Аплатын ЖУРМАНБЕТОВ. Бәйге көк

7454

(Қаз-қалпында)

Он үштегі кезім. Жаз айы. Күн ыстық. Көк шөп қурап, ақтыққа айналған. Үйге астында мінген көк байталы бар әкемнің ағасы Сәдуақас атам келген. Көкеммен сөйлесіп шәй ішіп отыр. Сөз бағдарына қарағанда Жаңақазған деген жерде той болады. Соған бармақшы. Тойда көкпар, атжарыс болады. Үйлер тігіледі. Тойға барудағы мақсаты көптен бері бір түйесі жоқ екен, сол түйенің бөгенайын айтып, тойға жиналғандарға сұрау салады, әрі тойды тамашалайды.
Бұл әңгімені есіткеннен кейін тойға менің де барғым келді. Оған баруға маған да көлік керек. «Мен де барамын» десем, «немен барасың?» деуі сөзсіз. Сондықтан баруға сөз қозғамас бұрын немен баратынымды ойланып алуым керек. Өткен жылы қуаңшылық болып, жерге шөп шықпай, мал арық, көтерем болған. Қыста басын алып шыға алмайтын болғандықтан, арзан бағамен колхоздар мал сатқан. Содан әкем құлынды көк бие әкеліп баққан. Биені қыста оңалтып сойып жіберді де, құлыны қалған. Құлын қолда болған соң жуас. Мен оны бас білдіріп, үй арасына мініп жүретінмін. Көктемде тайға шықты. Көгін алып, өссін деп көршілердің тайына қосып өріске жібергенбіз. Соны айдап әкеліп, ұстап сонымен баруға бел будым.
– Көке, атаммен бірге тойға мен де барайын, қызық көріп келемін ғой, – дедім.
– Оған немен барасың? Жол ұзақ, жер шалғай, атаңның атына мінгесіп бара алмайсың ғой, – деді.
– «Көрқұдық» жақта жүрген шығар, қара тайымды айдап келіп, ұстап сонымен барайыншы?
– Таба алсаң айдап кел, бірақ ол көкке тойған соң асаусып кетті ғой.
Содан қуанып, тайды тауып айдап келуге арба торыға міне шаптым. Ойлағанымдай «Көрқұдықтың» сайында үш тай болып жайылып жүр екен. Ауылға қуып келіп қамап, өз тайымды ұстап алдым. Енді мінейін десем мінгізбейді. Асаусып кетіпті, пыр-пырлап аспанға секіреді. Асаудан қорқатын мен бе? Шалыс өре, жүген салып, қарғып міндім. Енді аспанға секіре алмайды, аяғында шалыс өре бар. Тулап-тулап мені үстінен түсіре алмаған соң, айтқаныма көніп, айдағаныма жүрді. Қара терге түсіп басылды. Олай-бұлай шапқылап, түсіп қайта мініп, жуасытып қаңтарып байлап¬ қойдым. Енді оған салатын ер-тоқым дайындадым. Менде қазақы құранды ер қайдан болсын? Есек ер. Соған тартпа-тоқым дайындадым.
