Көрұғлы

11275

(Ертегі)

Бегәлі сыншы ханға ат сынап беретін сыншы екен. Бірнеше рет ат сынап береді. Тағы бір күні ат сынауға кетеді. Ол кеткенде әйелі жүкті екен, жүкті әйелі Бегәлі кеткен соң, дүниеден өтеді. Бір күндері: «Әйелінің қабырынан бала шығып жүр»,— деген сөз болады. Бегәлі әйелінің қабырынан бала шығып жүр дегенді естіп: «Не істеймін?» — деп ханға барады.
Сонда хан Бегәліге былай деп ақыл қосады: «Сен барып ер жасат, оның үстіне шырыш жақтыр, қуыршақ жасат, асық алып, бәрін де алып барып көрдің аузына қой. Әйел бала болса қуыршақ ойнар. Ер бала болса, ерге мініп алып жерді сабалап отырар. Ер көрге сыймайды ғой, баланы шырыш ұстап алып жібермес, сосын ұстап алуға болады», — деді.
Осы заттарды қойып, өзі моланың түбіне барып, бұғып жата қалады. Бір мезгілде бала көрден шығып, ерге мініп алып, «шу-шулеп» жерді сабалай бастайды, қуыршақтарды лақтырып тастайды. Бұны көріп Бегәлі баланы ұстай алады, бала бақырып жылайды:
«Менің еміп жатқан ақ мамам бар, шешем де, әкем де сен емес»,— дейді. Жылап қоймаған соң баланы қайтадан қоя береді. Бала көрге кіріп қайта шығып: «Ақ мамам бар еді, шешем бар еді, біреуі де жоқ, қу сүйек болып жатыр, әкем сен екенсің»,— деді.
Баланы ертіп, үйіне алып барып, баланың атын көрден шыққан Көрұғлы деп қойды. Тоғыз күн тойын, он екі күн ойын жасайды. Бір-екі жылдан кейін, баласы өскен соң, хан Бегәліге тағы ат іздетіп жібереді. Сол кеткеннен үш ай жүріп, үш ат арытып, бір Ғират деген атты алып келеді, оны ханға апарып береді. Ол ат тоқсан ұрғанда аяғын тоғыз басады. «Сыншының көзі ағарған екен, көзін ойып алып, атын өзіне апарып беріңдер»,— дейді хан.
Бегәлінің көзін ойып алып атты өзіне әкеліп береді.
Бегәлі баласына айтады: «Бір жұлым үй тігіп, атты соның ішіне қой, екі жағына екі шелек су қойып, үйдің есігін жап, өзің қайтып келіп қарама»,— дейді.
Көрұғлы: «Қарағанда, бұның несі бар, мен бір қарайыншы»,— деп ойлайды, қайтып келіп қараса, аттың екі қанаты бар екен, оны самауырдағы суға салып тұр екен.
«Қанаты бар атты жаман деп әкемнің көзін ойып алды»,— деп Көрұғлы көшеге шығып алып, ханның ата-бабасын қоймай сөккен. Үйге қайтып келіп;
— Әке, аттың қанаты бар екен ғой, — дейді.
— Балам, біреуге айттың ба? — деп сұрады әкесі.
— Айтқаным жоқ, көшеге шығып ханның ата-бабасын қоймай сөгіп қайттым, — депті.
Бегәлі:
— Ойбай, балам атты алып келе гөр, — депті. Көрұғлы атты алып келіп, сол атқа мініп екеуі қашады, ол кезде Көрұғлы сегіз жаста екен. Қашып келе жатып:
— Апырмай, әке, мына бір қасқа ат бізге жетті ғой.
— Балам, ол кәрі айғырдың баласы-ды, әрі-бері шапқан соң буыны талып, жете алмай қалады, — депті.
Бір заманда:
— Әке, мына бір сұр ат жетті ғой, — депті.
— Ол жетіп еш нәрсе қылмайды, ол бір қулықтың баласы еді, — депті.
— Әке, мына бір қара ат жетті ғой, — депті.
— Әй, кәпір, үш қулықтың баласы еді, бір көзінің сасы бар еді, қалың боздың ішімен тура күннің астына қарай жүр, көзіне күн шағылып, тер құйылғасын қалар, — депті, айтқанындай қара ат жүре алмай қалыпты.
Сонда түрып Бегәлі сыншы баласына:
— Ә, балам, күннің батысында не көрдің?— депті.
Сонда бала:
— Бір қара қою бұлт көрінеді,— депті.
— Ол бұлт емес, Жәмбілбелдің тауы, оның Темірқазық жағында жалғыз аяқ жолы бар-ды, сол жолмен жүр, сол тау біздің мекеніміз болар,—депті. Сол таудың күншығыс жағынан барып үстіне шықсаң, үстінде кең үй бар, таудың етегіне барып түс, — депті. — Күнбатыс жағында бір әулие бар, соған бар, әулие не берер екен, — депті.
Ертеңіне бала барып түнеп қайтып келіпті.
— Е, балам, не қыл деді,— депті.
— Ана кеуекте бір кісінің киер киімі, қару-жарағы бар, соны барып ал, деді, — депті.
