Сәдібек ТҮГЕЛ: Біз, қазақтар, қазанатқа қарыздармыз…

8200

Ұлттық Ат спорты Федерациясының президенті, «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысының тең төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгелмен сұхбат.

sadibek— Сәдібек аға, алдымен кіндік қаныңыз тамып, туып-өскен өлкеңіз туралы айтсаңыз.
— Менің кіндік қаным тамған жер — бар қазақтың ырысы мен берекесі саналатын Өр Алтай, Асқар Алтай, асау Ертіс, Ерке Ертіс өңірі. Соғыстың жеңіспен аяқталуының 10 жылдығын 1955 жылы бүкіл халық болып атап өтуге арналған дайындықтың қызған шағында қарапайым еңбек адамдары, «Қызыл Ту» колхозының жылқышылар бригадасының бригадирі Түгел Құмарұлы мен колхоз жұмысшысы Мәрия Түгелкелінінің шаңырағында жетінші бала болып жарық дүниеге келдім.
— Жаңа елордамыз – Астанаға келуіңіз, атқарған жұмыстарыңыз, алған әсерлеріңіз туралы айтсаңыз…
— Астана қаласын жанымдай жақсы көремін. Оған төрт себеп бар. Біріншісі: ХХ-ХХІ ғасырлардың тоғысында туған еліміздің абыройын асқақтатқан, ұлт өмірінде өте сирек кездесетін тарихи оқиға болды, қазақтың кең жазира даласында, Сарыарқаның нақ төсінде жаңа шаһар – Астана қаласы салынды. Бүгін Астананы бүкіл әлем танып, мойындады.Астана – дүниежүзіндегі ең сәулетті қалалардың біріне, қазақтардың басты мақтанышына айналды.
Екінші себеп: осы шаһарда менің де бағым жанып, жұлдызым жарқырады. Тағдырдың қалауымен маған жаңа Астана әкімінің тұңғыш баспасөз хатшысы болу бақыты бұйырды. Бес жарым жыл қайнаған қазанның, тарихи оқиғалардың нақ ортасында жүрдім. Керемет жобалардың жүзеге асуының басы-қасында болып, қаланың жетістіктері мен жеңістеріне куә болған жанмын. Қолымда сол кездің тыныс-тіршілігінен, тәй-тәй басқан елорданың дамуынан барынша мол мағлұмат беретін архив құжаттары сақталған. Сөзімді түйіндеп айтсам, бірінші күннен бастап 17 жылдың ішінде әсем қала, ертегі шаһар Астанамен біте қайнасып кеткем. Осында ұлымызды үйлендіріп, қызымызды тұрмысқа ұзаттық. Қазір жұбайым Қайкен екеуіміз олардан 5 немере сүйіп отырмыз. Немерелерімнің алды мектепте оқиды.
Үшінші себеп: Астана маған әдебиет кеңістігіне жол ашты, қаламгер болып қалыптасуыма ықпал етіп отыр. Қолым қалт етсе, қаламымды алып Астанаға арналған шығармалар жазамын. Мен жазып жарыққа шығарған «Көк күмбезді Астана», «Астана — город солнечной мечты», «Астана — жерұйығы елімнің», «Астана — триумф страны», «Астана — ел жүрегі», «Астана –сердце страны», «Алғашқы астаналықтар», «Первопроходцы Астаны», «Астана баспасөзінің шежіресі», «Летопись столичной прессы», «Астана хикаялары» атты кітаптарым мен «Тұңғыш» атты спектаклім елорданың бірінші күндерінен, 17 жылдық тарихынан сыр шертеді. Олар — оқырмандар тарапынан өз бағасын алған еңбектер. Қазір «Астана хикаялары» атты әңгіме-кітапты жазу үстіндемін. Одан үзінділер журналдарда басылды. Осы кітаптардың ішінде шоқтығы биіктігі — «Алғашқы астаналықтар» энцикопедиялық жинағы. Оған Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастаған 186 алғашқы астаналықтың анкеталары мен естеліктері басылды. Бұл жоба төңірегінде біз 500-ден аса адамдардың анкетелерын жинадық. Ол материалдар әлі екі кітапқа жетеді деп отырмын.
Төртінші себеп: cенімді әріптестеріммен бірігіп Астана қаласының және еліміздің ақпарат кеңістігінде өз орны бар «ТҮГЕЛ МЕДИА» атты қуатты ақпараттық серіктестік ашып, оның жұмысын үзбей жүргізіп келеміз. Ұйымның ұраны: «Біз журналиспіз — біз біргеміз!», «Мы журналисты — мы вместе!» деп аталады.