Түстен кейін, күн еңкейіп салқын түсе жүру керек. Тайым қаңтарулы суып тұр. Атамнан жүретін уақытты сұрап бір сағат бұрын тайдың денесін ширату үшін құдықтың мұздай суына жуып алдым. Үсті кепкен соң ерттеп мініп, жолға шықтым. Бұл ауылдан да тойға баратындар баршылық екен, 10-15-тей аттылылар жолға шықты. Қас қарая бір құдыққа келдік. Сол жерден ат суардық. Құдықтан шыға аттарының терін алу үшін қасымдағылар шаба жөнелді. Түн. Қараңғы. Елсіз. Жол жүріп шаршап келе жатқан тайым оларға¬ қайдан ілессін. Әдепкіде шапқан болды. Ері мойнына кетіп ақсап қалды. Жалғыз өзім қалып қойдым. Елегізіп келемін. Бірақ жолдан шықпаймын. Жолмен жүрсем атамды тауып алуыма сенемін. Қанша жүрдім білмеймін, тайым да шаршаған. Біресе түсіп жетелеймін, шаршасам қайта мінемін, ері мойнына кетеді, түсіп ерді кейін итеріп абыржып келемін. Дыбыс жоқ. Суып жүрген аттарды терлету оңай ма, аттылар ұзап кеткен ғой. Атам да соларға ілесіп кеткен. Әрі той болатын ауылға жақындап барып, ат шалдырып, далаға түнеп, азанда барамыз деген әңгімелерін де естігенмін. Бір кезде құлағыма бір дыбыс естілгендей болды. Дереу тұра қалып тыңдадым. Атамның дауысы. Менің жақындағанымды біліп, өзіне қарай шақырып жатыр екен. Жолдан шығып, дыбыс шыққан жаққа қарай барып атамды тауып алдым. Биесін бекітіп жіберіп, мені күтіп отыр екен. Басқа аттылардан оқшауланып алыпты. Оған себеп маңайындағы аттар биеге тыныштық бермейді екен. Мен де тайымның аяғын тұсап, ерін алып, шылбырын арқасынан асырып шұбалтып жібердім. Жәй шұбалтып жіберсең, аяғымен басып жүре алмайды, не шылбырды үзеді. Шешіп алсаң, не мойнына жинап жіберсең, ертең ұстатпауы мүмкін. Шұбатылған шылбырдан жақындап барып ұстап аласың. Мен тайымды жіберіп болғанша атам ерді басымызға жастық қылып, тоқымдардан жататын төсек салып қойыпты. Мен келген кезде салынған төсекті айналдыра қолындағы қамшының сабымен басыңқырап тереңдеу етіп сызып шықты.
– Ата, мұны неге сызып жатырсыз? – деп сұрадым.
nonjpegpng__20– Балам, есіңде болсын, егер айдалаға түнеуге тура келсе, айналаңды осындай етіп, қоршап сызып жат. Түнде жорғалап жүретін қарақұрт, жылан сияқты жәндіктер сызықты көрсе одан өтпей айналып кетеді. Бұрын мұндай сызықты көрмеген оларға ор сияқты болып көрінеді. Сызық болмаса қойын-қонышыңа кіріп шағып алуы мүмкін. Қарақұрт пен жылан өте улы. Шақса, адамды өлтіріп жіберуі мүмкін, – деді.
Атам салып берген төсекке жатқан бойынша ұйықтап кетіппін. Күн ұзағына тайды қуып келіп, асау таймен алысып, аттыларға жете алмай абыржып, әбден шаршағанмын ғой. Атам оятқан кезде бір-ақ тұрыппын. Атам байталын, менің тайымды әкеліп қойыпты. Тайымды ерттеп, мініп жолға шықтық. Таң атқан. Күн әлі шықпаған. Аттылар да топталып жолға шықты. Күн шығып, тұсау бойы көтерілгенде, Жаңақазғанға келдік. Бізге тігілген үйге түсіп аттарды байлап жатырмыз. Той күтушілері күтіп алып, үлкендермен амандасып, хал-жағдай сұрасып жатыр. Ал мен өзімнен-өзім ұялып жүрмін. Сырымды айтатын қатарым жоқ. Он алты адамның ортасындағы жалғыз бала менмін. Жаңа күн шыққанда бұрынғыдай шығыстан шыққан жоқ. Күн батыстан шыққандай. Менің басым айналып қалыпты. Түске дейін жазылған жоқ. Мен үшін әлі батысым – шығыс.
Түстен кейін «Тоқ бәйге» деп аталатын атжарыс болатын болды. Онда озғанға бәйге берілмейді. Аттардың аяқ алысын сынау үшін, әрі көкпар мен бәйгеге қосылатын аттардың терін алу үшін оншақты шақырымнан жіберілетін жарыс. Біздің ауылдан Пұшық Балқы Төле деген жылқышы келген. Сол тойға бір көк байтал мініп келіпті. Сонша жылқыдан тойға байтал мініп келгеніне түсінбеймін.
– Жарысқа барасың ба? – деді ол маған.