— Е, құдай берген екен, барып алып кел, — депті. Барып алып келді.
Бір күндерде таудың астынан кіреші жүрді. Әкесі баласына:
— Кірешіге барып отын ал, отын жақ та, өзің тамақ іш, маған тамақ ала кел,— депті.
Түнде тамақтанып, жатып қалған соң, бектерін өлтіріп, қарашасын түйе-мүйесімен айдап таудың үстіне шығарды. Таудың үстіне шыққан соң, біреуін аға, біреуін іні қылып ағайын-тумаластай болып отыра береді.
Бір күні Көрұғлы отырып әкесінен:
— Кегің кеткен жер бар ма?— деп сұрады. Сонда әкесі:
— Шырағым, баяғыда Бесбатыр деген батыр менің қарындасымды тартып алып кетті, — депті.
Көрұғлы Бесбатырдың елін іздеп кетеді. Бір күндерде Көрұғлы Бесбатырдың елін тауып, үй сыртынан келіп, сөйлес дегенде, бір кемпір шығады.
— Е, балам, кімді іздеп келесің? — депті.
— Менің іздеп келе жатқаным Бесбатырдың елі, — депті.
— Шырағым, онда сенің не ісің бар еді? — депті.
— Ықтиярсыз тартып алып кеткен бір апайым бар еді, — дейді.
— Ол апаң мен, бірақ мені не қыласың, алып жүруіңе жарамаймын, алжып өлуге қалдым, онан да Бесбатырдың Ақдінәс атты сұлу қызы бар, оған мен «сырттағы кісіге шалап апарып бер» дейін шалапты ұстап тұрып, бір қолынан тарт, мен көтеріп жіберейін, атыңа мінгестір де қаш, әне, сүйтсең сенің кегің қайтады,— дейді.
— Сырттағы кісіге қымыз апар,— дейді.
Қыз қымыз алып шығады. Көрұғлы қымызды ұстай тұрып, қызды бір қолынан тартып еді, кемпір артынан көтеріп жібе- реді.
— Бесбатырдың бес күн ұйықтайтын ұйқысы бар, бірақ оянса, жетеді, сен қапы болма, — деді де қала берді кемпір.
Ол кеткен соң Бесбатыр оянды, қара айғырға мініп тұра қуды, Бесбатыр Көрұғлыға жақындағанда бір дарияға тап болады. Көрұғлы Ғиратты дарияға салып жіберіп еді, Ғират ар жағына барып дүрс ете түсті. Қара айғыр қарғып еді, бір аяғы суға малына түсті, сонда Бесбатыр:
— Көрұғлы тұра тұр, мен саған бата берейін, — дейді. «Қара ат зәрін Ғираттың шешесіне беріп еді, Ғираттың зәрін басқаға бермегейсің, жолың болсын жүре бер, жолдасың қайырлы болсын», — деді де, Бесбатыр қала берді. Ақдінәсті алып Көрұғлы әкесіне қайтып келді.
Бір күні Көрұғлы Ақдінәске:
— Осы қара жердің үстінде менің қайратыма шақ келетін кісі бар ма екен? — дейді.
Сонда Ақ Дінәс:
— Менің әкем Бесбатыр сені тақымына қысып алып кетер еді, — дейді.
Сонда Көрұғлы:
— Мен сенің әкеңнің басын әкеліп берейін, — деп кете берді.
Ақдінәс:
— Әкем Тәшкент пен Қоқанның арасында жалғыз өзі кіре салып жүреді, бара ғой, — деді. Айтқанындай Тәшкент пен Қоқанның арасында кіре салып кетіп барады екен. Көрұғлы жақындай барғанда, Бесбатыр:
— Көрұғлымысың, қонақ бол, түс бері, — дейді.
Сонда Көрұғлы:
— Мен түспеймін, — дейді.
— Олай болса, кейін тұра тұр, — дейді Бесбатыр.
Сонан соң Бесбатыр атына мініп, Көрұғлыға қарсы барып Көрұғлының желкесінен ұстап алып, тақымына қысып, аттан түсіреді. Оның атын алып:
— Бұл атты Ақдінәс келіп алып кетсін, — дейді. Бір күні Көрұғлы Бесбатырды аңдып жүріп, қол оқпен атады, ол оғы өтпейді. Бесбатыр «қонып жүрген маса мен сона болар» деп жүре береді.
Бір мезгілде Бесбатырдың таң ұйқысы келіп кеткенде Көрұғлы оны атып қалады, оқ жылп өтіп кетеді.
Бесбатыр Көрұғлыға: «Менің ішігімді алып беліңе орап қой, менің аруағым саған қонады», — дейді. Сонда ішікті сынайын деп ағашқа орап қарап еді, ағашты қиып түседі, Бесбатырдың ойы «Көрұғлыны сөйтіп қиып түссін» дегені екен.
Көрұғлы Бесбатырдың басын кесіп алып, еліне келіп, Ақдінәсқа:
— Міне әкеңнің басы,— дейді.
— Ә, Көрұғлы, сен менің әкемнің аруағын ұйықтатып аттың ғой, болмаса, сен өлтіре алмайтын едің, — деді. Сен маған әкемнің қара атын бер, қонағына сойдырып, үстіне жай салдырып келейін, —деді Ақдінәс. Сөйтіп еліне барып әкесінің басына жай салдырып қайтты.