— Қателеспесем, ел егемендігін алған тұста «Қайдасың, қазағымның Қазанаты?!» деп, ең алғаш қазанат тақырыбын қозғаған сіз болатынсыз.
— Мен «Қазанат» сөзін ең алғаш әкем Түгелден бес жасымда естідім. «Жігіттер, мынау ұлан ғайыр Ұлы даланы, Алтайдан — Атырауға, Ұлытаудан — Алатауға дейін ұшы-қиырсыз созылып жатқан кеңістіктікті ата-бабаларымыз жаяу жүріп, шоқпарды белдеріне қыстырып жүріп қорғады ма? Олай ойласаңдар, мүлдем қателесіңдер. Біздің батырлар жерді, елді, туған Отанды ат үстінде жүріп қорғады. Ат болғанда жауынгер қазанаттардың үстінде жүріп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, бойларындағы жандарын берсе де, ұлтарақтай жерлерін бермей қорғады емес пе?! Сондықтан да біз, қазақтар, қазанаттарға қарыздармыз. Қазанаттарды қазаққа қайтарып, оларды түлетуіміз керек» деп марқұм әкеміз өсиет сөз қалдырған. Ал, біз әкенің сол өсиетін орындап, ел игілігіне жарата білдік. 2004 жылы «Фолиант» баспасынан жарыққа шыққан «Қайдасың, қазағымның Қазанаты?!» деген кітабымда: «Мен қазағымның қазанатын іздеп жүрген жанмын! Қазанат халқымыздың қанаты, қорғаны, айбыны болғаны рас. Қазанаты болғанда халық қор болмаған! Әйгілі философ жазушы ағамыз Асқар Сүлейменов: «Осы басқалар қайдан жаралсын, мейлі, маймылдан болсын, шатағым жоқ. Дәл біздің қазақ жылқыдан, тұлпардан туған!» деген. Жазушы сөзінің жаны бар. Қазақ – жылқы мінезді, рухы биік, ер халық! Қазанат – қазақтың сахарасы, Ұлы даласының екінші есімі. Осыншама кең даланы меңгеру үшін, осыншама шалғайлықты қаусыру үшін тек қазанаттың ғана жалы мен белі, тұяғының желі керек болды. Бұл сөзіме тарих куә», — деп жаздым.
Менің зерттеуімде, қазанат – алыс жорықтарға мінетін жауынгер жылқылар, азынаған айғырлар! Қазанат туралы 1885 жылы білікті орыс зерттеушісі, жылқы тарихының білгірі В.Фирсов былай деп жазды: «Қазақтар қазанатты барлығынан жоғары қояды. Қазанаттың жақсы қасиеттерін бағалайтыны соншалық, айғырын сұрамайды да. Себебі, қазақ биесінің тұқымы тұрақты басқалармен қосылғанда, тек солардың жақсы қасиеттерін алады. Өзінікін де жоғалтпайды. Сондықтан да жергілікті халық қазанаттарға жоғары сеніммен қарайды». 2006 жылы парасатты азамат Кенес Рақышевпен бірге жазып, «Таймас» баспа үйінен үш тілде жарыққа шыққан «Қазанат» кітап-энциклопедиясы ТМД елдері арасында Мәскеу қаласында өткізілген «Кітап өнері» атты беделді халықаралық байқаудың жеңімпазы болып танылды. Елімізге үлкен абырой әкелді.
— Құлагерге ескерткіш тұрғызуыңыз — ұлт руханиятындағы елеулі оқиға болды. Басыңызды бәйгеге тігіп, дүние-мүлкіңізді ломбардқа өткізіп, нартәуекелге салдыңыз. Сонымен, ломбардқа жүгінуіңізге кім сізді мәжбүрледі? Осындай фанатизм керек пе?
– Жағдай мәжбүрледі. Жігіттермен алдын ала кеңескесін, олардың уәделеріне орай бұл жұмысты 2008 жылдың соңғы айларында бастап кеттім. Идея мақұлданды, жоспар жасалынды, ондаған эскиздің нұсқалары істелінді, оған танымал азаматтар қатысты. Белгілі архитектор Сұлтан Ильяев жасаған вариантты ҚР ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарған мемлекеттік комиссия 2009 жылдың қаңтар айында бекітті. Бірнеше дөңгелек үстел басындағы басқосулар, жиналыстар, экспедициялар өткізілді. Оған еліміздің жақсылары мен жайсаңдары қатысты. Алдымен әрбір құрылыс нысандарына тән