– Барамын, – дедім мен.
– Онда мін, – деп көк байталға мені мінгізді.
Үзеңгі бауы ұзын екен, оны бұрап-бұрап қысқартып берді. Көк байталмен жарысып, нешінші болып келгенімді білмеймін, әйтеуір алдыңғы топпен араласа келдім.
Кешке жақын үлкендер далада әңгімелесіп тұрды. Олар: руы Отарбай Балқы Жабағының Кәрібайы – жәй сөйлейтін кісі, сыншы, атты танитын адам, екіншісі – Төле жылқышы, үшіншісі – менің атам, қастарында мен де тұрмын. Кәрібайдың айтуынша, осы тойға бәйгеге қосуға ауылдан төрт ат келіпті. Бірі өзінің әкелген бәйге көгі, екіншісі – руы Сарбай Жиенбектің қисық ауыз торысы, үшіншісі – Әнуар сары, төртіншісі – Сары шымшық.
– Бірақ, – деді ол, – мен осы жерден табылар деп ауылдан атқа шабатын бала әкелмеп едім. Бұл жерден табылмай отыр. Бағана тоқ бәйгеде бір бала тауып беріп еді, ол бала қорқып, шылауды ердің басына іліп, ерден қос қолдап ұстап, ат қаңтарулы шаба алмай келді. Ертеңгі үлкен бәйгеге ол бала жарамайды. Сонымен атқа шабатын бала таппай қиналып тұрмын.
– Кәреке, мына бала бар ғой, – деп Төле мені көрсетті.
– Өй қой, бұл қайдан бәйге атқа шабатын еді, бәйге аттың пәті жаман ғой, әрі кішкентай, – деді Сәдуақас атам.
– Сәке-ау, ауыл мен «Көрқұдықтың» ортасында күнде жалаңаш атқа шауып жүрген бұл құлайтын ба еді? Бағана тоқ бәйгеге көк байталмен барып келді, – деді Төле.
Сонымен ертеңіне бәйге көкке мені мінгізетін болып келісті. Бәйге атқа мінетініме қуанып мен жүрмін. Ертеңіне таң қараңғысынан мені оятып, бәйге көкке мінгізіп, құйрық жалын өріп, менің басыма орамал байлап, бәйге аттарға жетектеп әкеп қосып жіберді. Атқа мінген жерде Кәрібай: «Атты ұрма, тек шылауды сүйеп тартып отыр, өзі келеді, бірақ ылғи аттардың жел жағын ұстап отыр», – деді. Аттардың барлығы суытылған, жалпы саны шамамен 25-тей. Ішінде ұрыншақ, ауыздықпен алысқаны, бір қалыпты жорытып келе жатқаны, жуан, сыптайлары да бар. Айдаушы сыпыртып қуып келеді. Ал менің мінген Бәйге көгімнің жүрісі жоқ екен, ішіңді түсіретін бүлкіл және шабан, ең артында келе жатырмын. Бір бала: «Мынау да бәйге ат па, мұны неге қосқан?» – дейді. Мен үндемеймін. Оның жүйріктігін, ауылдың бәйге аты екенін мен ғана білемін. Көктің тұяғы үлкен, жалпақ. Басы қалақтай, қырым ет жоқ. Денесіне басы сай келмейтін сияқты. Ұрынбайды. Бір қалыпты селкілмен жорытып келеді.
Күн шықты. Басымның ауырғаны басылды. Бүгін күн шығыстан шықты. Бізді түстікке қарай қуып келеді. Түске жақын тоқтатып, жолдан шығарып қатар тұрғызған айдаушы:
– Ал, аттарыңның тартпасын тартып, енгізіп алыңдар, – деді.
Балалар аттарынан түсіп, тартпаларын тартып жатыр. Мен түспей отырмын. Түссем қайта мінуге үзеңгіге аяғым жетпейді. Айдаушы келіп, тартпасын қатайтып берді. Қасымда қисық ауыз торы. Оның үстінде Мұрат. Атсейістің баласы. Менің танитыным сол. Бір ауылданбыз.