* * *

Күндерде бір күн қалмақтың ханы Шынтемір халқына жар салады:
— Көрұғлының Ғираты мен қару-жарағын әкеліп берген кісінің төбесінен құйған алтынды етегінен түсірер едім, — дейді.
Сонда бір мыстан кемпір:
— Ә, Шынтемір, мені желмаямен апарып тастасаң, мен әкеліп берер едім, — дейді. Сонда оны Жәмбілбелдің тауының астына әкеліп тастайды. Кемпір мойынына дорба салып, қайыршы болып келіп, Көрұғлының үйіне түседі.
Сонда Көрұғлы:
— Шешеме қымыз бер,— дейді. Ақдінәс кемпірге қымыз құйып береді.
— Ойбай, қарағым, тамақты келістіріп жасай алмайды екенсің,— дейді кемпір.
— Ә, шеше, тамақты сен жасай ғой,—дейді Көрұғлы.
Сонда мыстан:
— Қой, қарағым, менің үйімде жетім балам бар ғой, соған баруым керек қой,— деді.
— Ештеме етпес,— деді Көрұғлы.
— Бес күн қымыз ішпей отырасың,— деді кемпір.
Қымызды әбден арақ қылып ашытып, Көрұғлыға береді. Ол мас болып жығылып қалды. Ақдінәске беріп еді, ол да жығылып қалды. Қымызды Ғиратқа да беріп мас етеді.
Енді кемпір Көрұғлының Ғиратына мініп, қарау-жарағын алып Шынтемірге тарта береді.
Бір мезгілдерде Көрұғлы есін жиып, атын жоқтап әйелі Ақдінәске айтқаны:

Көк Ғиратымнан айрылып,
Қанатым қалды қайрылып.
Басыма қайғы салынды,
Қару-жарақ алдырып,
Белім қалды майрылып.
Ер атынан айрылса,
Өлгені болар дүниеде,
Мен бір іздеп кетейін,
Тұрып мұнда не етейін?
Көк Ғираттың жолына
Жанымды құрбан етейін.
Шамам келсе Ғираттың
Артынан қуып кетейін.
Қу таяғын таянып,
Өксіп-өксіп жылады,
Көзінің жасын бұлады.
Көзінен ақты қанды жас,
Ішінде қаны аралас.

