Асхат РАЙҚҰЛ. «Балқарағайдағы» бабы келген тұлпарлар

8779

Өткен көктемде жазылған мақала еді. Қазіргі жыл мезгілін ойлай отырып, Асхаттың мақала алдына берген бір абзацы түсіндірмесін алып тастадым. Асхат ол үшін ренжи қоймас деген ойдамын. Ал, мақалаға келер болсақ… оқыдыңыздар ғой… тағы бір рет оқып көріңіздер! Түпнұсқадағы тақырып «Қанымдағы жылқы иісі»

Арғымақ.кз

_T6A2051-Edit22Мақтанамыз-ау… Белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлының «Арғымақтарын» ойыңызға алыңызшы: «…Эпосы, Эпопеясы қыраттарының Тұяқтарымен жазылған пырақтарымның. Ат тұяқтарының даламда азан сапты әні, Ата-бабамның сол еді қаламсаптары. Сол жазған ерлік эпосын Отырарыма, Ұлытауымның сандықтас, шоқыларына. Мінеки, енді көз жасы тамып жатқаны, XX ғасырдың топырағына…» Жиырма бірінші ғасырдың топырағына да тамып жатыр дер едім. Өйткені, жаһанданудың жаңғырығы бізге де әлдеқашан жетіп, айылын ұстатпайтындай болған. Аттың орнын түрлі-түрлі көліктер басқан: ұшақ, пойыз, машина… Әрине, әлемдік дамудың көшінен қалмаған жақсы, қалуға да болмайды. Бірақ, қанымызда жылқының иісі бар ғой, жылқы мінезді, жылқы тектес қазақпыз. Қамыс құлақ, болат тұяқ қылқұйрықты жануарды көргенде, арқаланып, тақымымыз тыншымай, үзеңгіге аяқ салғанша асықпайтынымыз кемшін. Тас қаланың тіршілігі тынысымызды тарылтып, жүйкені жұқартқанда біз секілді «Балқарағайды» бетке алатындар да баршылық екен. Рас, ауылдан алыстағалы қазақ атты да ұмытты. «Ауыл» дегенде ғана жер тарпыған асаулар еске түседі. Қуантатыны сол, соңғы жылдары қалталы қандастарымыз алып шаһарлардың іргесінде жылқы ұстауды әдетке айналдырды. Әйтеуір, осы үрдіс бұлыңғырлана бастаған қазынамызды бүгінмен қауыштыруда.

* * *

_T6A2113-Edit5555«…Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екенбіз?!» Ақтамбердіні әндетіп біз де жеттік. Қарағайлы өңірдің қары қаладағыдай емес, әлі белуардан түспеген қалпы. Адам тұрмақ, ат омбылап, әзер алады аяғын. Бірнеше қоражайдан аттардың кісінегені құмығып естіледі. Шеткері қоршалған алаңқайда білінер-білінбес қасқасы бар қара сәйгүлік жер тарпып тұр. Арагідік құйрығын көкке шаншып, ойнақ салады дейсің… Бізді қарсы алған ат үйретуші Медет Рысбеков әлгі қарагерді Наурыз мерекесіне орай өтетін аламан бәйгеге қосатындарын айтты. Арғы қоршауда бітімі де, болмысы да бөлек, пошымы қазақы тұқымдас жылқыға келмейтін жануарлар жүр. Бірақ, шіркіндер сұлу, көз сүріндіреді! Ойымыз алдамапты, бұлар әзербайжанның поло ойыны үшін шетелден жеткізіліпті. Шамасы, сол ойынға үйретілген-ау.

* * *

Қалған жылқылардың бәрі дерлік қоражайларда. Бас-аяғы он бір атбегі алпыс сәйгүліктің бабын жасап, жаратып, күтіп, күйін сақтайды екен. Манас пен Ғалымжан әр аттың мінезі, болмысы, тіпті, шабысы да бір-біріне ұқсай бермейтінін айтады. «Мұнда кілең жануардың жанын ұғатын, халін көзінен түсінетін жігіттер жиналған» дейді олар. Бізге жол нұсқап, жылқылардың жай-күйімен таныстырып жүрген Медеттің айтуынша, алпыс аттың жетеуі – асыл тұқымды, таза қанды жүйріктер. Осы уақытқа дейінгі бәйгелерде иелерін жерге қаратпаған көрінеді. Қырық шақтысы мандатты, мансапты ағалардың жылқысы. Он бес-жиырмасы демалыс аймағына тиесілі. Бірақ, Жолдыбек, Жақсылық, Сержан, Елеу сияқты бағып-қағушыларымыз аттарды алаламайды. «Бәрін бірдей екі мезгіл жемдейміз, шөп береміз, суарамыз. Таңнан қара кешке дейін қаңтарылып тұрмайды бұлай, далаға шығарып, бір шапқылатып аламыз, қалалық ағайындар келіп мінеді» дейді ол. Атбегілер әр жылқының атауы бар екенін айтады. Мәселен, анау баһадүр Бауыржанның ақ тұлпарын еске түсіретін, еңсесі биік, денесі ірі – Ақбозат. Оның қасындағы Сұркөжек деп аталады. Жалы күзелген сары байтал – Сымбат. Мына биені иесі Шахризада дейді екен. Грека, Баронесса деген сәйгүліктер де бар. Бұлардың бәрі бір тұқымдас емес, ағылшынның таза қандысы да, оның қостанайлық жылқылармен будандасқаны да, түрікменнің ақалтекесі де бар.

* * *

6666Біздің тізгіндегеніміз – күрең қасқа дөнен мен шұбар құнан. Жарауы келіскен қос ат та жер тарпып, ауыздығымен алысып тұр. Анау-мынауға сауырын сипатпайтыны анық. Аттың жалында, ауылда өскен біздің өзіміз шұбардың басына әзер ие болсақ, күреңнен бір аунап түстік. Ауылдан ұзағалы тақымымыз да босап қалған сыңайлы. Ұяттау болса да, осы, асаулауын сұрап мінген өзіміз едік. Әйтеуір, үзеңгіге аяғымыз ілініп қалмай, аман қалдық… «Ат үстінде серуендегісі келген қалалықтарға жуас жануарларды ұсынуға тырысамыз. Жазық даланың саумал самалын жұтып, сергігенге не жетсін?! Келушілердің қуанып, көңілденіп қайтқанын көріп, өзіміз де өзгеше сезімнің күйіне енетініміз рас» дейді Медет. Оның сөзіне сенсек, атқа құмартқан қазақтар сенбі-жексенбі күндері көптеп келеді. Әсіресе, жазғы маусымда кезекке тұратын күндер аз емес.

* * *

Қалалық қандастарымызды жылқысымен қауыштыратын жалғыз «Балқарағай» емес. Біздің білуімізше, Астананың іргесінде мұндай мекеннің бірнешеуі бар. Ақпанның соңын ала «Құлагер» ипподромының қылқұйрықтыларын көріп қайтып едік. Лайым, алдағы уақыттарда сондай нысандардың көбейе түскені жақсы ғой.

1796843_289900547827237_1501373064_o888

Асхат Райқұл Суреттер «Балқарағай» демалыс орнынан түсірілді. Түсірген Асылбек Әбдінәби, «Астана ақшамы» газетінен

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!