Жылқыға байланысты әдет-ғұрыптар

6710

Періштенің ізі

«Періштенің ізі» деп жылқы тұяғының ізі түскен топырақты бесіктегі баланың жастығының астына жастап қояды. Кейде ізінің орта шетінен бір шөкім топырақ алып, оны шүберекке түйіп, бесіктің басына жастайды, не сол топырақты суға қосып, баланы шомылдырады. Бала шошыса да осындай шаралар қолданады.
Қандай аттың ізін тәу етеді деген сұраққа мәлімет берушілердің бір тобы тек жақсы аттың, кейбірі аса жүйрік, жорға, бәйге аттарының, көпшілігі кез келген аттың ізі жарайды деп жауап береді. Біздің ойымызша, әу баста тек жақсы аттың ізі ғана қасиетті саналған, келе-келе бұл ғұрыптың ұмытылуына байланысты кез келген жылқының ізін жоралауға ауысқан сияқты. Қазақстанның әр жерінде «тұлпар тұяғының ізі» деп аталатын жылқы тұяғының тас бетіне ойылып салынған суреттеріне табыну рәсімі бар. Ә.Марғұлан Сарыарқадағы Беғазы тауында «Манас батырдың Аққұла тұлпарының ізі бар» деген жергілікті қазақтар арасындағы аңызды келтіреді. Г.Спасский 1818 жылы шыққан еңбектерінде Ертіс өзенінің жағасындағы жартастағы адамның және жылқы тұяғының бедерінің суреттерін береді. «…Қарқаралы тауы мен Сарысу жазығында, Арғанаты тауында, Ұлытау ауданында адам табаны мен жылқы тұяғының іздері табылған. Жылқы тұяғының іздері бейнеленген тастарды жүйріктің тасы – тұлпартас деп атайды…»
Маңғыстаудағы Масат ата мешітінің жанында ұлу тасты қырат бетінде жалаңаяқ адамның, құлынды биенің іздері әдемі бейнеленген. Аңыз бойынша, Масат түрікмендерге қадірлі, құрметті адам болған. Масатқа бетпе-бет келе алмаған жаулары, намаз оқып отырған кезін пайдаланып, сырт жағынан келіп басын шауып жібереді. Кектенген Масат етегіне түскен басын орап алып, жауларын қуа жөнеледі. Иесінің қайғылы халін көрген құлынды биесі де ере шабады. Қапыда жауыздың құрбаны болған Масат қазасына қара тас та балқиды. Содан былай тас бетінде Масаттың, құлынды биенің іздері қалыпты-мыс. Масат атаның басына әлі күнге дейін бала көтермеген әйелдер келіп, тәу етеді, құлынды биенің ізінің қасиеті бар деп, алақандарымен сипайды. «Тұлпардың ізі бітпейді, тұяғы кетпейді» деген қазақ мәтелінде тұлпардың тұяғы өте қатты, салған ізі өшпейді дегенді аңғартады. Айналып келгенде, тастағы жылқы іздеріне табыну, ат тұяғының ізін ырымдау сеніміне байланысты болса керек. Егер біреудің жалғыз баласы болса, әкесінен қалған жалғыз тұяқ еді деп, Тұяқ, Тұяқбай сияқты есімдерді қою, мыс жамбыны тұяқ формасында құю. Тұяққа магиялық сенімнен туған.

Безимени-6Ахмет Тоқтабай, «Қазақ жылқысының тарихы»
(Жалғасы бар)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!