Ақдінәс:
— Қой тақсыр, жылама, жыламақ сізге бұйрық емес, бізге бұйрық, сізге іздемек бұйрық,— дейді.— Мен саған қос жұдырық, тоқсан құрт жасап берейін, сонсын күніне бір құрт жесең де, қарнынды ашырмас. Іздеген жеріңе тоқсан күнде жетерсің, тұлпардың басқан ізі ошақтың орнындай болып ойылып қалатын, соның соңынан жүріп табарсың,— деді. Көрұғлының қолына темір таяқ, басына темір телпек, үстіне шекпен, аяғына темір кебіс, қолына қос жұдырық, тоқсан құрт беріп жолға салады. Көрұғлы кетерінде Ақдінәске қоштасып айтқаны:

Ақдінәстей алғаным,
Дүниенің білдім жалғанын.
Көк Ғираттан айрылып,
Басыма қайғы салғаным.
Барысы сексен күн екен,
Жолы жүрер мол екен,
Қиындығы сол екен,
Қапаланып қайғырма,
Бір жылдардың ішінде,
Аман болсам келермін,
Дұшпаныңа алдырма.
Дұшпандық еткен кісіні
Аман болсам көрермін,
Сазасын оның берермін,—

деп қырық інісінің бірі Асанды шақырып алып, Көрұғлы сөйлей бастайды:

Асандайын інісің,
Осындай қиын жерлерде,
Жақсылық ісің білінсін.
Мынау тұрған Ақдінәс,
Қалды жеңгең қолыңда,
Сыртынан қарап торырсың.
Малым менің жинаған
Сенің қалды қолыңа,
Дұшпанға бермей қорырсың.

Осылай деп тапсырып, Көрұғлы атын іздеп жүріп кетеді. Сексен күн дегенде Шынтемірдің еліне жетеді. Көрұғлының атының төрт аяғы төрт қызықта, басы бір қазықта, жемді лақтырып беріп тұрады екен. Ғират Көрұғлыны көріп, қазықты сындырып тастады да; Көрұғлының қасына еріп жүре береді. Мұны көрген қалмақтар ханға барып айтады. Сонда хан:
— Ол кісіні шақырып алып кел,—дейді. Көрұғлыны алып келеді. Сонда хан тұрып:
— Сен Көрұғлының атын танисың ба?— дейді.
— Я, танимын, мұны мен бес жыл баққанмын,— дейді.
— Онда сен оны баға бер,— дейді.
— Қой, ойбай, менің шешем өлген, бес балам жетім қалып отыр, оны қайда тастап кетемін, өледі ғой,— дейді.
— Өлсе де жалдан, бақ деген соң, бақ,— дейді.
Содан Көрұғлы, өзін қалмақтарға танытпай, Ғиратты баға береді, атты әбден семіртеді.
Хан бір күні ат бағушыны шақыртып алып одан:
— Көк Ғиратты ойната білемісің?— деп сұрайды.
— Көрұғлының қару-жарағы, киімі болса, ойнауға болады,— дейді ат бағушы.
— Е, онда киім-кешегі табылады,— дейді.
— Олай болса мен ойнатайын,— дейді. Шарбақтың ішіне жатқызып та, шауып жүріп те, көлбетіп те ойнатады. Көрұғлы батыр: «Осы атты шаршатып алармын, жылдамырақ кетейін»,— деп ойлайды. Енді ханға айтады: «Бұның ойыны жетті, белгі шаншып оқ қойып, соны атып оқ өткізу керек, онан басқаға тоқтамайды»,— дейді. Жеті белгі шанышты да:

Көрұғлы бек бола білмедім,
Жеті белден оқ кетіре білмедім,—

деп атып қалып еді, оқ жылп ете түсті.
— Ұстай көріңдер, дарбазаны жаба көр, мынау Көрұғлы екен ғой,— дейді хан. Дарбазаны жапқанша жылдам шығып кетті. Қалмақтар жабылып қуып, соғыс сала береді. Көрұғлы да қаша ұрыс салып кете береді, он бес күн дегенде аттың сілесі қатып әбден шаршайды, үш қатар қалмақтар қамап алады, Көрұғлы сосын атына сөйлей бастайды:

Ай, Ғират ат, Ғират ат,
Жәмбілбелдің тауынан,
Жаяу іздеп жеткенім.
Аямадым мен сен үшін
Көкіректе шыбын жанымды,
Жауға тастап кетпегін.
Әзірейілдей аяңдап,
Ажалдың білдім жеткенін.
Туған бірге аға жоқ
Алдыма қорған етерге,
Не болмаса інім жоқ,
Не болмаса бала жоқ,
Ата менен ана жоқ,
Жалғыздықтан басқа
Дүниеде менің мінім жоқ.
Мәйі жасап бал берген
Елде қалды қарасам,
Ақдінәстей анаңыз,
Жарық жүзін көруге,
Қайрат етіп қараңыз.
Үш қатардан қамаған
Қалмақты қарғып асады,
Ғираттың пысы басады.