– Атыңды сигізіп алсайшы, – дейді Мұрат.
– Қайтіп сигізем, тосайын ба? – деймін мен.
– Ердің басын қамшының сабымен тықылдатып ұрсаң, сиеді, – деді.
Тықылдатып ұрып едім, ат сиді де дүр етіп сілкініп алды.
– Болдыңдар ма? – деді айдаушы.
– Болдық, – деген дауыстар естілді әр жерден.
– Ал, онда алдарыңнан жарылқасын, аумин.
Аттар лап қойды. Жердің шаңы бұрқ етті. Алдымен шыққандарын қайдам, менің атым артта қалды. Тұяқтан ұшқан құмнан көзімді аша алмай қалдым. Шамалыдан кейін аттар қатары созылды. Көз ашылды. Жүрісі жайсыз болғанмен, Бәйге көктің шабысы жайлы екен. Үстінде еркін отырып келемін. Бұрыннан бәйгеге қосылып жүрген ат қой, біртіндеп аттарды қуып жетіп, озып артқа тастап келе жатыр. Кейде тобымен келе жатқанды сол күйінде қалдырып келеді. Мен тек шылауды сүйеп тартып үстінде отырмын. Кейде жеке келе жатқанынан озамын. Енді ең алдына шықтым-ау деп ойладым. Алдымда қара көрінбейді. Артыма қарасам, артымдағылар ұзақта қалыпты. Жақын маңда ат жоқ. Бір биіктеу нұралықтан асып түссем, алдым¬ тегіс далалық екен. Көз ұшында бір жалғыз қара көрінеді. Алда мен деп ойлап тізгінді тартып келе жатқанмын, енді тізгінді босаттым. Ат жүйрік машина сияқты жер танабын тартып келеді. Осы келе жатқанда сүрінсе не болары белгісіз, оншақты рет аунайды-ау. Жалғыз қараға да жеттім. Ол қисық ауыз торы екен. Үстінде Мұрат. Ауылда балалардың айтуынан еститінмін. Қисық ауыз «ә» дегеннен ат ілестірмей шығанға шығып кетеді. Сол шығуымен қарақшыға жетеді. Оған жететін тек Бәйге көк қана дейтін.
Мұрат екеуміз қабаттастық. Үзеңгі түйістіріп келеміз. Бірін-бірі жібермейді. Басын тартқанымды тыңдамай, менің атым торының алдын кесіп, оң жағына шығып алды.
– Әй, тартсай, – деді Мұрат, бірақ атқа менің әлім келмеді. Торы ауысып сол жағына шықты. Сол кезде ғана есіме азанда Кәрібай мені атқа мінгізіп тұрып аттардың жел жағында ұстап отыр дегені түсті. Шыққалы ық жағында келе жатыр екенмін ғой. Ұмытқанымды аттың өзі жөндеді.
– Мұрат, алда ат бар ма? – деп сұрадым алдыңғыдай болмауды ойлап.
– Алда ат жоқ, бірінші болып шыққанмын.
Екеуміз қатарласып келеміз, үзеңгі мен үзеңгі, бас пен бас, құйрық пен құйрық. Нұрадағы біркелкі жусандық жердегі машина жол осы екі атқа ғана жасап қойғандай. Жолдың ортасы да жусандық. Екеуміз де аттың басын сүйеп тартып келеміз. Бірақ қызып алған ат бірімен-бірі қажасып өршеленіп келеді. Түс ауды. Осылай екі ат арпалысып келе жатқанда көздің ұшында бір қара көрінді.
– Әй, Мұрат, ат жоқ дегенің қайда, анау қарайған не? – дедім.
Ол жауап қатпады. Екеуміз де тізгінді босаттық, көзіміз алдағы қарада. Құтырып келе жатқан екі ат қоя ма? Әне-міне дегенше жетіп келдік. Сөйтсек, Мұраттың әкесі Жиенбек аттар кешіккен соң хабар алайын деп алдынан шыққан екен ғой. Оның астындағы торы ат та бізбен қапталдасып шауып еді, ілесе алмады. Қабатынан зулап өте шықтық. Шауып келе жатып, «ауар, ауар» деп келеді.
