата құрылып, қазіргі кезде ол асыл тұқымды мал шаруашылықтарымен бірігіп жұмыс істеуде, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ербол Қуанышев. – Кез келген асыл тұқымды мал өсіруші шаруашылықтар асыл тұқымды ауыл шаруашылығы малдарын сатып алған жағдайда аталған республикалық палатаға мүше болуға мүшелік жарналарын төлей отырып, өз өтініштерімен оның мүшелігіне кіре алады және келешекте селекциялық және асылдандыру жұмыстарын бірлесе жүргізеді.

Бүгінгі таңда елімізде жылқы малын асылдандыруға бағытталған «Игілік» мемлекеттік бағдарламасының барын алға тартқан  басқарма басшысының орынбасары бұл бағдарлама арқылы жеке және заңды тұлғалар жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыздық жеңілдетілген несие ала алатынын атап өтті. Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, сатып алынған асыл тұқымды айғырлардың әр басына 100 мың теңгеден, сондай-ақ қымыз өндіру және оның құнын арзандату мақсатында әр литріне 60 теңгеден субсидия төлеу де қарастырылған.

– Жылқы малы республикалық палатасының мәліметі бойынша, өңірімізде 2019 жылдың бірінші қаңтарында 7233 бас асыл тұқымды жылқы бар, – дейді Ербол Үйсінғалиұлы. – Бұл облыстағы жалпы жылқы санының 1,8 пайызын құрайды. Шығысқазақстандық жылқышылар мал тұқымын асылдандыру барысында отандық және көрші Ресей еліндегі асыл тұқымды мал шаруашылықтарымен байланыс орнатқан.

Лауазымды тұлғаның айтуынша, қазіргі уақытта шаруашылық жетекшілері етті бағыттағы жылқы асыруға аса мән беріп, қазақтың жабы тұқымды жылқыларын өсіруді қолға алған.

Шетелге шыққан жоқ

Жылқы шаруашылығын жолға қойған қожалықтар түліктің етінен бөлек, сүтін де өндіруге аса мән беріп отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңірдің бес ауданындағы 256 шаруашылық қымыз  өндіріп отыр.

bez-imeni

Жалпы бие саууды маусымдық жұмыс санайтын шаруашылықтар бұл істен жаз айларында көбірек пайда табуды ойлайтыны анық. Дегенмен облыстың әр өңіріндегі шаруалар «сауын саусаң бие сау, боз қырау түскенше суалмас» демекші, аумақтың жайылым жайына қарай бие байлауды 7-8 айға дейін созып жататыны тағы бар. Бұл әсіресе, қара суығы басым, қары тоқтамайтын, қысқы тебіні ұзаққа созылатын Семей, Абай, Тарбағатай өңірлерінде мүмкін. Ал таулы аймақтар қатарына жататын Күршім және Катонқарағай аудандарында бие ерте ағытылады.

Облыстық басқарманың мәліметінше, өзіндік бренд қалыптастырған өңірдің қымыз өнімдері әлі де болса шетелге шықпаған екен. Яғни, Шығыстың қымызын әзірге тек еліміздің Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының тұрғындары ғана тұтынатын көрінеді.

Жылқыны  асылдандырамын десеңіз…

Шаруашылық басшысы ауыл шаруашылығы малын бағалайтын бонитер-сарапшыларға жүгінеді. Бонитер маман жылқыға сұрыптау жұмыстарын жүргізіп, жылқының үшінші атасына дейін және қандай сыныпқа жататынын, сондай-ақ асыл тұқымды малға жататынын-жатпайтынын анықтап, жиынтық ведомосын бекітіп береді. Келесі кезекте шаруа аталмыш құжатпен асыл тұқымды жылқылардың республикалық палатасына малды тіркетіп, куәліктерін алуға өтініш жазады. Ал республикалық палата өтінішті негізге ала отырып ақпараттық талдау жүйесі арқылы малдың стандартқа сәйкестігін анықтап, үш атасын тексереді. Мал асыл тұқымдық стандартына сәйкес болған жағдайда оған асыл тұқым мәртебесін береді.

azamat-tАзамат Темірбеков,
“Дидар” газеті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>