Мұны көрген қалмақтар: «Біз босқа қырылатын шығармыз, кайталық»,— деп кейін қайтып кетті. Төбеден асқанша Ғират қырлап-қырлап желеді, төбеден асқан соң ат жүрмей қалады. Көрұғлы атты жетелеп өзі жаяу кете береді.
Көрұғлы қалмаққа кеткеннен соң, оның асырап алған қырық інісі Ақдінәске:
— Көрұғлы кетті, енді сен бізге ти,— дейді. Ақдінәс «Көрұғлы ертең келгенде мен не бетімді айтам»,— дейді. Ол сөзді інілері тыңдамайды, сонда тұрып Ақдінәстің айтқаны:

Жараттың Алла кетерге,
Мен жолықтым бедерге.
Мұнан артық жамандық
Дүниеде өтер ме?
Қор болып бүйтіп жүргенше,
Қорлықты мұндай көргенше,
Емес пе жақсы өлгенім,
Құрысын бүйтіп жүргенім.
Әуелінде, Жасаған,
Біреуге қойдың бенде ғып,
Ұшпадан ұшып кетейін
Құрысын дәурен сүргенім.
Көрұғлыдай батырмен
Бірге еріп кетпедім.
Әуелінде мен сорлы
Боларын былай білмедім.
Туысқандай бола алар деп,
Құлағыма ілмедім,—

деп Жәмбілбелдің тауынан ұшып келіп кетіп еді, көйлегінің етегі кеулеп барып, түбірі бір, басы бөлек бір төбенің үстіне әкеліп түсіреді. Сол төбенің бауырына Көрұғлының қойшысы келіп, қой бағып, Ақдінәспен сөйлесіп, ес болып отырады.
Бір күндері болғанда азығы таусылып, өзі шаршап аты арып Көрұғлы елдің шетіне келгенде, қойды қайырып жүрген қойшыға кездесіп, қойшыны шақырады. Қойшы:
— Мазамды алмашы, Ақдінәстей жеңгем таудың басында отырғанда,—деді де кете берді. Көрұғлы тағы шақырады. Қойшы жүгіріп келіп тал таяқпен Көрұғлының басына тастап келіп жібереді. Көрұғлы есі ауып барып жығылады, қойшы Ақдінәске қайтып келді.
— Анау кім, шырақ?— деді. Сонда ол:
— Әй, білмеймін, бір көк ат жетектеген біреу, ұқсатып тұрып талдырып жықтым,— деді.
— Ойбай, ол ағаң ғой,— деді. Қойшы Көрұғлы жатқан жерге жүгіріп келіп, Көрұғлыны арқалап, Ғиратты жетектеп Ақдінәске қайтып келеді.
Ақдінәс Көрұғлыны екі-үш күн бағады, адам қылып алады, Ғират та демалады. Қойшы Ғираттың үстіне Көрұғлыны таңып, «шу» деген екен, ат қарғып таудың басына шығады. Қойшы мен Ақдінәс тағы да: «шу» деп еді, ат төмен қарғып түсе қалды. Ақдінәс ару Көрұғлыға басынан өткенінің бәрін айтты. Онда Көрұғлы: «Көрерміз»,— деді де елге барды. Көрұғлы келді дегенді есітіп қырық інісі қырық тесікке кіріп кетеді. Көрұғлы отырып той жасайды, інілерін шақырып алады.
— Е, інілерім, мен кеткен соң жеңгеңе көз салыпсыңдар, «аға өлсе — жеңге мұра, ат өлсе — сауыр» деген ғой, қашпай-ақ қойыңдар,— дейді.
Сөйтіп, Көрұғлы Жәмбілбелдің тауын жайлап отыра береді.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!