– Ауары несі? – деймін мен Мұратқа.
– Жай шап дегені ғой, – дейді.
Ілесе алмасын білген соң: «Тартыңдар аттың басын, екеуі қажасып дұрыс терлемепті, алдарыңда да, арттарыңда да ат жоқ» – деп айқайлайды. Біз енді үзеңгіге аяқты тіреп тұрып тартамыз. Ауызды ашып, мойынды төмен басып жібергенде, еңсемізді жұлып кете жаздайды. Қолымыздан әл кетті. Енді саумалап тартып, тізгінді ердің басына орай бастадық. Осылай тізгінмен алысып келе жатқанымызда алыстан биіктің басында бәйге аттарын күткен халық – мәре көрінді. Екі аттың да тізгіні босатылды. Екеуміздің де көзіміз алда, мен озсам деген ой. Үзеңгіге көтеріліп, алға қарай ұмсынып келеміз. Әдепкідей аттың пәтінен қорықпаймыз. Етіміз үйренген. Жақындаған сайын қиқулаған халық даусы аттардың да, біздердің де делебемізді қоздырып келеді. Мәреге жақындасақ та, менің байқағаным Мұрат атты қамшымен ұрған жоқ. Кәрібайдың айтқанын мен де есімнен шығармай келемін. Тек қамшымен аттың санын сипап, қолымды теңселтіп келемін. Аттар әлі де қатар келеді. Мәре – халық дөңнің үстінде. Ойға аттылар адам түсірмей жүр. Жол далалықпен тегіс болып келеді де қабаққа асылады. Сол асылған қабақтан дөңге кім бұрын шықса, сол – бірінші. Екі ат бірін-бірі әлі жібермейді. Екеуі де малынып терлеген, қабаққа асылуға келдік. Халық қиқулап, айқай-шуға басқан. Екеуі әлі қабаттасып келеді. Қабаққа асыла берген кезде Бәйге көк екі құлақты жымитты (алдында қайшылап келе жатқан) да, жаңағы қабақты екі-ақ секірді. Сол кезде торы құйрықтасып қалды. Көк – бірінші, торы – екінші. Күтіп тұрған ауыл адамдары мені түсіріп алып жалма-жан қос тартпаны босатып, ат үстіне жабу жауып жатыр. Мені түсіріп жатқанда Бәйге көк кісінеп жіберді.
– Жануар өзінің тоқтасқанын, торының жастығын білдіріп тұр-ау, – деді Кәрібай.
Аттардың солығын бастырып, терін үгу үшін екі ат та жабуланған, қатар кездіріп жүрміз. Әлі бізбен бірге жарысқа түскен аттар келген жоқ. Ат иелері аттарын іздеп алдынан шығуға кетіп жатыр. Екі аттың солығы басылған шамада тағы ат келе жатыр деген шу шықты. Тізілісіп екі ат өтті. Бұл да – біздің ауылдың аттары. Әнуар сары мен Сары шымшық. Солардан кейін сүйретіліп оншақты ат келді үзікті-созықты. Қалғандары жете алмай жолда қалыпты.
Үлкендердің әңгімесінен естігенім, Аяққұдық кеңшарының аттары жіңішке, ұзаққа шыдамайды, Жаңақазғанның аттары жуан, оған шыдайды деп шамадан тыс қашыққа айдапты. Сөйтіп, аттарға обал жасапты. Бұрын Бәйге көкті арық, шабан әрі жүрісі жоқ болғандықтан, ешкім керек етпей, арбаға жегіп қойған екен. Кәрібай оны көріп, танып, өзінің астындағы жарау атын беріп, айырбастап алады. Бір жылдай бағып семіртіп, бойындағы барлық бұзығын шығарып, ояға келтіреді. Содан кейін суытып, бәйгеге қосады. 1950 жыл мен 1960 жыл аралығында аудан, облыс көлемінде аламан бәйгеде одан озған ат болған жоқ.

Аплатын Журманбетов,
ішкі істер саласының ардагері,
halyk-gazeti.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!