геодезия, жобалау, жер мәселелері қаралып, шешілді. Не керек, Бішкекте қырғыз елінің атақты сәулетшісі, профессор Болатбек Садықовтың шеберханасында Құлагердің мүсінін жасаудамыз, оған үш елдің шеберлері қатысуда, Қазақстанда құрылысшылар ескерткіштің іргетасын құюда және тағы басқа үлкенді-кішілі қаражат тілейтін жұмыстар жүргізілуде. Күнтізбеге сәйкес, оларды қаржыландыру керек. Ақша жоқ. Біз әлемдік қаражат дағдарысына тап болдық. Уәделерін үйіп-төгіп берген жігіттер, дағдарыстың салдарынан суы тартылған өзендегі балықтай қайраңдап қалды. Енді қайттік? Дағдарысты тоссақ, ескерткіш салынбайды. Сондықтан, маған жігіттік нартәуекелге баруға тура келді. Соның арқасында, Құлагер ескерткіші межеленген мерзімінде салынып, мен ел алдындағы уәдемді орындап шықтым.
— Қызғаншақтыққа қалай қарайсыз?
— Ең алдымен, қазақ қазақ болып жаратылғанда бізде жәй, ешбір зиянсыз қызғану үрдістері болды. Кейін бұл пәлең көреалмаушылыққа ауысты. Сосын келе-келе осы көреалмаушылықтан — күншілдік шығып, қазақ қоғамына жазылмайтын дерт, қасірет болып жабысты. Атаңа нәлет осы күншілдік өткен ХХ ғасырда ұлтымыздың ардақты арыстарын жұтты, өлтірді, атқызды, итжеккенге айдады, түрмеде шірітті, сағын сындырды, рухын таптады. Осы пәледен қашан құтыламыз деп жүргенімізде, ХХІ ғасырдың басынан бастап қазақты сатқындық ауруы басып алды. Бұл ауру қазақ қоғамында қазір мүлдем өршіп тұр. Сатқындық – күншілдіктен мың есе жаман ғой.
— Ал, сатқындықтан қалай құтыламыз?
— Қазіргі шенеуніктердің сатқындығы – жемқорлық. Туған Отанды сату жемқорлықтан басталады. Тендерлерді жеп, екі асап, заңды белінен басып, істі болып жүрген әр деңгейдегі әкімдер, министрлер, олардың орынбасарлары, генералдар, шенділер, шенеуніктер — Отанын сатқандар. Оларды ұстап, топ-тобымен атып-асу керек. Аяқтарынан іліп, бастарын салбыратып дарға асып қою керек. Тек сонда ғана әділдік орнайды. Бір-ақ мысал келтірейін. Украина мемлекетінің түбіне жеткен Ресей де, Америка да, Еуропалық Одақ та емес. Украиндердің тоз-тозын шығарған, нокаутқа түсірген, есінен тандырған, берекесін кетірген — осы жемқорлық-коррупция. Жемқорлық бар жерде дұрыс мемлекет болмайды.
— Енді жастар тәрбиесі, демография, өсіп-өнуіміз туралы не айтасыз?
— «Ұлы Дала Қырандары» қозғалысы қазақ жастарына, балаларына, жасөспірімдерге арналған «25» деген бағдарлама дайындады. Бір ғасыр төрт ширек ғасырдан тұрады. Әр ширек ғасырда 25 жыл бар. Біздің стратегияның мәні балаларды жасынан бастап тек отбасы ғана емес, қоғам болып тәрбиелеуіміз керек. Сонда ұрпақ тәрбиесінде үлкен нәтиже болады. Бір мысал: қазақтың ұлы ер жетіп, 25 жасқа дейін міндетті түрде үйленуі қажет, ал қазақтың қызы болса, бой жетіп, міндетті түрде 25 жасқа дейін тұрмысқа шығуы тиісті. Бұл жерде баса айтатыным: қазақтың қызы тек қазақ жігітіне күйеуге шығуы керек. Басқаларға рұқсат жоқ. Әр қазақтың жігітімен қазақ қызының үйленуі бүкіл республиканың қуанышы болуы қажет. Сонда жауапкершілік артады. Ажырасу болмайды. Ал, жігіт 25-ке келіп, одан әрі үйленбей жүрсе, қазақтың қызы 25-ке келіп тұрмыс құрмай жүрсе қоғам болып дабыл қағуымыз керек.

Сұхбаттасқан Асхат АСЫЛҒАЗИН.
Абай.kz

1 comment

  1. Қанат Төребаев 14 Сәуір, 2015 at 01:19 Ответить

    Фейсбукке* кіре алмай қалды! Менің аккаунтымды әзірше бұғаттап тастапты! Не себептен екенін- білмеймін!

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!